Сенбі, 23 Қараша 2024
Әріптестің әңгімесі 6881 7 пікір 17 Қазан, 2017 сағат 13:56

Мәскеу күнделіктері (жалғасы)

Музейге саяхат: Третьяков мұражайынан түйген ой

«Мәскеуге барсаң, Третьяковка мұражайына соқпай кетуші болма!» Динара есімді құрбымның кеңесі еді, бұл. Мәскеуде екі жыл жүріп білімін шыңдаған оның айтқаны  – мен үшін заң. Париждегі Лувр мұражайынан кейін қандай да бір мұражай шедеврлерімен таңқалдыру қиын шығар, әрине. Бірақ әр ұлттың өз бет-бейнесі мен құндылықтарының көрсеткішіндей болған мұражайды көру – парыз. Өз басым музей аралағанды жақсы көремін, Қазақстанның қай қаласына барсам да, шет елдің қайсы жерінде болсам да, жергілікті мұражайларын аралап жүріп, үлкен рухани ләззат алатыным рас.

Третьяков мұражайы Мәскеудің әдемі жерінде орналасыпты. Бұл жерді Мәскеудің көпестер ауданы деп те атайды екен. Кіру ақысы –  500 рубль, біздің ақшаға шаққанда – 2500 теңге шамасы. Ағаштан салынған поместье сияқты бұл  ғимарат әуел бастан-ақ ағайынды Третьяковтар орыс көркемөнерін дамытып, әлемге паш ету мақсатымен ашқан орны екен. Кіре берісінде бар жиған-терген қазынасын орыс руханияты мен мәденитіне жұмсаған Павел Михайлұлы Третьяковтың ескерткіші тұр. Третьяков мұражайы – орыстардың әлемдік мәдениетке қосқан үлесін айқындайтын Ресей ұлттық өнерінің басты музейі. Бұл мұражайлар кешенінде XI ғасыр мен ХХ ғасырдың басына дейінгі орыстың өнер тарихымен 180 000  туынды арқылы танысуға болады. Келушілер түрлі икондар мен  мозайкаларды, мүсіндерді, портреттер мен тарихи, тұрмыстық, картиналарды тамашалайды. Пейзаж, натюрморт пен абстракциялы өнерге қызығатындар да бұл жерден өз іздегенін таба алады. Дерек бойынша, П.Третьяков 1851 жылы Лаврушинский көшесінен  галерея үшін үй сатып алып, бес жылдан кейін алғашқы картиналарды, Н.Г.Шильдердің «Искушение» және В.Г.Худяковтың «Стычка с финдляндскими котрабандитами» сияқты туындыларын сатып ала бастайды.

Бұл жерде мен оқушы кездегі орыс тілі мен әдебиеті пәндерінен көріп, оқып өскен авторлардың еңбектері мен туындыларын ғана емес, өзім бұрын-соңды ешқашан көрмеген картиналармен де таныстым. Әсіресе, орыс  живописінің XVIII–XX ғасыр аралығындағы майталмандары туралы жақынырақ білуге жақсы мүмкіндік алдым деп ойлаймын. Әдеттегідей, кіре берістен аудиогидті жалға алып, құлағыма тағып алдым. Әр картинаның жанына барып, тетікті бассаң болды, сол картина және оның авторы туралы жан-жақты баяндап беретіні өте ыңғайлы. Әлемдегі өзін-өзі мойындатқан мұражайлардың барлығы дерлік қазір осы аудиогид тәсіліне көшкен деп ойлаймын.

