Сәрсенбі, 17 Сәуір 2024
Айбын 10499 55 пікір 16 Қазан, 2017 сағат 16:00

Хан Кене - қазақтың соңғы Ханы!

Алдыңғы, көптеген мақалаларда Қазақтың соңғы ханы – Кенесарының, серіктерімен бірге шейіт-опат болғанына биыл 170 жыл толып отырғандығы және осы айтулы оқиғаларды зерделеу үшін, үстіміздегі жылдың 7-қазанында, қасиетті Тараз жерінде арнайы ғылыми-танымдық конференция және қазақи-діни тұрғыдағы «Ас» берілетіндігі туралы бірнеше рет БАҚ-да хабарланған болатын.

Кенесары Хан десе елең етпейтін қазақ жоқ! Ол түсінікті де, өйткені, Қазақтың соңғы ханы – өшпес өршілдігімен, қайтпас қайсарлығымен, халыққа деген риясыз көңілімен ел есінде мәңгі қалған! Хан туралы зерттеулер, жазбалар, ауыз әдебиетіндегі толғамдар, біршама баршылық екенін де айта келіп, биылғы маусым айында арнайы жинақ шыққанын да атап өттік.

Осы, ізгі іс-шаралар қалай өткені туралы бірер ойларымызбен бөліссек. Бұл турасында алдын-ала түзілген жоспар да жарияланған болатын.

Сонымен, «Тойдың болғаныннан боладысы қызық» деп атам қазақ айтқандай, қонақтардың келуі 06.10.17. күні басталып, көпшілігі «Тараз» қонақүйіне орналасып, өзара танысулар өтті. ҚХР, Өзбек, Қырғыз елдерінен, Республикамыздың Батыс, Астана, Қарағанды, Ақтөбе, Қызылорда, Шымкент, Алматы т.б. өңірлерінен келген қонақтарды байқадық. Негізгі ұйымдастырушылар – Алматылық проф. Аман Шотаев, Тараздағы «Асу» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мосқау Ноқрабеков ағалар сияқты ақсақалдар жастарына қарамастан (басқа да көптеген азаматтар), басынан аяғына дейін аяқтарынан тік тұрып, тыным таппады.

07.10.17 күні, сағат 10-30 Жамбыл облыстық қазақ драма театрының ғимаратында, «Кенесары Хан бастаған Ұлт-Азаттық көтерілістің басталуына 180 жыл толғанына арналған, Ғылыми-танымдық конференция басталды. Театр қызметкерлерінің кірген беттегі ұйымдастырған кітаптар көрмесі, Ежелгі Тараз өңірінің тарихы туралы экспонаттар, Кене Хан туралы зерттеулердің жиынтықтары ерекше көзге ұрып, сән-салтанат беріп тұрды. Жалпы алғанда, театр қызметкерлерінің мәдениеті, ғимараттың тазалығы т.б. көріністері айрықша! Оларға тек қана мың алғыс!

Театр залы конференцияға жиналған жұртшылыққа лық толды, ұйымдастырушылардың «мыңнан асты...» дегенін естідім. Бірталай белгілі ғалымдарды, ақын-жазушыларды, БАҚ өкілдерін т.б. байқадық. Біраз интернет арқылы таныс достармен жүздестік. Қуантарлығы Тараз Университеттерінің тарих факультеттері студентері де көптеп қатысты. Бір-екеуінен әзіл-шыны аралас, «сендерді мұғалімдерің қуып келді ме?» деп сұрасам, «жоқ, ағай, өзіміз келдік! Бұндай жиындарға қатысуымыз, тәжірибе алумыз керек. Оның үстіне студент досымыздың сөзі бар» десті...

Жиынды белгілі филолог ғалым, Астаналық профессор Шәкір Ыбраев аға басқарды. Оның жөні де бар, өйткені, ағамыз ханның тікелей ұрпағы екені белгілі. Ағаның салмақтылығы, шеберлігі, біліктілігі... ұлағатты ұстаз екені бірден байқалды. Негізгі баяндама барысында ағамыз, Хан Кененің тарихи ролі, бейнесі, сол кезеңдегі қазақ әдебиетіндегі шығармалар, тарихи оқиғалар, тұлғалар т.б. көптеген ашылмаған «ақтаңдақтар» туралы кеңінен көсіле сөйледі. 35-40 минутқа созылған бір ауыз артық, қыстырма кездеспеген тамаша сөзін ел бар ықыласпен, құрметпен тыңдады десем артық болмас.

...«Бұл не? Неге биліктегілер, әкімдер жоқ?» деген өсек-аяң, даурықпаларды, екінші боп сөз алған Республикалық Ардагерлер Кеңесі атынан, Астанадан келген, әрі ғалым, Озғанбаев Өмірзақ ақсақал: «...Бұндай жиын біріншіден елге керек, екіншіден жастарымызға керек, үшіншіден бұны ұйымдастырып отырғандар ынталы топ және Тараздық «Асу» қоғамдық бірлестігі! Үкімет тарапынан да көптеген істер атқарылды және жалғасын таба берері сөзсіз! Кене хан бар қазақтың ардақты тұлғасы, ешқандай бөліп жаруға болмайтын Ұлы адам...»,- деп тиып тастады.

