Бейсенбі, 28 Наурыз 2024
Алашорда 5928 14 пікір 20 Қараша, 2017 сағат 09:41

Мола тонаудан басталған мәдениет

 

Ақыл-есі дұрыс пенде мойындайтын бір ақиқат бар. Егер əділдігі мен қайырымдылығында шəк жоқ Аллатағала бұйыртып бір мемлекет не бір адам ең жоғары, ең кəмілдікке жетер болса, ол соған ең алдымен өз ұлтының тілін, дінін, мəдениетін, тарихын, өз ұлтының салт-дəстүрін əбден меңгеру арқылы ғана жетеді. Ал өз ұлтының бұл киеліліктерін сақтамаған, не олардан бейхабар адам ешқашан алысқа қанат қаға алмайды. Олар ең əрі кеткенде қолында қаруы мен қаржысы орыстың тілінде сөйлеп, сол тілде өлең жазып, орыстың өзге ұлттан, мысалы қазақтан таңдап алған құрметті адамының бірі болып жүре береді. Əрине, тек көзі тірісінде ғана. Ол өлгесін, тіпті, бойдан күш, беттен ажар кетіп қартая бастағасын-ақ əлгі отарлаушы ұлтқа оның түкке керегі жоқ. Ал өз ұлтының алдындағы қадір-қасиеті əлдеқашан қашқан. Амал не, осындай уақытша абырой-беделдің адамдары бүгінгі қазақ өкіметі жағында өте көп. Солар аузын ашса айтатыны еуропаның, американың, орыстың мəдениеті, солардың өркениеті. Бір өкініштісі, олар өздерінің мұнысы барып тұрған надандық екенін де білмейді. Білмегендіктен балаларын да солай тəрбиелеп келеді. Олар сол еуропалық, орыстық мəдениет дегеннің бір саласы түркілердің жəне мұсылман елдеріндегі екенін де біле бермейді. Жалпы еуропалық нəсілділердің адамшылыққа жат қасиеттерінің бірі сахара кезіп, мұхит, теңіз кешіп алтын, күміс іздеп мола қазу. Пірғауындар заманынан міз бақпай тұрған Хеопсты тінткілеп, Тутанхамон мен Рамзестің мəйітін аршып жүргенде олардың бір ғана мақсаты ғылыми жұмыстар болды деу аңқаулықтың белгісі. Бұл жұмыстар сол елдің салт-дəстүрін, тарихын, мəдениетін отарлау мақсатында жүргізілді. Бұл əсіресе, орыстар тарапынан біздің ата-бабаларымыздың моласын қазудан басталған жабайылық болды. Ақиқатқа жүгінер болсақ, дəл біздің ежелгі бабаларымыздың қолданбалы немесе қолөнершілік-зергерлік мəдениетіндей мəдениеттің не орыста, не бүгінгі шонжарларымыз табынып жүрген батыс еуропалықтарда ұштығы да болған емес. Арғы жағы ғұндар, одан бері түркілер заманындағы бұл көне мəдениет əлі күнге шейін əлемді таң қалдырып келеді. Əсіресе, еуропалықтар «полихром стилі» деп атап жүрген құйма өнер біздің арғы аталарымыздың бармағынан бал тамған шеберлер болғанын дəлелдеп берді. Бірақ қалың қауымға ол бұйымдар біздікі екені айтылмайды. Біздің ежелгі мəдениетіміздің, əсіресе зергерлік өнердің заңғары болған сол ғажайып мұраларымыздың талайы Санкт-Петербургте Бірінші Петр құрған «Сібір коллекциясында» сақтаулы. Бұл ата-бабадан қалған мұрамыздың ту-талақайға түсіп, бүкіл Еуропа елдеріне таратылып кеткенінен қалғаны ғана. Орыстар Сібір өлкесі деп атаған, ғұндар мен түркі тайпалары қоныстанған арғы жағы Алтай, бергі жағы Орта Азия аралығында көсіліп жатқан шексіз алқапта талай-талай тылсымды бауырына басқан қоянжон құба төмпешікке сан жетпейді. Төмпешік деп отырғанымыз –біздің ата-бабаларымыздың қабірлері мен асыл тастардан, алтын-күмістен жасалған ғажайып бұйымдарының көмбелері. Жаңағы айтылған ұлан-ғайыр шалқар өңір Ресей құрамына енгізілгеннен кейін төмпешіктер мен қорғандарды (қорған сөзі зират, бейіт, мола сөздеріне балама ретінде де айтыла береді. Қазіргі Ресейге қарасты Курган да солай!) орыстар жаппай тонауды бастады. Олар сол кезде де, ара-тұра қазір де жабайы басурмандар деп атайтын қазақтар да, қазақтар ұстанатын қасиетті ислам дінінде өліктің бейітін қазу түгіл оған аяқ тигізудің өзі күнə саналады.