Мұндағы орыс авторларының (немесе Ресейде туып-өскен өзге ұлт өкілдерінің) туындылары негізінен еуропалық шеберлерге еліктеп салынғандығы ашық айтылады. Тіпті қабілетті шығармашыл жандарды арнайы Италия, Францияға жіберіп, суретшілік білімін шыңдап, сосын елге келіп сурет салғыздыратын мемлекетік идеология да болыпты. Бұл галереяда жүздеген суретшілердің туындылары қойылған. Маған ерекше әсер еткен картиналардың қатарына П.Рокотовтың  поэтикалық портреттерін жатқызар едім.  Ал әдеттен тыс бейнедегі образдарды үтір-нүктесіне дейін қылқалам күшімен жеткізе білген суретші Д.Левицкийді бөлек атар едім. Әсіресе Ресейдегі «Ботаникалық бақ»  идеясының авторы Демидовтың образы қызықты бейнеленген. В.Боровиковскийдің сентиментализмі жүректің қылын тербер нәзіктікке ие дер едім. Осыдан тура екі жүз жыл бұрын өмір сүрген оның картиналары бүгінгі жүректі де селт еткізе білу құдіретін ие болса, ол да суретшінің шеберлігі болар. Авраам Канибал атты эфиопиялық арабтың ұрпағы –  В.С.Пушкиннің көзі тірісінде өзі ұнатып, жоғары баға берген портретінің түпнұсқасы да осы жерде ілулі тұр.1916 жылы галереяға сатып алынған бұл портрет «қорқынышты араб түрім бар» деп өз ұсқынын жақтырмайтын кірпияз ақынның көңілінен шыққаны сонша, Пушкин суретшіге  тәнті болып, «Любимец» деп өлең арнап жіберген екен. Суретші О.Кипренский бұл картинаны Антон Дельвин атты Пушкиннің досының тапсырысымен арнайы салғанын білдім.

Мен үшін ерекше әсер қалдырған  туындылар – С.Щедриннің картиналары.  В.Г.Перовтың орыс халқының қарапайым тұрмысын бейнелеген суреттері де қарапайым, әрі шынайы екен. Оның образды ашуға деген  құлшынысы, күнделікті қуанышты сәттерді дөп басуы көңілге жылы сезім ұялатады. Ал ХІХ  ғасырда өмір сүрген А.Соврасовтың туындыларынан табиғаттың ең мөлдір сәттері мен таза адами жылулықты табуға болады. Келесі бір буырқанған картина иесі – ол әрине, И.Айвазовский. Теңіз салудың хас шебері атанған оның «су- адам- аспан» бірлігіндегі кез келген картинасы селт еткізбей, тамсантпай  қоймайды. Мен бұрын білмеген, Третьяков галереясына келіп өзім үшін ашқан есім ол – Архип Куинджи. Өз заманындағы басқа суретшілер қолдана бермейтін техникалық және әдістік ерекшеліктері оның картиналарын айрықша бағалауға түрткі болды.  И.Крамскойдың картиналарынан психологияық тереңдік  көрсем, ал ұлттық фольклорды бейнелеудің хас шебері, бәрімізге таныс В.Васнецов екеніне тағы бір рет көз жеткіздім. ХХ ғасырдың орта шеніне дейін өмір сүрген оның картиналарының ішіндегі «Батырлар» атты алып суретке келгенде мынадай қызық көріністің куәсі болдым: Бір топ төменгі сынып оқушыларын ертіп келген мұғалімдер мен ата-аналарға музейдің экскурсоводы образға кіріп тұрып, орыстың заманауи кейіпкерлері ретінде танылып жүрген үш батыр туралы әсерлі әңгіме өрбітті. Арасында оқушылармен диалогқа да түсіп қояды. Міне тәрбие! Міне идеология! Балаға өз тілінде, бала психологиясына барынша жақын, әрі пайдалы жанрды соншалықты ыждаһаттылықпен түсіндіріп тұрған  музей қызметкеріне де, оларды жұмыс күні ертіп келуге арнайы уақытын бөліп келіп тұрған ата-анаға да  риза болдым.

Мешітке жол

Шет елге шыққанда міндетті түрде жасайтын шаруамның бірі – мешітке бару. Бұның бірнеше оң тұсы бар. Біріншіден, барлық игілік үшін Аллаға шүкіршілік айтып, жүрегіңдегі иманыңның кілтін тағы бір бұрып қоюдың маңызы зор. Екіншіден, дүниеден өткен әруақтарды еске алып, оларға құран бағыштап, өзіңнің бір парызыңнан құтылғандай, жеңілдеп қаласың. Үшіншіден, әр елдің мешіті өзінше ерекше, оның архитектуралық келбеті, құлшылық ету мәнері, бәрі де танымдық экскурсия сияқты санаңда сақталады. Мәселен, Малайзия мен Тайланд көрші тұрған елдер болса да, екеуінің мешіттерінің сыртқы сипаты жер мен көктей. Сондай-ақ Малайзиядағы мешіт алдында киім әдебін қадағалайтын қызметкерлер тұрады, ал мұсылман еместер мешіттің есігін сығалап қана кері қайтады, оларға ішке кіруге рұқсат берілмейді. Ал Түркияда мұсылмансың ба, буддистсің бе, ұзын көйлек кигенсің бе, шорти кигенсің бе бәрібір, тіпті аяқ киіміңді шешпей-ақ қолыңа ұстап, емін-еркін мешіттеріне ене аласың, тура музей секілді. Ал көршіміз Өзбекстан мүфтияты кезінде Қазақ діни басқармасынының да орталығы болғандықтан, оларда  жүздеген жылдан бері келе жатқан ескі мешіттер көбірек, көбіне ойылған қара ағаштан жасалған сәнді өрнекке аса мән беретін оларда әсіресе әйелдер қауымын мешітке кіргізуге аса құлықты емес...

