Көршілер... Олар біз туралы не дейді?
Соңғы кезде қазақ пен қырғыз арасы сынға түсіп жүр. Қырғыздың президенті қазақтар бізден тарады дегенге шейін барды. Бұрындары мұны қарапайым қырғыздардан естісек, енді ел басшысынан еститін болдық. Қайсыбіріне жауап қатамыз, үндемей қоя салайық десең енді басшысы да ойына не келсе, соны былш еткізіп айта салып жатқаны сөзсіз намысқа тиеді екен. Мен осындай мақала жазып ағайын халықтың намысына тимей-ақ қояйын дегем. Бірақ менсіз де екі ел арасында ақпарат соғысы басталып кетті. Атамбаев халқымызды қайта қайта тілдей берген соң, әрі осы қырғыз демей бүкіл көршілеріміз қазақ туралы не айтып, не жазатыны маған бұрыннан да қызықты болған соң қолыма қалам алдым. Өйткені, көршіні таңдай алмайсың, оны Құдай жаратады, арыда қаласаң да, қаламасаң да солармен бірге боласың. Сондықтан көршілер жәйлі біле жүру көптік етпейді, ендеше шамамыз келгенше талдап көрейік.
"Ақсақ үйрек"
Саясатта «ақсақ үйрек» деген түсінік бар. Бұл биліктен кетіп бара жатқан президентке қарата айтылатын сөз. Биліктен онсыз да кетіп жатқан «ақсақ үйрек» Атамбаевтың өзі кім, сөзі кім деп қоя салайын десем оның айтқан сөздері намысқа тие берді. Елбасы Назарбаевты сынаумен басталған Атамбаевтың шабуылы соңында қазақты қорлайтын былжырақ сөздермен жалғасты. Барлығы төрт рет қазақ өкіметіне (билігіне) тиісті. Тиіскенде жөнімен Назарбаевты ғана сынап қоймай елдің намысына тиіп «қылышпен келгендер басын тастап кетті» (Кенесары ханды тұспалдағаны), «кемінде 3000 жылдық тарихы бар ел үш күндік блокададан қорықпайды» (блокада дейтіндей Қырғызстанды ешкім қоршап алған жоқ ғой, әрі шекарада шектеулер бар болмаса толық жабылған жоқ), - деген сөздері біз ғасыр түгіл мыңдаған жылды бастан кешкен көне ұлтпыз, ал сендер кешегі балаң жас ұлтсың дегені, «қазақтарды соңғы 500 жыл бойы ақсүйектер (төрелер) басқарып келді, әлі де маған солай сезіледі», - деді. Мұнысы турасын айтқанда, сендерді қалмақтар басқарып келді, әлі де қалмақ басқарады дегені. Бұл жерде бәзбіреулердің Елбасыны қалмақ, жоңғар деп негізсіз күстаналайтын жетесіз сөзін меңзегені. «Қазақ деген біз (қырғыздар)», мұнысы саясат тілімен айтсақ «сендер бізден тарағансыңдар, бізден шықтыңдар» дегені. Атамбаевтың мұнысы «жаман өзі теңелмесе де сөзімен теңелгісі келеді» дегеннің мысалы. Бұдан бұрын Атамбаев Қазақстан бізге 2014 жылы энергетикалық блокада жасады деп айыптағаны бар. Блокаданың энергетикалық түрі де болады дегенді алғаш рет естіп отырмын.
Ең соңында Қырғызстанды тұрақты өніктіру (дамыту) бойынша өткен жиында сөйлеген сөзінде қазақ өкіметіне әдеттегідей тілін тағы да безеп алады. Сондағы сөзі, кәрі диктатор, кезінде сол да (атын айтпаса да өзбектің марқұм президенті Ислам Кәрімовты айтып тұрғаны белгілі) бізге қысас жасаған, одан да шыққанбыз, мына кезекті [диктатор] да сөйтіп өзім білермендікке салып жатыр, бұдан да шығамыз, мұндай келеңсіздікке ЕуЭО көңіл бөлмей көз жұмып қарап отыр дегенге саяды. Атамбаев жазған көрші елдерді үнемі мінеп шенейтіндей Қазақстанның оппозициясы болып кеткен бе? Ол қайдағы бір ұрысқақ қатын емес, білдей бір елдің басшысы, жақсы ма жаман ба оның ауызынан шыққан сөздің дуасы бар. Адам ауызына не келсе соны құса беруге болмайды. Ол әр сөзін ер адамша байыппен айтпай долы қатынша зекіп, айғайлап айтады. Тап бір баласына ұрсып жатқан қыршаңқы әйелдей.
Атамбаевты медициналық тексеруден өткізу керек
Осы Атамбаевтың ақыл есі дұрысына күмәнім бар. Бұл жеке менің ғана емес, біраз қырғыздың да күдігі. Кешегі үзеңгілесі, бүгінгі қарсыласы әрі түрмедегі «қонағы» Өмірбек Текебаевтың өзі Атамбаевты медициналық тексеруден өткізуді айтқаны бар. Ол ол ма, қырғыз ел (халық) ақыны Анатай Өмірханов (Анатай Өмүрканов) «Таласқа көп тийишпей, таажынды таштап жылып кет (Таласқа көп тиіспей, тәжіңді тастап безіп кет)» десе, одан әрмен: Ордунан туруп басалбай, Ооруган башын жазалбай (Орнынан тұрып баса алмай, Ауырған басын жаза алмай, - деп Атамбаевтың ішімдікке құмар екенін айтып салған еді). Орденин берип жөн турбай, Ой-тоонун башын дөөдүрөйт. Атынан айткым келбеди, Памилясы Атамбай... Титирей сүйлөп тиртеңдеп, Тийишпегин казакка. Тийише берсең тилиңден, Кабыласың азапка. Ансыз да күнүң аз калды, Аз күнүңдү таза акта. Дегенге болбой делбеңдеп, Кеп жебестен келжеңдеп, Калдың минтип мазакка... Назарбаев аксакал, Еки элге емес дүйнөгө. Сен биттейсиң, ал киттей, Ага акараат сөйлөбө (Назарбаев ақсақал, екі елге емес дүниеге. Сен биттейсің, ол киттей, Оған ғайбат сөйлеме)... дейді. Бұл, Атамбаев таластықтарды Манасты сатқан Абыке, Көбештің ұрпағы деп айыптаған соң жазған қарымта жыр. Атамбаев, әрине, таластықтарды бүкілдей сатқынсыңдар деген жоқ. Бірақ кез келген ел басшысы, мысалы, біздің Нұрекең бір ауданға барып «сендер Кенесары ханды сатқан ... батырдың ұрпағысыңдар» десе не боларын елестетші. Сол батырдың сатқын екенін ол қайдан білген, әрі мейлі жалғыз адамды айтса да, оны сатқынсың, пәленшенің ұрпағысың деуге хақы бар ма!?