Мақсат – оңай олжаға, тегін байлыққа кенелу болғандықтан молашыларды губернаторлар да қолдап отырған көрінеді. Бұл туралы кезінде голландиялық шенеунік Н.К.Витзен осы бір жиренішті кəсіппен əуелі крестьяндар айналысып, кейін бұл істі жергілікті воеводалардың өздері қолға алды деп жазған екен. (Витзен Н.К. О Северо-Восточной Татарии С-Пб. 1705). Əсіресе, ХҮІІ ғасырдың бас кезінде Ертіс пен Обы (Обь) өзендері аралығындағы жалпақ жазықтықтағы түркі қорғандарын орыстар жүгенсіз жабайылықпен тонады. Ағылшын саяхатшысы Джон Белль Қытайға осы жермен өтіп бара жатып көрген əлгі жабайлықтар туралы айта келіп, олардың көбі молаларды қазып, қымбат бұйымдар табу үшін, тіпті, 10 шақты күнге жорыққа шығатынын жазыпты. Мола тонаушылар бұл кəсіпті өздерінің негізгі күнкөрісіне айналдырды. Ресейдің жергілікті басшылары оларды жасырып егіншілікпен, тері-терсек сатумен айналысатындар деп мəлімдеп, қолдау көрсетіп отырған. Сібірдің Тобыл, Томск, Тар, Красноярск сияқты қалаларының базарларында түркі бейіттерінен тонап, өліктерді аударып-төңкеріп алынған асыл бұйымдар емін-еркін сатылатын болған. Орыс князьдері мен воеводалары, боярлары осы алтын-күмісті балқытып, қылыш, қанжар, ер-тұрман сияқты жеке мүліктерін, қатындарының сақина-жүзік, білезік-сырға, сəукеле-алқаларын əшекейледі. Біз киноларда орыс ақсүйектерінің жарқ-жұрқ еткен сəн-салтанатының ішінде ата-бабаларымыздың аруағы күңіреніп тұрғанын да ойлай бермейміз.               Ал, орыс отаршылары өздері басып алған Сібір, Қазақстан аймағының қай жеріне барса, сол жерді тіміскілеп, бейіт, төмпешік, қорған атаулыны қорыс қылып қопарып тастайтын болды. Бұл кеселді, яғни орысқа тап болған індетті озық ойлы адамдар «эпидемия кладоискательства» десе, мола тонаушыларды «гробокопатели», «курганщики», «бугровщики» деп атады. Оларда мұның өзі түркі-мұсылмандардың сүйегін қорлау, аруақты қорлау деген адамгершілік ұғым болған жоқ.Оларға христиандық шіркеулердегі поп, священник сияқты дінбасылар да қойыңдар деген жоқ.

Сібірге келіп қоныстанған байлар баға жетпес бұл асыл қазынаны Петербургтегі ақсүйектерге, тіпті, І-Петр патшаға тарту-таралғы етіп жөнелтіп отырды.

Кештеу болса да ақыл кірді ме, əлде əлемде теңдесі жоқ осынау əрі мəдени, əрі материалдық байлық ит пен құсқа жем бола бермей қазынаға құйылсын деді ме əйтеуір, үнемі аласұрып жүрсе де І-Петр бұл жабайылықты тоқтатуға бағышталған екі Жарлық шығарды. Енді көненің көзіндей ескерткіштер мен алтын-күміс мүлік үкімет қарауына алынатын болды. Олар Мəскеу мен Петербургтің дəріханаларына, соңырақ 1714 жылы ашылған кунсткамераға өткізілетін болды. Патша жарлығымен Сібірдің, ұлы даланың мəдени, тарихи мұраларын қорғайтын арнайы жортуыл (экспедиция) ұйымдастырылды. Оны тұтқынға түскен швед сардары, өзі неміс Д.Т. Мессершмидт басқарды. Бұл жетіжылдық жортуыл кезінде ол орыстар қоныстанған небір селолар мен деревняларда болып «мола тонаушылардан», «төмпешікшілерден» (бугровщиктерден) қыруар қымбат бағалы бұйымдар сатып алды.

