Жексенбі, 24 Қараша 2024
Жаңалықтар 5320 0 пікір 30 Қараша, 2010 сағат 04:27

Имам Валерия Порохова: «Құранның өзінде де "Дінге мәжбүрлеу жоқ" деп нақты айтылған»

Бұл кісінің есімі көпке мәлім. Орыстың текті әулетінен  шыққан әйелдің ислам дініне өтуінің өзі кезінде біраз шулыған жасаған. Валерия Михайловна Порохова 1949 жылы  Ленинград түбіндегі Патша Селосында туып, сондағы Екатерина соборында шоқындырылған. Императорға жақындығы бар дворяндар тұқымынан болғаны үшін Пороховтар төрт бірдей репрессия толқынын - он сегізінші, жиырма екінші, отыз жетінші, елу бірінші жылдардағы жолсыз жазаны көрген. Валерия  Михайловнаның өзі ата-анасы "халық жауы" ретінде жер аударылған Қиыр Солтүстікте, Комидің Ухта қаласында дүниеге келген. Хрущев жылымығы кезінде Мәскеуге қайтып оралған Валерия Михайловна Морис Торез атындағы Мәскеу лингвистика университетіне түседі де, ағылшын тілінің аудармашысы мамандығын алып шығады. Кейіннен Мәскеу мемлекеттік университеті философия факультетінің дипломына да ие болған. Халықаралық конгрестер мен симпозиумдарда ілеспе тәржіме жасай жүріп, Мұхаммед Саид аль-Рошда  есімді Сирия азаматымен танысады. 1975 жылы сол араб жігітіне тұрмысқа шығып, 1985 жылы отбасымен Мәскеуден Дамаскіге көшіп барады. Сонда араб тілін үйреніп, Құран аудармасын жасап шыққан. Бүгінгі таңда Валерия Порохова жасаған Құранның мағыналық аудармасы осы ұлы кітаптың орыс тіліндегі ең үздік тәржімесі деп танылып отыр.

Бұл кісінің есімі көпке мәлім. Орыстың текті әулетінен  шыққан әйелдің ислам дініне өтуінің өзі кезінде біраз шулыған жасаған. Валерия Михайловна Порохова 1949 жылы  Ленинград түбіндегі Патша Селосында туып, сондағы Екатерина соборында шоқындырылған. Императорға жақындығы бар дворяндар тұқымынан болғаны үшін Пороховтар төрт бірдей репрессия толқынын - он сегізінші, жиырма екінші, отыз жетінші, елу бірінші жылдардағы жолсыз жазаны көрген. Валерия  Михайловнаның өзі ата-анасы "халық жауы" ретінде жер аударылған Қиыр Солтүстікте, Комидің Ухта қаласында дүниеге келген. Хрущев жылымығы кезінде Мәскеуге қайтып оралған Валерия Михайловна Морис Торез атындағы Мәскеу лингвистика университетіне түседі де, ағылшын тілінің аудармашысы мамандығын алып шығады. Кейіннен Мәскеу мемлекеттік университеті философия факультетінің дипломына да ие болған. Халықаралық конгрестер мен симпозиумдарда ілеспе тәржіме жасай жүріп, Мұхаммед Саид аль-Рошда  есімді Сирия азаматымен танысады. 1975 жылы сол араб жігітіне тұрмысқа шығып, 1985 жылы отбасымен Мәскеуден Дамаскіге көшіп барады. Сонда араб тілін үйреніп, Құран аудармасын жасап шыққан. Бүгінгі таңда Валерия Порохова жасаған Құранның мағыналық аудармасы осы ұлы кітаптың орыс тіліндегі ең үздік тәржімесі деп танылып отыр.

Филология ғылымдарының докторы, Гуманитарлық ғылымдар академиясының, БҰҰ жанындағы халықаралық Ақпарат академиясының толық мүшесі Валерия Порохова Қазақстанға жиі келіп тұрады. Біздің бұл  сұхбатымыз биылғы қыркүйектің ортасында, Бекет Атаның 260 жылдығына арналып Ақтауда өткен халықаралық ғылыми-теориялық конференция күндерінде жасалды.

