Сәрсенбі, 13 Қараша 2024
Білгенге маржан 7937 2 пікір 26 Қыркүйек, 2017 сағат 10:20

Күйші Мүсірәлі Бердіұлы жайлы не білеміз?

Соңғы кездері елімізде ән мен музыка саласында жас таланттардың шығармалары өнер сахнасынан өмірден өткен тарландардың Алтын қорда сақтаулы шығармаларын ығыстырғандай. Олардың бейнелері мен көрермендірінің ықыласына бөленген шығармалары, шырқалған әндері сағыныш  сағымына айналып, алыстап еліміздің Алтын қорында құлыпталып жатқанына мәзбіз. Олардың ұлттық дәстүр сипаттағы шығармалары негізінде кейінгі жас таланттарды тәрбиелеу бағытындағы жұмыстардың жетіспеулерінен мағанасы мен мазмұны төменен ырғағы мен сазы ұлттық дәстүрден қашық, будандасқан музыкалық шығармалардың сахна төрлерінен орын алып отырғаны осының айғағы.

«Пайдаланылмаған алтын көгереді» - дегендей, сол Алтын қорымыздағы өнер дүниелерін жарыққа шығарып, халқымыздың сағынған жүрек сезімдеріне жеткізуге және өнерге талпынған жастарымыздың сусындап тәлім-тәрбиеленулеріне жұмыстанбасақ, ол дүниелер мезгілі өтіп шаң басқан зат ретінде елеусіз «өлі»қалпында қала берері сөзсіз. Олардың қазіргі қоғамымыздағы ұрпақтарымен қатар өмір сүргізуіне біздердің бабалар алдындағы парызымыз екенін естен шығармайық. Осындай құрметті парызымызды іске асыруға барлық жағдайлар қазіргі кезде егеменді елімізде толықтай жетерлік. Тек қана ынталық, ықылас және жігерлік, өткен тарихымызға деген махаббаттық сағыныш сезімі болса болғаны.

Еліне танылмай және бағаланылмай тарихымыздың көлеңкесінде қалаған тұлға – еліне қамқоршы болған, өмір сүрген ортасында әділдігімен және өнер-күй саласында өзіндік таланттылығымен танылған, еліміздің Алтын қорында сақтаулы, бірақ өзіміздің жұмыстанбауымыздан  өнер сүйгіш халқына жетпей жатқан, оншақты күйі бар, кешегі Қазақ хандығының 550 жылдық тарихында өзіндік орыны бар, 1693-1793 жылдар аралығында өмір сүрген, бар өмірін елінің тәуелсіздігіне арнаған, Әбілқайыр хан сарбаздарының мың басшысы әрі Ту ұстаушысы Ер Қосай ұлы Ерсары-Пыштанай батырдың ұрпағы – Бердіұлы Мүсірәлі!

Ер Қосай ұлы Ерсары-Пыштанай батырдың тұңғыш ұлы Түгелектен Алдасай, одан Итен, Итеннен Берді туған. Бердіұлы Мүсірәлі жайында елге танымал драматург-жазушы Берік Қорқытов «...Әкем Ғұбайдолла хақында жазғанын арғы атасы Мүсірәлі Бердиевтен бастапты. Өйткені балалары мен немерелерін оқытып, білімді, мәдениет азамат етіп өсіруге осы Мүсірәлінің өзі мұрындық болған. Мүсірәлі Жайықтың батыс бетінде Қаңбақты деген жерде 1818 жылы дүниеге келген. Дәулетіне сәулеті сай көшелі адам атанады. Оқығаны болмаса да, тоқығаны мол. Мүсірәлі замана ағымын жіті аңғарған. Тұңғыш баласы Досжанды Жәңгір хан ашқан төрт жылдық мектепке берген. Мүсірәлі 1848 жылы Шабанқара-Бегіс деп аталатын 40 шақты үйді жанына алып, Жайықтың шығыс бетіне көшеді. Жәнібек, Дәуіт, Бегіс деп аталатын ағайындармен табысады. Бәрінің басын құрап, өз алдына қоныс теуіп, бөлек ауыл болады. Сол кезде Есбол болысының жетінші ауылы деп атайды. Мүсірәлі әрі би, әрі бай, елге жақсылығы мол, қайырымы көп, үлкен бедел иесі екен. 1878-1884 жылдары Есбол болысының управителі болып сайланған. 1879-1880 жылдары халық ақ сүйек жұтқа ұшырап, бас сауғалап жан-жаққа көшеді. Атақты Мұрат ақын да Маңғыстауға өтіп, нағашыларын паналайды. Мұраттың анасы Қырықжылқы атақты Ақтан жыраудың әкесінің қарындасы-тын. Мұрат адай арасында жүріп, елін сағынып жазған жырында:

...Айырылдық айдын көлден қанып тұрған.