Тегінде арзан олжаның буы буынына түсті ме қайдам Мессершмидт бір-екі мəрте өзі де қабырлардың ішіне түсіп шыққан сияқты. Əрине, көңілшектігі ме, əлде орыстың пысы басып жасқаншақ болып қалған ба кім білсін, əйтеуір біз оқыған кітаптарда қазақ ғалымдары əлгі швед сардары осының бəрін тек ғылыми зерттеу жұмыстары үшін ғана жасады деп өз-өзінен шыж-быж болады да жүреді. Шындығына келгенде мола қазғыш орыстар тапқан-таянған олжасын жергілікті шонжарларға сыраға, араққа, самогонға мүттегін беріп отырса, ол шонжарлар бұл бұйымдарды Мессершмидтке қымбатына сатып, шылқымай байлыққа кенелді. Осы жағдайды айта келе белгілі тарихшы Самат Өтениязов «Мессершмидт жинаған коллекция академик Миллер мен басқалардың күткенінен əлдеқайда асып түсті» – дейді.

Ғалымның айтуынша «...Ертедегі түркі тайпаларынан қалған алтын мен күмістен құйылған зергерлік бұйымдардың тек бір жұрнағы ғана жиналды, яғни, 99 пайызы қолды болды немесе жоғалды».

Қазекем сөздің кележағы ғой дейді кейде. Сол айтқандай, қазіргі қазақ басшылары ұлттық мəдениетті отарсыздандыру саясаты дегенді еске алғысы келмейтінін айта кетудің де реті келген сияқты. Жақында бір жоғары оқу орнының басшысы журналистпен сұқбаттасып тұрып: «Баламыздың Еуропа мəдениетінен хабардар болуына зор көңіл бөлеміз»–деп қалды. Бұл оның надандығы ма, өресіздігі ме оған бір Алла төреші. Тек соны көріп тұрып, осы күнгі екі қазақтың бірінің айтатыны Еуропа мəдениеті, Еуропа əдебиеті, тіпті, еуропаша тамақтану тəртібі екені, осының өзі-ақ азаттық алдық деп санын шапаттап жүрген қазекемнің ой-өрісі, ұлттық намысы мен ұлттық мақтанышы күн санап ғайыпқа сіңіп баратқаны жүрегіңді ауыртады. Əрине, бұл үшін қазақ халқын еліктегіш, жағымпаз деп кінəлаудың өзі күнə. Өйткені, қазір Қазақстанда ұлтымызды Өзгелерге еліктету, өзгелерге табындыру жəне өзгенің мəдениетін озық етіп көрсету, жалпы мəдениетті ұлтсыздандыру саясаты зор қарқынмен жүргізілуде. Əлгі жоғары оқу орнындағы басшы байғұстың да санасына осы саясат сіңіп қалған. Ол сондай болғанда қитабан қарашаруаның санасы не күйге түскенін көзге елестету қиын емес. Бұл саясат ең алдымен теледидардағы əртүрлі көрсетілімдер мен шетелдік сериалдар арқылы іске асырылуда екенін жəй халық, жас ұрпақ аңғармайды. Ал ата-бабаның ықылым заманнан келе жатқан мəдениеті туралы атүсті өйтіп жатырмыз да бүйтіп жатырмыз, «Мəдени мұра» бағдарламасы бойынша пəленбай кітап шығарылды дегеннен өзге дəнеңе де жоқ. Сол теледидардан қазақтың мəдени дəстүрі, үрдіс-салты, қолөнері туралы бірнəрсе көрсетіле қалса, дастархан толы бауырсақты, үйме табақ қазы-қартаны алдына қойып, дөңгелек жозыны айнала немерелерімен отырған бір кемпір, бір шалды, əрі кетсе білегіне бүркіт қондырып, атпен шоқытып келе жатқан қарияны көреміз. Оның киімінің өзі аңға киетін емес жас əйел алуға, не той-думанға келе жатқандай тым сəнді киім. Əттең,- дейсің осындайда, - оның орнына бабаларымыздың ежелгі мəдениетін, оның кешелі-бүгінгі ащы тағдырын айтатын, бүгінгі ұрпақтың ұлттық мəдени намысын оятатын көрсетілімдер жасайтын продюсер, журналистер болса ғой. Өйткені, бүгінгі ұрпақтың санасына ең мəдениетті ұлттар деп сіңіріліп келе жатқан еуропалық ұлттардың Марко Поло, Плано Карпини, Гильем де Рубрук сияқты кезбе-саясатшылары біздің көне мəдени мұрағаттарымызды көргенде əсірелеп айтсақ, талай жерде есінен танып түскен