Сенбі, 23 Қараша 2024
Жөн-ақ 4901 0 пікір 18 Қыркүйек, 2017 сағат 09:27

Ғали Ормановтың есімі Талдықорғандағы №4 орта мектепке берілсе...

 

Қазақ өнерінің жанашыры,

Алматы облысының әкімі

Амандық Баталовтың назарына!

 

Ол асқар Алатаудың басына қонған нөсерлі бұлт секілді маңғаз. Бірде – төбеңе төңкеріліп келіп көз жасын төгіп-төгіп өтеді, бірде – қиырдан шақпақ шағып, жер әлемнің шаңын қағып, күркілдеп жөтеліп қыр асып жоғалады. Бұлт бойынан жарқылдаған жасын да, жайма-шуақ ақ жаңбыр да жүреді. Өз заманының дүлдүл ақындары бүгінде сағынышпен ғана еске алатын көркемсөз классигіне айналды. Солардың бірі әрі бірегейі – Ғали ОРМАНОВ болатын.

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында С. Сейфуллин атындағы облыстық әмбебап кітапхананың ұйымдастыруымен халық ақыны Ғали Ормановтың туғанына 110 жыл толуына орай «Ғазиз жүрек Ғалидің нұрлы әлемі» атты әдеби-танымдық кеш өтті.

Бұл айтулы шара үш үлкен мақсатпен өткізілді. Алдымен Елбасы Жолдауының ел өмірінде алатын орны қаузалып, осы бағытта өлкемізде атқарылып жатқан жұмыстардың ретімен толыққанды танысу. Ақынның өмірі мен шығармашылығы туралы зиялы қауым өкілдерінің ой-пікірін ортаға салу. Туған халқының ақынға көрсеткен құрметі мен әлі де атқаруға тиісті шаралар жайлы пікір алмасу. Сондай-ақ, зиялы қауым өкілдері мен жастар арасындағы шығармашылық байланысқа алтын көпір салуды көздейді.

Шараға облыстық басқарма басшылары, Жетісу ақын-жазушылары, Ардагерлер кеңесінің мүшелері, әдебиетшілер, студентер мен оқушылар және БАҚ өкілдері қатысты.

Жиында Мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Ақан Әбдуалиевке сөз берілді:

– Ғали Орманов қазақ әдебиетінің 20-шы жылдардың соңғы ширегінде келген, қазақ поэзиясының қалыптасуына, дамуына, өсіп-өркендеуіне ерекше үлес қосқан ақынның бірі. Біз осындай кемеңгер тұлғаларды ескермесек, болашаққа жасаған жоспарымыздың жүзеге асуы екіталай. Ақынның адуыңды жырлары жастардың санасына нұр құяды әрі рухани жаңғыруына септігін тигізеді.

Расымен де дарынды талант иесі үздіксіз жазып, өнімді еңбек еткен ақын. Оның таңдамалы шығармалары қазақ әдебиеті тарихында көрнекті орынға ие. Кешті газетіміздің белді журналисі, ақын Қажет Андас жүргізді. Ол:

– Абыз Жамбылдың жанына  қазақтың  заңғар жазушы-ақындары – Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов,  Ғабит Мүсірепов, Сырбай Мәуленов, Әбділдә Тәжібаев, Тайыр Жароков сынды  таланттар топтасты. Сол жылдары Жамбылдың  қара шаңырағы – қазақ әдебиетінің қара шаңырағына айналды деуге болады. Сол шаңырақтың әдеби хатшысы Ғали Ормановтың осы тұстағы қағазға түсірген шығар­маларының өзі терең  талдауды қажет етеді. Сонымен қатар Ғали Орманов жалғыз қазақ әдебиеті ғана емес, орыс әдебиетінің де мақтан тұтар тұлғасы. Шебер аудармашы орыстың ұлы жазушылары – Николай Тихонов, Леонид Соболевтермен тығыз шығар­машылық достық байланыста болған. Мұның өзі зерттеуді талап ететін маңызды шаруа екендігін айтты.

