Назарбаев Сирияға әскер жіберу туралы пікірін білдірді
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Астанада журналистермен өткен кездесу кезінде Қазақстанның Сириядағы деэскалация аймағына бітімгерлерді жіберудің шарттары туралы пікірін білдірді.
Назарбаевтың сөздерінше, Сирияға әскер жіберуді Қазақстан тек БҰҰ-ның шешімімен ғана қарай алады.
«Деэскалация аймағына қатысты бізге жиі сұрақ қойылады. Біріншіден, Конституцияға сәйкес, “қауіпті нүктелерге” әскерді тек парламенттің шешімімен ғана жібере аламыз. Екіншіден, Ұжымдық қауіпсіздік келісім шарт ұйымының жарғысына сәйкес, мұндай күштер қарастырылмаған. Егер БҰҰ әскер жіберу туралы шешім қабылдайтын болса, біз БҰҰ-ның мүшесі ретінде бітімгерлік күшті жібере аламыз», - деді Назарбаев.
Назарбаев сонымен бірге Қазақстан мәселенің бейбіт шешілгенін қалайды деді.
«Бейбіт жағдайға жетуге әлі алыс екенін түсінеміз. Бірақ әрбір ел мүмкіндігінше өз үлесін қосу керек. Біз де қолымыздан келгенін жасап жатырмыз»,- деді Қазақстан президенті.
Назарбаевтың бұл мәлімдемесі Астанада өтіп жатқан Сирия жөнінде бейбіт келіссөз аясында айтылды.
Abai.kz