- Қадірлі Валерия Михайловна! Сіздің сөйлеген сөздеріңізді осымен төртінші рет тыңдап отырмын. Астанада Президенттік мәдениет орталығындағы, Еуразия мемлекеттік университетіндегі дәрістеріңізге қатысқаным бар. Бүгін, міне, Бекет Атаға арналған конференциядағы баяндамаңызды, Ш.Есенов атындағы мемлекеттік универси­теттің студенттерімен кездесудегі сөзіңізді тыңдадым. Халқымыздың аса көрнекті қаламгері Әбіш Кекілбаевпен, Бас мүфтиіміз Әбсаттар қажы Дербісәлімен, облыс әкімі Қырымбек Көшербаевпен, Президент Әкімшілігінің бөлім меңгерушісі Дархан Мыңбаймен бірге болған бейресми отырыс­тағы әңгімелеріңізден де біраз нәрсе ойға түйдім. Соның өзінде де сұхбатты балаң сұрақтан бастамақпын. Сіз Исламға қалай келдіңіз?

- Бүгінгі баяндамамда айттым ғой, "Дін таңдау - интимдік мәселе. Оған ешкім де қол сұға кіріспеуге тиіс" деп. Құранның өзінде де "Дінге мәжбүрлеу жоқ" деп нақты айтылған. Ұлты араб азаматына тұрмысқа шыққанда да мен дінімді ауыстыруды ойға алған жоқ едім. Бәрі де Құранды ағылшын тілінде оқудан басталды. Лев Толстой "Мені дін мұсылман санаңыздар" деген сөзін Құранды оқығаннан кейін айтқан. Ұлы жазушының мұсылмандық ғұрыппен жерленгенін білесіз ғой? (Павел Басинскийдің жақында жарық көрген "Лев Толстой: бегство из рая" кітабында жазушының жер қойнына тапсырылған шағын суреттеген тұста "Тело Л.Н. положили в дубовый гроб, без креста на крышке", "Толстого хоронили, как он и завещал, "без церковного пенья, без ладана", без торжественных речей" деген сөйлемдер бар. Бұл қаламгердің христиан дініне сай жерленбегенін көрсетеді. Екінші жағынан, мұны "мұсылмандық ғұрып" деу де онша дәл анықтама емес сияқты - С.А.). Қазір бүкіл әлемде исламның өте қуатты интеллектуалды экспансиясы бой көрсетіп отыр. Иә, интеллектуалдық экспансиясы. Адамдар имансыздықтан, ақшаның соңына түсуден, ұдайы көңіл көтеруден шаршап бітті. Адамдар парасаттылықты, тазалықты іздейді. Ал оның бәрі исламда тұнып тұр. Исламда Жаратқан Ие мен адамның арасында бітістіруші, келістіруші, шын мәнінде делдал тұлға жоқ. Мұнда өзге діндегідей жасарыңды жасап алып, жексенбі күні күнәңді шіркеудегі діндардың кешірімі­мен жуып-шайып кете алмайсың. Исламда әр күнә үшін жауап беріледі. Ол үшін тәубеге келу аздық етеді, жасаған жамандығыңның орнын жақсылық жасау­мен ғана толтыра аласың.  Мен ешкімді де ислам дініне өтуге үгіттемеймін. Мен жалпы үгіт жүргізбеймін. Мысалы, менің мамам болашақ күйеу баласы Мұхаммед­пен таныстырғым келген кезде: "Жоқ. Сен оған тұрмысқа шыға алмайсың, сенің жалғастыратын әулетің бар, ата-баба­ларымыздың алдындағы жауапкершілігің бар" деп кесіп айтқан еді. Ол кісінің бізді түсінуіне тұтастай үш жыл кетті. Кейіннен мамам тек Мұхаммедтің сөзін сөйлейтін болды. Соның өзінде де ол кісі, әрине, дінін өзгерткен жоқ. Мен неге мұсылман болдым? Жауабым оңай - мен Құранды түсініп оқыдым. Құранды түсініп оқу оны тәпсірмен оқу деген сөз. Тіпті өте білімді арабтардың өзі Құранды тек тәпсірмен оқиды. Маған Қасиетті кітапқа 16 томдық тәпсір жазған доктор Зухайлидің еңбегі көп көмектесті. Сондай-ақ ат-Табари, аль-Куртуби, Ибн Касир, Сайд Кутб тәпсірлерін де пайдаландым.

-   Ислам Сізді несімен қызықтырды?