«Казактын ханы Көкчөнү чөгөлөткөн Манастын мисалы бар». Ал бұл қырғыздың тағы бір ел ақынының жоғарыдағы Анатай ақынға айтқан сөзінен үзінді. Осы қазақта Көкше деген хан бар ма еді? Бұрындары біз неге естімегеміз? Онда мынау не сандырақ? Манас дастанының әрбір жолы тарихи факт деп кім дәлелдеген? Тек қырғыз демей-ақ біздің қазакем де тарихта болмағанды болды деп қоймайды. Мысалы, Қатаған мен Сүйінбайдың айтысы. Кім не десе о десін, мен мұндай айтыс өмірде болған жоқ дер едім. Соңыра біреулердің ойдан шығарған айтысы бұл.
Маңқа қазақ һәм сақау қырғыз...
Қырғыз деген өздері айтып жүргендей «қылымдарды қарытқан» (сөзбе сөз: ғасырларды қартайтқан, мағыналық: ғасырдан ғасырға жеткен тым көне, ежелгі елміз дегені ) ұлы ел ме, қазақтарды, одан қалса бүкіл түркілерді түрік еткен, тілін қыпшақ еткен арғы атамыз ба, қазақ бесікте белі шықпай жатқанда бұлар расымен ұлы империя құрып, Еуразияны кесе көлденеңдеп жүрді ме дегендей сұраққа жауап іздеп көрейік. Бұл үшін бәрін айтпай-ақ тіліне ғана аз кем талдау жасаса да жеткілікті сияқты. О бастан айтып кетейін, қырғыздар «қылымдарды қарытқан» ұлы ел болса болар, бұған таласым жоқ, менікі тек олар біреудің тарихын жоққа шығармасын, тегіне тиіспесін деген ой.
Қырғыздар қазақты 1000 деген санды «мин» демей «мың, мың» деп мыңқылдап айтатын «маңқа қазақ» дейтіні бар. Ара тұра біздер жақтан «маңқа қазақтың» қарымтасы ретінде «шүлдірлеген сақау қырғыз» деп айтылып қалады. Жауын жаан, жуан жоон, түйе төө, тау тоо, жаңбыр жамгыр, сайлау шайлоо, бауырсақ боорсок, қасқыр қарышқыр, ауыр оор, ... деп қанша тізбектесең сонша жалғаса береді, енді бұдан кім сақау екенін біле беруге болады. Әділдік үшін осы сөздерді басқа түркі елдернің сөзімен салыстырайық. Өйткені, қырғыз ағайындар «біз емес сендер сақаусыңдар» деп дауласпас үшін. Өзбекшеде тиісінше емгор, қалың, туя, тоғ, емгор, сайлов, бауырсақ, бөрі, оғир... Мысалы, дәуір деген тегі араб-парсы келетін сөзді қырғыздар доор дейді. Өзбекшесі давр. Қазақтар осы сөзді қырғыз арқылы арабтан алмағаны белгілі. Ал қырғыздар қазақ немесе өзбек арқылы алғаны айтпаса да түсінікті. Міне, бұдан шығатын қорытынды, қырғыз тілі шынында қазақ тілінің сақауша түрі. Қыл аяғы бүкіл түркі тектестер аяқ десе қырғыздар ғана бут (бұт) дейді. Жалпы қырғыз тілі қазақ тілінің күшті ықпалымен қалыптасқанын байқау қиын емес. Әділдігін айту керек, қырғыз тілі тек қазақ тілінің әсерімен ғана қалыптасқан жоқ, оған өзбек пен ұйғыр тілінің де ықпалы айтарлықтай көп болды. Мысалы, қырғыздар кей сөздерді ұйғырмен айна қатесіз бірдей айтады. Әйгілі «чоң» сөзі ұйғырда да бар, қырғыз дөөлөт (дәулет) десе ұйғыр да дөөлөт дейді. Қырғыздағы «оо» сияқты созылыңқы дыбыс тіркесі ұйғырда да бар.
Қырғыз ұлы империя құрып па еді?..
Мектепте бізге моңғол империясының, одан бұрынғы көк түрік, қырғыз, ұйғыр (біріккен түрік) қағанатының тарихын үйреткенде бірін асыра дәріптеп бірін жоққа шығарып түкке алғысыз еткен жоқ. Қазаққа да қырғызға да бүйрегі бұрып жарытпайтын қалыс моңғол ағайындар қырғыз қағанаты тарихын үйреткенде қырғыз ағайындар айтып жүргендей ежелгі қырғыздар Алтай, Саяннан бастап Алатауға, Еділден Кенғанға (Хянган) дейін жеткен ұлан байтақ жері бар ұлы империя құрып еді деп ертегі айтып аңыз әфсана үйреткен жоқ, керісінше көк түрік пен ұйғыр хандығы сияқты бірінен соң бірі құрылған қатардағы түркі тектес көп мемлекеттің бірі болды деп үйретті. Артынан тарихқа таныса келе осы айтқандары шындық екеніне көз жеткіздік те. Ал қыкемдер болса біздің дәуірден бұрын да ұлы қырғыз хандығы болған деп күбінеді. Оу, сонда бізде ештеңе болмады ма?!. Сол кездегі үйсін, қаңлы мемлекеттерін қайда қоямыз? Дені қазақта ғана бүтін сақталған кешегі найман мен керей ұлыстарын қайда қоямыз? Ұлы Даланы иеленіп өткен Дәшті қыпшақ ұлысын қайда қоямыз? Атауы сол кезде орнықты демесе, Қазақ хандығы кешегі Алтын орданың заңды жалғасы емес пе еді? Ұлы жүзді бүтіндей құрайтын бір үйсіннің өзі екі мың жылдық көне тарихқа ие емес пе еді?