Сонымен, «Жаратқан Алла, мешітке басқан қадамымды өзің сауаптан жаза гөр» деп, мешіт қайдасың деп, жаяу жолға шықтым. (Бір жақсысы, мен түскен үй мешіттен аса алыс емес екен). Жүріп келе жатқаныма бес-он минут болған. Бір кезде артқы жағымнан бір ер адамның даусы шықты: «Извините, не подскажите, где здесь мечеть?» Мәссаған... Бұл кісі менің мешітке бара жатқанымды қайдан біліп қойды? Бұрылып қарасам... Велосипед мінген қазақ азаматы. Шынында да менен сұрап тұр. Не дейін? «Мен... мешітке бара жатырмын. Жүріңіз, жол көрсетейін» деп жауап қаттым, қазақ тілінде. Ана кісі менің қазақша сөйлеп тұрғаныма таң-тамаша. Ол да күтпесе керек. «А-а-а, солай ма? Өте жақсы, кеттік», деді таңданысын жасыра алмай, күлімдеп.

Аманғазы ағамыз да Астанадан келіпті. Іссапармен жүр екен. «Смартфондағы жолнұсқарға сүйеніп тез тауып алам ғой, деп едім, керісінше шатасып, жол таппай жүріп қалдым. Сіздің кездескенініңіз жақсы болды ғой», деді ол. Мен әкеме, ата- әжелеріме құран бағыштайын деп келе жатсам, ол өзінің марқұм анасына дұға етпекші екен.  Екі көшеден өткен соң, діттеген жерімізге келіп жеттік.

Мәскеу мешіті әдемі екен. Алтын жалатылған қабырғалары күннің көзіне шағылысып, ерекше құдіреттілігін көрсетіп тұрғандай. Аманғазы аға велосипедін қаңтарып қоятын жер сұрап, күзет қызметіне барған еді, олар оны еш жерге қоя алмайтынын айтып, ат-тонын ала қашты. Жәй ғана қақпаның сыртына қалдырып кетейін десе, адам көп, қауіпсіз емес. «Мен қарай тұрайын, сіз кіріп шығыңыз» дедім, сосын. Ол қуанып кетті. Мәскеудің әкімдігіне тиесілі, картамен жүретін бұл велосипедтердің құны арзан емес, жарты сағатта қолды болып кетуі мүмкін ғой. Алла тағаланың құдіреті күшті ғой, жиырма минут бұрын бір-бірімізге қолдау көрсетіп жіберу үшін, біздерді әдейі  жолықтырған болар, кім білсін?..

Кезек маған келді. Мешіттің сыртында бір-екі имам келушілердің өтінішімен құран оқып отыр екен. Имамдарды татарға ұқсаттым. Құран оқытатын залға кірдім. Міне, тағы да өзгешелік: бұл жерде құран бағыштатуға келетін жамағат парта сияқты қатар-қатар тізілген стол мен орындыққа отырып, имамға жеке- жеке құран оқытады екен. Бір қатарда бес-алты адам, олар сол бес-алтауы бірге келсе, бірге оқытуы мүмкін, әркім әр жақтан келген болса, бесеуі жеке-жеке оқытады екен.  Мен бұл түріммен кем дегенде бір сағаттан астам уақыт күтуім керек еді. Күтер едім, бірақ сыртта енді маған жол көрсетем деп, Аманғазы аға күтіп тұр. Сонымен, құранды өзім оқуға тура келді. «Фатиханы» және оған қосып «Ықыласты» үш қайтара оқып, үміт еткен барша әруақтарға ниет етіп бағыштадым да, мешіттің кіре берістегі жәшіктерінің біріне садақамды салып, сыртқа шықтым.

