Сәрсенбі, 4 Тамыз 2021
Алаң 8337 6 пікір 6 Қазан, 2017 сағат 08:26

Астананың қай қуысына тығылып қалдыңыз, Зауытбек Тұрысбек мырза!

 

Ғасырлар бойы армандаған тәуелсіздікке қол жетіп, енді бар қазақ бір қазақ боламыз деп бөрікімізді аспанға атып едік. Өкінікше орай, азаттықтың 26 жылында шеттегі қазақтың елге 26 пайызы да оралмады. Бұның басқа да себептері бар шығар, ең басты себебі: қазақтың басын қоспауға мүдделі топтың жұмысы нәтижелі болып жатқандығы. Олай дейтінім, Жамбыл облысы, Тараз қалалық Көші-қон полициясынан ықтиярхат алған 251 этникалық қазақ Қытайға кері қайтарып жібере ме деген күдікпен күн өткізуде. Бұл азаматтардың басына түскен істің арғы бергісін зерделесек, осы ойды дәлелдей түскендей боламыз.

ҰҚК аталған азаматтардың ықтиярхатын жалған деп танып, Жамбыл облысы, Тараз қаласының Көші-қон полициясы ешкімге жалған құжат бермедік деп мәлімдеме жасады. Ықтиярхаттары жалған деп танылған 251 азамат болса, ықтиярхатты алуға делдардардың көмегіне жүгінгенімен құжаттарын Тараз қаласының Көші-қон полициясына барып өткізіп, өтініштеріне сол жерде қол қойғандарын айтады.

Осы 251 қандастың басым бөлігі ықтиярхатты 2015 жылы алыпты. Естеріңізде болса, 2013 жылдың соңындағы Көші-қон туралы заңға енгізген өзгерістердің кесірінен қандастардың азаматтық алуы қиынға соққан еді. Шеттен келгеніне 4 жыл толмай азаматтық ала алмауымен бірге, қарапайым қандастар Алматы мен Астана қаласында тұрақты тіркеуге тұрып, оралман куәлік пен ықтиярхат алу құқынан айырылған. Оған дейін ҚР азаматтығын алу үшін ықтиярхат емес, оралман куәлігі жеткілікті еді. Сол жолғы заңға енгізілген өзгерістермен бірге қазақтың көбеюіне кедергілер де көбейе бастады. Шеттегі қазақ болса, «Елге келем, Қазақ Елінің азаматы болам» деген бетбұрысынан танбады. Елге келіп, тезірек азаматтық алуға асықты. Алып ұшып келгенде азаматтық емес, оралман куәлігі мен ықтиярхатын да ала алмады. Тіпті кейбірінің тіркеуінің уақыты өтіп, қайта тіркеле алмай айыпұлдан айыппұлдың астында қалды. Енді қайтпек керек, кері қайтуға жол жоқ. Өзге елге құл болам деп емес, қазағыма ұл болам деп келген соң қалайда азаматтық алу керек деп ойлады. Сондықтан, елдің кеңесіне де жүгінді, оралман куәлік пен азаматтықты қайда беріп жатса, сол жерге барып алмақ болды. Қазақтың азаматтығын алуға, қазақтың санын көбейтуге асықты. Міне, осындай жақсы ниетпен біліп-білмей заң бұзды. Олардың ешбірі алған құжаттарын заңсыз болады деп ойламады. Өйткені олар мемлекеттік мемекемден ықтиярхат алды. Атап айтқанда, өзге жерде ықтиярхат пен оралман куәлігі берілмей жатқанда Тараз қаласында берілген соң, бәрі де Таразға барып ықтиярхатын жасатқан екен.

Осы орайда олар делдалдардың көмегіне жүгінбеуі керек еді дейтін шығарсыз. Бірақ, қазір делдалсыз ешбір жұмыс бітпейді. Қандастардың, оның ішінде ҚХР-дан келгендердің делдалдардың көмегіне жүгінуінің екі түрлі себебі бар: біріншіден, делдарды қандастар кеңесші ретінде түсінеді. Олардың басым бөлігі кириллиция жазуын танымағандықтан және көші-қон туралы заңды толық білмегендіктен құжаттар толтыру барысында делдалдардың қызметін кеңесші ретінде пайдаланады;

Екіншіден, біздің Көші-қон полициямыз қандастардың жұмысын делдалсыз бітірмейді. Біздегі жемқорлықтың ордасына айналған мекеменің бірі – осы Көші-қон полициясы. Көші-қон полициясындағы жемқорлықтың кесірінен көшіміз көлікті болмай келе жатыр. Аудандардағы Көші-қон полициясы «еңбегін» қандастардан тіке өздері ала берсе, облыс пен қалалардағы Көші-қон полициясынан делдалсыз жұмыс бітіру мұң. Қандастар кеңесші ретінде іздеген делдалдар бұл кезекте Көші-қон полициясымен қосылып қандастың қалтасын қағушыға айналады. 25 жылдан бері қарай қазақ көші талай адамға жұмыс тауып беріп, талай Көші-қон полициясын байытты.

