Жексенбі, 24 Қараша 2024
Әдебиет 8911 5 пікір 30 Қазан, 2017 сағат 09:24

Cайын даланың Сайыны

Мәриям мен Сайын

(эпистолярлық  эссе)

Шындықты да әлсін-әлсін  ел есіне салып отырмасаң, оның да аты-жөні жұрт жадынан өшетіндей, көмескі тартатындай болып көрінеді. Парықты нарық билеген мына тұрлаусыз заманда өрімдей жастардың ұлттық әдебиеттен қол үзіп бара жатқаны де соның бір белгісі ме деймін. Әрине, әр дәуірдің өз бет-ажары, бас ұратын пірі бар. Дегенмен қаншама қыруар мадақтау-марапаттау дауылдатсаң да мәстекті мәстектігінен айныта алмайсың, ал тұлпар тұяғының дүбірі кеуде құлағынан өшпейді. Осы байламымызды студенттер арасында сынап та көрдік.  Ондайда  көркемдік рейтингі жоғары қаламгерлер тізімінің алдыңғы тұсынан кеше ғана дүниеден өткен Сайын Мұратбектов ағамыз  әманда табылар еді. «Сөзі өлмегеннің өзі өлмейді», - деген осы да.

Бұл күндері соноу АҚШ-та, Калифорнияда жатқан замандасы Мұхтар Мағауин «Әбіш екеуміз» атты естелік-эссесінде Маршал Әбдіхалықов, Бек Тоғысбаев, Әбіш Кекілбаевтың шығармашылық келешегі туралы студенттер арасындағы пікірталасты көз алдымызға келтіреді де: «Өзімізді болашақ жазушы, ақын, сыншы, қайткенде де білгір әдебиетші санайтын ерекше тобымызда айдары жаңа шыққан бала қораз сияқты, бірақ зілсіз дау-дамай күннен күнге жалғасып жатады. Ағымдағы әдебиет пен баспасөз, үлкен, танымал жазушылардан соң біршама төмен түсіп, жаңа бастаған жас талаптарды саралаймыз. Ең әуелі ауызға ілінетіні – Сайын. Өткен жылы журналистика бөліміне түскен, қатарлас оқығанбыз, енді екінші жыл басында үйленіп, сыртқа ауысып, ауылына кеткен. Алғашқы әңгімелері жарияланып жатыр. Кейінгі жастардың мықтысы осы Сайын Мұратбеков», - деп бір түйіп тастайды. Біз де осы пікірге ден қоямыз, біз де «Жазушы» баспасында Сәкең мен Мұхаңның  саясында еңбек еттік, тәрбиесін көрдік, тәлімін көкейге құйдық.

Әсілі, өзі де енді өзі бейнелеген тұлғалардай мәңгі жас, мәңгі жасар кейіпкерге айналған жазушы ағамызбен күні кешегідей  бүкпесіз, ашық сырласатынымыз  сондықтан шығар.

 

Сайын Мұратбеков пен Әбіш Кекілбаев

 

Сонау айқай жетпес қырда жатқан қалың елдің ахуалын, Құдай-тағаланың табиғат тарамдарын, ауа-райының қырық құбылған шырайын өзіңізден артық кім біледі? Алақаныңыздағыдай. Жазы да, қысы да, көктемі де, күзі де. Ол кезде «таулы өлкедегі қыстың соңы жиі-жиі бұрқасын-боранды болып, аласапыран өліараның кезінде сай-сүйекті сырқыратып, мезі қып жіберер қарасуық жел соғатын. Теріскей тұстағы аласа қоңыр таудан асып кеп, үйіре соғып, апта бойы аңырап тұрып алғанда, ауыл орталығы – Алмалының төңірегінде қары кетіп үлгермеген жота-дөңдердің шаңы шығып, елдің де, жердің де берекесін кетіретін. Биыл табиғат сол тәртібінен жаңылғандай, әлде әлгі қарасуық жел жылдағы жолынан адасып, басқа жаққа ауып кетті ме, кім білсін, әйтеуір, бұл көктем ерекше жайма-шуақ басталды. Қыстың ызғары тез қайтты. Маужыраған жып-жылы күндер, тым-тымық түндер тізбектеліп өтіп жатты...»