- Ислам сөзінің түбірінде тұрған үш әріп - С Л М (Са-ля-ма) өз бойына мағыналардың тұтас бір кешенін қамтиды. Мұнда бейбітшілік те, қауіп­сіздік те, құтқарушылық та, саушылық та, игі ниеттілік те, тазалық та, игілік те бар. Атап айтқанда, "са" - бейбітшілік, "ля" - тыныштық, "ма" - жақсылық. Мұсыл­мандар бір-біріне "Салям алейкум!" деп амандасқанда осының бәрін де тілейді. Ислам теологиясы - абсолютті және ымырасыз монотеизм. Ислам барлық тіршілік иелері Жасаған­ның бекіткен заңдарына сәйкес өмір сүретінін айтады. Исламда дінге сенушіге Құдайдың еркін жеткізу өкілеттілігіне ие институт жоқ. Алла өзін ашық көрсет­пеген, тек адамдарға өмір заңдарын бер­ген. Исламның өзі дінге сену институты болып табылмайды. Ислам - Құдайға таза сенім. Исламда дінге сену­шінің өмірін бағыттап отыратын орталық құрылым да жоқ. Біздің қоғам қазірше исламның не екенін де дұрыстап білмейді. Мысалы, "ислам терроризмі" деп жазады газеттер. "Ислам" сөзінің мағынасы "мой­ынсұну, амандық, татулық". Сонда не болып шығады? Шатпақ болып шығады!

Исламның өзге діндерден ерекшелігі әлемдік діндер арасындағы ең жасы екендігінде. Ол өзіне дейінгі діндердің барлық артықшылықтарын өз бойына сіңірген, тың тұрпатта байыған. Ислам ең алдымен өмір сүру салты. Біздің дініміздің атауы ешқандай адаммен байланысты еместігі де назар аудартады. Мысалы, буддизм Буддамен, христиандық Хрис­тоспен, иудаизм Иудамен байланысты ғой. Ал біздің пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) Алланың сөзін адамдарға жеткізу­ші. Құран сияқты кітаптың адам қолымен жазылуы мүмкін емес. Құранның бізге міне он төрт ғасыр бойы бір әрпі де өзгермеген күйі жетуі де оның Жаратқан сөзі екенін растай түседі. Пайғамба­ры­мыздың оқи да, жаза да білмегені белгілі. Алла сөзін айнытпай қайта айту үшін пайғамбарымызға ерекше рух мәдениеті қажет еді. Сол мәдениет пайғамбары­мыздың бойынан табылған. Басқа Қасиетті Жазулардың бәрі де кейіннен түсірілген. Мысалы, Матфей Інжілі ойда екшелгеннен  жетпіс жылдан кейін жазылған. Ал Құран Мұхаммедтің (с.ғ.с.) көзі тірісінде-ақ жазба күйінде бар болатын.

Құранның адам атынан шығарыла алмайтыны ондағы мәліметтердің ақыл-есті алатындай ғажайып ғылыми нақты­лығымен де дәлелденеді. Бір америкалық Нобель сыйлығы лауреатының: "Егер мен Құранды осыдан 20 жыл бұрын оқыға­нымда Нобель сыйлығын осыдан 20 жыл бұрын алар едім", деген сөзі белгілі. Эмбриология бойынша еңбегі үшін Нобель сыйлығын алған   канадалық Кейт Мор Жаратқан Иеміз сонау VІІ ғасырдың өзінде Сауд Арабиясының құмды даласында, микроскоп та, ультрадыбыс та жоқ кезде эмбриология құпиясын пайғамбардың аузына салғанына қайран қалады. Құранда бала үш қабатты қапаста өсетіні айтылған. Микроскоп пен рентген шыққан кезде ана жатырының үш қабатты екені анықталды ғой.  Кейіннен ислам дінін қабылдаған атақты океанолог Жак Ив Кусто мұхит түбінен алдарынан бір дуал шыға келгендей кері бұрылатын балықтар үйірін талай көрген екен. Ғалым оның құпиясын да Құрандағы суда табиғи кедергілер болатыны айтылған аяттан тапқан. Осы заманғы аппаратура қолға тигеннен кейін ғана геологтар таулардың тұтас тұрқының он бестен бір бөлігі ғана жерден көтеріліп тұратынын білген. Ал Құранда Алла атынан Жерді жаратқаны, оны таулармен бекітіп қойғаны, былайша айтқанда, таулар жердің зәкірі сияқты екендігі жазылған. Орыстың аса көрнекті ғалымы Андрей Лапин исламды қабылдау үшін Құрандағы әр өсімдік пен әр жан-жануардың өзінің биоөрісі болатыны айтылған бір аяттың өзі жетіп жатыр деп санайды. Ал биоөріс тек кейінгі кезде, молекулярлық биологияны зерттеу барысында ғана ашылған жаңалық қой. Құран - білімнің қайнар бұлағы. Ғалым­дардың шамалауынша, қазірге дейін Құран мәтінінің небәрі 10 пайыздайының ғана мәні ашылған, қалған 90 пайыздайы өз уақытын күтіп жатыр.