Аманғазы аға әлгінде менің мешіттен соң Абай ескерткішіне баратынымды сұрап білген болатын. Мәскеудегі Абай ескерткіші Чистопрудный деп аталатын бульварда орналасқан. Ал бұл кісі сол бульвардың бойындағы Қазақстан елшілігінің жанындағы қонақүйге тоқтаған екен. Сонымен, жол  көрсету кезегі оған келіп, жарты сағаттай жол жүріп, діттеген жерге келіп жеттім.

Абай ескерткіші және қазақ жастары

Екі елдің президенттерінің шешімімен, Мәскеудің төрінен орын алған бұл ескерткіш Абайдың Ресейдегі жылы болып белгіленген 2006 жылы қойылған болатын.  Арада алты жыл  өткен соң, Мәскеудегі бірқатар оппозициялық ереуілдердің аясында  мың жарым адам дәл осы ескерткіштің айналасында жатып алып, билікке өз талаптарын қойған болатын. Содан кейін Абай шығармашылығына орыс жастарының қызығушылығы арта түсіпті деген де дерек бар.

Ауа-райы керемет болып тұр. Күн шуағын төгіп, айналаны нұрға бөлейтіндей. Ескерткішке жақындай бере құлағыма таныс әуен естілді. Өз құлағыма өзім сене алмай тұрмын: домбыраның үні! Иә, дәл бүгін Мәскеудегі қазақ жастары жиналып, ән мен күйден шашу шашып жатыр екен. Айнала қаумалай тыңдап тұрған жан көп. Арасында орысы, қазағы, шешені, бәрі бар екен. Менің көзім  қалың топтың ішінде көздерінен нұр шашып, қазақша ән мен күйге делебесі қозып, қосылып әндетіп тұрған шашы бұйра орыс қызға түсті. Көзінен төгілген шуақты аңғармау мүмкін емес еді. Жанына барып, таныстым. Керекудің тумасы екен. Бірнеше жыл бұрын отбасымен көшіп келген екен. «Бірақ Қазақ елін сағынсам домбыра үнін тыңдап, қуат алам» деді мөлдіреген көзбен. Жүрегім елжіреп кетті...

 

Халық әндері, Құрманғазының «Адайы», Шәмші әндері, «Көңіл толқыны» бәрі- бәрі орындалды. Екі- үш жігіт, екі-үш қыз кезек-кезек домбыраны қолдарына алып, шырқап жатыр, төгілтіп жатыр. Қандай керемет! Бұл ерекше әсерім үшін бір ауыз алғыс сөз айтпасам болмас деп, ыңғайлы сәт туа салысымен, барша жиналған жастардың ортасына шығып, әпкелік алғысым мен тілегімді айттым. Ұлттық өнерден рухани ләззат алып тұрған жастар қауымы бұл сөзіме жадырап, кәдімгідей арқаланып қалған секілді.  Осындай қадамдары оң екенін айтып, демеп қоймасақ, үлкендігіміз қайсы?..

Айналамдағы жастардан жігіттердің аты-жөнін, қайда оқитындықтарын сұрастыра бастадым. Мына әнші жігіттің аты-жөні Қуат Асанбаев екен. Мәскеу мемлекеттік университетінің заң факультетінде оқиды. Ал Нұрлан Бертісов және Талант Оңғаров атты екі інішек Дипломатиялық Академияда оқып жүрміз деді. Сәния есімді домбырашы қыз Экономиканың жоғары мектебінде біліммен сусындап жүр екен. Ал осы жастардың лидерлерінің бірі – Мұхтар Баймағұлов. Ол «Жас Тұлпар» ұйымының жетекшісі екен.

Көкірегімді қуаныш  сезімі ме, мақтаныш сезімі ме, сондай бір ерекше бір көңіл- күй биледі. Қырық минуттай уақытан соң, «Домбыра пати» өз мәресіне жетіп, жиналғандар естелікке суретке түсті. Енді байқадым,  жастар ғана емес, екі-үш ірі басты аға-әпкелер де бар екен, мұнда. Жас қыз-жігіттерге бас-көз болып, рухын бір желбіретіп кетуді ұйғарған ұйымның басшылары осы кісілер екен. Олармен де таныстым. Зиялылықтары бет-әлпеттерінен көрініп тұр. Көзілдірік таққан, салиқалы да байсалды ағамыз осында жиналған қазақтардың  ішіндегі ең үлкені болса керек. Ол – Мәскеулік ғалым қандасымыз Полат Өнерұлы Жамалов.  Қасында тұрған жігіт ағасы Мәскеудегі кәсіпкер қазақ Жандарбек Ағыбаев екен. Ал мына бір топ жастың анасындай болып күлімсіреп тұрған қазақ әпкеміздің аты-жөні Айшат Байғазиева екен. Мамандығы – филолог.