Міне, осы жолдары сіздермен бір ендікте, бір кіндікте жатқан Үшқайың ауылындағы мектеп шәкірті – мен «Жұлдыз» журналынан оқыған едім. Не қақаған қыс, не иман жүзді көктем болатын. Не жетінші, не сегізінші кластамын. Келешектен үмітті, болашақтан дәмелі, көлденең жұрттың бәрі – дос, балауса дәурен еді ғой. «Көкорайдағы» Моторбай, Бақыт, Жанай, Барақ, Бәзікендер біздің ауылда да жер басып жүрген. Ойнаған да күлген. Не сиқыры бар екені қайдам, шығармадағы оқиғалар тұп-тура біздің ауылда өткен. Оған шүбаңыз болмасын.

Кейін бұл повестің Қазақстан ЛКЖО Орталық Комитетінде талқыланғанын, бастауыш комсомол ұйымының ұйымдастырушылық, жетекшілік жұмысын жеріне жеткізе көрсете алмағаны үшін күсталанғанын да «Лениншіл жастан» көзім шалғанын да ұмытқам жоқ.

Ол жылдары сюжет, фабула, композиция, қақтығыс, шарықтау шегі секілді әдебиет теориясы терминдерін, оның мән-мағынасын жыға тануға өреміз жете қоймаған. Оқиға барысына, кейіпкерлер мінез-құлқына ғана үңілеміз. Қызық па, жоқ па – соны ғана бажайлаймыз. Несін айтасыз, еліктіріп, қызықтырып әкететін.

Біздің ауылдың Бақытының, Рахимова Бақытының үні Сіздің кейіпкеріңіздің лебізіндей төгілмесе де, кекіл шашы бұйраланып, үстіңгі ерні сәл-пәл түріліңкіреп ені он аттам, ұзыны жиырма бес қадам клубта Шәмші Қалдаяқовтың «Қайықтасын» тамылжыта тербеткенде, мына сиықсыз жаратылыстың өн-бойы шымырлап, шыркөбелек айналып, сиқырлы, тылсым дүниеге, ғарыштай сырлы да нұрлы әлемге ұласатын. Моторбай ше, Моторбай?! Мотекең тектес Кенжебектің Қожахметі, Нұрғазының Жолдықаны, Ақшалдың Темірболаты, Кәрімнің Шәкірті, Жақанбайдың Мараты, Жанбайдың Төлеуғазысы кімнен кем еді? Жігіттің төрелері еді ғой. Оларсыз, Моторбайларсыз дүние бос, өмірдің сәні де келмес, мәні де болмас еді, тіршіліктің тегершігін айналдыратын, жан-жүрегін оталдыратын солар емес пе? Дара тұлға, айрықша бітім, қайталанбас характер, қазақ әдебиетінің алпысыншы жылдардағы ең үлкен табыстарының бірі дер едім мен Моторбай бейнесін осы күні.

Келмеске кеткен балалық шағымды, жас жүректің лүпілі мен күнәсіз саусақтардың дірілін аңсағанда, булыға торыққанда, әсіресе туған ауылды сағынғанда, осы «Көкорай», «Жусан иісін», «Жабайы алманы», «Басында Үшқараның», «Ананың арманын», «Қылауды», «Кәментоғайды», «Райгүлді» оқимын. Ауылымның әр сайындағы мөлдіреген тұмалардан мейірім қанғанша тап-таза су сіміргендей боламын.