Бір Орман манаптан басқа қырғызда хан болды ма? Әуелі осы Орманның өзі ақ кигізге отырып, атадан ұлға жалғасқан хан бола алды ма? Әгәрәки, хандары болса қайсысының зираты сақтаулы тұр? Қай қырғызда қазақтың хандары мен батырлары жерленгендей Түркістаны бар, Ұлытаудай Хан қорымы, Жошы мен Алаша хандай мазары бар? Абылайдай ханының хан таңбасы (мөрі), туы бар ма? Хан асын пісірген тайқазандай жәдігері бар ма? Жоқ, әрине. Қырғыз тұрмақ дүниені дүр сілкіндірді дейтін Ұлы моңғол империясының бірде бір ханының зираты әлі күнге дейін белгілі емес. Осыдан бола біздегі әсіре білгіштер Шыңғысты қазақ, қазақ болғанда кәдімгі керейдің меркіті еді, орта жүздің қоңыраты еді, ұлы жүздің жалайыры, маңғыстаудың адайы еді деуге шейін барды. Шыңғысты қазақ деп марқадам таппаймыз. Айтқыларымыз келіп бірдеңелеріміз қозып болмай бара жатса оны ұлы моңғол-түркі империясының асқан дарынды билеушісі еді, көшпенділердің біртуар ұлы қағаны еді десек те жетіп жатыр.
Бірде атағы дардай, үлкен жазушы ағамыз Бексұлтан Нұржекеевтің Қытайдағы Тыныбайын деген қазақ оқымыстысына сүйеніп, Шыңғысты қазақ жерінде, оның ішінде тап бір көзбен көріп тұрғандай Шығыс Қазақстан, Талдықорған маңында туды, ол таза қазақ болды деп жазғанын, Моңғолдың құпия шежіресіндегі түркі-моңғолға ортақ көне атауларды мағынасын шетке ысырып қойып тек айтылу ұқсастығына бола тұп-тура қазақ қылып күшпен ұйқастырып жазғанын көріп қазақ зиялысының жеткен жері осы ма деп түңілгенім бар еді.
***
Қырғыз контрабандасы
Екі ел арасында туындаған келіспеушілікті келіссөз арқылы шешудің орнына Атамбаев бастатқан қырғыз билігі қазақ жағын тура айыптауға көшіп, одан әрмен ДСҰ, ЕуЭО-қа шағымдана кетуі де дұрыс болмады.
Әрі шекара ашық бола тұра оны блокада деп бұрмалап атауы, кемінде үш мың жылдық тарихы бар ел 3 күндік блокададан қорықпайды деп қазақ тарапты ашықтан ашық егеске итермелеуі ел бастаған басшы түгіл кез келген адамның намысына тиетін сөз. Бұдан кейін шекараға әртүрлі себептермен шектеу қойған қазақ өкіметін (билік) қалай жазғырасың?
Әуелі Қытайдан Қорғас темір жолы арқылы Бишкекке, ондағы Дордой базарына жетіп, сол жерден қырғыз киім кешегі деген жалған атпен қайта бізге келетін қытайдың сапасыз тауарларын алып сатқан қырғыз контрабандасы өтірік пе еді? Өзімізде де өсетін көкөніс, жеміс жидек тұрғанда қырғыздікі деген желеумен өзбек пен тәжіктің арзан өнімдері сатылып оңтүстіктегі ағайынның өсіргені өтпей жаз бойғы еңбегі далаға кететіні өтірік пе еді? Қазақ өкіметі шекарадағы кикілжіңді сылтауыратып шектеу қойып өз халқын ойласа бұның несі айып?
Түндік пен түстік факторы
Атамбаев кеткенде жөнімен кетпей жаңа келген басшысы Сауранбай Жиенбековке ауыр «мирас» қалдырып бара жатар. Атамбаевтың осыншама ауыр сөздерінен кейін Жиенбеков билікке келіп екі ел арасы бұрынғыдай жақсарып кетеді дегенге күмәнім бар.
Бір қызығы Атамбаев пен оның басты қарсыласы болған, қазір қуғынға ұшырап шетте босып жүрген Өмірбек Бабанов түндіктен болса, Жиенбеков түстіктен (оңтүстіктен). Түндік пен түстік факторы қырғыз елінде әжептәуір рөл ойнайды. Өздері ондай айырма жоқ деп жоққа шығарғанымен қылаяғы тілдік жағынан айырма бар. Түндігі қазақ тілінің қатты ықпалына ұшыраған қырғыз тілінде, түстігі өзбек тілінің айтарлықтай әсері бар оңтүстік диалектіде сөйлейді.
«ЕАЭБге киргенибиз туура чечим болгон. Биз бул уюмда калышыбыз керек. Андан чыкпайбыз. Бирок орус, казак басма сөзүн күнүгө окуйм, анда "Кыргызстан, Атамбаев ЕАЭБди талкалагысы келип жатат" деп жазып жатышат. Бул чылгый калп. Чынында бир айдан бери Казакстандын жетекчилигинин өзүмбилемдиги үчүн биз башка өлкөлөрдөн, ЕАЭБден ажыратылган болуп турабыз. Блокада Кыргызстандын президенти “мыйзамдарды сыйлап, ички иштерибизге кийлигишпегиле” деп талап койгону үчүн гана жасалып жатат. Бизге башкалардын эрежесин таңуулоонун кереги жок».