Дана еді ортадағы Мүсірәлі

Қысылсақ ақыл сұрай барып тұрған.

Сәлем де ақсақалға Мүсірәлі

Қайырлы құтты болғай мінген тағы.

Арғы атаң Итен, Қашқын, әкең Берді

Белгілі шынжыр еді арғы жағы.

Кей адам қартайғанда тоқталады

Тоқталмай келе жатыр біткен бағы...-дейді.

Үйіріне тыным бермейтін сәурік айғырдай мазасыз болса, Мүсірәліні ақын бұлайша марапаттамас еді. Халқына қадірі өткен-дағы. Мүсірәлі 1902 жылы 84 жасында қайтыс болады, бейіті осы күнгі Махамбет ауданында, бұрынғы тоғызыншы ауыл деп аталатын жерде. Әкем Мүсірәліні көрмеген, бірақ көрген адамдардың айтуынша: «Ұзын бойлы, ақша бет, айыр сақалы, ұзын әрі қалың мұрты бар, қасының ұзындығы көзін жауып тұратын,қапсағай жауырынды кісі еді», - деп жазады (Б.Қорқытов Атырау билері мен батырлары Алматы: «Өлке», 1992. 85 б.).

Ал өлкемізге танымал ақын, жазушы, журналист, ұстаз Сембай Бердімұратов Бердіұлы Мүсірәлі туралы төмендегідей пікірін жазған: «...Мүсірәлі Бердіұлы кезінде белгілі, артына із қалдырған азамат болған екен. Мүсірәлі Бердіұлы Жайықтың Нарын бетіндегі Қаңбақты құмында туып өскен. Жастық шағында Бабас, Дәулеткерей домбырашылармен қатар жүріп, өзі де бірнеше күйлер шығарған «Ақсақ құлан», «Торы жорға» т.б. оншақты күйлерінің жазбалары Карима Сахарбаеваның «Атырау ән-күй мұхиты», редакторы жерлесіміз, жазушы Самат Бектенұлы Ибраимов кітабында берілген.

Мүсірәлі Бердіұлы көңілі ояу, көзі ашық, заманның ағымын жете түсінген, өнер-білімге ұмтылып отырған. Балалары Досжан мен Қуанышты Ордадағы мектептерде оқытқан. Досжаны орыс-қазақ бастауыш мектептерін бітіріп, Орынбордағы Неплюев атындағы кадет корпусында оқыған, ал, Қуанышы Ордадағы медресені бітіріп, ауылына келіп бала оқытқан. Немерелері Әбдір мен Ғұбайдолла оралдағы реальды училишені бітіріп, Әбдір адвокаттық қызметте болған. Ал, Ғұбайдолла әрі қарай оқып, Қазан университетінің  мал дәрігерлік факультетін бітіріп, Гурьев уезінің мал дәрігерлік қызметін басқарып, алғаш ғылыми негіз салған жоғары білімді маман. Мүсірәлі Бердіұлы өсіп ержеткен соң, өзінің туып өскен Қаңбақты құмының мал-жаны өсіп, өрісі тарыла бастағанын байқап, жайлы қоныс іздейді. Сөйтіп Жайықтың Самар бетінен Бұқар бетіне, қасына қырық үй туыстарын алып, көшеді. Жайықтан қырық үйді мал-жанымен өткізу, оларға жер алып қоныстандыру жұмыстарын өзі басқарады. Қоныстанған еліне бас-көз, скер де әділ қамқоршы болып, елге аты шығады. Ауылының сөзін ұстайтын биі болады. Соңынан бес ауылды біріктіретін болыстықтың болысы болып,ұзақ жылдар қызмет атқарды» (Ж.Жайлашев Дәуір жаңғырығы Атырау: «Ағатай» баспасы, 2015, 3-4 б.б.).

«Алтын Орда» газетіне 23 қаңтар 2003 жылы жарияланған «Құрманғазы мылтығы мұражайға қалай келген?» әңгімесіндегі (Қаршыға Ахмедияров Күй-ғұмыр...  –Алматы: «Нұрлы әлем шыңы», Алматы, 2011. 61 б.). Бердіұлы Мүсірәлінің Орда түрмесінде отырғанын оның ұрпақтары теріске шығарады.

