Дүйсенбі, 4 Қараша 2024
Өзіңе сен 8636 36 пікір 29 Қараша, 2017 сағат 13:01

Қандастарға жасалған қиянаттарды халықаралық ұйымдарға жеткізе алмай отырмыз

Соңғы кездері Қытайдағы қазақтардың қысым көріп жатқаны туралы БАҚ беттерінде жиі жазыла бастағанымен, еліміздің құзырлы орындарында қузау салғанымен, қандастарымыздың қал-ахуалдары оңала қойған жоқ. Қысым күннен күнге артып келе жатқаны жиі айтылып жүр. Осы тұрғыда қандастарды қытай билігінің тартқызып отырған тауқыметінен арылтудың жолы қалай?  Қытайда жатқан екі миллионға тарта қазақтың құқығын қалай қорғау керек? Міне осы мақсатта біз ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа сол қазақтардың жағдайы туралы алғаш болып жеткізген, Германияда тұратын қандасымыз Өмірхан Алтынмен сұхбаттасуды жөн көрдік. 

- Өмірхан аға, сұрақты бірден бастасақ. Шетелде өмір сүріп жатқан қазақ өкілі ретінде Қазақстанға деген көзқарасыңыз қалай? 

Ең алдымен күллі Қазақ баласын Қазақ елі тәуелсіздігінің алда келе жатқан 26 жылыдығымен, шын жүректен құттықтаймын!  Біз бәрінен де бұрын Қазақстан дейтін тәуелсіз еліміздің, Атамекеніміздің болғанына Аллаға сансыз шүкіршілік етеміз. Қазақстан – әлемде тарыдай шашыраған қазақтардың арқа сүйер тауы, мақтанышы, қуанышы. Ата-бабамыз ғасырлар бойы аңсаған Қазақ елі тәуелсіздігінің 26 жылын тойлағалы жатырмыз. Атам Қазақ айтпақшы «елу жылда ел жаңа» дегендей, Алла қаласа Қазақтардың ауызбіршілігі, бірлік-берекесі мықты болса алда бұдан да зор талай белестерді алары сөзсіз.

- Еврейдің Израилі, орыстың Ресейі, немістің Германиясы деген секілді әр ұлттың артында тірек болған үлкен елдер тұр. Сол секілді сіздерге Қазақстан қаншалықты тірек бола алады?

Дәл қазіргі тұрғыдан Қазақстанды Израильмен, Ресей немесе Германиямен салыстыруға болмайды. 26 жыл деген адам өмірі тұрғысынан алғанда көп уақыт. Ал, толыққанды ұлттық бір мемлекеттік қалыптасуы барысында бұл өте қысқа бір заман. Қазақстан, шынын айтқанда, саяси тұрғыда тәуелсіз болғанымен, тіл, экономика, қорғаныс салаларда толықтай тәуелсіз ел болуы үшін Қазақтардың бірлікте әлі де біраз күш жұмсауы керек. Бірақ-та, соған қарамастан, жас Қазақстан – Қазақ елі шет елдердегі қандастары үшін қазірге дейінгі іс-әрекеттерімен, адал ниетімен болашақта шет жұрттағы қандастарына қаншалықты қорған болатынын көрсетті. Әрине, бұл мәселеде кемшіліктер жоқ емес, барлығымыз бір болып, ұлттық мәселені ақылдасып, жұмыла отырып әрекет етсек, орны толмайтын кемшілік болмас.

- Сіздер кешегі көне Қытайдың зобалаңынан тентіреп кеткен халықтың ұрпағысыздар. Ал, бүгінгі жаңа Қытайдың сол жердегі қандастарға жасап отырған жат пиғылына қалай қарайсыз? 

Өздеріңіз айтқандай, отаршыл Қытайдың бұрынғы кездерде де Қазақтарға қаншама қиянат жасап, тарихи отандарынан босып кетуге мәжбүр еткені тарих беттерінде тұр. Ол баршаға аян. Ал дәл қазіргі мына заманда қытайлардың қол астындағы қандастарымызға қарата жасап отырған қысым қудалау әрекеттері, зұлымдықтары, әсіресе өркениетті, мәдениеті мен демократиясы дамыған Батыс елдерінен қарағанда барып тұрған дөрекілік, жабайылық, әділетсіздік болмақ. Қытай үкіметінің істеп отырғандары ең алдымен адамгершілікке, содан кейін өзінің заңдарына, халықаралық адам құқықтарына қарама-қайшы іс-әрекеттер, қылмыстар. Анығын айтқанда, Қытай үкіметі "күш менде, акша менде ал қайтесің" деп, өз территориясындағы аз ұлттарды тез арада ассимиляциялап, қорқытып, үркітіп, зорлық-зомбылықпен жоқ етудің шараларын іске асыруда.

- “Әлемдегі бар қазақтың жалғыз отаны - Қазақстан”.  Қазақ елі осы қандастарымыздың тағдырына неге араласа алмай отыр?