Бұл Атамбаевтың өз сөзі. Мұнда айтылғандай қазақ тілді ешбір баспасөз Атамбаевты ЕуЭО-ы құлатқысы келеді деп жазғырған жоқ! Жазса тек орыс тілді, Кремльге бүйрегі бұратындар ғана солай жазды. Ендеше Атамбаевтың кезекті өтірігіне жол болсын. Қайта қазақ ұлтшылдары, қарапайым азаматтары керісінше осы аты өшкір одақтың тезірек құлағанын Құдайдан тілеп отыр. Мұндағы «Блокада Кыргызстандын президенти “мыйзамдарды сыйлап, ички иштерибизге кийлигишпегиле” деп талап койгону үчүн гана жасалып жатат» дегені де біржақты айтылған сөз. Бұл сөз ең алдымен өзіне қатысты. Алты жыл бұрын сайланбай тұрғанда Атамбаевтың өзі Мәскеуге не үшін барды, неге Путинмен кезікті? Міне, сұрақ. Назарбаев тек Бабановпен кезіккен жоқ, Жиенбековпен де кезікті ғой. Сонда қайда қалды айтқыш Атамбаев? Атамбаев «Назарбаев бізге жас президенті керек деді» деп айыптады. Назарбаев бар болғаны Бабановқа «билікке сендей жас басшы келсе жақсы, бірақ біз Қырғызстанның басшысы кім болса да бірге істейміз» деді. Ал бұның қай жері дипломатияға қайшы? Қай жері ішкі ісіне араласушылық? Не біз білмейтін басқа гәп бар ма? Олай болса, Атамбаев екі елдің арасын бұзып, осылай ұрысқақ қатындарша зеки бермей біз білмейтін сол гәптерін ашық айтсын. Естиік. Әйтпесе, ежелден бір туған екі елдің арасына от салмасын.
«Қазақ қырғыз бір туған»
Қашан айтылғаны белгісіз, «қазақ қырғыз бір туған» деген сөз бар. Бұл біз тусамақ та туғандай болып кеткенімізді айтса керек. Рас, қазаққа тіл жағынан ең жақыны ноғай мен қарақалпақ, қан жағынан өзбектегі руын білетін бөлігі. Бірақ көшпелі өзбектер қазіргі өзбекті толықтай құрап отырған жоқ, азғантай бөлігі ғана, ары кетсе, бәлкім, халқынан жартысын ғана құрайтын шығар. Ал қырғыздар болса бізбен тіл жағынан тура ұғыса алатын бірден бір тәуелсіз мемлекет, біртұтас ел. Айтыс пен айтышымыз бір, жыр (ән) мен ырымыз бір, көкпар мен көкбөрүіміз бір, кигіз үй мен боз үйіміз бір, бауырсақ пен боорсоғымыз бір, егіз халықпыз. Сонымен қатар қырғыздар жоңғар шапқыншылығы кезінде қазақпен одақта болған, қайра қалмақпен одақтасып бізге қарсы да болған бірден бір халық. Жоңғар күшейгенде солар жаққа, әлсірегенде бізге болысқан. Одан бұрын Әз Тәуке заманында қазақтың құрамында алты алаштың бірі болған ел.
Қырғыздардың айтуы бойынша, қазіргі Тараз олардың Олия атасы (Әулие ата), жалпы Жамбыл-Меркі өлкесі, Шу бойы, Іле өңірі де қырғыздар мекен еткен жерлер. Жоңғар шапқыншылығы кезінде қазақтың жеріне көрінген иелік еткені, солардың бірі аталмыш жерлерді басып алған қыкеңдер болғаны тарихтан аян. Содан да болар Абылай хан қырғыздар басып қалған жерді қайтару үшін аты шулы жорығын жасаған еді.
Қырғызда «алыстағы туғаннан жақын көрші артық» деген сөз бар. Бұл сөз тәмсілдік сипатта болғанымен тура мағынасында, жақын көршісі - біз қазақтар, алысқы туғаны – алтайлықтар деп ұқсақ та болады. Алтайлықтар демекші, бұлар түркінің алтын бесігі - Алтайға үш қайнаса сорпасы қосылмайтын, кешегі атауы ойрот (ойрат емес), теленгит, телеут деп әртүрлі аталып, құрамадан құралып ел болған, ақыры ат таппаған соң өздерін «алтай кижи» (алтай кісі) деп атап тынған, саны небары 70 мыңнан асатын бұратана халық. Бұларды қырғыздар алтайлықтар деп те атамай алтайлық қырғыздар деп жақын тартады. Тілдері сөз жоқ ұқсайды, сонымен қатар алтайлықтардың тілі қазақ тіліне де ұқсайтын ел. Бәзбір қырғыз бен қазақтың арасындағы моңғолдасқан аралық тілге көбірек ұқсайды. Кей сөздері қырғыздан гөрі қазаққа, одан қалса моңғолға ұқсайтын дүбәра халық. Ресейдің Алтай Республикасында жасайды, сондағы Қош Ағаш қазақтарынан бола ма, тарихи жерге деген қызғаныш, таластан бола ма, әйтеу қазаққа көзқарасы жақсы емес халық...
2010 жылғы Оштағы қырғыз-өзбек ұлтаралық қақтығыстан кейін ел бірлігін бекемдеп, рухын көтеру үшін осы Алтай елінен, Манас ізімен біраз қырғыз жігіт атпен жүріп Ресей, Қазақстан арқылы Қырғызстанға келуді әрекеттенгенімен арадағы орыстың шекара кедергісінен бола «майнап» шықпаған-ды.