жоқ па еді?! Əлде неше күн бойы желкенді қайықта толқын соғып, қарамай исінен басы айналып қалды ма, əлде «көрмегенге көсеу таң ба» біз əлі де əулиедей көретін Марко Поло Құбылай ханның сарайындағы алтын-күміс кесе-аяқты көргенін жырдай қып жазады. Ал ондай алтын-күміс ыдыс-аяқ сол кезде ата-бабамыздың ауқаттыларының көбінде болғанын Бесбалық, Ордабалық сынды хан ордаларының мұраларын зерттеулер көрсетті дейді ғалымдар. Сол əлде саяхатшы, əлде барлаушы-кезбелердің бірі Рубрук Күйік ханның ордасын «Бұл шатыр алтын жапсырмалармен қапталып, алтын шегелермен бекітілген өрнекті діңгектерге орнатылған. Оның ішкі қабырғалары мен төбесі жəне сырты түгел асыл маталармен жабылған» – деп аузының суы құри əңгімелейді. Олардың көріп жүргендері жаһандық өнер тарихында теңдесі де, шендесі де жоқ түркілік зергерлік қазынаның мыңнан бірі ғана болатын. Кешегі əжелеріміз бен апаларымыз үкісі бұлғаңдап, бұрала басып бұлаққа киіп баратын киімінің өзіндегі қапсырма, қарсы ілгек, кемер белбеу, жалт-жұлт еткен шытыра, үзбелі сырға, құсмұрын жүзік, сəукеледегі сан құбылған асыл тастар, көксауыр кебіске қылдырықтай қып жүгірткен алтын-күміс жіп, шұбыртпалы білезік, тағы басқа бүгінгі ұрпақтың ұғымы жетпейтін ұлы өнер бұйымдары ше? Ал əлде марал, əлде бұғы тəрізді мүйізді аңға атылған қанатты арыстан, аңшыдан қашып бара жатқан қабан, түйеге шапқан жолбарыс, жолбарыстың қасқырмен таласы, тағы өзге бейнелі алтын бұйымдар ше? Ер жігіттің қылышы мен қанжарындағы ою-өрнектер, қақталған ақ күмістен (мəдеміден), алтын қалақшадан (пластинка) əшекей орнатқан ер-тұрман, ноқта-жүген, айыл-тартпа, құйысқан-өмілдіріктердің өзін қай еуропалықтың атасы тұтыныпты?Қазір аржағы – Америка, бержағы батыс Еуропа елдерінің тіпті Ресейдің мұражайларында тұрған мұрағаттар тек сол елдердің ұлттық байлығы ретінде көрсетіледі. Солардың бірде-бірінің астында бұл пəлен деген түркі тайпасынікі, түген деген ұлттікі деген түсініктеме жоқ. Əрі кетсе, қай өңірден əкелінгені, шамамен қай ғасырдың төлтумасы екені ғана көрсетіледі. Біз əлгі айтқан Сібір коллекциясын құрған, мола қазып азғындап бара жатқан орыстарға тыйым салған І-ші Петрдің өзі де пенде ғой, ол осы бағалы мəдени байлықтарды Еуропаға таныстыру үшін сонау Голландиядағы тамыры Витзенге жөнелтіп тұрды. Талай асыл бұйымдар Витзенге жеткенше ұрланып, жоғалып кетіп жатты. Бұлайша «сəлемдеме» жіберу 1714 жылы Кунсткамера ашылғасын барып тоқтады. Алайда, кеңес археологы А. Уманскийдің жазғанына қарасақ орыстардың жабайылықпен мола тонау кəсібін ешқандай жарлық та, бұйрық та тоқтата алмағанына, соның нəтижесінде ХҮІІІ ғасырдың 20 жылдарының бас кезінде-ақ далада қазылмаған бірде-бір қорған қалмағанына көзіміз жетеді. Тіпті, кеңес өкіметі кезінде-ақ 1960 жылы Алтай өлкесіне жасалған жортуылдар (экспедициялар) кезінде бұл маңайда қопарылмаған бірде-бір түркі моласы жоқ екен. Бір кезде аталмыш Витзен Ресейдегі мұндай жабайылық пен жыртқыштыққа қайран қалса, Еуропадағы христиан дінді елдердің жабайылығы, озбырлығы, өзге ұлттардың мəдениетін қорлауы одан əлдеқайда асып түсті. Бірақ сол Витзен мен І Петр болмағанда ата-бабаның асыл мұраларынан жұрнақ та қалмауы мүмкін еді. Арғы ата-тегіміздің мұндай ғажайып мүліктері б.э. дейінгі 1-ші мыңжылдықта, ал енді бірсыпырасы Алтын Орда заманында жасалғанын кейбір археологтар ара-тұра ғана айтып жүр.