Жақында елге барғанда, жалбызы бұрқыраған сол бастауларға есендесіп,  тұнжыр көздерімен сағына табыстым, мейірімді бір қандырып қайттым. Мен сағынған әлденешеуі әлі де шымырлап, бүлк-бүлк етіп жатыр екен. Шүкір дедім, бар бол дедім. Басқа не дейін, ағысқа үкім жүргізер мен кіммін? Құрып қана кеткір пәни тіршілік диалектикасының заңы-ай осы, ертеректе біз басып өткен жолдарда басқалардың ізі сайрап жатыр. Құрбы-құрдастарымыз да шөккен, ескірген екен. Талайы қайтпас сапарға аттанған. Уақыт шіркінге дауа бар ма. Ел де солай ма деп қалдым. Баяғы біз асыр салған көкорай-шалғын жоқ, бірақ Сіздің «Көкорайыңыздың» оты қайтпапты.

 

Солдан оңға қарай: Бердібек Соқпақбаев, Сайын Мұратбеков, Тахауи Ахтанов

Сіз, Сайын аға, Ұлы Отан соғысы жылдарында қазақ ауылдарының басына түскен ауыртпалықты, бес-алты жаста болсаңыз да, көзіңізбен көрдіңіз. Баланың көңілінен зерек көңіл, баланың жадынан мықты ескерткіш жоқ бұл жалғанда. «Жусан иісі», «Жабайы алма» повестерінің, «Тел өскен ұл» киносценариіңіз, «Күзгі бұралаң жол», «Жеңеше» әңгімелеріңіз сол зұлматтың әдеби-көркем, тарихи-танымдық келбеті  дегім келеді. «Соғыс жылдары біз, жас балалар, қалың бөргөзге қол-аяғымызды қызыл-ала жоса ғып жарғызып, ұзақты күнге алмадан алма таңдап, сол бөктерде тентіреп жүруші едік. Қышқылтым ақ алма тістегенде, мұз шайнағандай қаршылдайтын, сәлден кейін тісті қармап қалатын да зар қақтырып, бастырмай тастайтын. Сонда да жейтінбіз. Тапшылықта қабысқан қарынды алмамен болса да тістелеп жұбату керек. Ішіміз көгеріп, ауырсына ыңқылдап жататын кезіміз де көп еді. Қоңыр самал соғатын, итмұрын, қарақат, бөргөздердің неше алуан иісі аңқитын. Бірақ ақ алманың – жабайы алманың қымыз иісі бәрінен де ерекше еді». «Жабайы алма», Сіздің қаламыңыздан туындаған шығарма. Сол жабайы алмалардан қалған жұқананы ана жылдары Ғали Орманов ағамыздың Қапалдағы сексен бес жылдық тойына барғанда Әкім мен Рамазан ағаларға, маған көрсеткенсіз. Үш-төрт түптің қарасы ғана қалыпты. Бәлкім, өр жақта, тау қияларында талайы әлі желкілдеп, желпініп тұрған шығар...