Мен исламға, әрине, Құран арқылы келдім. Құранды оқу менің бойымда рух мәдениетін, Жаратқан Иеміздің қалауы­мен жасалған нәрсенің бәріне құрметпен қарауды қалыптастырды. Құранда интернационализмнің ғажайып үлгісі бар. Наполеон Бонапарттың: "Жарық дүние­нің қиыр-қиырындағы барлық ақылды да, білімді адамдардың басын  жалғыз ақиқат көзі болып табылатын, адамдарды бақытқа бастай алатын Құран қағидаттары бойынша қоса алатын уақытым таяу қалды деп үміт етемін" деген сөзі бар.

- Осылай бола тұра, ислам дінін ұстана­тындардың арасында терроршылар аз емес екендігі де белгілі ғой. Бұған не айтар едіңіз?

- Терроршылар - қылмыскерлер. Қылмыскер христиан да, мұсылман да, иудей де бола алмайды. Қылмыскер атаулы конфессиядан тыс, ұлттан тыс, нәсілден тыс. Діни негізде кісі өлтіру дегеннің бәрі шын мәнінде таза геосаяси қақтығыстар ғана.  Жалпы, ислам барынша бейбіт дін ретінде қан төгудің қандай түрін де айыптайды.  Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с.) даналығына құлақ салайық. Бір хадисте егер екі мұсылман бір біріне семсер сілтессе, онда өлген адам да,  өлтірген адам да тозаққа барады делінеді. Пайғамба­ры­мыздан: "Жарайды, өлтірген адам тозаққа барсын, ал өлген адам неге барады?" деп сұ­райды. Сонда пайғамбарымыз: "Ол өл­тірмек ниетте болғаны үшін барады" деген.

Жиырма бірінші ғасырдың басында діннің саясаттануы қатты күшейіп кетті. Бұл алаңдатарлық жағдай. Саясат деген өтпелі нәрсе. Дін қашанда әу бастағы тазалығын сақтап тұруға тиіс. Дін саясат­танған жерде ол  қолы лас, жаны лас адамдардың құралына айналмай қоймай­ды. Исламизм - ислам емес дегенді мен талай жерде айтып жүрмін. Латынның осы "изм" жұрнағы жүрген жердің бәрінде дерлік саяси идеология­ның құлағы қылтиып тұрады.

- Интернеттегі бірнеше сұхбатыңыздан "исламның дағдарысы" деген сөз тіркесін кездестірдім. Бұлай дегенде сіз нені айтасыз?

- Біз алдымен христиан дініндегі дағдарысты айтуға тиіспіз. Католик діндарларының қандайлық масқараға ұшырап жатқанын жұрттың бәрі біледі. Оны қозғамай-ақ қояйын. Мынандай мысал келтірейін. Бір жолы Германияға бардым. Кельнде соборлардың бәрі дерлік сатылып кеткенін   біліп, аң-таң қалдым. Тек атақты Кельн соборы  жұмыс істейді екен. Оның өзі де ЮНЕСКО қарауында болған соң ғана сатылмай тұрған сияқты. Соборларды сатып алған адамдар оларды қонақ үйге немесе казиноға айналдырған. Біреу қоңыраулы мұнарасы биік соборды сатып алыпты да, лифт орнатып, ең төбесіне ұйықтайтын бөлме жасап қойып­ты.  Масқара ғой! Дағ­дарыстың көкесі христиан дінінде дейтінім сондықтан. Бұл діндегілер кейде тарих та­ғылымдарын да ескере бермейді. Мәскеуде Құтқарушы Христос храмы салынды. Құрылысы да керемет, орны да тамаша жерде. Соған адам аз барады. Неге? Аурасы нашар. Ол храм бір кезде атеистер жарып жіберіп, жүзу бассейнін салған бұрынғы храмның орнына тұрғызылған. Құдайдың назасына қалған жерге орнатылған.

