Дүйсенбі, 23 Желтоқсан 2024
Жанайқай 24913 16 пікір 4 Қазан, 2017 сағат 10:46

250 отбасының тағдырын ойрандағалы отырған жоқпыз ба, Сағынтаев мырза?!

Біз ҚХР-дан оралып, Жамбыл облысы, Тараз қалалық Көші-қон полициясынан ықтиярхат алған 250-дей этникалық қазақ шілде айынан бері үреймен күн көріп жатқанын арнайы жазып, Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаевтан араша сұраған едік.  

Қайда барып, кімнен көмек сұрарын білмеген жұрт бізге келді. Олардың барлық құжаттарын рәсімдеген қалалық көші-қон полициясы басқармасының басшысы мен оның бірнеше инспекторы қамауға алынып, тергеу жүргізіліп жатыр. Ал, Жамбыл облысының Көші-қон полициясы болса, кеше 250 қандасқа жалған ықтиярхат бермегенін ресми мәлімдеді.

Бұл мәлімдеме биліктен көмек күткен ағайынның үміт жібін үзіп жібергендей әсер еткенін халық біле ме?

250 қандас деген - 250 отбасы, яғни мыңдаған адамның тағдыры. Сол тағдырларға Сағынтаев тізгінін ұстаған Үкіметтегі азаматтар алаңдауы тиіс деп білеміз.

Біз бүгін сол 250-дің ішіндегі бірнеше адаммен тілдесіп, арыз-арманын тыңдадық. Сіздер де оқи отырыңыздар!

Abai.kz ақпараттық порталы

Ерзат Затайұлы. Қазақстанда туған баламның жайы не болмақ?

– Менің аты-жөнім Ерзат Затайұлы, келіншегім Шәрипа Әріпханқызы екеуміз екі баламызбен 2015 жылы тарихи Отанымызға қоныс аудардық. Елге келгеннен соң, азаматтық алу үшін іздене бастадық. Сөйтсек, заң бойынша алдымен ықтиярхат алу керек екен. Ықтиярхат алғаннан кейін төрт жылдан соң, құжаттарымызды азаматтыққа тапсыру керектігін білдік.

Біз құжат дайындатып жатқан кезде Алматы мен Астана қалаларынан ықтиярхат алу мүмкін болмай тұрды. Ал, Қытайға виза ашу қиындап кетті. Амалдың жоғынан елмен бірге Таразға барып, 2016 жылы ықтиярхатты алдық. Енді міне, қолымызда бүкіл құжат дайын болса да азаматтыққа құжат өткізе алмай сабылып жүрміз. Ықтиярхатымызды жалған деп өзіміздің үстімізден іс қозғап, Қытайға шығарып жіберу қаупі төніп отыр. Мұнда келгеннен соң, үшінші балалы болған едім. Енді оның, яғни бала-шағамның жайы не болмақ? Әрине, Қытайға барғаннан кейін ол ел біздің басымыздан сипамасы анық.

Айдын Дәкілұлы. Әйелім, бала-шағам Қазақстанның азаматтары, ал мен...

– Мен Айдын Дәкілұлы 2014 жылдың күзінде Қытайдан көшіп келдім. Алматы мен Астана қалаларынан ықтиярхат алу мүмкін болмағандықтан 2015 жылдың ақпанында Өрлеу деген делдал жігітке құжаттарымды бердім. 2015 жылдың сәуір айының 24-і күні ықтиярхатым қолыма тиді. Бірақ, қараша айында мені ол жақтан тұрақты тіркеуден шығарып жіберіпті. Енді міне, ықтиярхаттарың жарамсыз деп біздің үстімізден іс қозғамақшы екен. Оны кеше ресми органдардың хабарлауынан естіп, басымызға жай түскендей болып отыр. Менің әйелім, екі балам - Қазақстанның азаматтары. Делдалдардың салдарынан бір отбасының шаңырағы ортасына түспей ме?  Не Қытайда, не Қазақстанда жоқ, екі оттың ортасында қалдық.

 

Ұлпан Жексенбай. Сәбиім - Қазақстан азаматы

– 2010 жылы Қазақстанға келіп, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетіне оқуға түстім. 2015 жылы азаматтық алу үшін алдымен ықтиярхат алу керек болды. Ол кезде ықтиярхатты тек Тараз қаласында беріп жатқандықтан, сол жаққа құжаттарымызды тапсырып, үш айдан соң, ықтиярхатымызды қолымызға алдық. Осы құжатпен бірнеше рет Қытайға барып келдім.