Республикамыздың маңдай алды Ғылым Ордасы, Алматыдағы Ш. Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының ғылыми қызметкерлері құнды тарихи аңдатпалар түзді. Тарих ғылымдарының кандидаты, профессор Зирабүбі Төленова, Қазақ Халқының сол кезеңдегі Кеңес идеологиясы бұрмалаған тағдырын, Кенесары Ханның мақсатын,  барынша шындықпен кезінде аша біліп, сонысы үшін қуғынға ұшырап, 25 жылға сотталған атақты тарихшы Е. Бекмахановтың еңбектерін, тарихи құжатты дәлелдермен келтіре отырып, керемет талдау жасады. Осы институттың қызметкері, доктор Рашид Оразов, Кене Ханның жат жерде қалған сүйегі туралы ел арасындағы дақпырттарға ғылыми тұрғыдан нақты жауаптар берді. Өзінің талмай іздестірген тарихи құжаттар негізіндегі жазған монографиясы - «Сыздық Сұлтан» атты кітабының тұсаукесері де осында қиылды.

Жиын төрағасының «бір серпіліп қою үшін ақындарымызға да сөз берелік» дегеніне орай, Жазушылар Одағы атынан келген, төраға орынбасары Маралтай Ибраев ақынның екпіндете оқыған, Кене ханға арнаған арнауы шынымен елді дүр сілкінтті. Құрастырған жинақ және шығармалар авторлары туралы мен де бір ауыз сөз айтып, осы іс-шараларға арналған жыр-арнауымды оқыдым.

Тараздағы «Жүсіп Баласағұн» атындағы ғылыми Орталығының ғалымдары, тарих ғылымдарының кандидаттары: Ордалы Қоңыратбаев, Бақытжан Жүрсінбаев, Сейілхан Тоқболат, Павлодардан келген тарихшы ғалым, профессор А. Тұрышев, Жазушылар Одағы атынан келген Б. Жүсіпов және Ақтөбе т.б. өңірден келген азаматтар, өз сөздерінде Кене хан бастаған көтеріліске қатысқан барша қазақтың рулары және батырлары туралы деректермен бөлісті.

Тараздық болашақ тарихшы ғалым-студент Қиғанбек Н. өз сөзінде «Кене Хан бастаған көтерілісті, көтеріліс деу керек пе, әлде, отаршылдыққа қарсы жарияланған соғыс деу керек пе?» деген тың ойларын ортаға тастап, елді қуантты.

Өкінішке орай, ғылымға мүлде қатысы жоқ әлдекімдердің өрескел қылықтары да орын алды. Біреулер, ешкім шақырмағанына, рұқсатқа қарамай сахнаға шығып, не айтқанын өздері де білмейді, біресе «оразамды ашпай келіп ем, су берші» деп ордаңдап барып, президиумдағы суға жармасты ма, оғаш қимылдар көрсетті. Залдағы ел, «кет» дегенге шейін барды. Байқағаным, осы жиында да, кейінгі «Аста» да «мен сөйлеймін... мен...» деушілер бірталай болды. Сонда не айтпақшы екен десеңші? Міне, бұл да біздің мәдениетіміздің төмендігін, атаққұмарлықты, даңғазалықты көрсеткендей. Өз басым, бала кезімнен Қ. Толыбаев ақсақалдың (баласымен доспын) арқасында еліміздің талай игі-жақсыларын көрдім, Шота Уәлиханов ағаның ұлағатты сөздерін бірталай тыңдадым. Сол кезде ел, сыйлы адамдарымыздың, үлкендердің айтқандарын сілтідей еріп тыңдаушы еді, тағлым алушы еді! Ал қазір кейбіреулердің келсін келмесін сөзге құмар екені, мүлде түсініксіз!..

...Алқаға жазбаша түскен көптеген сұрақтарға Ш. Ыбыраев аға тиянақты түрде жауап берді.

Жиын соңында, Кене Ханның ұрпағы, күйші-домбырашы Қ. Үрмізов, Кене Ханға арнап, арнайы шығарған күй-толғауын орындады.

Жиын, Мосқау Ноқрабеков ағаның ұсынысымен алдағы уақыттарда, елімізде ғылыми конференцияларды кеңейтіп, Кенесары оқуларын ұйымдастыруды қолға алу жөнінде... т.б. мәселелер қарастырулар жөнінде, тиісті орындарға ұсыныстар енгізу туралы шешім қабылдаумен аяқталды.