Бірден айтып қояйын, қырғыздың түсін түстеп, атын атайтындай, сыртынан тон пішетіндей сен кімсің десе, мен орта мектепте оқып жүргенде адамзаттың Шыңғысы аталған әйгілі Айтматовтың «Гүлсарат»-ын қырғыз тілінде оқып, Төлеміш Океевтың «Ақ илбирстин тукуму» (Кожожаш немесе Ақ барыс/ілбістің тұқымы)-ын сол тілде көріп, «Болбосо»-дай ырларын угуп (естіп), «Маш ботой», «Улуу көч»-дей күү-н (күйін) тыңдап жүрген жанмын. Қырғыз демей өзге де өзбек, ұйғыр, татар сияқты түркі тектес көптеген халықтың тілі шын мәнінде арғы түркі тілінің бөлек бөлек диалектісі, мұны кез келген адам аздап талаптанса бірден ұғып кететін өте жақын туыс тілдер. Сондықтан мен бұл туралы аздаған түсінігім бар болған соң айтып отырмын.
Лас сайлау
Қырғыз БАҚ, сайттарын да үнемі қарап отырамын. Соңғы өткен сайлауын да бақыладым. Сонда өзім жасайтын моңғол елі мен қырғыз сайлауының ұқсастығын біліп қайран қалдым. Сырттай қарағанда екеуі де демократияға сай, кім келіп бақыласа да оң баға алатын қалыпты сайлау-ақ. Бірақ аздап ішіне үңілсең, екеуі де сайлаушыларды тарту үшін небір болмайтын қадамға баратыны, тарататын ақшасы, жұмылдыратын әкімшілік ресурстары, жасайтын қара ПиАры, жалған үгіт насихаты мен популизмі де ұқсас лас сайлау. Осындай лас сайлаудан болып моңғол елінде бес бірдей президент, он шақты үкімет, алты-жеті парламент ауысса да жөнді билікке жарымай-ақ қойды.
Қырғызда бесінші президент билікке келуде. Қазіргі қырғыздың мемлекеттік құрылымы, ата заңы елін өніктіру үшін емес, келесі ыңкылаптың (төңкеріс) алдын алу үшін жасалған. Мұндай ешкім де өзіне жауапкершілік алмайтын, бас аяғы жоқ, қазақша айтқанда бір қазандағы екі қошқардың басы іспеттес жүйемен демократияға жетеміз, өнігеміз деу құр қиял. Моңғолия мұның айқын мысалы. Өкініштісі сол, қазір моңғолдар осы жүйеден әбден жалығып диктаторлық, тоталитарлық жүйені қайтадан аңсайтын болды. Жалпы, мейлі президенттік, мейлі парламенттік жүйе болсын, билік, бұл жерде жауапкершілік деп ұғыңыз, бір адамға ғана жүктелмесе, ежелден көпке бағынып жарытпаған көшпенді халық демократияның құнын түсіріп аларын біліп жүргені дұрыс. Қазір қырғыз ағайындар осы Жиенбековтен бастап президенттік басқарудан парламенттік басқаруға көшеміз деп жатыр. Сондағысы не президентте, не премьерде билік жоқ, бүкіл билік 120 депутаттың қолында болатын, бас басына би болатын өңшең қиқым тұрыптас ең жаман версия. Бұл бассыздыққа әкелетін жол. Классикалық парламенттік басқаруда билік бір адамда - премьерде ғана болады, қаласа ол өзін тағайындаған парламентті де тарата алады. Ал қазіргі қырғыз бен моңғол билігінде мұның бірі де жоқ. Осыдан хаос орнайды.
Саясаткерлердің ұраны өмірге сәйкеспейді
Қырғызстанның ІЖӨ-нің 30 пайыздайы яки 1,7 млрд доллары шеттегі қырғыз мигранттарының аударған ақшаның үлесінде. Ал Моңғолияның ІЖӨ-і өткен жылы 4,3%-ға өскен. Бұның 3%-ы алтын, мыс, көмір сияқты үш қазба байлықтың бағасы әлемдік нарықта күрт өскеннен алған көбік өсім. Шын мәнінде нақтылы өсім бар болғаны 1%. Небары 3 млн халқы бар, экономикасы өте шағын, ұлан байтақ жері бар ел үшін бұл банкротпен бірдей нәтиже. Бір жылдары канадалық «Центерра гоүлд» деген компания моңғолдың Бороо деген алтын кенін қазған еді. Жиырма жылда рет-ретімен қазып мемлекетке мол салық төлейді деп күтілген осы компания салық жеңілдігі қарастырылған заңның осалдығын пайдаланып, небары бес-алты жылда кендегі 40-50 тонна алтынды түгелдей қазып бітіріп елден шығып кеткен еді. «Кедейдің соры да бір» дегендей осы компания кеңес дәуірінде барланып, алтын қоры 700 (!) тонна деп анықталған әйгілі Құмтөр (Қырғызстанның Ыстықкөлінен түстікке қарай 60 км қашықтықта, қытай шекарасына таяу биік таулы өлкеде орналасқан) кенін үңгіп жатыр. Кен судың көзі болған мәңгі мұздықтармен бірге орналасқан, алтын алу үшін алдымен осы мұздықтарды аршып қазып алу тиіс. Ақша қаражаттан қатты қиналған қырғыз билігі халқының жаппай қарсылығына қарамай алтын компаниясына мұздықтарды қопарып көшіруге рұқсат берген заңды жақында қабылдауға мәжбүр болды. Табиғи газ бен мұнайы ғана жоқ демесеңіз қырғыз жері басқа қазба байлықтарға, әсіресе алтын мен мысқа бай. Аздаған газ, мұнай қоры да бар, менделеев кестесіндегі басқа байлықтары жететін ел. Моңғолия ұлан байтақ жеріне сай орасан мол қазба байлыққа ие өте бай ел. Бірақ осы елдер соңғы жиырма жақты жылда неге көтірілмеді? Жауабы біреу-ақ. Билігінің тұрақсыздығы, елін жаппай жайлаған популист саясаткерлердің өмірге сәйкеспейтін ұрандары – бәрі-бәрі елдің дамуын мейлінше тежеп келеді.