Исламда да дағдарыс бар екенін  ешкім толық теріске шығара алмайды. Бірақ ол рухани дағдарыс емес, мұсыл­мандар рухының дағдарысы емес, ол билік­тің дағдарысы. Біздің заманымыз­дағы ірі ғалымдар Батыстағы ғылыми және философиялық ойдың өркендеуіне негіз мұсылман әлемінде қаланған, олардың ерекше білімділігі Еуропадағы Қайта өрлеу дәуірі басталғанға дейін бірнеше ғасыр бұрын танылған дегенді бірауыздан айтады. Өкінішке орай, қазір мұсылмандардың талайы билікке моральді аяққа таптаған, рух­тан безінген адамдар келген мемлекет­тер­де өмір сүріп жатыр. Олардағы билік ба­сындағылар қоғам­ның осы заманғы реформаторлық идея­ларын дәстүрлі доктринаға кірік­тіруге қабілетсіз бо­лып отыр. Террор­лық актілерді ұйым­дастырушылардың мұсылман елдерінен көп шығып жүргені бүкіл исламның жақ­сы атына кір кел­тіруде. Исламдық құндылықтар де­формацияға ұшырай бастағалы біраз уа­қыт. Мысалы, Ау­ғанстанда дін ислам бар деп айта аламыз ба? Айта алмаймыз. Жаратқан Иеміздің Құранды пайғам­барымыздың құлағына құйғандағы бірінші сөзі "Оқы!" деген сөз. Ал тәлібтер кітапқа тыйым салды. Дәстүрлі құндылықтардың құлды­рай бастағанының бір белгісі - фитна.   Мойынсұнбау, бүлік, бұлғақ атаулының бәрі - фитна. Радикальді  мәзһабтың негізін салған Ибн Ханбал діннің діңгегін шайқап, қоғамдық моральді бұзатын ең алдымен осы фитна деген. Ол тіпті нашар биліктің өзі фитнадан жақсы деген. Негізінде, то­ле­ранттылық исламға ерекше тән. Экстремизм атаулының бәрі рұқсат етілетін, қабылданған нәрсенің шегінен шығу. Біздің экс­тре­мистердің талайын шаһидтер санап жүр­геніміз де білместік. Шаһид - діні үшін құрбан болған адам. Мен бір сұхбатымда өткен ғасырдың 90-шы жылдарының ая­ғында чешен террор­шыларының қолынан қаза тапқан орыс ба­ласын шаһид деп санайтынымды айт­қанмын. Оған мой­ныңдағы кресті ал, исламды қабылда, сонда тірі қаласың деген. Ол: "Жоқ, мен Иисус Христостың жауынгерімін" деген. Содан баланың басын кесіп алған. Әл-Азһар академия­сының шейхі Тантауиден осы іске баға беруді сұрағанда ол әлгі бала дін үшін құрбан болды, ол - шаһид, жұмаққа ба­ра­ды, оны өлтіргендер тозаққа барады деген.

- Бізді қазір Қазақстанда ваххабизм мәселесі кәдімгідей алаңдатып отыр. Бұл жөнінде не айтар едіңіз?

-  Мұның дұрыс атауы - салафизм. Кейінгі кезде осы "ваххабизм" сөзі жиі қолданылып жүр. Ваххабизм араб әлемінде он сегізінші ғасырдың соңында пайда болды. Ол біздің менталитетімізге де, біздің уақытымызға да сай келмейді. Ваххабизм - Құран исламынан ауытқушылық. Шейх Мұхаммед Абдул Ваххабтың миссиясы арабтардың азып-тозып, бұзық жолға түсуіне байланысты шыққан еді. Оның идеологиясы жақсы болғанымен, сол идеологияны жүзеге асырған стратегиясы қанға толы еді. Ол адамдарды түзу жолға қандай тәсілмен болса да салу керек деп шешкен. Күні өткен діни доктринаны бүгінгі мента­литетке, бүгінгі мәдениетке әкеліп таңу өте шолақтық. Сондықтан ваххабизмді көптеген елдер атымен қабылдамайды. Бірақ бұл істе тыйым салу ойдағыдай нәтиже бермейді деп ойлаймын. Барлық уәждерді пайдаланып, орнымен түсіндіру керек. Адамның табиғаты сондай, ол тыйым салған нәрсенің бәріне құмарлана береді. Ең жаман жері - ваххабизмге тән нәрсенің бәрін исламның дұшпандары мұсылман дініне жапсыратындығы. Ваххабизмді фундаментализммен байла­ныс­тыру да балаңдық. Фундаментализм - іргетасқа, о бастағы негізге оралу деген сөз. Біз шын мәнінде негізімізге орала алсақ тек ұтар едік. Бұл арада бар мәселе фун­даментализм ұғымының өңі айналды­рыл­ғандығында. Осындайдан барады да исламофобия пайда болады. Исламофобия - діни надандықтың көрінісі. Мысалы, Ұлыбританияда исламофобия жоқ. Бір Лондонның өзінде 175 мешіт бар. Ал екі миллион мұсылман тұратын Мәскеуде небәрі бес мешіт бар. Барлық бәле білмеуден басталады. Ал негізінде Ресей басты екі діннің - христиандық пен  исламның ежелгі мекені. Ислам Ресейге тіпті хрис­тиандық­тан 150 жыл бұрын келген. Иван Грозный­дың Қазанды   алғандағы қанды қырғынын айтпағанда, жалпы бұл екі діннің арасында үлкен қақтығыстар болмаған. Қазір Ресейде 26 миллион мұсылман бар. Бір ғана Мәскеудің өзіндегі мұсылмандар саны миллионға жуықтап қалды. Оның үстіне Дос­тоевскийдің "Орыстың бетін қырнасаң ар жағынан татар шыға келеді" деген сөзін де ұмытпаған жөн. Жалпы ТМД елдерінде орыс тілінде сөйлейтін, оқитын алпыс миллион мұсылман қауымы бар деп саналады. Мен аударған Құранның негізгі оқырмандары да кешегі кеңестік кеңістік елдерінде екендігі белгілі.