Жақында ғана бұл құжатым жалған екенін, сол себепті тұрақты тіркеуден шығарып жібергенін білдім. Қазақстанға Отаным, Елім, Жерім деп келіп, осы елде білім алып, тұрмыс құрып, балалы болғанда Қытайға күшпен қайтарса, жағдайымыз не болмақ? Балам дүниеге Қазақстанда келгендіктен – Қазақстан азаматы. Ананы бауыр еті баласынан айыратын ауыр ахуал басымызға түсіп отыр. Бұл Қазақстанның заңын білмейтін біздің емес, Жамбыл облыстық Ішкі істер департаментінің кінәсі деп ойлаймыз. Жергілікті жердің құжаттарды дұрыс жасамау себебінен талай адамның тағдырының быт-шыты шығайын деп отырғанын ел ағалары түсінсе, бізге азаматтық берсе деген өтінішіміз бар. Біздің Қазақстан азаматы болып, Тарихи Отанымызда қалғымыз келеді. Бізге жүрегі қазақ деп соққан ел ағаларының көмегі ауадай қажет.

 

Бақыт Құрмашұлы. Ықтиярхатты көшеден емес, мемлекеттік мекемеден алдық

- 2015 жылдары Алматыдан тұрақты тіркеуге тұрып, ықтиярхат алу мүмкін емес болатын. Таныс адамдар арқылы Таразда ықтиярхат жасатуға болатынын біліп, Өрлеу деген жігітке жолықтым. Ақша берсең, құжаттарыңды туралап беремін деді. Ықтиярхат жасату үшін 130 мың теңге сұрады. Ақшасын төлеп, құжаттарымды бердім. Екі жарым айда кейін Таразға барып, суретке түстім. Ол жерде электронды қол қойғызады екен. Арада бір ай өткен соң, қолыма ықтиярхат тиді.

Сосын ол жерден талон берді. Сол талонды алып, Алматыға келіп құжаттарымды жинадым. Құжаттар дайын болған соң, азаматтыққа тапсырып едім, көші-қондағы кейбір қызметкерлердің істі болып жатқанын естідім. «Сот аяқталмай, ештеңе жасай алмаймыз» деді.

Енді, өзіңіз қараңыз. Мен қолды қоюға басқа жерге емес, Көші-қон полициясының мекемесіне бардым ғой. Осы ықтиярхатпен бірнеше рет Қытайға барып келдім. Банктен депозит те аштым. Соның бәріне жарамды болған құжат енді неге жалған болып шыққанын түсінбеймін.

Істі болған адамдар біздің делоны өртеп жіберді ме, тығып қойды ма білмейміз. Әйтпесе, бізбен қатар Тараздан ықтиярхат жасатқан көп адам азаматтығын алып алды. Олардікі қалай іске асты, біз неге тұтылып отырмыз. Түсіну қиын.

Қазақстанға Қытайдан келудегі мақсатымыз ақша табу емес еді. Осы елде біржола қаламыз, өсіп-өнеміз деп келдік. Бұл – біздің Отанымыз. Өз Отанымыздан күшпен шығарылсақ, Қытайда бізді түрме күтіп тұр. Біздің ол жақта тірі қалатынымызға ешкім кепілдік бере алмайды. Қазір көптеген қазақтарды кеденнен өте сала басына қара пакет кигізіп алып кетіп жатқанын естіп жатырмыз. Қайда әкетті, қай жақтың түрмесіне жапты - ешкім білмейді. Өзімізді ғана істі қылса жарайды, ел жұртқа барып өсіп-өнсін деген ниетпен бізді Қазақстанға жіберген әке-шешемізге, туыстарымызға зарарымыз тиетін болды.

Қазіргі қолымыздағы ықтиярхатты қайтарып алып, айыппұл салсын. Қайтадан құжат жинауға мүмкіндік берсін. Үш жарым жыл бір жерде жұмыс жасап жатырмын. Бір жерде тұрып келемін. Қазақстанның ешқандай заңын бұзған емеспін. Менің бар кінәм, ақша беріп ықтиярхат жасату болып отыр. Мен ғана емес, бүкіл қандастар құжаттарын ақшамен жасатып жүргені қазір ешкімге жасырын емес қой. Бізге қандай жаза қолданса да, Тарихи Отанымызда қалдыруды сұраймыз.