Мен Сіздің «Жусан иісі» повесіңізді сан қайталап оқып шықтым. Оқыған сайын әрдайым көз алдыман өз нағашым, аяулы азамат Шаһзада Жұмаділұлы әсте бір кетпейді. Тәркіленген әкесі Ақмолада ізім-ғайым жоқ болған. Сонан кейін Шаһзада атағынан именіп, Шайзада атанған-ды. Өзінің жақсы жолдасы, әрі ауылдасы Әнуар Әлімжановқа мені апарып таныстырған сол кісі еді. Аянды көрем де Шаһзада марқұмды, Кәтеп әжемді алыстан шырамытқандай боламын. Шығарма құдыреті, әсер ету пәрмені деген осы да. Мына қызықты қараңыз, Сіздің кейіпкеріңіз менің етене жақыным болып шықты. Тап сол кісінің өзі. «Алыста қалған балалық шағым... Ойымнан жарғақ сары тоны қаудырлаған, тобығы тайған сол аяғын сүйрете жүгіретін шілбиген арық, ақсақ қара бала кетпейді. Көзімді сәл жұмсам-ақ шуылдаған балалардың ең соңында сол аяғын жер сыпырғандай көлденең сүйретіп, ес қалмай далбақтай жүгіріп келе жатқан Аянды көргендей болам. Сонадайда оның алқына шыққан әлсіз, жіңішке дауыспен: «Ей, тоқтаңдаршы, мен сендерге бүгін кешегіден де қызық ертегі айтамын», - деген жалынышты үнін естимін». Осы эпизодты мен нағашымның өз аузынан естігенмін, шешемнің айтқандары да көкейіме құйылып қалған. Мен ол кісінің балалық шағын басқаша елестете алмаймын. «Жусан иісін» оқығанда, кейде менің құлағыма Кет-Бұға жаһангердің озаны, Молықбай қобызының күңірене зарлаған сарыны, Ілияс Жансүгіров Құлагерінің дүбірі, Секен Тұрысбек домбырасының бебеуі  көкірекқұлағыма алқына-деміге жеткендей болады, тербете-тербете ала жөнеледі, әлдилей жөнеледі. Алаңдатпай алып ұшады жыраққа, алып қашады шалғайға. Тіпті күні бүгінге дейін, сонан бері талай ондаған жылдар өтсе де, кей күні түнде шыға қалсам, қараңғыда бөрікше шошайған Ешкіөлмес шоқысы – астында жалғыз көзді дәу ұйықтап жатқандай, соның қорқыраған демінен теңселіп тұрғандай көрінеді. Сол дәумен алысатын жетім бала қайда екен деймін сол сәт. Жазға салым Жусандытөбе жақтан қоңыр салқын самал еседі. Ашқылтым иіс аңқиды. Жусанның иісі. Сондайда есіме тағы да Аян түседі. Есіме нағашым түседі.

Сол кездегі Аяндар бертін келе ат жалын тартып мінді, елге ық-пана болуға жарады. Әкім де болды, ақын да болды. Сайын аға, Сіз де қызмет баспалдағымен біраз жерге бардыңыз. Жоғарыны да, төменді де, ылдиды да, өрді де көрдіңіз. Ойлап отырсам, «бәрін кадр шешеді», – деген  ана адам аса ақымақ болмағанға ұқсайды. Есіңізде болар, Ханс Христиан Андерсеннің әйгілі ертегісіндегі бұрандалы бұлбұл императорға ажал шеңгел салғанда, ләм-мим дей алмай мелшиіп қалады. Тек нағыз бұлбұл ғана елжіреткен ғажайып үнімен тура келген өлім бетін қайтарады ғой. Осы күнгі «Боингке» мінгесіп-ұшқасқандарына мәз идеология мен мәдениеттегі, өнер мен әдебиеттегі жасанды бұлбұлдар елге тұлға бола ала ма?

Көркем шығарма жазу фактілері мен оқиғаларды бей-берекет монтаждау емес. Кейіпкерлерімен бірге өмір кешу, өлу-тірілу, сүю-күю. Сайын аға, мен Сізді сондай қаламгер деп білемін. Шын жазушы кейіпкерлерін сүйеді, құрметтейді, ардақтайды. Олардың жанын, психологиялық мотивациясын тануға ұмтылады.

Мысалға бас иейік, «Күсен – Күсекедегі» ферма меңгерушісі, дүкенші Бисұлтан, Тұрғали, «Табылмаған мекендегі» Өмірбай, «Махаббаттағы» Отар, «Үскіріктегі» Қайрақ – бәрі де сүйек-еттен жаралған тірі пенделер, құдайдың құлы, пайғамбардың үмбеті. Сондықтан да оларға адамның дүнияуй қылығы жат емес, жат болмауға да тиіс. Осындайда еске қай-қайдағы түседі. Ақылға салып көріңізші, Италия Қайта өрлеуінің ірі өкілі Джото қылқаламшының әулие-әнбиелер бейнесін кескіндеу үшін натураны қайыршылар, кәріп-кәсерлер арасынан іздеуінде бір ғажап сыр бар емес пе?