Мен моңғол елінде жасап демократияның шет жағасын біліп қалған адаммын. Жоғарыдағы мәліметтерді демократияға өтсек жақсы болып кетеді, қазіргі жемқорлық пен әділетсіздік, қазақ тілінің сұраншы күйі жоғалады дегендерге қарата айтып отырмын. Айтпағым, мемлекеттің мүддесінен жоғары ештеңе жоқ, бұл жолда демократиялы, не авторитарлы болу пәлендей маңызды емес. Өйткені демократияның баянды болуы сайып келгенде сол елдің геосаяси орналасуына тіке байланысты. Түндігімізде авторитарлы орыс, шығысымызда тоталитарлы қытай тұрғанда көп дүниені қиялдаумен шектелетін боламыз. Мысалы, Европаның «соңғы диктаторы» атанған Лукашенконың Беларусі орыспен шектеспей, кәрі құрылықтың хақ ортасында орналасқанда, бұл елді авторитаризмнің елесі де кезбес еді.
******
"Өкпесі жоқ қазақ"
Қырғыздың қазаққа көзқарасы айтарлықтай жақсы емес. Ел болған соң әртүрлі кеп айтылары заңдылық ғой. Тіпті олар біз туралы жақсы ойда болуы да міндетті емес. Дегенмен бұған өзіміз кінәліміз. Біз басшымыздан бастап мақтаншақ халықпыз. Қырғыздар бізді әйгілі «маңқа» атауымен бірге «өкпесі жоқ қазақ» деп те атайды. Ақындары да, артистері де. Тіпті анекдоты да солай айтылады. Сондай бір арзан күлкі, ойындарында өзбек, қазақ, қырғыз үшеуін біреуге қарсы төбелестіріп қойып, өзбекті әрнені есептейтін тақыс қу, жағымпаз біреу қып көрсетсе, қазакемді төбелестен бұрын-ақ құр мақтанамын деп өкпесі күйіп мәреге жетпей қалған мақтаншақ даңғой қып көрсетеді.
Бір жылдары қырғыздың Аалысы мен Азаматы қазақты оңбаған деп атап біраз ызы шу болғанымыз бар. Бұл да бір кездері біздің кей «өкпесі жоқ» ақындарымыздың орынсыз мақтанамын деп қырғыздың шамына тигеннен шыққан қарымта еді. Сол есінде жүрген Аалы ақыры бар қазақты оңбағанға теңеп барып жаны жәй тапқан-ды. Бұндай сөзге негізі мән бермеу керек, қыза қыздымен айтылған қай қырғыздың ауызына қақпақ боламыз, әрі мұны олардың абыройына қою керек. Өйткені, осындай айтыстарда қыкеңдер қазақты ғана шағып қоймай, көрші қытайдан бастап біраз елді түкке алғысыз етіп тастайтыны бар. Тек өзіміз болмашыға тарылмайтын, ұлан байтақ жеріміздей кең пейілді болсақ жарағаны.
Қазақ тарихындағы ең қасіретті ақтандық болатын ашаршылық та қырғыз ағайындардың «сүйіп» айтатын тақырыбы. «Сүйіп» дегенде қырылып қалдыңдар деп табалап емес, ашаршылық кезінде сендерді сақтап қалдық деп мақтанатын сөздерінің бірі. Рас, сол кезде көрші қырғыз ағайындар шамасы келгенше біраз қазақты аштықтан сақтап қалды. Мұнысына рақмет, істеген жақсылықтары Алладан қайтсын дейміз. Бірақ кейбір қырғыз туғандар тап бір бүкіл қазақты ашаршылықтан сақтап қалғандай неге үнемі айтып, сол сұмдықты бетке салық қылады, түсінбеймін?
Қырғызға берген көмекті де біздер айта бермеуіміз керек. Оларға көмектесіп жарытқан да жоқпыз. Аты дардай болған 100 млн доллар көмек құрдымға кетіп созыла берген соң онсыз да сыныққа сылтау таппай тарынып отырған Атамбаевтар құр намысқа беріліп шарт кетті, алудан бас тартты. Қазақ елінен Қырғызстанға аса ірі болмаса да, мысалы, Ошқа екі мектеп салып берді дегендей ірілі-ұсақты көмектер үнемі беріліп келді. Бірақ осындай ұсақ түйек болса да көмек шеттегі бір қазаққа берілген емес. Моңғолияның Бай-Өлке, Қобда аймағындағы 2010 жылғы ақсүйек жұтта ондағы қандастарына қазақ өкіметі бар болғаны 40 мың доллар көмек беріп, көзімізді шарасынан шығарғаны есімізде. 2016 жылғы жазда болған селден кейін сол кездегі Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов ағамыз Бай-Өлкеге барып 200 мың доллардың көмегін уәде еткен. Беріліп берілмегені белгісіз. Ендеше қырғыз ағайындар қазақтың берген азын аулақ көмегін азсынбауы, біздің өкімет (сіздерше, билік) те басқаға берген азғантай көмегін дабыра қылмағаны жөн.