Бәрі біртіндеп тарқай бастады. Бір ұзынтұра орыс жігіті ғана қасымызда тұрып, ұйым басшыларынан тапсырма алып жатыр. Менімен тілін майыстырып қазақша сөйлесіп қояды, сөйтсем, бұл жігіт Мәскеудің тумасы, бірақ жан-тәнімен қазақ жастарының досы болғысы келіп жүрген Артём деген азамат екен. «Алғаш рет Ілияс деген досым үшін келгем» деді, ол күлімдеп.

Кенеттен ақ шашы ретсіздеу жиналған бір орыс апа алқынып жетіп келді: бір қолында бәліші бар, жеп тұрған тамағының арасынан түкірігін шаша, тез-тез сөйлей бастады.  «Сен жігіт мұнда не істеп жүрсің?» деп қасымызда тұрған Артёмге қарап күңк ете қалды. «Мына Абай ескерткіші неге тұр?» деп бастады ол сөзін орыс тілінде. «Бұл байғұс Абай мұңайып отыр, мында. Осы туралы өлең де шығарғам, кезінде. Қашан дейсіздер ғой? Мына ескерткішті салу үшін мында тұрған бірнеше талды отап, сосын Абайды қойған кезде. Сонда мемлекеттік күзет қызметі мына жерді қоршап тұрды. Неге екенін білесіздер ме? Өйткені Грибоедовтың жанына бұл ескерткішті қоюға орыс жұрты болып қарсы шықтық. Сол кезде мына өлеңді жазған едім», деп апыл-ғұпыл сөмкесін ашып, өлеңін оқи бастады. Біз аңтарылып қалдық, әлгіндегі жайдары көңіл-күйіміз түсе бастады. «Міне, осылай, сондықтан мына ескерткішті Алматысына апарып қою керек, бұл Абай Алматысын сағынып отыр» деді әлгі кемпір. «Абай Алматыны қайдан сағынады? Ол өмірінде Алматыда болмаған да шығар, –   дедім, мен шыдай алмай. – Біле білсеңіз, біздің елдің көп қаласында Пушкинге ескерткіш қойылған. Ол кезде ешкім қарсы шығып, ескерткішті алдыртып тастау туралы талап қоймады. Неге деп ойлайсыз?» дедім. Апамның аптығы аздап басылып қалған сияқты. Бұдан әрі сөзге Полат аға араласты. «Мен –  мәскеулікпін, –   деп бастады ол сөзін. – Қарсы айтарыңыз бар ма?..» Полат ағаның екі-үш минут әңгімесінен соң аптығып тұрған әлгі апаның аузына құм құйылды. Мұрнының астынан мыңқылдап: «Негізі әуел баста бір ел едік қой... Сол алып елді құрту кімнің ойына келді екен?.. Негізі сендер бізге адалсыңдар, сол одақтан ең соңғы шыққан қазақсыңдар ғой», деп жабашіркейлеп, бірнәрсе айтқан болып жатыр. Бірақ бұдан кейін оған ешкім назар аудармады, басы салбырап, келген жағына қарай кетіп бара жатты.

