Татулық – тұрақтылық негізі
Қазақстан – заман талабына сай алдыңғы қатарлы мемлекеттер қатарына ену мақсатында экономикалық, саяси-әлеуметтік, демократиялық және мәдени өзгерістер жолымен сенімді түрде нық басып келеді. Президентіміз Н.Ә.Назарбаев ұлтаралық келісім мәселесіне ерекше назар аударады және бұл мәселені Қазақстанның көшбасшылық жолындағы басты ұстанымы деп атайды. Қазақстандағы ұлтаралық келісім моделі бүгінгі таңда әлемдік қоғамдастық пен кеңестік дәуірде өмір сүрген мемлекеттердің назарын аударуда, бірақ біз мемлекетімізде ұлтаралық келісімнің бірден орнамағандығы туралы ұмытпауымыз керек. Бұл «Қазақстан – 2030» Стратегиясында көрсетілген қоғамдағы азаматтық татулық пен ішкі саяси тұрақтылықты сақтауға негізделген дұрыс стратегиялық бағытты таңдау нәтижесінде мүмкін болып отыр.
Елімізде ұлтаралық келісім, этникалық және діни наным сеніміне қарамастан, Қазақстан халқының арманы көрсетілген, жалпы халық бекіткен Конституция нормаларында бекітілген. Тәуелсіздік алған жылдары елімізде қоғамдық сананың өзгеруі орын алды. Әлеуметтік-мәдени, саяси парадигманың ауысуы, жаңа экономикалық құрылымның және президенттік күшті биліктің жасалуы, демократияның, азаматтық қоғамның және әлеуметтік мемлекеттің жетілуі, азаматтардың бастамасы мен іскерлігінің қажеттілігі, Қазақстанның әлемдік қоғамдастыққа халықаралық қарым-қатынастың толық құқылы субъектісі ретінде енуі бұл өзгерістердің барлығы құндылықтардың жаңа жүйесінің қалыптасуы арқасында мүмкін болды. Сол кезде тәуелсіз Қазақстан ұлтаралық ынтымақтастық пен өзара түсінушіліктің ерекше тәжірибесін жинақтады. Бұл бағыттағы негізгі басымдық – әрбір қазақстандықтың тілі мен діні, менталитетіне қарамастан, «отандастар» деп аталу құқығына ие болуында. Қазақстандағы этностық топтардың достығы мен ынтымақтастығы – бір адамның қалауының қорытындысы емес, ол біздің көп ұлтты мемлекетіміздің тарихи тәжірибесінен туындаған нәтиже.
Мектеп – бұл өскелең ұрпақты отансүйгіштік пен төзімділікке тәрбиелейтін бірден-бір ұйым. Мектептердегі өткізілетін іс-шараларды ұйымдастыруда әртүрлі әдіс-тәсілдер мен формаларды қолдану тәрбиені жандандыру мен қарқындатудың басты жолдарының бірі болып табылады. Бұл іс-шаралар мен байқаулар жалпыхалықтық, жалпымәдени, ұлттық дәстүрлерді қалпына келтіру мен жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеуге бағытталған. Мәселен, Тараз қаласындағы №40 гимназия облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясымен, «Радонеж» орыс қоғамымен, немістер қоғамымен, «Ай нұры» татар-башқұрт мәдени орталығымен көп жылдан бері бірлесе қызмет істеп келеді, облыстық және қалалық іс-шараларды біріге ұйымдастырады, дәстүрлі «Рождестволық кездесу», Пушкин және Есенин оқуларын өткізеді. Гимназия – облыстық «Хоровод дружбы» және «Круг друзей» фестивальдарының ұйымдастырушысы және өткізушісі. Қазақстан халқы Ассамблеясы өткізген іс-шаралардың көбісі гимназия оқушылары мен педагогтерінің және «Парус» мекемесінің қатысуымен өтеді.
Уақыт көрсеткендей, республикамызда мемлекет пен түрлі ұлт пен ұлысты біріктірген ұлттық-мәдени бірлестіктер өзара үйлесімде жұмыс істейді. Бұл жұмыс барысында халықтардың қайта өрлеуі мемлекет тарапынан қолдауға ие болды және ұлттық тұрақтылық пен жалпыхалықтық келісім, этномәдениеттің бірлесуі мен дамуын қамтамасыз етуде өз нәтижесін берді. Қазақстан өркениеттің дамыған, түрлі мәдени модельдердің өркендеген орнына айналды деп сенімді түрде айтуға болады. Қазақстан көп ұлтты мемлекеттер қатарына жатады және мемлекет аймағында тұратын түрлі этностардың мәдениетін дамыту арқылы өз тәуелсіздігін нығайту бағытын ұстанады.
Ұлт Көшбасшысы Н.Ә.Назарбаев: «Біздің еуразиялық түп тамырымыз шығыс пен батысты, Еуропа мен Азияны біріктірген теңдесі жоқ көп мәдениетті дамудың қазақстандық нұсқасын жүзеге асыруға мүмкіндік берді», – деп атап көрсетті. Қазақстанда кеңестік дәуірде миллионнан аса немістер тұрған. Ол басқа ұлттардың үштен бірін құрайтын, бірақ 1990 жылдары олардың саны көшіп-қону нәтижесінде күрт азайды, сондықтан тек неміс диаспорасын ғана емес, оның тілін, мәдениетін сақтау туралы өзекті мәселелер туды. Сол себепті, неміс мәдени орталығы неміс, қазақ, орыс тағы басқа ұлттардың әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін есте сақтау мақсатында түрлі іс-шаралар өткізіп тұрады. Менің ойымша, Алғыс айту күнін, Қазақстан халықтарының бірлігі күнін, Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күнін, Үлкен ел – үлкен отбасы форумын, Қазақстан халықтарының спартакиадасын өткізу қоғамға түрлі мәселелерді шешуге көмектеседі.
Александр Гибнер,
Жамбыл облыстық немістер қоғамы қоғамдық бірлестігінің Президенті
Abai.kz