Сумен қысу саясаты
Қырғызбен арадағы бүкіл келіспеушілік бір тараптан болды деу де қате. 2010 жылғы Ош қақтығысы кезінде өкімет шекараны 1 ай біртарапты тарс жауып тастап, қырғыз елі қатты қиналған. Содан айласыздан қырғыздар Жамбыл облысына ағып шығатын шағын өзен суын буып тастаған еді. Енді қолындағы жалғыз көзірді пайдаланған оларда терістік жоқ ғой. Осы кезде қазақ өкіметі шекараны қайта ашқан. Басы қазақ жерінен басталып, қырғыз жеріне кіріп қайтадан қазақ жеріне өтетін кішігірім өзенді соңынан қазақ тарап қырғыз жеріне кірмейтіндей қылып арнасын бұрып тастаған еді. Бұл да шарасыздықтан туындаған жәйіт еді. Өйткені, қырғыздар да, бастауын қырғыз жерінен алса да аяқтауын қазақ жерінде аяқтайтын Сырдария сынды өзендердің суын жазғы егістік кезінде бөгеп, қысында электр, жылу өндіреміз деген желеумен ағызып Сыр бойындағы елді қытымыр қыста қызыл суға батыратын әдеті бар-тұғын. Одан қалса суды ағызсақ орнына көмек беріңдер, стансаға жағатын көмір, мазут беріңдер деп әлекке салатын. Өкімет ақыры бұның жолын Сыр бойына Көксарай бөгетін салу арқылы шешкен-ді. Соған дейін қазаққа тиесілі қаншама су ысырап болып, Арнасай арқылы өзбек жеріне, Айдаркөлге ақты десеңші. Сайып келгенде қазақ елі қырғыз жақтан келетін суға сонша тәуелді емес. Қырғыздар Шу өзенін бөгеуге мүмкіндігі жоқ, өйткені өзен екі елдің шекара бойымен ағып отырып қазақ жеріне өтіп кетеді. Жамбыл облысының бірнеше ауданын сумен қамтып отырған Талас өзеніндегі Киров су қоймасы ғана айтарлықтай ықпал тетігіне ие. Бірақ оны бөгесе қырғыздың өз айылдары сусыз қалады, әрі тозығы жеткен ескі қойма лық толған суды үздіксіз бөгеп тұра алмайды. Демек қырғыз ағайындарда қазаққа ықпал ететіндей көзір жоққа тән, бірақ бұл біздің өкімет оларды менсінбей басынсын деген сөз емес.
"Қашқан қашақсыңдар..."
Орыстарда мания величия деген ұғым бар. Қазақшасы, бәлкім, өзін жарты құдай немесе пайғамбыр санаушылық шығар. Бірақ олардың «айдағаны бес ешкі, ысқырығы жер жаратыны» тағы бар. Осындай «ауру» кей қырғызда да баршылық. Бұл моңғол мен грек сияқты кезінде үлкен ел болып, қазір көршілерінің көлеңкесінде қалған шағын елдерде көп кезігетін дерт. Кез келген қырғыз қазақпен дауласса, қазақтың «балаң» тарихын айтуға құмар-ақ. Кеше ғана бізден таралғансыңдар, кеше ғана киргиз аталып жүрдіңдер, сендер қырғыздан қашқан қашақсыңдар, сендер «қайсақтаған» қырғыз едіңдер дегенге саяды. Патшалық орыс қазақ халқын өз казактарымен шатастырмау үшін қасақана киргиз кайсак деп бұрмалап атағанымен қыкеңдердің ісі болмайды.
Мына тұрған моңғолдың өзі қазақты менсінбейді. "Қазақ деген тарихы жоқ жасанды ұлт, қазіргі шығыс қазақ жері кезінде жоңғардың жері болатын, бұлар деген кешегі көшпелі өзбектен бөлініп шыққан қашқын пысқындар, т.т." Осындай сөзді халха моңғолдан гөрі кешегі жоңғардан қалған азғантай жұрнақ - ойраттар айтқыш-ақ. Осылардың бәріне қарсы уәж айтайын десең ғұмырың жетпейтін сияқты. Кезінде намысқа беріліп оларға біраз тойтарыс жаздым да. Бірақ бәрібір өнім болмады. Айтар сөз айтылып, қайталана берді. Тек мемлекет басшысы сияқты ауызы дуалы болмаса да отырған орынтағы дуалы біреулердің біз туралы орынсыз айтқан сөзіне абай болсақ жарады.
Өзбектердің де көзқарасы осыған таяу, қазақтар деген біздің Өзбек, Әбілқайыр деген ханымыздан бөлініп шыққан қашақтар (қашқындар), бізден бөлінген соң моңғолдасып, қырғызбен араласып бөлек халық болып кетті, оңтүстік қазақ жері өзбектікі еді дегенге саяды. Шын мәнінде Өзбек ханның қол астындағы елден басында біраз ел бөлініп қазақ аталып, артынан оған бүкіл Ұлы Дала халқы бірігіп қазақ болғаны, ал қосылмаған шағын бөлігі Мәуіренахрдағы азғантай түркілер мен түркіленген парсы, сарттармен тоғысып, өзбек аталғанын ескермейді. Қазіргі өзбек ұлты осы үш топтан тұрады, өзбек атауын әкеп теліген көшпелі өзбектер ең аз бөлігін құрайды. Олардағы бізге жақыны көшпелі өзбектің жұрнағы болған құрама, қатаған, лақайлар ғана. Қазір өзбек ұлтына жатқызып, кейде бөлек субэтнос деп те жүрген лақайдың тілі өзбектен гөрі қазаққа көбірек ұқсайды. Бұл туралы Жамбыл Артықбаев ағамыз БАҚ-тарда жазды да. Егер күндердің күнінде көшпелі өзбек ұрпақтарын жақын тартамыз десек осы лақай, құрама, қатағандарды өзімізге тартуымыз керек…
Оңтүстік өзбектікі еді демекші, кезінде Шымкент, Түркістан сияқты қалаларда өзбектер басым болды, мұны жоққа шығармаймын. Бірақ осы қалалардың айналасы толған қалың қазақ болды, яғни олар қазақ жеріндегі кішкентай анклав сипатында болды. Керісінше қазіргі Тәшкен маңынан бастап Хрущевтің кезінде өзбектерге беріліп, артынан қайтарылмай қалған қазақтың Бостандық ауданы мен Мырзашөл, Арал, Үстірті маңы деген сияқты жерлер жетіп артылады. Жер даулайтын болсақ таразы басы бізде екенін өзбек ағайындар біліп жүргені дұрыс.