- Сіздің Қа­зақстанға бірнеше рет келгеніңізді білеміз. Астана мен Алматыны былай қойғанда, Талдықорған, Түркістан, Шымкент, Тараз сияқты қалаларға да барғансыз. Міне, Ақтауға да келіп отырсыз. Біздің еліміздегі діни ахуал жөніндегі пікіріңіз қандай?

- Осыдан екі-үш жылдай бұрын "Казахстанская правда" газетіне сұхбат бергенмін. Сонда Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың әлемдік және дәстүрлі діндердің съездерін өткізу бастамасын ел басшысының даналығының белгісі деп бағалағанмын. Сол ойымды тағы да айтамын. Жалпы, бүкіл ТМД аумағын­дағы орыс жұрты Назарбаевты ерекше құрмет­тейді. Оның бойында табиғи кемеңгерлік бар. Мен үшін Қазақстанға әр келуім бір мереке сияқты. Адамдардың дидарынан далалық кеңдікті, сахараға тән сабырды көргендей боламын. Бүгінгі конференцияда облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың атына да жылы сөздер айттым. Кемел азамат екен.

- Жаңағы отырыс кезінде сіз Қы­рымбек Елеуұлына осында салынған жаңа мешіттің күмбезі алтынмен жалатылмағаны жөн деген кеңес бердіңіз. Неліктен? Әл-Акса мешітінің күмбезі солай жасалған ғой?

- Ол - Әл-Акса.

- Басқа да мешіттердің күмбезі сондай екенін көріп жүрміз.

- Негізінде ислам артық шығынды қолдамайды.

- Екінші жағынан жалпы дін нұры адам жүрегіне сұлулық арқылы да  себіледі ғой. Жарайды, ал енді ислам және әйел мәселесін аз-кем сөз етсеңіз деймін.  Ақтаудағы университетте сөйлеген сөзіңізде  Сіз осы тақырыпқа біраз әңгіме айттыңыз. Сондағы ойларыңызды енді газет оқырмандары үшін таратыңқырап түсіндіріңізші.

- Әлемнің бірде бір дінінде әйелге дәл исламдағыдай кең құқық берілмеген. Әлемнің бірде бір діні әйелді дәл исламдағыдай қорғамайды. "Жұмақ анаңның аяғының астында" деген хадис бар. Құран мұсылман әйелін ақылды, әділетті, әдепті болуға, күйеуіне бөлекше құрмет көрсетуге үйретеді. Құранда әйелдің өзінің сыртқы сымбатына, киімі­не ерекше қарауы керектігі де айтылған.  Мұсылман қауымында әйелге құрмет те бөлекше. Мен өзімнің қайын атамды ерекше құрметтеймін. Ол кісі мұсылман әлеміндегі ең беделді университет Әл-Азхарды бітірген, шейх. Қайын атаммен Сирияда бір үйде тұрған тоғыз жылдың ішінде ол кісі мен дастарқан басына келгенше бірде бір рет ас ішуді бастаған емес. Осының өзінде үлкен мәдениет жатыр. Әйелге жағдай әсіресе араб әлемінде жақсы жасалған деп ойлаймын. Онда отбасының бар материалдық мәселесі ер кісінің мойнына жүктеледі. Әйелдер тек үй шаруасымен, бала тәрбие­сімен айналысады. Жағдайы келіп жатса ер адам өз әйеліне көмекші жалдауға да тиіс.  Әсіресе Сирия, Иордания мен Ливан әйелге қатысты шариғат талапта­рын тамаша сақтауымен таң қалдырады. Ондағы әйелдердің мейірлі жүзін бізде сирек кездестіресіз. Араб әйеліне ол бақытты ұлты емес, діні, Алла сыйлаған өмір заңы беріп отыр. Мұсылман әйелінің құқының кемдігі деп исламда көп әйел алуға мүмкіндік бар екенін айта береді. Шын мәнінде полигамия қазірдің өзінде араб әлемінде өте сирек кездеседі. Екінші әйелді арабтардың өзі бірінші әйелі бала таппаған жағдайда ғана алатыны жұрттың бәріне белгілі. Еуро­палықтар болса, мұндайда ажыраса салады немесе сырттан ашына таба қояды. Қайсысы жақсырақ деп ойлайсыз? Қайсысы адалырақ деп ойлайсыз?

