Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
Құйылсын көшің 10895 6 пікір 5 Қазан, 2017 сағат 14:11

Ықтиярхат дауы. 250 отбасының тағдырына зиялылар алаңдап жатыр

Қытайдан Тарихи Отанына оралып, Жамбыл облысы, Тараз қалалық Көші-қон полициясынан ықтиярхат алған 250-дей этникалық қазақтың мәселесін қозғап,  кеше "250 отбасының тағдырын ойрандағалы отырған жоқпыз ба, Сағынтаев мырза?!" деген мақала жариялаған едік. Осы материалды бір тәуліктің ішінде порталымыздан 12 мыңнан аса адам оқып, әлеуметтік желілерде мыңдаған адам өз ойын білдірді. Қандастарымыздың тағдыры үшін алаңдап пікір білдіргендердің арасында белгілі зиялы қауым өкілдері де бар. Біз солардың арасынан елге ой салар бір-екі пікірді оқырман назарына қайыра салуды жөн санап отырмыз.

Марат Тоқашбаев, публицист: 250 қандасымыз Қытайға қайтарылмасын!

Жамбыл облысында 2015 жылы Қытайдан атамекеніне қоныс аударған 250 этникалық қазақтың ықтиярхаттары ҰҚҚ тарапынан тексеру кезінде жалған болып шығыпты. Жамбыл облыстық ішкі істер департаментінің көші-қон полициясы өздерінің оған қатысы жоқтығын айтып азар да безер. Заң бойынша әлгі 250 қазақ елден дереу депортациялануға тиіс. 2015 жылы бұрынғы Қытай азаматтары Қазақстанға тұрақты тұруға өтініш берген кезде №992 бұйрыққа сәйкес қажетті құжаттардың бәрі жинақталған. Алайда екі жылдан кейін қауіпсіздік органдары тарапынан тексеру кезінде тіркеу мен тұрақты тұруға негіз болатын құжаттар қолдан жасалғандығы анықталған.

Енді жаңағы 250 қандасымызды құжаттарының жалғандығына байланысты елден қуып шығатын болсақ, Қытай елінде олар бірден тұтқындалып, сотталары анық. Онсыз да ол жақта қазақтарға көзқарас нашарлап тұр. Жамбыл облысына келіп паналаған қазақ бауырларымыз бүгінде осы жаққа үйренісіп, жұмыс жасап, бала-шаға асырап, салық төлеп отыр. Қытайдан келген қазақтардың қиналатыны – орыс тілін білмейтіндігі. Осы жағдайды епті пайдаланған кейбір қулар олардың қалтасын қағып, жалған құжаттар жасап берген тәрізді. Бұған қанша бас тартса да көші-қон қызметінің өкілдері қатыспауы мүмкін емес.
Естеріңізде болса 2014 жылы наурыз айының ортасында Алматыдан Гонконгке ұшатын КС-929 рейсінің екі гонконгтық жолаушысының қол жүгінен Қазақстанның 291 паспортының таза бланкісі шыққаны үлкен дау туғызып еді. Алайда сол дау бойынша айыптыларды анықтау мен жазалау жөнінде кейін ешбір дерек кезіктірмедік. Жылыдай жабылып қалған тәрізіді. Сондай сыбайлас жемқорлық өз қазағымызға келгенде мынадай келеңсіздік шығарып тұр. Оған да әлгі гонконгтіктерге паспорт бланкісін берген тәрізді ішкі істер органдарының ұждансыз қызметкерлерінің қатысы бар-ау деп шамалаймын.

Айтарым, қытайдан келген қазақ қандастарымыз жалған ықтиярхаттарды өздері жасамаған. Оларға жасап берген қалайда басқа біреулер. Сондықтан тікелей айыпты еместігін ескере отырып, қаржылай жаза өтесе де оларды Қазақстанда қалдыру керек! Тіпті қиындық туса біраз уақыт босқын мәртебесінде ұстай тұруға да болады. Қалайда елім деп, отаным деп келген қандастарымызды кеудесінен итеріп, тағдыр тәлкегіне лақтырмайық! Қазақтардың Қазақстаннан басқа Отаны жоқ!

Ерлан Саиров, саясаттанушы: 250 жас отбасын Тараздағы алааяқтар алдап соққан

- Әлі есімде, Сирияда азаматтық соғыс басталған кезде, біраз шенеуіктер: "Біз өркениетті елдерден қалмауымыз керек. Сириядан "шұғыл түрде" босқындарды қабылдауымыз қажет", - деп байбалам салып еді. "Қанша болса да қаржы бөліп, көшіреміз" деді ғой "бәтшағарларың".

Сол кезде таң қалғанмын, мыналардың "бір жері" дұрыс жұмыс істей ме деп. Шетте 5 млн қандастарымыз "қан қақсап отыр", біреуі қытай, біреуі өзбек, біреуі орыс болуға жақын. Әй біздің Өкіметте бір кішкентай ғана болсын бауырмалдылық бар ма?.

Енді бүгін, елім-жерім деп аңсап келген жастардың басын қатырып, "Қытай асырып жібереміз" дейді. 250 жас отбасын Тараздағы алааяқтар алдап соққан екен. Жалған ықтияр хат берген. Сол 250 отбасына көмектесудің орнына "жазаға тартамыз" дейді. Мықты, сол әлсіздерге, жапа шеккендерге "жығылған үстіне жұдырық жасағанда" көсегелерің көтеріліп кете ме? 250 жас отбасына өздері құжаттарын реттеп бермей ме?! Әлде тағы шүршіт, үндіс, арабтарға жұмыс орнын дайындап, жарылқайын деп отыр ма, бұлар?

Түйін орнына

Жамбыл облысы, Тараз қалалық Көші-қон полициясынан ықтиярхат алған азаматтардың бәрі құжатты Көші-қон полициясы мекемесінен алғандарын, қолдарына ресми талон ұстатып, төлқұжаттарының артына мекеменің мөрін басып бергенін айтады. Ал, соншама дәлел бола тұра ресми Жамбыл облыстық көші-қон полициясы оларға ешқандай да жалған құжат бермегендерін мәлімдеуі түсініксіз жағдай. Мына құжаттар Жамбыл облыстық көші-қон полициясы жалған ақпарат таратып отырғанын дәлелдейді.

Қош! Алда тағы да айтарымыз бар екенін естеріңізге саламыз.

Дайындаған Қанат Бірлікұлы

Abai.kz

 

6 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2048