Ұйғыр ағайындар Алматыны Алмути, Қытайда қалған Құлжамызды Ғулжа дейді. Бұл бүкіл оңтүстік өлке, Жетісу - Моғолстан яки ұйғырдың жері болған дегенді меңзегені. Біз өзбек пен ұйғырдың тілі ұқсас деп бірге атайтынымыз бар. Шынымен де қарлұқ-шағатай тіл тобына жататын осы екі халықтың аз бөлігін ғана жергілікті Алатау түркілері құрайтын, көбісі кешегі Енесай қырғыздарынан құралған қырғыз халқы оларды екі жаққа бөліп тастады (Енесай демекші бүтіндей бір халықтың тарихын қорлап, оларды тек Енесайдан ауып келді деуден аулақпын. Бұлардың бір бөлігі Алатаудың жергілікті түркілері екені бұлжытпас шындық. Дегенмен көбісі кешегі хақас, бүгінгі қырғыз екені де тарихи шындық. Ең соңында бурудтар (жоңғарлар қырғызды осылай атаған) жоңғардың Сыбан рабдан (Цэвээнравдан) ханы тұсында Алтай, Саяннан күшпен жер аударылып Алатау, Іле өзен маңына ауып келгені моңғол жылнамаларында жазылып қалғанын қайда қоямыз?). Бөлгенде өз күшімен емес, жоңғардың күшімен. Содан бұлар мәңгіге екі бөлек халық болып қалыптасты. Қазіргі өзбек пен ұйғыр тілі қазаққа тең дерлік жақын тіл. Екеуінен де толған фарсизм мен арабизмді алып тастасаң кім кімге де ұғынықты кәдімгі түркі (қазақ) тілі шығады. Мен баяғыдағы болған бір кикілжіңнен бола бүкіл ұйғыр халқына сезіктене қарайтын кінәмшілдардан емеспін, осы тілі, діні, ділі бір ағайын елдің қытайдан азаттық алуына тілектеспін.
Қарақалпақтар. Қазаққа тілі ең жақын халықтың бірі. Бір кездері қазақ хандығының құрамында болған, жоңғарға қарсы үнемі одақтас болған қарақалпақ ағайындар 1990-шы жылдардан кейін азып тозған ұлтқа айналды. Сыр мен Әмудің суы Аралға жетпей, көлі құрғап, жері шөлге айналды. Өзбекке қарақалпақтың елі емес, жері керек. Содан болар өзекеңдер құрып бара жатқан қарақалпақ ағайындарға көмектесер емес. Ағайындас қазаққа келсе, дүние байлыққа масаттанған «жаңа қазақтар» үйлерінде «қалпақ ұстап» намысын таптады, құлдыққа шекті. Содан бұл халықтың қазаққа мәмілесі жақсы болмай қалды. Іштері ренішке толы. Әр халықта ала да, құла да болады. Сыртқа олардың көбінесе еті тірілеу келетіні яки бір жағынан жылпостауы шығатындықтан бүкіл қарақалпақтың атын былғап, қарақалпақ деген жақсылықты білмейтін жаман халық деген біржақты пікір қалыптастырды. Бір жақсылық істесек осыларға істеуге тиісті ел едік, біз қазақтар. Өйткені, олар қазақ хандығының құрамында алты алаштың бірі болған, жоңғардың екі ғасырлық ұзақ шапқыншылығында бізден көңілі ауып көрмеген жалғыз халық. Айта кететін жәйіт, бір кезде осы қарақалпақ пен қырғыздың саны шамалас еді, қазір қырғыз бес миллионнан астам болса қарекеңдер бар болғаны бір миллиондай ғана. Бұл азаттық деген баға жетпес байлықтың құны.
Түрікмен ағайындарға салсақ, Маңғыстау дегеніміз олардың Маңқышлағы (маң немесе үлкен қыстақ) екен. Қазақтар, турасында біздің адайлар түрікменнен Маңқыстауды алып қойғанға саяды. Қазақ дегеннің өзі түрікменнің «ғазақлама»-cынан шыққан сөз-мыс.
Еділ бойы мен Қап тауындағы аздаған ноғайлар бізге ең жақын халық. Ж дыбысын и деп, біршама сөзді сәл өзгеше айтқаны болмаса кәдімгі қазақ тілінде сөйлейтін, етене жақын халық. Домбырасы да бірдей. Қазаққа жағымсыз пікір айтпағанымен өздерін қазаққа жатқызғысы келмейтін, әрдайым ноғай деген бөлек ұлтпыз деп дәріптейтін шағын халық. Біз қазақтар үнемі қарайласып жүруге тиісті бірден бір халық осылар. Он алты миллионнан астам қазақ саны жүз мыңға да жетпейтін ноғайлысына қарайласпаса елдігімізге сын деймін.
Естек. Ежелгі атауы. Қазіргі башқұрт. Біз кездері бізден қалған Орынбор мен Селебіден ары қазақпен тоқайласып жатқан ел. Арғы тегі қыпшақ даласынан, тіпті бір бөлігі енесай қырғызынан тараған башқұрттар сондағы еділ-бұлғар татарларымен әбден араласып бізден тілдік жағынан ұзаңқырап кеткен. Қазақтың жоғарыдағы аталған жерлерін өзіне телитін, осыдан бола қазаққа аздап қырын қарайтын ұлт.
Ал татар мен тывалар қазақпен тура шекараласпайтын, осыған сай бізге мәмілесі де түзу халықтар. Қарап отырсаң айналамыздағы бүкіл көршілеріміз түркі тектестер, әрі қазаққа сәл қырың қарайтыңдар. Бұның себебі қазаққа аздап қызғанышпен қарауында. Өйткені, олардың ұғымында қазіргі қазақтың ұлан байтақ жері, оның тәуелсіздігі де аспаннан салбырап оқыс түсе салған бақ, кездейсоқтық. Қазақ осы ел мен жер үшін мың өліп мың тірілген қандай жанкешті ұлт болғанын біле бермейді. Дүниеде кездейсоқ деген жоқ, қазіргі Қазақстан да қазақтың өткені мен пейіліне сай берілген Алланың несібесі дегенді олар ұқпайтын сияқты.
Орыс пен қытай жәйлі көзі қырақты оқырман онсыз да білетіндіктен сөзді соза беруді жөн көрмедім.
Х.Ғалыммұрат, Ұланбатыр
Abai.kz