Сенбі, 23 Қараша 2024
Әдебиет 6077 1 пікір 6 Қазан, 2017 сағат 09:00

Қалыпқа сыймайтын адам

Екі есалаң

Ол түнімен «Нақұрыстық өмірін» оқып шықты. Автордың жан дүниесіне үңілді. Жаңбырдан соң ауаның  балғындығын бүкіл тамырымен сезіне отырып, тәтті  қиялға берілді. Кенет, шулаған ессіз қыздардың ащы күлкісіне жиіркене қарады. «Олар айтқан жайтта қандай күлуге тұрарлық мән бар екен» деп ой алабына сүңгіді. Күнде теріскей жақтан кешкі  8-9 шамасында соғатын самал желдің лебін аңсады. Өзіндей делсал күй кешетін жандардың мына өмірден өткендігіне қапаланды.

Жалбарыну

Әпкесі кіреберіс бөлмеде, өзі жатын бөлмеде. Мағыналары ауысып кеткен, рухы тылсым күшке толы жазушының бір топ шығармаларын ақтарып отырған. Телефон дауысы шыққан сайын «не болды, әйтеуір адам аман ба?» деген сұраныспен бетін оған қаратпаса да, жүрек көзімен апасына қарайды. «Ішінен алдағы қуанышымызды бұза көрме, біз осы сәтті ұзақ күттік, балаларын жастай қалай жетім қалдырасың?» деген сарынмен тілін кәлимаға келтірді. «Егер шынымен де мына дүниеге сенің әмірің жүретін болса, маған бір құдіретті көрсетші» деп жаратқанға жалбарынды. Түн жарымында сансыз сұрақтар мен бойын билеген белгісіз қорқыныштан жеңіліп ұйқының торына түсті. Енді таң атқанша сол тордан шығу-шыұпасы неғайбыл.

Кеш пен таң

Соңғы 10 жылда бұл үшін таң мен кештің орны алмасып кеткен. Басқаларға қалыпты жайт саналатын күндізгі тірлік ұйықтауға берілетіндей. Өмір бұл жігіттің санасына кештен басталып, таңсәріден аяқталатын. Таңалакеуімде жоқ болып кететін аспандағы жарық жұлдыздармен бірге бәрі жоғалатындай. Айналаны басқан қараңғылық  мұның делсал күйін бәрінен жасыратын. «Қапаста менің бет-жүзімді ешкім көре алмайды, мұндай сәтте менен бақытты, менен еркін азат жан жоқ» деп масаттанатын.

Құпия көз

Әлдекіммен ойда жоқта кезіге қалса, қос жанарын қарсы қадамауға тырысады. «Қарасам көз арқылы оның мұңын өзіме жұқтырып алармын, сөйтіп, онсызда құсалы жүрегімнің парса-парсасы шығар. Одан да осы күніме шүкіршілік етейін» деуге шамашы әрең жететін. Байқамай екі жанар тоғысса бір алапаттың боларын байқайтын. Тоғысу – жалын отына күйдіретінін сезетін.

От

Ошақ астынан шыққан күлді төгуге қора сыртына шықты. Бірер қадам аттаған соң аяқ су ағатын арықтың сағасына таяды. Әлгі жерде өзінен басқа біреудің барын сезді. Жаймен қимылдап, мойнын алға созды. Қараса су жыланы бұған атыла қарап тұр. Қолындағы шелегін тастай қаша жөнелді. Қоршау мен арықтың арасы сол сәтте отқа оранған ну даланың бітіп болмайтын жолын елестетті.

Делсал

Қарбалас пен арпалысқа түскен соңғы 40 күн ішінде есі басқа жаққа ауып кеткендей. Келген-кеткен адамдардың түсін ажыратудан қалды. Шидам денесіне әлдекімнің басын орнатып, оның аузын бәзбіреулер күншығысқа қаратып кеткендей... Кешкісін бақша ішінде серуендеп жүріп, ойсыз жасалған іске тап болды. Бассыз адамдардың бассыздығына таң қалды. Кейбір адамдар қарапайымдылық пен жабайылықты шатастырып алып жатады. «Адамгершілік танытқан осы екен» деп тым дандайсып кетуге де болмайды ғой. Әрі кетсе, ол адамның надандығын көрсетеді емес пе?

Бипатрид

Бұл ауылдың  жиегінде екі елдің шекарасы орналасқан 24 сағат бойы әскери адамдар мен арнайы жаттыққан иттердің дүбірінен ауыл тегіс қаймығатын. «Елең-алаңда бір сұмдық болмаса жарар еді» деумен сақ отыратын. Ауыл сыртында нақ шекарашылар тұратын постыда екі қайың жайқалатын. Бірі – бері, бірі – ары орналасқан. Қос қайыңды аймақтағы жергілікті тұрғындар  «бипатрид»  дейтін.

 

Талант пен тайталас

Күннің батқан қызыл шоғына тесіле қарап отырған оның ойын інісі бұзды.

– Аға, егерде талант пен тайталас рингкте кездесе қалса қайсысы жеңеді?

– Әрине, адаптацияға бейімі жеңеді де. Жануарлар әлемінде де солай емес пе?

– Жо-жоқ, ол хайуандар арасындағы бәсекелестік. Мен адамдар арасындағы әрекет жайлы айтып отырмын.

Ағасы, ыза мен күйікке толы көздерін тура інісіне бағыттап ауыр күрсінді де:

– Қазір бәрі бірігіп кеткен. Адамдар арасында да жыртқыштар бар екенін ұмыт па. Бұл – табиғи заңдылық. Уақыт өте келе өзіңнің де қалай жыртқышқа айналып кеткеніңді байқамай қаласың, – деді де жүріп кете барды.

Тазалаушы

– Қызым, мектеп бітірген соң педагог боласың. Балалармен жұмыс істейсің. Ұстаздық – ұлы қызмет.

– Туу, қойш. Менің мұғалім болғым келмейді.

– Неге?

–  Жай, менің көше тазалап, қоқыс тазалап жүргім келмейді. Жылда көктем мен күз мезгілінде олар көше кезіп кетеді ғой.

Шапағат СЕРДӘЛІҚЫЗЫ

Abai.kz

 

  

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1470
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3246
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5413