Қазір ақынның жазған барлық шығармасы қызы Жамиға Орманованың қолында сақтаулы. Қаламгерлер осы шығармаларды кітап етіп басып шығару керектігіне тоқталды. Биыл Жетісудың 100 томдық кітабы жарық көрмек. Алдағы уақытта лирик ақынын да туындылары осы топтамалардың тізіміне енетін болады. Бұл бастаманы өңір әдебиетшілері бірауыздан қолдап отыр. Осы тұрғысынан филология ғылымдарының докторы, профессор Мұратбек Иманғазинов өз пікірінде:

– «Ол кісінің шығармалары қазақ халқының өткен тарихын, шежіресін, көркемдігі мен сұлулығын жеткізіп тұрады. Ақынның жазғандары шын мәнінде қазақтың болмысын танытатын туындылар. Сондықтан осы шарада көтеріліп отырған мәселелер жүзеге асса, жастарға тигізір пайдасы көп болады», – деді.

Ақынның өлеңімен сусындаған халық, оның шығармашылығына ғана тоқталып қалған жоқ. Мәселен осыған дейін ақын есімі көшеге берілген болатын. Сонымен қатар, І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетіне қарасты кітапхана да ақынның атымен аталады. Енді ескерткішімен іргелес тұрған №4 орта мектепке оның есімін беру туралы өз ұсыныстарын білдірді. Бұл мәселе 2015 жылы Талдықорғанда «Ғали Орманов – майталман лирик ақын» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясында айтылған болатын. Бірақ әлі күнге ешқандай өзгеріс жоқ.

Осы орайда ақынның жерлесі, Б. Римова атындағы облыстық драма театрының актері Сағындық Жұмаділов:

– «№4 орта мектепке ақынның атын берсек, ол біздің осы «Рухани жаңғыру» бағдарламасына қосқан үлесіміз болар еді. Әрі жастардың ақынға деген құрметі артпаса, кеми түспейді. Сондықтан бұл бастаманы аяқсыз қалдырмау керек» деп қолдауын білдірді.

Тағы да айта кететіні Ғали Ормановтың журналистік қыры, осы бағытта атқарған жұмыстары жайлы зерттеу жұмыстарын жүргізсе, құба-құп  болар еді. Ол кісі «Социалистік Қазақстан», «Әдебиет және искусства» газет-журналдарында істеп жүрген кездері Қазақстанды ғана емес, тіпті, шетелдерде шығармашылық  сапарда болды. Мысалы, 1961 жылы КСРО жазушыларының құрамында Румынияда болып қайтты. Азия, Африка жазушыларының V мәслихатының делегаты болды, Тбили­сидің 1500 жылдығына арналған жиынға Қазақстан атынан барды.  Жалпы,  Ғали Орманов туысқан әдебиет­ өкілдерімен айталық, Әлім Көшеков (Кабардин-Балқар), Давид Кугультинов (Қал­мақстан), Мырза Тұрсын-Заде (Тәжік­стан), т.б. өзбек, түркімен, қарақалпақ, қырғыз қалам­герлерімен достық қарым-қатынаста қоян-қолтық араласты. Мұның бәрі де ақынның өмірінің өнегелі, ғибраты мол кезеңдері. 

Қазіргі таңда ақын дүниеге келген Жетісудың шұрайлы өлкесі Қапал ауылында бұл білім ордасының музейінде оның қолжазбалары, жыр жинақтары, марапаттары, отбасымен бірге түскен фотосуреттері, тұтынған бұйымдары, Дінмұхамед Қонаев сыйлаған сағаты, Ғабит Мүсірепов тарту еткен домбырасы, Ғабиден Мұстафин естелікке берген М. Горькийдің мүсіні, Грузия жазушыларының сыйлығы сақталып тұр.

Көрнекті ақын қазақ әдебиетінде бүгінгі ұрпақ үшін өз орнын алған қаламгер ретінде кеңінен танылған. Жауһар жырлары қазақ поэзиясын қалыптастыруымен бірге заманауи ел өмірінде ерекше көрініс тапты. Оның қазақтың қасиетті қара өлеңін жаңа қырынан танытқан ұшқыр қиялы, өзіндік ұйқасы әдебиетіміздегі тамаша үлгіге айналды. Өршіл өмірі мен шығармашылық жолы бүгінгі және келешек ұрпақ үшін үлгі-өнеге болып қала бермек.

Кеш соныңда «Ардагер-әжелер» ансамблінің әншісі Шара Бөркеқызы ақынның «Орамал» атты өлеңіне жазылған Әбілахат Есбаевтің әнін орындап, көпшіліктің көңілін бір көтерді.

Мұхтар КҮМІСБЕК

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1470
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3245
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5409