Аталған 251 қандастың жағдайына қайта оралсам, олар ешқандай да заң бұзушы емес. Олар Отанымның отымен кіріп, күлімен шықсам деген азаматтар. Олардың бар кінәсі, үкіметтің жасаған қитұрқы заңының кесірінен, жемқор полиция мен ашкөз делдалдың заңсыздықтарының құрбаны. ҰҚК 251 ықтиярхаттың жалған екенін анықтапты, енді бастаған ісін соңына дейін шығарып, жалған құжат жасаған көші-қон полициясының қылмысын ашсын. Мүмкін олар осы 251 қазаққа ғана жалған ықтиярхат бермеген шығар. Үкіметтің, мемлекеттің атынан шеттен келген өзге ұлт өкілдеріне де берген болар. ҰҚК ұлттың қауіпсіздігін ойласа, ықтиярхат алуға тиісті адамдардың ықтиярхатын жалғанға шығарғанша, нағыз заңсыздықпен берілген шетелдіктердің ықтияр хаты мен азаматтығы болса тексерсін.

Егер шынымен, 251 қандастың алған ықтиярхаты жалған болса, «үкімет оларды айыпты» деп кері қайтарамыз демей, керісінше қандастардан кешірім сұрауы тиіс. Өйткені олар жалған құжатты өздері қолдан жасап алған жоқ. Білдей бір облыс орталығының Көші-қон полициясы беріп отыр. Шеттегі қазақтардың бүгінгі хәлін біздің үкімет естімей, білмей отырған жоқ. Түрлі қысымға ұшырып отырған оларды «кері қайтарамыз» деген әңгіме шықпауы керек. Ондай әңгімені қазаққа дос емес, қас та айта қоймас. Аз қазақ көбейе алмай жатқанда, шеттегі қазақты елге әкеле алмасақ та өз күшімен келгенді қайта қуатын басымызға не күн туды? Тәуелсіздіктің 26 жылдығының қарсаңында 251 қазақты елден шығарсақ, елдігімізге сын, Елбасымызға сын. Досқа күлкі, дұшпанға таба боламыз. Шеттегі қазақтың еңсесін езіп, жүнін жығып береміз. Өзіміз де жетіспейміз, шеттегі 5 миллион қазақтың алдында қара бет боламыз.

Ендеше, үкіметтен, ҰҚК-дан, Ішкі істер министрі мен бас прокуратура сияқты құзырлы органдардан заңсыздыққа жол бермей, қауқарсыз қандастарға араша болуын, бұл істегі нағыз қылмыскерлерді тауып жазалауын сұраймын! Елдің намысын, Елбасының намысын аяққа таптамаңыздар! Қандастарға «кел» деп құшақ жая алмасақ та «кет» деп кеудесінен итеруге қақымыз жоқ.

Айтпақшы, ұмытып бара жатыр екенмін. Жазда Дүниежүзі қазақтарының 5 құрылтайы Астанада өткен еді. Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы деген ұйым бар еді ғой. Сол құрылтайда Қауымдастықтың төрағасының бірінші орынбасары ауысып еді. Бұрынғы орынбасар неше жыл отырғанда бірдеңе істегенін көрмедік. Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы – дүниежүзі қазақтарының иесі. Жаңа басшы келген соң қауымдастық ұйқысынан оянар деп үміттендік. Бірақ, жаңа келген Зауытбек Тұрысбек деген кісі Талғат Мамашевтен өткен ұйқышыл  сияқты. Мамашев қандастарға нұрын төкпесе де, «ұрғаны» бар болатын. Ал Тұрысбектің қазірге ештеңесі де жоқ. Бұрынғыдай Алматыда кеңсесі де жоқ, Астанаға кетті дейді, ол жақтан оны көрген ешкім жоқ. Астананың қай бұрышына тығылғаны белгісіз. 251 қандас емес, 2500 қандасты елден шығарамыз десе де ұйықтап жата беретін сияқты. Ау, Астананың қай қуысына тығылып қалдыңыз, Зауытбек Тұрысбек мырза?!.

Тұрдыбек Құрметхан

Abai.kz

6 пікір