Қазақстан үкіметі басқа мәселелерде болғанындай, бұл мәселеге де қолынан келгенінше араласып келеді. Қазақстан үкіметінен Алла разы болсын, әсіресе Астанада өткен Қазақтардың 5-ші кұрлытайынан кейін, Президент Нұрсұлтан Назарбаевтің тапсырмасымен Қазақстан Сыртқы Істер Министірлігі бұл мәселеге дипломатиялық салада күш жұмсап келеді. Министірлік қызметкерлері, жақын арада өздері де мәлімдегендей, алдын ала маған да хабарласып, қолдағы дәлелдерді, фактілерді алға тартып Қытай үкіметінен қысымға тап болып отырған сондағы қандастарымыз туралы мәліметтер талап етілгенін хабарлады. Ал байрғы Атамекенінде Қытай үкіметінің зорлық-зомбылығына тап болып отырған қандастарды қорғауды тек қана әлі буыны қатпаған жас Қазақстан Мемлекетінің ресми қызметкерлеріне жүктеп қою, жалпы Қазақтар болып тәуелсіз Қазақ елінің болашағына, ұлттық кауіпсіздігіне жасаған қиянатымыз болады. Бұл тек қытай қолы астындағы қандастардың емес, бүкіл Қазақтың ортақ қасіреті. Ұлттық мәселеде сен-мен демей, бірігіп әрекет етіп, жауларға қарсы қай мәселеде болмасын жұмыла отырып күш жұмсауымыз ауадай қажет.

- Сіздер Еуропода, кісілік құқықтың барынша қорғалған демократиялы елде жасап жатсыздар. Сол елдердің мінберлеріне Қытайдағы қандастардың қал-ахуалы туралы жеткізе алдыңыздар ма?

Мына жақта санаулы адамдар қолдарынан келгенше тырысып бағуда. Бірақ әлгінде де айтқандай, бұл бір екі кісінің жеке іс-әрекеттерімен халықаралық дәрежеге көтерілетін мәселе емес. Халықаралық адам құқықтары ұймдарының, батыстық үкіметтер мен қоғамдардың назарын бұл мәселеге аударту үшін, ең алдымен жасалып жатқан зұлымдықтар туралы нақты дәлелдер, онан соң артыңда сені әрбір тұрғыдан қолдап қостайтын ресми болсын бейресми болсын күштер болуы керек. Өкінішке орай, жеке басының қамын ойлап, қытайдың ақшасына қызығып, ұлттық мүддеге қайшы, қытайдың пайдасына сай іс-әрекеттерге барып жүргендер, ұлттық сана-сезімнен жұрдай адамдар Қазақстанда да болғандай, мұндағы Қазақтар арасында да жоқ емес.

 - Әлемдік адам құқығын қорғайтын ұйымдар бұған неге үнсіз отыр. Білмей ме, әлде олардың араласуы үшін қытайдағы азшылық ұлттарда Мьянмадағы қасіретке тап болуы керек пе?

Егер халықаралық адам құқықтарын қорғаушылар, батыстық үкіметтер мен қоғам үнсіз отырса, бұл олардың емес, біздің кінәміз. Біз бас қосып, қытайлардың қандастарымызға неше уақыттан бері істеп келе жатқан қиянаттарын нақтылы дәлелдермен, халықаралық нормаларға, заңдарға сай оларға, тиісті халқаралық орындарға әлі күнге дейін жеткізе алмадық. Бұл мәселеде Қазақстан үкіметі, саяси партиялар, қоғамдық ұйымдар, жалпы алғанда барлық Қазақ біріге отырып, жан-жақты жоспарлап, халықаралық талаптарға орай әрекет еткенде бір нәтижеге қол жеткізе аламыз. Бәрінен де бұрын Қазақстанға арғы беттен көшіп келген, нағыз қысым қудалауға тіке өздері, артта қалып қойған ағайын-туыстары тап болып отырған қандастарымыздың мұнда жауапкершіліктері артығырақ болмақ. Халықаралық ұйымдар тек қана нақты фактілерге, дәлелдерге ғана сүйене отырып әрекет етеді. Сондықтан бұл ағайындар мүмкін болғанынша көбірек, нақтылы дәлелдерді Қазақстан үкіметіне, осы мәселеде күш жұмсап келе жатқан ұйымдарға қорықпай тапсырулары керек. Нақтылы дәлелдермен ғана халықаралық адам құқықтары ұйымдарын, Қытай үкіметінің зұлматына назар аударта аламыз. Ең маңыздысы бұл мәселені, халықаралық деңейге көтеру барысында, жасыратын емес, қаражаттың да жеткілікті болуы шарт. Сөздің соңында айтарым, Қазақелі бұдан да бұрын қаншама қиын-қыстау кезеңдерді бастан кешті. Әруақ қолдап, Ата-бабаларымыздың аяусыз күрестерінің нәтіжесінде бүгін Аллаға шүкір, тәуелсіз Мемлекетпіз. Қазақ баласы қазіргі кезде тап болып отырған қиындықтар, қысым қудалаулар, егер ұлттық береке-бірлігіміз күшті болып, Атамекен Қазақстанымыздың тәуелсіздігі мықты болса өтеді де кетеді. Біз Қазақтар қасиетті де, ұлы халықпыз. Сондықтан Қазақелі кім екенін өткен ғасырларда болғандай, Алла қаласа болашақта да күллі әлемде көрсететін болады.

- Сұхбатыңызға рахмет!

Қойшыбек Мүбарак

“The Qazaq Times” 

36 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 898
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 1143
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 1097