Сенбі, 19 Маусым 2021
Білгенге маржан 4940 13 пікір 16 Қазан, 2017 сағат 12:55

Жаңа әліпби үшін дәйекше дәйекті ме?

Елбасы ұлттық әліпби түзу үшін ширек ғасырлық уақыт пен барлық жағдайды туғызып келеді. Өйткені бұл әліпби қазақты өркениет өрісіне өрлететін өрелі әліпби болуы тиіс.  Алайда қазақ әліпбиін ондай қалыпқа әлі келтіре алмай жатқан жайымыз бар.

Мен мерзімді басылымдарда ұсынылған жобаларымен жақсы таныспын. Кейбіріне пікір де білдіріп жүрмін. Енді ең соңғы нұсқа туралы ойымды ортаға салмақпын. Онда 9 әріп апострофпен берілген. Ішінде қазақ тіліне тән емес «ч» әрпі жүр. Латынның «с», «w» таңбалары пайдаланусыз қалған. «У» дыбысы үшін «w» тұрғанда, «y» таңбасын алуы да құптарлық емес. Қазақтың жұрнақ, жалғауларында жиі кездесетін «ғ», «и/й», «ң», «ш» әріптері апострофпен белгіленген. Апостроф белгілері мен қосарланған таңбалардың тиімділігін салыстырып көрейік.

Апостроф белгілері бір дыбысқа бір таңба алу үшін тиімді көрінеді. Бірақ апострофтың өзі жеке бір таңбаның орнын алып тұрғаны пернетақтадан терген кезде анық көрінеді. Жоғарыдағы 9 әріп 18 таңбаның орнын иеленеді. Ондай әріптің бір дыбысқа ‒ бір таңба болып көрінуі үстірт, алдамшы құбылыс. Біздің тілші ғалымдар осы мәселені жаңсақ түсініп жүрген жайы бар. Бұл әліпби нұсқасын алсақ, мәтінде апостроф белгілерінен көз сүрінеді әрі сөз ішіндегі екі әріптің арасы алшақтап, көзге оғаш көрінеді.

Оқушы, әсіресе бастауыш сыныптарда, бұл үтірді (апострофты) әріп шекесіне дұрыс жазып үйренуі үшін қосымша жұмыс пен уақытты талап етеді. Оқушы белгіні жаңылыс немесе әріпке қосып қойса, оның білім көрсеткіші төмендетуі хақ. Оқушыға үтірдің әріп белгісі және тыныс белгісі қызметтерін анықтайтын ереже шығарып, оны түсіндіру жұмыстары қоса туындайды.

Ұялы телефон, компьютер арқылы жедел хабар жіберушілердің көпшілігі, әсіресе жастар, апостроф белгілерін «ә», «ө», «ү» әріптеріне тіркемей-ақ жібере салуға бейім тұрады және солай болары даусыз. Өйткені апостроф белгісі әріп емес ‒ ол қойылмаса да, сөздің сыртқы формасы өзгере қоймайды. Сондықтан ол қате өздеріне елеусіз көрінеді. Олар сөздің жалпы мағынасын соған қарап болжай береді. Бұл өзге тілді кісілердің қазақ тілі дыбыстарын дұрыс меңгеруіне салқынын тигізуі әбден ықтимал.

Апостроф белгілері компьютерлік технология жұмыстарында (жай компьютерден бастап ірі өндірістік бағдарламаларды қоса) шатастыруға ұрындырып, бағдарламалық ақауларға соқтыруы мүмкіндігін сала мамандары ескертумен келеді. Тек тілге жарамды болып, компьютерлік бағдарламаларға жарамсыз болған әліпбидің әлеуеті төмен, аясы тар болмақ.

Сонымен, жаңа әліпби үшін апостроф белгілерінің тиімсіздігі байқалады.

Қосарланған таңбалардың басты кемшілігі ‒ бір дыбысты екі таңбамен белгілеуі. Бірақ апостроф белгілері де екі таңбаның орнын алатынын ескерсек, одан гөрі қосарланған таңба тиімді болмақ. Қосарланған таңбалы сөз көрінісі апострофпен шұбарланбайды, таза әріп тізбесінен тұрады.

Сонымен бірге оқушыны таңба мен үтір мәселесі шатастырмайды ‒ үтір тек тыныс белгісі болып қала береді. Оқушы әріп шекесіне үтір қойып әлек болмай, кәдімгі әріптерді алаңсыз тізе береді.

Ұялы телефон, компьютерге жазғанда да солай әрекет етеміз. Бұл жерде екі таңбалы әріптің бір таңбасын қалдырып кету бірден көзге ұрып, қателікті айқын байқатады. Сондықтан дыбыс таңбасының екеуін де қалдырмай жазуға тура келеді.

Екі таңбалы әріптер компьютерлік технология жұмыстарында қиындық туғызбайды. Яғни, қос таңбалы әліпбидің әлеуеті жоғары, аясы кең болмақ. Сөйтіп, қосарланған таңбалардың апострофтан тиімділігін байқалады.