- Сіздің Құранды аударуыңыз канон­дық үлгі деп танылып отыр. Ірі шығыс­та­нушы, арабист Андрей Бертельстің: "Поро­хова - первая переводчица, которая передала небесную музыку стихосложения Корана" деген бағасын білеміз. Енді Құран аудармасына қалай кіріскеніңіз, қандай қиындықтарды еңсергеніңіз жайында айтып берсеңіз.

- Алдымен Құранның өзі туралы айтайын. Құран - құдірет. Құран - мәңгілік кітап. Былайша қарағанда, мен Құранды жатқа білуге жақын тұрған адаммын. Соның өзінде кітапты ашып, оқи бастасам осыдан он жыл бұрын көрмегенімді көріп, байқамағанымды байқап жатамын. Оны ағылшын тіліне ең тамаша тәржімелегендердің бірі деп саналатын Артур Дж. Арберри Құранды ерекше терең мазмұнымен де, аса бай тілдік құралдарымен де  адамзаттың ең ұлы әдеби інжу-маржандары қатарына қосқан.  Адамзат тарихындағы ең шабыт­ты да поэтикалық кітап деп атауға болатын Құранның барша ұлылығын оны түпнұсқада, яғни арабша оқыған адам ғана толық сезіне алады деген пікірмен келіспеу мүмкін емес. Құран тіршілік тілінен атымен бөлек тілде түскен. Қасиетті кітап біздің тіршілікпен дәл қазіргі семантикалық байланысы­мызбен тұйықталып қалмай­ды. Құран өлең өрнегі жағынан да (Қасиетті кітаптың  ақ өлеңмен түсі­ріл­гені ешқандай күмәнсіз, мысалы, "Фатиха" сүресіндегі "Ағузу билләһи минәш-шәйтәнир-рожим. Бисмилләһир-рохманир-рохим. Әл-хамду лилләһи роббил-әләмиин. Әр-рохманир-рохим. Мәлики иәумиддин. Ий әкә нағбуду уә ий әкә нәстағиин. Иһдинас сыратол мустақим. Сыратол-ләзина ән-ғамта әләйһим. Ғойрил-мағзуби ғалейһим Уәләз-золлин (Әмин)" деген жолдарды дауыстап оқығанның өзінде  ішкі ырғақ пен ішкі ұйқастың сылдыраған келісімі құлақ құрышын қандырады - С.А.), салтанатты сөз саптауы жағынан да, ой даналығы жағынан да қайран қалдырады. Мен Құранды 12 жыл бойы аудардым. Бұл жұмысты Аль-Азхар Аль-Шариф ғылыми-зерттеу академиясының аттай алты жыл бойы тексеріп, салыстырғанын талай айттым да, жаздым да. Ақыры олар 1997 жылдың наурыз айында аударма мәтіні түпнұсқа мағынасын дәл беретіндігі жөнінде тиісті құжат  қабылдады. Құранның мағыналық мазмұны ол дүниеге келгелі бергі бір жарым мыңдай жыл уақыт ішінде әлемнің ең ірі ойшыл­дарының тарапынан жан-жақты зерттелген. Әрине, жаңағы айтқан 12 жыл тек мәтін аударуға жұмсалған жоқ. Көп уақытым осы қасиетті Кітапты түсінуге, түйсінуге кетті. РТР телеарнасында бірнеше жыл бойы "Тысяча и один день энци­кло­педии ислама" деген 104 хабар, "Культура" арнасында "Все суры Корана" деген 50-ден астам хабар жүргізгенімнің де көп пайдасы тиді. Ағылшынша еркін білетінімнің де көмегін көп көрдім. Құран ағылшын тіліне 106 рет аударылған ғой. Оның жанында орысшаға сонау Петр Біріншінің заманынан бері қарай небәрі 12 аударма жасалғаны көзге де, көңілге де өте қораш. Мен бұлай дегенде Г.Саблуков пен И.Крачковский аудармаларын тіпті де кемсіткелі отырған жоқпын. Әр аударма­ның өзіндік артық­шы­лығы болады. Мысалы, Крачковский аудармасының ғылыми дәлдігі ерекше. Сонымен бірге мен Құранды орыс тіліне арабша білетін адам ғана емес, ең бастысы - ислам дініне сенген адам аударғаны жөн деп білемін. Сөйткенде ғана оның мәнін, оның мағынасын ойдағыдай жеткізуге болатын сияқты көрінеді. Тағы бір өзім маңызды деп санайтын жайды айтайын. Құранды аудару үшін өте жоғары жалпы білім және мәдени деңгей керек. Кәсіби  тәржіме тәжірибесі міндетті. Бәрінен бұрын аудармашының генетикалық фоны таза болуы шарт. Егер оның бойында антро­по­логиялық деңгейде рух мәдениеті, ар-намыс ұғымы болмаса, білімін куәландыратын бес дипломы да түкке аспайды.