Сағат бірден кете, Қазақи-діни тұрғыдағы «Ас» беру, Республикалық, облыстық діни басқарма өкілдерінің қатысуымен, аруақтарға арнап «Құран» бағыштау, «Бақ-Сарай» мейрамханасында жоғары деңгейде өтті. Қабыл болсын! Ас барысында әр өңірден келген ақсақалдар сөз сөйлеп, ізгі тілектерін білдірді. Келген қонақтарды фольклорлық ансамбль қазақтың күйлерін орындап қарсы алды. Өнерлі Тараз жастары бірер термелер, толғаулар орындап, жұрттың ризашылығына бөленді. Ұйымдастырушыларға алғысымыз шексіз.

Іс-шаралар, қонақтардың қасиетті Тараздағы «Қарахан» хан кесенесін, «Көне Тараз» музейін аралау, танысу және «Керей мен Жәнібек» Хандар ескерткіш-стелласына тағзым етумен жалғасты.

Хан Кененің соңғы сөзі

- Ей ағайын! Біз жеңдік деп өрледің,

Шындықты айтқан, сөздеріме сенбедің!

Не істесең де, өшірмейсің, рухымды,

Басқа санап, мен сендерді бөлмедім.

 

Бауыр көріп, тарттым сені ішіме,

Өрлігің жоқ! Жете алмадың, түсіне.

Адал жолда, шейіт болам, біліп қой!

Ризамын! Бір Алланың ісіне!

 

Мені құртып, қандай шыңға шықпақсың?!

Туысыңды кескілепсің, ұстапсың!

Ал өлтіргін! Ақымақтар, түсінгін,

Құл боласың! Еркіңдікті, тұсапсың.

 

Қарсы шықтым!

Бодандыққа ерлікпен,

Азаттық ту! Қолымда тұр! Көріп пе ең?!

Ағылшыны, Фараңдары, Орысы,

Жаулап жатыр! Отарлыққа көніп пе ең?!

 

Мен көнбедім!

Арпалыстым, өлсем де,

Өлерімді осы жолда! Білсем де.

Түркі қасиет, Алаш қанын жоғалттың,

Тапталарсың! Қазір күліп жүрсең де.

 

Жат қаптады! Сары-Арқаға сыймадық,

Ел-жер үшін, жанымызды қинадық.

Ертең сенің сол күн туар басыңа,

Бүгін мәзсің! Алдағанға иланып.

 

Қыз да әкелдің! Аярлықпен, қойныма,

Білем сендер! Не түскенін ойыңа!

Қарсы шықса өз атыма ұрпағым,

Одан асқан, мін болмайды бойыма!

 

Сатқындықты, азғындықты көп көрдім,

Арамдықты бар жаныммен жек көрдім.

Бір арманым, жоя алмадым түгелдей,

Мен кеткен соң, Алаш тозып, боқ тердің!

 

Мен өлермін!

Сен де бір күн, келерсің,

Уақыт бітіп, жұлдыздардай сөнерсің!

Жан берерде, қиналарсың, мені ойлап,

Бармақ тістеп, қанды жасты төгерсің!

 

Ұлы Дала! Ата-Баба салты бар,

«Ханның басын хан алатын», парқы бар!

Тең емессің! Сөйлеспеймін сендеймен,

Болашақта мені іздейтін, халқым бар!

 

Сөздерімді қор қыламын несіне,

Ғазиз жанды тапсырамын, иесіне!

«Екі Ракғат» намазыма рұқсат бер,

Сосын шапқын! Қарап тұрам тесіле!

 

Шапқын деймін!

Дірілдемей, жендетім,

Қалтырадың! Неге сонша әуре еттің?!

Неге қаштың? Қарамайын... Түсіндім,

Көк Аспанның бір көрейін, келбетін.

 

О! Арман!

Арғы атам менің Шыңғысхан,

Сағымға садақ ілдірген!

Бар әлемге әмірін,

Орындатып жүргізген!

Бергі атам менің Абылай,

Қолдашы аруақ! А Құдай!

Болмысты түгел білгізген.

Жолыңа түстім бір ізбен!

 

Басқаның көрдік, қорлығын,

Елімді жеген зорлығын.

Қарсы шықтым, алыстым,

Қан майданда шабыстым,

Сол кезде кімнен қалыстым?!.

Қор болдың Алаш, қор болдың,

Кімдерге еріп, шалыстың?!

Қор болдың Алаш, қор болдың,

Кімдермен енді табыстың?!

 

Мен кетермін, кетермін,

Аруақтарға жетермін!

Азат бол, қайран елім деп,

Тілеуін тілеп өтермін!

 

Қақпанға түсіп шырылдай,

Қорлыққа төнген шыдамай,

Әлі де қарсы шығарсың.

Қорқақ, сорлың тығылып,

Сасқалақтап жығылып,

Сай-сайға қашып бұғарсың!

Ол кезде бәрі кеш болар,

Ісімді сонда ұғарсың...

Азамат Ақылбеков

Талдықоған

Abai.kz

55 пікір