Полат ағамен қазақ ұйымдары, Мәскеудегі қазақтардың, оның ішінде студент жастардың жай-күйі туралы біраз әңгіме өрбіттік. Ертесі күні болатын кітапханадағы кездесулеріне шақырды. Кезінде Мұрат Әуезов сынды ұлт жанашырлары жетекшілік еткен Мәскеудегі қазақ ұйымдарының бүгінгі ізбасарындай болған Қазақ мәдени орталығының мәселесі жеткілікті екен. Жеке ғимарат салып беру мәселесі жылдар бойы шешімін таба алмай жатқан күрделі дүние екендігін, арнайы қолдау болмаса, жекелеген азаматтар мыңдаған қазаққа рухани ұйытқы болатын шараларды ауқымды етіп ұйымдастыра алмайтындығын, «Шабыт» би ансамблі, Домбырашылар тобы, «Қазақ тілі» клубы, «Жас талап» театр студиясының жетістіктері мен қиыншылықтары туралы біраз дүниенің басын қайырды. Заңды түрде тіркелген құқықтық платформада бірнеше  ұйым бар екен, олар: «Мұрагер» қазақ мәдениетінің Мәскеулік қоғамы, «Астана» ұлттық мәдениет пен халықтар достастығын дамытуды қолдау қоры, Қазақ диаспорасының қоры, т.б. «Біз бірнеше ұйым болғанымызбен, өзара бөлектенбейміз. Өйткені қазақ мәдиениеті мен руханияты бәрімізге ортақ», деді асылдың сынығы. (Бұл кісінің әкесі кезінде Қазығұртта туса да, Өзбекстанның Ғылым академиясындағы экономика институтын басқарған Өнер Жамалов та сыртта жүріп, туған елге деген іңкәрліктің айқын үлгісін көрсете білген зиялы азамат екені көпшілікке аян).

«Басты мәселеміз, қазақ мәдени орталығы әлі ашылмай жатыр. ВДНХ-дан берілген арнайы орынды «ҚазМұнайгаз» әлі салып бітпеді...» Қырғыздар мен беларустар аз ақшаға көп дүние жасап, жұмысын бастап кеткен, ал біздікілер елу жыл мерзімге тегін берілген жерге елде жоқ бағаға ерекше дүние саламыз деп көкірегін керіп, созбалақтап әлі жүр екен. Қырғыздар 90 000 рубльге,  беларустар 78 000 рублге жөндеу жұмыстарын жасап алса, Қазақстан жағы өз шығынын 7 500 000  рубль деп есептеп берген. Сосын Ресей мұндай ақшаға бөлуден бас тартып, ендеше өздерің салып алыңдар деген... Мәскеулік қазақ ұйымдары координациялық кеңеске кіріп, сол ауқымды жұмыстың орындалу барысын бақылауға ниет білдірген екен, ол ұсынысқа келіспепті. «Қазақстандағы орыс диаспорасына жасалып жатқан жағдайға қызығамыз. Бізге ең болмаса өз мемлекетіміздің елшілігі де солай қарамайды ғой, –  деді Жандарбек Ағыбаев өз сөзінде. – Ал мұнда елшілік бізді Ресейлік қазақтар немесе Қазақстандық қазақтар деп бөледі. Кейде қазақ студенттерін шарамызға атсалысыруға да қарсы шығып жатады. Мәселе көп». «Жан-жүрегімізбен құлшынып, өз еркімізбен атсалысқымыз  келетін шараға елшілік міндеттеп, билігін жүргізгісі келеді, «егер былай біздің айтқанымызбен жүрсеңіз ғана көмектесеміз» деп, қолбала еткісі келеді. Өз күшімізбен, өз абырой- беделімізбен шамамыздың келгенінше ғана әрекет етіп жатырмыз. Бізге мұнда бастық емес, қолдау керек, соны түсінетін уақыттары болды ғой», деді Полат Өнерұлы.

Нагорный бульвары, №3 үйдегі кітапхана. Әттең, кері қайтатын ұшағымның уақыты сол уақытқа сәйкес келіп, кездесулеріне  бара алмадым.

Мәскеудегі қазақ шаңырағы

Ескерткіш жанында Айшат әпке екеуміз қалдық. Әңгімеміз жарасып-ақ тұр. Жымиған жүзімен бүлдіршін  қызына аналық мейірімін төгіп тұрған бұл қазақ әпкеме ішім жылып барады. Әңгіме- дүкен құрып, біраз жер бірге жүрдік. Бір кезде Айшат әпке мағана тосыннан ұсыныс тастады: «Бүгін уақытың бар ма? Мен Останкино телемұнарасы жақта тұрамын, сол жақтағы космонавттар аллеясын, ВДНХ көрмесін көрсетер едім, сосын үйге кіріп дәм ауыз тиіп шығасың. Ағаң – ақкөңіл жан, қонақ келсе қуанып қалады», деді риясыз көңілмен. Қапелімде бұл ұсынысқа не дерімді білмей қалдым. Бірақ жиырма жылдан астам Мәскеуде тұрып жатқан жергілікті тұрғынмен, оның ішінде туған тілінде көркем сөйлейтін қандас әпкеммен негізі қайда болса да баруға әзір едім.