Құран аудармасында мәтіннің толық дәлдігіне қол жеткізу мүмкін болса мүмкін шығар, бірақ қанша жерден білім, зергерлік табылып тұрса да, Құран аяттарының сұлулығын, сөзінің сазды­лығын өзге тілде өзіндей етіп жеткізу шын мәнінде мүмкін емес. Менің аудармам­ның "Коран. Перевод смыслов и комментарии" деп аталатыны сондықтан. Құран мағыналарының орыс тіліне өлең өрнегімен аударылуы арқылы түпнұсқаға дәстүрлі академиялық басылым­дардан гөрі эмоциялық және стилистикалық тұрғыдан барынша жақындауын қатты құнттадым. Құранды бұған дейін оқыма­ғандарға кәдімгідей қызығамын. Олар ос­ындағы даналықпен, осындағы сұлулықпен енді ғана танысады ғой, олар өздерін толғантатын барлық сұрақтарға жауапты осы кітаптан табады ғой деп қызығамын.

- Сіздің тағы бір ерекше еңбегіңіз - Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) хадистерін орыс тіліне алғаш аударғаныңыз. Хадис деген ұшы-қиырсыз қазына ғой. Шамамен 600 мыңдай хадис бар көрінеді. Сіз 200 хадис аудардыңыз. Ол хадистерді қалай таңдадыңыз?

- Сол 200 хадисті іріктеу үшін мен 3 мыңдай хадис оқыдым. Менің таңдаудағы негізгі ойым хадистердің бүгінгі күні неғұрлым көкейкестілерін іріктеу болды. Мына жайды да ескеру керек. Басы ашық хадистер бар, күмәнді хадистер де бар. Хадистер дегеніміз Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с.) өмір тірлігіндегі іс-қимылдары мен айтқан сөздерінің замандастары, жақын айналасы хатқа түсірген, есінде сақтаған топтамалары. Пайғамбардың жүріс-тұры­сын­дағы ең майда егжей-тегжейдің өзі мұ­сылмандардың баршасына парасатты­лықтың ұшар биігіне айналған. Тарихтың ұзына бойында хадистер көп томдарға жинақ­тал­ған, олардың абсолютті наным­дылығы дә­лелдік критерийлері бойынша сарапталған. Бұл мәселе бойын­ша араб әлемінде өте қуатты методо­логиялық жұмыс жүргізілген, оған 100 жылдан астам уақыт кеткен. Мен аудар­ған хадистердің бәрінің де басы ашық.

- Құрметті Валерия Михайловна! Таңғы рейспен Мәскеуге ұшқалы отыр­ғаныңызды біле тұра, мынандай кеш уақыт­та сұхбат беру жөніндегі өтінішімді аяқсыз қалдырма­ға­ны­ңыз үшін алғыс айтамын. Жақсылық тілеймін.

- Аль Хамду Лильля!

Сұхбаттасқан Сауытбек АБДРАХМАНОВ.

«Егемен Қазақстан» газеті

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1491
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3258
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5562