Жоғарыда айтылғандай, Мүсірәлі Бердіұлын дарынды күйші Дәулеткерей сияқты әйгілі күйші оны өзіне ұстаз санаған. Дәулеткерейдің досы, замандасы, бірге жүріп күй тартқан. Оның күйлерін бүгінгі күнге жеткізген дүлдүл домбырашылар – Дина Нұрпейісова, Науша және Махамбет Бөкейхановтар. Қазақ халқы музыканың шеберлері орталарынан атақты музыкант-күйшілерді шығарды.  Олардың шығармашылығы өткеннің құнды мұралары болып табылады. Олар – дүниежүзілік музыка мәдениетінің тарихында қайталанбас құбылыстар. Бұл ерекшелік қазақ халқының бай музыкалық мұрасын нотаға түсірген белгілі музыка этнографы А.В.Затаевичтің еңбегінде атап көрсетіледі.

Мүсірәлінің «Ортпа», «Кенжебай»,«Атқа алған», «Тұндырма» сияқты күйлерін алғаш нотаға түсірген адам – қазақ күйлері мен әндерін жинақтап зерттеуші А.В.Затаевич(А.В.Затаевич 500 песен и кюев казахского народа. Алматы: Дайк-Пресс, 2002, с. 89-95).

Ол «Ортпа» күйіне «Настоящий кюй «Ортпа» является великолепным образчиком бравурной казахской пьесы и исполяется сообщившим мне ее М.Букейхановым с захватывающим темпераментом и виртузностью» -деп бағаласа, «Кенжебай» күйін «Превосходная в музыкальном отношении пьесы, с удивительно ярким изображением какой-то фантастической бешенной скачки, некоей степной аналогией к «Лесному царю» Шуберта!»-деп таң қалған сезімін білдіреді (Көрсетілген еңбек. с. 309). Ал, «Мүсірәлі» атты екі күйдің екіншісіне төмендегідей сипаттама берген «... а вторая – бодрая и бойкая, в отчеканиваемом двухдольном размере.Мне кажется, что это последняя может послужить великолепным музыкальным фоном для массовой народной сцены в будущей казахской опере»- деп жоғары баға берген. Мүсірәлінің жоғарыда аталған күйлерінен басқа «Ақталған», «Мүсірәлі», «Қоңыр», «Ақжелен», «Қаражан», «Ақсақ құлан» деп аталатын күйлері белгілі. Зерттеуші А.В.Затаевич аталған еңбегінде Мүсірәлі туралы өмірдеректерді ала алмағанына өкініш білдіре отырып, «Мусирали – замечательный букеевский домбрист, давно умерший, автор великолепных кюев», - деген пікір білдіреді (Көрсетілген еңбек. с.309).

Төре күйлерінің дәстүрін біржолата орнықтырып, төре тартысты тұтас бір мектеп ете алған адам –Дәулеткерейді Ахмет Жұбанов «Төре күйлерінің атасы» десе, ол тақыр жерден өнген дарын емес. Ол өскен ортада күйшіліктің әбден қалыптасқан дәстүрі болған. Соқыр Есжан, Байжұма, Мүсірәлі сияқты күйші-домбырашылар Орда төңірегіне құлақ түргізген дарын иелері еді. Дәулеткерей осы күйшілердің шабыт тұғыры етіп, сол күйшілер арқылы ғасырлар тұңғиығынан жалғасқан асыл мұраны өнеге тұтқан – ерекше дарын иесі. Сондықтан Дәулеткерей Мүсірәліні өзінің ұстазы ретінде құрметтеген. Ұлы дарын иесі Дәулеткерей күйшінің  құрметтеген ұстазы Бердіұлы Мүсірәлінің жүрек сезімінен туындаған құнды шығармаларын қазіргі ізін қуған ұрпақтардың өнер сүйгіш көрермендеріне, сахна төрінен тарту ете алмаулары өкінішті-ақ.  2015 жылы Мүсірәлінің күйшілігі туралы жергілікті теледидардан хабар берілді. Осы хабарда тұңғыш рет оның бір-екі күйі орындалды. Келешекте Мүсірәлі күйлерін концерттік бағдарламаға енгізуді ескеріп отырса,күй өнеріндегі ұрпақтар сабақтастығының жарқын көрінісі болар еді.

«Ештен кеш жақсы» дегендей, Мүсірәлі Бердіұлының туғанына 2018 жылы 200 жыл толуына арнай шығармаларын көрермендерге сахна төрінен тарту етуге Атырау облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшылығымен, Дина  Нүрпейісова атындағы Академиялық  қазақ халық оркестрі, Дина Нұрпейісова атындағы халық музыкасы академиясы және Махамбет селосындағы Зәмзәм Есжанова атындағы өнер мектебінің түлектері жұмыстанса Ұлы Дарын иесінің аруағы алдында елінің орындаған парызы болар еді!

Аққали Ахмет, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы

Төлеген Сағындықұлы, ардагер дәрігер, ҚР Денсаулық сақтау саласының үздігі

Abai.kz

 

2 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1239
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 2950
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 3320