Головкин мен Альварес тең түсті
Қазақстандық Геннадий Головкин мексикалық Сауль "Канело" Альвареспен тең түсті, және барлық титулын сақтап қалды, - деп хабарлайды Vesti.kz.
Лас-Вегастың 20 мың адамға арналған T-Mobile аренасында өткен жекпе-жекте GGG басынан-ақ жинақы әрекет ете бастады, ал "Канело" қорғаныстан бастады. Екі боксшы да екі раундта бір-біріне белсенді түрде дәл соққы жасады. Айта кетейік, әрбір соққы сайын трибунада отырғандардың айғайы естіліп тұрды.
Үшінші раундтың басында Головкин бар күшін салып, мексикалықты тығырыққа тірей бастады. Кейін қазақстандық боксшы бәсеңдеді, дегенмен Головкин бірінші нөмірде ойын көрсетіп отырды. "Канело" да қалыспай дәл соққылармен жауап берді. Ал келесі төртінші раундта Альварес белсендірек әрекет ете бастады, бірақ GGG оны қысып алып, жақсы шабуыл жасады. Бұл раундта да жеңімпаз анықталмады.
Бесінші раундта Головкин "Канелоға" қысым жасауын жалғастыра берді, бірақ мексикалық та оған жақсы соққылармен жауап беріп отырды. Осы сәтте екі боксшы да бір минут бойы "мен сенің соққыларыңнан қорықпаймын" деп айтып тұрғандай болды. Ал алтыншы раунд болса, алдыңғы раундтарға ұқсас болды: Головкин соққылар жасады, ал "Канело" оған тек жауап беріп жүрді.
Жетінші және сегізінші раундтарда Головкин мен Альварес тең дәрежеде жұдырықтасты. Раундтар арасындағы үзілісте Максим Головкин бауырына "барлығы енді басталады" деп айтып жатты.
Осыған дейін Головкин мен Альварес ресми салмақ өлшеу рәсімінен өткен болатын. Оның қорытындысы бойынша Головкиннің салмағы - 160 фунт. Мұндай көрсеткішті "Канело" да көрсетті. Осылайша, екі боксшы да орта салмақтың ережесі бойынша белгіленген 160 фунтты (72,5 келі) көрсетті.
Айта кетейік, Головкин - "Канело" жекпе-жегі Лас-Вегастағы (АҚШ, Невада) T-Mobile Arena аренасында өтті. Бокс кеші Астана уақыты бойынша таңғы 06:00-ден бастап Qazaqstan және QazSport телеарналарынан тікелей эфирден көрсетілді. АҚШ-та бұл жекпе-жек (PPV) ақылы жүйе арқылы көрсетілді. Бір телевизордан көру құны 75 доллар болды.
Abai.kz