Сайын аға, Сіздің туындыларыңыздан қанаты бар періштелерді көргенім жоқ. Естісі де бар, есері де бар. Мені бір тәнті ететіні, сіздің қарапайым тағдырлардан бүкіл адам баласының өсіп-өркендеу заңдылығын, образдар эволюциясын, жер басып жүрген көпшілік ішіндегі елеусіз біреудің адамзат өркениетіне қатысы барлығын сезе білуіңіз.

Ауыл адамдарының, қазақы характерлердің галереясы Сіздің шығармаларыңыздан молынан табылады. Әншейінде Күсен, қажет-керегі болғанда, Күсеке дәрежесіне көтерілетіні ақкөңіл шопан портреті қалай сомдалған, шіркін! Оның жүріс-тұрысы, іс-қимылы орнықтылығы, мығымдылықты аңғартса керек. Дүниенің тұтқасы да, әне, солар. «Киінген Күсен жүрелеп кеп босаға жақтағы кебеженің үстіне түнде ұйытылған, үсті ескі тонмен қымтап жабылған жып-жылы айранның бетін ашып, ағаш қасықпен араластырып-араластырып іртігін жазып, үлкен сары тостағанға құйып алады да, демін алмастан бір-ақ сіміреді. Тек ішіп болған соң ғана таңдайында қалған айранның қышқылтым дәмін сезіп, аузында сәл сілекейсөл шұбырады, тамсанып, жұтынып қояды. Оның ұнатаныны – өстіп ұйыған айран. Тағы ішсем бе екен дегендей аз-кем ойланып қалады да, ақыры қолындағы тостағанды жерге қойып, орнынан тұрады. Айран жетерлік, бірақ Күсен аузына үйрілген әлгі бір тәтті дәмді бұзғысы келмейді. Егер айранды тоя ішсе, ол тәтті дәм жоғалып кететін сияқты көрінеді».

Айдан анық қазақтың тіршілігі, қазақтың дәл өзі. Басқа ұлттың өкілі дей аласыз ба? Әрине, жоқ! Күсен аңғал да, ашықауыз да емес. Ол мәрт, бүгінгі күннің Атымтай Жомарты Күсекең ферма меңгерушісінің аярлығын, аңдап-арбап тұрғанын да жазбай таниды. Бірақ қанына сіңген әдептілік, қыр қазағының тәлім-тәрбиесі қолын жіпсіз байлайды. Оны заман тәрбиесі деуге болатын шығар. Қазіргі нарық баулыған жандарда ондай бауырмалдық, ондай жанашырлық, ағайынгершілдік  қайдан болсын.

Сайын аға, Сіздің «Кәментоғайыңыздағы» мына бір диалогта өміршеңдік дәлдік бар дер едім. Қатып қалған фотосурет емес. Диалог пен характер ашу, образ шымылдығын түре түсу деп осындайды айтса керек.

«Мені көріп, естияр қыздардың мына қылығына қысылып қалған шешесі:

- Жә, былай тұр! Әй, әдепсіз неме...- деп ұрсып тастады. Бетін басып ұялған Әйкен тасыраңдай жүгіріп сыртқа шығып кетті. Кәмен болса:

- Ұрыспасаңшы балаға,  - деп қойды әйеліне.

- Қойшы әрі! Еркелеткеннің жөні деп, о не? Қыз дегенге бір ауық қаталдау болсаңшы деп қанша айттым, - деген әйелі бұрқылдай түсіп.

- Пәлі, шіркін сөзіңе болайын. Өзі қыз болмағандай сөйлеуін, - деп Кәмен де беріскен жоқ. Қыз бала деген ата-ананың аз күндегі қонағы емес пе, қайта ұлдан гөрі соларды еркелеткен жөн.

- Ие, со бойжеткенше мойныңа мінгізіп жүр.

- Бойжеткені несі, ей!.. Әлі бала емес пе. Осы сен, қатын, соңғы кездерде балаларға тым қатал боп барасың-ау, ә!

Менің көзімше дауласқысы келмеді ме, кім білсін, әйелі күңкілдей сөйлеп, тысқа шығып кетті. Кәмен басын шайқай күліп қойды.