Əрине, Бірінші Петр патшаның əлгінде біз айтқан Сібір коллекциясы ата тарихымызды зерттеуге біраз жеңілдік жасады. Бірақ біз басқа орыс патшалары сияқты Петр патша қазақ жерін Ресейдің табанына салуды басты мақсатымның бірі деп білгенін ұмытпауымыз керек. Ол осы күнгі казачествоның аталарын Батыс Қазақстан жеріне шабуыл жасатқанын місе тұтпай, қалмақтарды қаруландырып, Еділ бойынан жер беріп, Аюкеге хан атағын беріп қазаққа қарсы айдап салды. Саяхатшымыз деп қазақ жерін картаға түсіріп, қазақтың салт-дəстүріндегі көңілшек, адамгершіл, қонақжайлық сияқты осал тұстарын біліп алған барлаушы-жансыздарының көмегімен 1723 жылы қазаққа қалай, қай кезде, қай жерден шабуыл жасауды үйрету, шығысында жоңғарларды айдап салу да сол кезде қызу жүргізілді. Сол Аюке əлі күнге орыс-қалмақ достығының көрнекті өкілі ретінде айтылып келеді. Орыс тарихшылары қазақ хандары ішінде Орта жүзге хан болған Абылай ханды да Ресей саясатына оңтайлы болғаны үшін осылай құрметтеді. Сол Аюке 1724 жылы Əбілхайыр бастаған кіші жүз отрядтарының қолы қалмақтарды қынадай қырғанын көріп өлді. Мұны айтып отырған себебіміз орыс ғалымдары біздің шығыс өңірдегі көне мəдени қазба-мұраларымызды жоңғар мен қытайға, батыс өңірдегілерімізді қалмақтарға теліп, қайткенде бізді өнер-білімнен, мəдениет-өркениеттен жұрдай қып, абыройын жапырақпен ғана жауып жүрген жартылай жабайы қып көрсетуге даяр тұрады. Сол кездері Ресейдің артиллерия капитаны əрі Жоңғариядағы елшісі Унковскийдің Доржы тайшымен керілдесіп қалған тұсында Доржы: «Ата-бабаларымыздың молаларын орыстар қазып алтын мүліктер, үзеңгілер, ыдыстар іздейді» дейді. Сонда əлгі Унковский оны мазақтап: «Сенің жоңғарларыңда мола бар ма?! Сендерде өлген адамды өртейді, итке, құсқа, суға тастап, аңдарға жемтік қылады. Сендерде алтын сияқты қымбат дүниелер болмайды. Бұл молаларда орыстар жерленген»деп бет бақтырмапты. Əрине, Унковскийдің сөзінің жаны бар. «Олардың кейбір түріктенгені болмаса, адамды қадірлеп жерлемеген», – дейді ғалым тарихшы Самат Өтениязов. Ал бұл молалар орыстардікі дегенінен Унковскийдің не ақымақ надандығы, не анау қалмақты басынып тұрғанын көру қиын емес. Өйткені, бұл екеуі əңгімелесіп тұрған Сібір өлкесіне орыстар ХVІ ғасырдың аяғында ХVІІ ғасырдың басында ғана итініп-тартынып келе бастаған еді.

Біз əлемде теңдесі жоқ осынау ғажайып мəдениет өз ата-бабаларымыздікі екенін, олардың арғы тарихы сонау сақ, хун, түркілермен ұштасып жатқанын əрине мақтан тұтамыз. Бірақ тағдырдың қылжақбастығын қараңызшы: сол ұлы мəдениеттің мыңнан, милионнан бір бөлшегі бүгінгі заманға аман-есен жетуіне бір есептен орыстардың мола қазу, табыт төңкеруі себеп болса, екіншіден солардан сол асыл бұйымдарды сатып алып Сібір коллекциясының құрылуы, одан сон-а-ау Голландиядағы Витзенге жөнелтіліп, бүкіл Еуропаға танымал болуы себеп болыпты. Ал бүгінгі ұрпаққа соның бəрі əйтеуір біздің арғы ата-бабаларымыздың емес, ерте заманда салтанат құрған əлдебір еуропалық немесе тағы бір өркениетті елдің мəдени ескерткіші ретінде көрсетіледі. Ендеше Ресейден азаттық алғанына 18 жыл болған ел ендігі жерде осындай мəдени мұралар арқылы да ұрпағының ұлттық санасын тəрбиелеуі, ұлттық мақтанышын қолөнердің осы бір саласы арқылы да оятуы онша қиын шаруа емес-ау. Бұл үшін, əсіресе ХХІ ғасырдың ең құдіретті құралы теледидар алдымен іске кіріссе ғой.

Мырзан Кенжебай

Abai.kz

 

14 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1562
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2253
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3516