Ресейдің әділет министрлігі "Свобода" мен "Настоящее времяға" ескерту хат жолдаған
Ресейдің әділет министрлігі Радио Свобода мен "Настоящее время" телеарнасына жұмыстарына шектеу қойылуы мүмкін екендігін ескертті. Дәл осындай хатты Азат Еуропа/Азаттық радиосының тағы бір жобасы - Idel.Реалии сайты да алған.
Сәрсенбі күні Мемлекеттік дума өзге елдердің ақпарат құралдарын шетелдік агентке жатқызуға жол ашатын заң жобасын бірауыздан мақұлдаған.
Әділет министрлігінің хатында нақты қандай шаралар қолдануы мүмкін екендігі айтылмаған.
Заң жобасына сәйкес, хабар тарататын кез келген шетелдік құрылым "шетелдік агент" боп танылуы мүмкін. Депутаттар жаңа заң Ресейдегі шетелдік БАҚ жұмысына кедергі болмайды дегенді алға тартты.
Бұның алдында Мәскеу қаржыландыратын RT телеарнасы америкалық биліктің "шетел агенті" ретінде тіркелу талабын орындайтынын, бірақ бұған қатысты сотқа жүгінетіндігін мәлімдеген. Заң жобасы содан кейін пайда болды.
Вашингтон АҚШ-тағы шетел агенті туралы заң ресейлік нұсқасына тіпті ұқсамайтынын бірнеше мәрте мәлімдеген. "Азат Еуропа/Азаттық радиосы" медиакорпорациясының президенті Томас Кенттің мәлімдеуінше, "RT телеарнасы бағдарламаларын АҚШ-та кабельді телевидение арқылы таратады, ал Азаттық радиосының Ресейде мұндай мүмкіндігі жоқ".
Медиакорпорация әлемнің түрлы елдерінде шынайы ақпарат таратуды басты мақсаты етіп алған. "Біз журналистік жұмысымызды жалғастыра береміз", - делінген корпорация мәлімдемесінде.
Abai.kz