- Біз де кейде өстіп шекісіп қаламыз, - деді ақтала сөйлеп».

Кәменнің өзінің, оның әулетінің бар болмыс-бітімін, жаратылысын аңғарту үшін осыдан артық экспрессивтік бояудың керегі де шамалы. Батырлық та, тектілік те, аңғалдық та, асылдық та бір басына сыйған мықты қазақ. Жердің кіндігі бола алатын қайратты қазағыңыз – нақ осы.

Көптен бері көкейімде де, көңілімде де жүрген түйткіл – «Жабайы алмадағы» Ырысбек пен Әжібек образдары. Қай сапқа, қай санатқа қосарымды білмей дал болған жайым бар. Естілер салған ескі жол, көсемдер салған қасқа жолға түссем, сөзсіз, жағымсыз кейіпкерлер жағына ысыра салуға әден рауа ғой... Былай қарасаң, құдай сүйер қылығы жоқ жандар. Бірақ кейіпкерлерді ақ пен қараға, жағымды, жағымсызға шартты түрде жіктеу тарғыл тағының терісін шекаралау секілді өнбес шаруа емес пе? Сонан кейін менің типтік образдар, типтік характерлер деген қалыптасқан ұғымдарға да күмәнім бар.

 

Солдан оңға қарай: Қалихан Ысқақов, Зейнолла Серікқалиев, Әкім Тарази, Сайын Мұратбеков

Осыдан, ұмытпасам, жиырма-жиырма бес жыл бұрын Сізге сарғайған бір ескі суретті көрсеттім. Виноградов 88, біздің университет №1 жатақханасының алды болу керек. Шат-шадыман, мәре-сәре боп отырған абитуриенттер. Сіз де бар екенсіз ішінде. Ол суретті маған бірге жұмыс істейтін ұйғыр келіншегі берген еді. Сіз бас шайқап отырдыңыз да, нелер заман өтті, бұлар қазір қандай болды екен, қартайған шығар енді. Мен Зағипаны осындай үлбіреген қыздардың ертеңін көргеннен кейін жазып едім деп едіңіз. Менің де жұлым-жұлым жүрегім сол мезетте шым-шым ете қалып еді-ау. Қайран да қайран заман-ай, бір суреттен екінші бейнені шырамытқандай болам, кекілімнен сипап, қолтығымнан демеген өзімнің аяулы әпкем Рауза, қырғын соғыстан  құдай қосқан қосағы Кәмені оралмаған Сағила жеңешем, сүйіп қосылған жары Шығайханнан ерте айрылған ерке жеңешем Нүрбану, су сұраса сүт берген, айран берген қайран жеңгелерім Кеңшілік пен Рәзия – сендер менің көкірек сарайымның әманда төріндесіңдер... Иә, «Басында  Үшқараның» қай-қайдағы, не заматтағы қоламтаның отын үрлеген...

Басында Үшқараның қос барабан,

Сол жерден дария шалқар су тараған.

Сұлу қыз, көркем жігіт – бәрі сонда,

Апырмай, неге келдім сол арадан.

«Жасы ондар шамасындағы дөңгелек көз қара бала оны бірдеңе деп иығынан тартқылап тұр. «Апа, жүр, кетейік», - дейтін тәрізді. Әсет енді байқады, Зағипа жылап отыр екен».

Қайда сол Үшқара, Сайын аға? Қайда сол әнші аңсаған әсем қауым, сал-сері қауым, керім қауым? Таптыңыз ба сол Үшқараны, Сайын аға? Бұл фәниде бар ма екен сондай сәні мен салтанаты жарасқан, тектілігі мен тәлімділігі асып-төгілген жер?! Әлде Сіз аңсаған, ел-жұртты еліктірген сол Жерұйықты біз іздейік пе, бізге тастап кеттіңіз бе қызығы мен қыжылы таусылмас сол мехнатты?

Кәкен Қамзин, филология ғылымдарының докторы, профессор

Abai.kz

 

 

5 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1498
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3268
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5636