 

Гүлнәр Әділетқызы. Екі ұлыммен айрыламын ба деп қорқамын  

- Тарихи Отаныма оралуды орта мектепте оқып жүріп армандадым. 2013 жылы балам Еларыс бірінші сыныпқа баратын болды. Сол себепті де, сегізінші айда жедел Қазақстанға көшіп кеттік. Ондағы жалғыз мақсатымыз – баламды Қазақ елінің мектебінде оқыту еді. Бізге берілген виза уақыты бір жылға ғана жарамды еді. Алматыға келген соң не визаның уақытын ұзарта алмадық, не тұрақты тіркеуге тұра алмадық. «Визаңды ұзартпаймыз, шекарадан шығып кет» деді. Қытайға қайтар жол қалдырмай біржола келген едім. Балам мектепте оқып жатқандықтан не болса да Тарихи Отанымыз өзектен тебе қоймас деп жарты жыл визасыз жүрдім. Сол күндердегі басымнан өткен ауыр жағдайларды дұшпаныма да тілемес едім. Жүрегім қан жылап, не Отанымда, не Қытайда жоқ, босқын адамдай күй кештім.

Таразда ықтиярхат береді екен деген соң, амалдың жоқтығынан сол жаққа бардым. Өрлеумен жолығып, 350 мың теңге төлеп, үш айдан кейін, яғни 2015 жылы қолыма ықтиярхат алдым. Сол күнгі қуанышымды ауызбен айтып жеткізу мүмкін емес. Оралман куәлік қолыма тиіп, осы күніме мың шүкір айтып жылап та алдым. Арада үш ай өткен соң, 2016 жылы азаматтыққа құжаттарымды тапсырдым. Ықтиярхатымнан қателік шыққанын айтты.

Екінші ұлым дүниеге келіп, енді Қазақстан азаматы болдық па деген кезде тағы басымыз сергелдеңге түсіп отыр. Күйеуім мен бала-шағам азаматтық алып алды. Енді екі құлыным шырылдап анасынан ажырап қала ма деп түнде ұйқымнан, күндіз күлкімнен айрылдым. Не жаза көрсек те, Қазақстанда болуды, өлсек те осы топыраққа көмілуді қалаймыз.

Банктен депозит ашып, балама куәлік алуға жараған ықтиярхатым неге азаматтық алуға жарамайтынын түсіне алмай далмын. Мемлекеттік мекемеге кіріп тұрып, электронды қол қойдық қой. Сол кезде «бұлар жалған құжат жасап жатыр» деп негізгі кінәлі қылмыскерлерді ұстайтындар қайда қалды? Өзгелердің кесірінен отбасымыздың ойраны шығайын деп тұр. Биліктегі ағаларымыз аналардың, сәбилердің көз жасына қалмаса екен деймін.  

 

Айнұр Мұқашқызы. Балама аяғым ауыр болғандықтан делдалдың көмегіне жүгіндім

- Бала кезден ата-жұртымызды аңсап жүрдік. Сол арман тілегіміз 2006 жылы орындалып, Қазақстанға біржолата көшіп келдім. 2007 жылы ҰБТ-дан өтіп, Қожа Ахмет Иассауи атындағы Қазақ Ұлттық университетіне медицина мамандығы бойынша оқуға түстім.

Қазақстанда тұрмыс құрып, бір ұл, бір қызды болдым. Жолдасым, екі балам – Қазақстан азаматтары. 2016 жылы жұмысыма азаматтық алмағаным қиындық туғызды. Екінші балама аяғым ауыр болғандықтан делдалдың көмегіне жүгініп, Тараздан ықтиярхат алдым. Ат-бабаларымыз ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен қорғаған азат елдің ұланы болу арманымыз еді. Осы ұланғайыр жерімізде еркін жүріп тұра алмайтын, текті ұл мен қыз өсіре алмайтын жағдайға душар болып отырмыз. 130-дан аса диаспора өкілдерін сыйғызған мекенге қаны да, жаны да қазақ біздің сыймауымыз қасірет емей немене? Маған Қазақстаннан тек «Қазақстан азаматы» деген құжат қана керек.

 

Манат Махпудаұлы. 7 жыл Қазақстанда білім алдым

– Үйленгенмін. Бір балам бар. Жолдасым мен балам – Қазақстан азаматтары. 2007 жылы оқуға түсіп, 7 жыл Қазақстанда білім алдым. Оқу орнына тіркелген құжатпен азаматтық алу мүмкін болмағандықтан азаматтық алуым кешеуілдеп қала берді. Оқу орнының жатақханасынан шығып, басқа жерге тұрақты тіркеуге тұру өте қиын еді, ол кезде. Ешбір танысым болмағандықтан далада қалмайын деп оқуымды оқып жүре бердім. Оқуым біткен соң, азаматтық алу үшін іздене бастадым. Берілген виза уақыты бітіп бара жатты. Қысқа мерзімде визаны ұзарту мүмкін болмады. Сол кездегі заң бойынша алдымен ықтиярхат алу керек еді. Алматы мен Алматы облысында ықтиярхат бермей жатқандықтан, Жамбыл облысы арқылы құжаттарымды әзірледім. Өрлеу деген жігітке ақшамды беріп, 2015 жылдың шілде айында ықтиярхатқа құжаттарымды өткіздім. Қарашаның басында ықтиярхат алып, азаматтыққа тапсырмақ болып едім, тағы ақша сұрады. Амалсыз тұрақты тіркеуімді Алматы облысына ауыстырмақ болып едім, оған мүмкіндік болмады. Құлан ауданынан таныс тауып, сол жақтан азаматтыққа құжат өткізбек болғанымда мені тұрақты тіркеуден шығарып жібергенін білдім. Біздің құжаттарымызды дайындаған инспектор істі болып кетіпті. Енді соның зарарын талай отбасы тартып жатыр.

