Сенбі, 23 Қараша 2024
Шынның жүзі 5743 15 пікір 4 Қазан, 2017 сағат 15:33

Эфирге ел қарап отыр емес пе?

 

«Ешкі сойса да, қасапшы сойсын». Керемет айтылған! Алайда, «аузы қисық болса да, байдың баласы сөйлеп отырған» қоғамымызда бұл әзірше мүмкін болмай тұр. Оған себеп: парақорлық, сыбайластық, «танысы бардың-шансы бар» деген сөздің қайткенде жүріп тұрғаны. Өзгесін былай қоя тұрып, өзім жүрген саланың «былықтарын» журналистикаға аяқ басқаннан көріп келем. Оқуға құжат тапсырып тұрғанымда сол кафедраның бір доценті: «Айналайын, ағылшын тілін таңдаған екенсің, бұл жерде не бар дейсің, құжатыңды қайтарып алып, басқа мамандыққа тапсыр» дегеніне намыстанып, қайтпай, журналистикаға тапсырғанмын. Өкінбеймін! Бірақ...

Бірінші курста оқып жүргенімде (осыдан он жыл бұрын), нәпақаларын тауып отырған саланы жамандап, «жыныма» тиген соң, бір мақала арнап едім. Ұлттық арнада әр саладан жиналған ағайлардың кәсіби журналистер туралы айтқан пікірлерімен келіспегендіктен.

Әсіресе, біліктілік және кәсіби шеберлікпен қоса табиғи дарынды қажет ететін журналистика кім көрінгеннің қолжаулығына айналғанын сол кезде-ақ көрдік. «Көш жүре түзеледі» деп жүре беретін халықпыз. Содан бері он жыл өтіпті. Өзгерген ештеңе жоқ. Баяғы жартас - сол жартас... Жә, әңгіменің тоқ етеріне тоқталайық.

Былтырдан бері Білім және ғылым министрлігінің тапсырысымен білім-ғылым саласында болып жатқан өзгерістерді, жаңашылдықтарды халыққа дұрыс жеткізу, орын алған бірқатар мәселелерді көтеру мақсатында «BILIM» ток-шоуы эфирге шыққан. Тележобаға жүргізуші ретінде белгілі журналист, «Абай-ақпарат қазақ интернеті кеңістігін дамыту қоры» қоғамдық қорының президенті Дәурен Қуатты шақырған едік. Біршама өнімді еңбек еттік. Оны эфирге шыққан әр бағдарламаға қатысты білдірілген пікірлер мен көрермендермен төте байланыста байқадық. Бағдарламаны Білім министрлігі қаржыландырып отырғандығына қарамастан, саладағы өзекті проблемалар көтеріліп, өткір сындар да айтылған. Өз кезегінде, оның бәрі мұғалімдер тарапынан қызу қолдау тапты, көрермендер де жылы қабылдады. Білім министрлігі де обалы қанеки, сынға қарсыласқан жоқ. Бәрін байыппен қабылдады. Шын сөз қашан да кімді болсын иландыратыны белгілі.

Ал, жуырда түсірілімге келген қонақтарымыз бен сарапшыларымыз студиядағы келеңсіздікті көріп жағаларын ұстады. Жарты сағаттық телехабарды жазу үшін студия қонақтарын кешке дейін ұстап, уақыттарын зая кетіруге мәжбүр болдық. Өйткені Дәурен Қуат жобадан кеткен болатын. Ал, «BILIM» ток-шоуының «Хабар» арнасы тарапынан ұсынылған жаңа жүргізушілері бейкәсібилігі тұрғысынан сынға ұшырап, бағдарламаға қатысқан қонақтар: ғалымдар, педагогтар, журналистер әлеуметтік желілерде жазбалар қалдыра бастады. Сынға пікір жазған  интернет қолданушылары да көптеген ұсыныстар білдірді.

Осыны негізге алып, біз телехабарды қайтадан жөнге келтіруге тырыстық. Жаңа форматтағы (негізгі кәсіби жүргізушіге қосалқы білім саласының мамандары да жүргізуші рөлінде болады) бағдарламаны жүргізу оңай емес. Әсіресе, ток-шоу форматын енді қабылдап, бейімделіп келе жатқан отандық телевизияға бұл бір жаңа үлгі еді. Әрине, кез-келген жаңашылдық енді ене бастағанда кемшіліксіз болмайды. Сын да айтылады. Соған қарамастан, сәтімен түсірілген бағдарламалар эфирге жіберілмеді. «Соқыр көргенінен жазбайды» демекші, басшылар баяғы сол ескі әуендеріне басты. «Дәурен Қуат эфирге жіберілмейді» деген «Хабар» арнасының басшыларын түсіне алмадық. Бұл арнаның беті жылтыраған әртістерден арыла алмай, кәсіби журналистерден гөрі соларды көрерменге ұсынуды құп көргендігі ме, әлде қайткені?..

P.S.  Абай атамыз: «Әсіре қызыл тез оңар» деген еді. Телеарналардағы кейбір бағдарламалардың бүгін эфирден жылт етіп көрініп, ертең ұмытылып қала беретіні сол «әсіре қызылдықтан» болса керек. Сонда дейміз-ау, өз кәсібінің қыр-сырын терең білетін майталман мамандарды ысырып қойған телеарна басшылары халтура дейтін «өлмейтін өнімдерімен» халықты қашанғы алдай бермек? Өйткені эфирге ел қарап отыр емес пе?

Зарина Әділбек

Abai.kz

 

15 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1466
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3240
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5379