Қазақ әліпбиінде бұрын қосарланған таңбаның болмағандығы рас. Алғашқы әліпбилерімізде «е» дыбысы үшін бірде «а», бірде «й» дыбыстық таңбалары пайдаланылып, бір сөз әртүрлі оқылатын жағдайлар болған. Ахмет Байтұрсынов арабтың «һ» дыбыстық таңбасының соңғы және жеке көріністегі бөлігін қазақтың «е» дыбысы үшін алып, мәселені оңтайлы шешкен еді. Ондай тәжірибе әліпбиімізде бұрын болмаған. Қазір әліпбиімізге қосарлы таңба алу компьютерлік технология талабынан туындаған сондай қадам болып отыр.

Енді әліпби түзуде назарға алынатын басты мәселелерге тоқталайық.

Пернетақтада 26 таңба бар. Олар 28 төл және 3 кірме дыбысты («х», «ф», «в») белгілеуге жетпейтіндіктен, кейбір дыбыстар үшін қос таңба алуға тура келеді. Ол үшін «f» таңбасын дыбыстық мәнінен айырып, реңддеуіш таңба мәнінде пайдалануды ұсынамын. Яғни «f» таңбасы мүлде дыбысталмайды, тек өзі тіркескен әріпке ұқсас дыбыстық рең береді. Реңдеуіш «f» таңбасы сөз ішінде айқын көрінумен бірге, оның формасын бұзбай, келісімді үйлеседі. Әрі қазақ әліпбиін ерекшелей түседі.

Осы таңбамен тіркес берілетін әріп саны алтау: «a ‒аf ‒ ә», «о ‒оf ‒ ө», «u ‒ uf ‒ ү», «n ‒ nf ‒ ң», «p ‒ pf ‒ ф», «w ‒ wf ‒ в». Бұл қос таңбалы әріптерді қағазға жазу да, компьютерге теру де қиын емес әрі оқушыны шатастырмайды.

Сонымен бірге қосарлы таңба беруде әріптердің жазылу жиілігі ескерілді.

Қосарлы «аf ‒ ә», «оf ‒ ө», «uf ‒ ү» әріптері 1-буында жазылатыны белгілі. 2-буында «кінә», «күнә», «сірә» сияқты бірнеше кірме сөзде ғана жазылады. Бұл әріптер алғашқы буынында жазылатындықтан, олардың жазылу жиілігі төмен.  Ал жиілігі орташа «nf ‒ ң» таңбасы бір сөзде негізінен екі әрі кетсе үш реттен артық қайталанбайды.

Кірме дыбыс таңбалары үшін «pf ‒ ф», «wf ‒ в» тіркесі әдемі үйлеседі. Ал «х» дыбысы үшін үйреншікті «х» таңбасын қалдырдық. Бұлар  кірме сөздерде, салалық терминдер мен атауларда кездесетіндіктен, жазылу жиілігі төмен.

Латын және ұлттық әліпбидегі ортақ дыбыс таңбаларын сақтай отырып, ортақ емес дыбыс таңбаларына өз тілінің дыбыстық мәнін беру барлық елге тән құбылыс. Әрбір ұлт жазуы өзге ұлттар әліпбиі бойынша оқылмайды, сол ұлт әліпбиі бойынша оқылады. Қазақ жазуы да өз әліпбиі бойынша оқылады. Сондықтан «u», «uf» таңбалары «ұ», «ү», ал «v» таңбасы «і» болып, қазақ әліпбиі бойынша оқылады.

Жоғарыдағылардың негізінде төменгі кестедегі әліпби нұсқасын ұсынып отырмын. Жарамды болса ‒ ұсынылар. Жарамсыз болса ‒ ой салар.

Қос таңбалы қазақ әліпбиінің жобасына

 

 

  Реті Қазақ-латын Қазақ-кирилл Жоба бойынша жазылу мысалдары
1        A a А а Ana, balalar
2        Af af Ә ә Afke, afpke, safbi
3        B b Б б Bas, abai, sebep
4        C c Ш ш Cyndyq, cara, сac
5        D d Д д Dana, adal, daflel
6        E e Е е Er, kel, ese
7        F f
8        G g Г г Egemen, eger
9        H h Ғ ғ Halym, aha, baha
10   I i И и Ine,   bile,bi,  bai
11   J j Ж ж Jaz, ajar, baj
12   K k К к Kel, keremet, tek
13   L l Л л Lawazym, alma, adal
14   M m М м Madaq, amanat, saflem
15   N n Н н Nanys, sana, jan sen
16   Nf nf Ң ң Anfyz, tenfew, tanf
17   O o О о Oi, toi, solai, joldaw
18   Of of Ө ө Ofner, kofne, kofz
19   P p П п Pana, apa, tap afper sep
20   Pf pf Ф ф Pfabrika Apfika
21   Q q Қ қ Qazaq aqyn qaqam
22   R r Р р Ras, arman, bar ber
23   S s С с Sana, asa, bas,  sen, es
24   T t Т т Tau, otan, ot, tek
25   U u Ұ ұ Ulan, bul, tura
26   Uf uf Ү ү Ufndeu, tufgel, tufzw
27   V v І і Vsteu, tvlek, erlvk, vnv
28   W w У у Waqyt, sawal, tw
29   Wf wf В в Wfagon, awfangard, Abaewf
30   X x Х х Xabar, saxna, saxara
31   Y y Ы і Ym, tanym, cyny
32   Z z З з Zanf, jaz, kezek, az

Аюбай Кәкімбек ‒ қазақ тілі маманы

Abai.kz

13 пікір