 

Қастер Бірлікұлы. Әйелім зар еңіреп жылап жатыр

- 2014 жылы Қазақстанға отбасыммен оралдым. Қытайда бір балалы болған едім. Екінші балам осында дүниеге келді. Біз келгенде Алматы облысында тұрақты тіркеуге тұру мүмкін болмады. Бұл жақта ешқандай танысымыз болмағандықтан әрі визаның уақыты бітіп бара жатқандықтан, оның үстіне әйелім босанатын кез келгендіктен Жамбыл облысына барып, ықтиярхат алуға құжат тапсырдық. Кешелі бері Жамбыл облыстық ішкі істер департаментінің Көші-қон полициясы өздерінің басын арашалап, жалған құжат жасаған жоқпыз дегенді естіп, әйелім зар еңіреп жылап жатыр. Ендігі күніміз не боларын мен де білмеймін.

Түйін орнына

Кеше біздің порталымыздың электронды поштасына "Аbai.kz арқылы араша сұраймыз!" деген хат келіп түсті. 

"Құрметті, Аbai.kz ақпараттық порталының қызметкерлері!

Тарихи Отанына көшіп келген 250 отбасы Сіздер арқылы араша сұрайды. Біз Отанымызға көшіп келіп, Жамбыл облысынан ықтиярхат аламыз деп, басымыз дауға қалып отыр.

Біз, біріншіден, бұл жақтың жазу-сызуын білмегендіктен де құжат жинау барысында хаттамалар толтыру секілді мәселелерде қиындықтарға тап болып, делдалдардың көмегіне жүгінуге мәжбүр болғанымыз анық.

Екіншіден, Қазақстанның заңын толық білмегендіктен, құжат өткізуде хабары бар адамдардың көмегіне жүгінуге тура келді.

Қазақстан Республикасында тұрақтап тұруға құқық беретін ықтиярхат қолымызға тиген соң, азаматтық алу үшін құжаттарымызды тиісті органға тапсырып едік, біздің ықтиярхатымыз тіркелмеген болып шықты.

Қазір от пен судың ортасында қалдық. Не жұмысқа тұра алмаймыз, балаларымызды мектепке беру мәселесінде де қиындықтар туып жатыр" делінген ол хатта.

Сол хатты індете зерттеп, жоғарыдағы азаматтардан сұхбат алдық.

Қазақ елі қандай жағдай болмасын аналардың көз жасына қалмауы керек. Бір отбасын екіге бөліп, өз қандастарымызды оққа байлап бергеннен гөрі осы істі былықтырған кінәлі адамдарды тауып, жазаға тартқан оңай.

Жамбыл облыстық ішкі істер департаменті өз басын даудан арашалау үшін қандастардың басын бәйгеге тікпеуі керек.

"Жамбыл облысынан ықтиярхат жасатамыз" деп басы дауға қалған қандас бауырлардың басқосуы

Гүлжанат Қали өзінің емес, қос бүлдіршінінің тағдырына алаңдайды

Серікхан Самархан мен Сара Тұңғышбай қазақ еліне істі болу үшін емес, өсіп-өну үшін келгенін айтады. 

С

Ұлпан Жексенбай "Ананы бауыр еті баласынан айыратын ауыр ахуал басымызға түсіп отыр" деп шырылдайды

Қастер Бірлікұлы балаларының тағдыры үшін бәріне дайын

Ерзат Затайұлы "Қытайға барғаннан кейін ол ел біздің басымыздан сипамасы анық" дейді.

Жеті жыл Қазақстанда білім алған Айнұр Мұқаш Құдайдан да, Қазақстан Үкіметінің қамқорлығынан да күдер үзігісі келмейді.

Өрімдей жастар, жас отбасылар Қытай еліне емес, бізге керек. Мына суреттегілердің ешқайсысы қылмыскер емес, қылмыскерлер - мемлекеттік қызметте отырып, ақша сауған шенді-шекпенділер болса керек...

Дайындаған Қанат Бірлікұлы

Abai.kz

 

 

16 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1980