Айшат әпкеммен өткізген бір күнім бір жылға азық боларлықтай еді. Космонавттар алаңында, атақты ВДНХ көрмесінде болып, келмеске кеткен кешегі СССР-дің «алтын дәуіріндей» болып әлі тұрған алтын жалатылған, халықтар достығының символы тәріздес ұлттық киімдегі қыздар мүсінделген фонтанның жанына келгенде, жиырма жыл кері жылжып кеткендей болдым. Лениннің алып ескерткіші өзі жүзеге асырдым  деп сенген қияли қоғамына қарай қол сілтеп әлі тұр, әнекей... Айналамның барлығы сол кеңес дәуіріндегі қалыпта қалып қойғандай. Тіпті газды су мен балмұздақ сатқан әйнекті дүкендеріне дейін көненің көзіндей болып сол бойы сақталыпты.  Шаршап, қалжыраған қария  дерсің. «Е-е-е, –  деп ойладым іштей. –  Осыдан кейін екен ғой, көршілеріміздің кейбір білікті, көзі ашық деген азаматтарына дейін СССР деп, орманға қарап ұлып отыратындықтары... Мынадай орта, мынадай аура сондай ой ойлауға еріксіз итермелейтіні анық қой. Міне,  сондықтан да олардың әр елдің дербес, тәуелсіз ел болып кеткенін қабылдай алмауына мына атмосфера да тікелей әсер етіп тұрғанына  куә болдым. Тіпті бұрынғы СССР-дің елесі кезіп жүргендей, жүрегім аздап мұздап қоя берді. Жаяу аралағанда аяқ талатындай ауқымды алаңқайды алып жатқан бұл алып көрме кешенінде Қырғызстанның, Грузияның және тағы басқалардың павильондары мен мұндалап тұр. Әдеттегідей, қазақ павильоны жоқ. Біздікілер біреуін менсінбей, екіншісін ойланып жүргенде, мына жақта басқалар шаруасын дөңгелетіп жатыр. Өз ұлттық өнімдерін сату арқылы, мәдени ауызбірлік арқылы жергілікті қандастарына қолдау ғана көрсетіп қоймай, көзі түскенде рухын көтерерліктей дем беріп тұрған бұл ғимараттар өз міндетін өз қал-қадірінше атқарып тұрғанына дау жоқ

Айшат әпке ақыры қояр да қоймай үйіне алып барды. ВДНХ-дан екі аялдамадай жерге трамваймен бардық. Не деген кең, жарық, жаңа, жайлы трамвай десеңші! Біздікілер қалалық стиль мен шаһар жасының ұзақтығының символындай болған, Алматымыздағы жалғыз трамвайдан түбегейлі бас тартып, қолда бар нәрсені қиратып тастағанда, бұл жақта оны сақтап қана қоймай, жаңғыртып, жаңартып қойыпты... Биік, көпқабатты үйдің біріне қарай аяңдадық. Үй гүлдерімен көмкерілген кіре берісте вахтёрша апай отыр. Кірген-шыққан адамдармен жылы амандасып қана қоймай, үйге бөгде адам кіріп кетіп бара жатқан жоқ па екен деп аңғарымпаз жүзбен қарап қояды.

Айшат әпкенің табалдырығын атағаннан мұрынға таныс иіс келді. Иә, бұл балбыраған қазақы сүр еттің иісі еді. Маған қаланы көрсетіп жүргенде, Айшат әпке үйдегі сіңлісіне хабарласып, қазанға ет салғызып қойыпты. Қазақ –  Мәскеуде де қазақ. Не деген қонақжайлық, не деген дархан мінез десеңші! Әйтпесе, қай өзге ұлт көшеде танысқан адамын сол күні шаңырағына апарып, ұлттық асын ұсынады? Көкірегімді қазақ болып туылғаныма деген керемет мақтаныш және шүкіршілік  сезімі кернеді.

Сол күнгі дастархан басындағы әңгіме керемет болды. Ағыбай ағамыз Омбының қазағы екен. Ресейде туып өссе де, өзінің  өмірлік жары ретінде  қазақ қызын таңдағынының өзі ұлтына деген, салт-дәстүріне деген беріктігінің көрінісі болса керек. (Әйтпесе қалың қазақтың ортасында, қазақ елі мен жерінде туып, өссе де, қытай, жапон, орыс, шүршіттен әйел алып жатқан жігіттерді танимыз ғой). Ал бұл жұптың көзінің ағы мен қарасындай болған Әридаш атты қыздарының есімінің өзі не тұрады? Қазақстанда жүріп, мұндай есімді әлі естімеген мен, олардың тапқырлығына, ұлтшылдығына тәнті болдым. Әридаш төменгі сыныптың оқушысы болса да, бүгінгі дейін өз қатарластарының алды болып үлгерген алғыр, ынталы бүлдіршін екен. Ағыбай аға мен Айшат әпкенің отбасына береке мен бірлік тілеп, ризашылығымды айтып, үйіме қайттым.

Түйген ой

Мәскеу сапары да мәресіне жетті. Көп нәрсе жадымда сақталары анық. Көп нәрсені әлі ой сүзгісіне саламын деп ойлаймын.

Өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарындағыдай көп ұлтты бір одақ астына жинап басқарамыз деген пиғылдың әлі де жойыла қоймағанына көз жетті.

Отызыншы жылдарда пролетариат қауымының дініндей етіп, табындырып қойған мавзолей бейнесі әлі біраз уақыт мұндағы бұқаралық  сананың әміршісі болатын сияқты.

Қырқыншы жылдардағы «Ұлы Отан соғысы» деген ұлы идеяға әлі де қызмет етіп жатқан мемлекеттік иделогияның мақсаты не екен деп тағы бір ойланарым анық.

Елуінші жылдарда басталған АҚШ пен СССР арасындағы қырғиқабақ соғыстың елесі дәл бүгінде Ресейдің бас қаласында қайта өршіп тұрғандай әсерде болдым.

Алпысыншы жылдардағыдай жаппай кітап оқу үрдісінің әлі де сақталып келе жатқанын әр қадам сайын алдыңнан шығатын кітап дүкендері дәлелдеп тұрғандай көрінді.

Жетпісінші жылдардағы қалпында қалған Ленин атындағы Мәскеу мемлекеттік кітапханасына кіргенде, тура бұрынғы Кеңес одағына саяхат жасарыңызға күмәніңіз болмасын.

Сексенінші жылдардағыдай сақталған, «Ленин тауларында» орналасқан Мәскеу мемлекеттік университетінінің корпустарын да  көпке дейін ұмытпасым анық.

Тоқсаныншы жылдардағыдай азғындалып, азып-тозып бара жатқан жастарының бейнесі көз алдымда. Олардың  болашағы мен өз жастарымыздың келешегі салыстырмалы сараптаманы талап етеді...

Екі мыңыншы жылдары жаңадан бренд етіп жасап, қазір қалың көпшіліктің игілігіне айналып, әр екінші таксистің көлігінен сыйлы орын алған «георгий лентасы» да естен кетпейді-ау... (Ол маған солып бара жатқан бос үміттерінің  символы тәрізді  көрінді).

Алайда, қалай десек те, алпауыт көршіміз жаралы аюдай болса да, сабырды серік етіп, бір қадам артқа жасаса да, екі қадам алға жасап келе жатқандай. Ал біз... Ал біз алға өте қатты жүйіткиміз деп, бірақ тым аптығып, құлап, жығылып, қайтадан жапатармағай атып тұрып, оң-солына қарамастан, атының қайда қалғанын білмей, біресе анаған еріп, біресе мынаған еріп жүгіріп бара жатқан шабандоз секілдіміз. Құдай қайырын берсін, әйтеуір. Тек арасында біраз уақыт бойы құлдық қамытын кигізген «алып» империя мұрагерлеріне жалтақ-жалтақ қарап қоятынымыз болмаса...

Иә, мен енді Мәскеуден қорықпайтын болдым. Онымен терезесі тең адал көрші, мақсаты бір дос болуға дайынбыз. Тек өзімен бірге белгісіз құрдымға сүйрей кетпесе дейік. Тек отаршылдық, әлімжеттік ниетін біржола жойса болғаны... Өйткені бізге тәкәппар бастық емес, сенімді жолдас керек.

Соңы.

 

Алма Сайлауқызы,

журналист

Астана-Мәскеу-Астана

7 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1475
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3249
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5458