«Қазлатын» - латын әліпбиіне қатысты барлық ақпаратты қамтитын портал
Жақында елімізде латын графикасына көшу туралы барлық ақпараттар толық қамтылған интернет-портал іске қосылатын болады, - деп хабарлайды "Abai.kz" порталы.
Мұндай жаңалықты бүгін Астанадағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты Ш.Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығының директоры Ербол Тілешов мәлім етті.
Тілешев мырзаның ақпаратына сүйенсек, қазіргі таңда «Қазлатын» атты интернет-портал ашу жоспарланып отыр. Аталған интернет-порталда латын қаріпіне көшуге қатысты барлық ақпарат жиынтықталған.
- Осындай сайттар, порталдар біздің жасап жатқан жұмысымызды жеңілдетеді. Қандай жұмыстар болып жатыр, қандай нәрселер істелу керек, қандай ғылыми шаралар бар, солардың барлығынан хабардар ететін боламыз сіздерді, - деді Ербол Тілешов.
Президенттің пәрменімен жүзеге сырылып отырған латын қаріпінің жаңа нұсқасы бірер күнде Мемлекет басшысына таныстырылған болатын.
Орталық басшысы Ербол Тілешев мырзаның айтуынша, әліпби нұсқасын әзірлеуге Қазақстандағы ең мықты деген 5 ғалым қатысқан. Ал жұмысшы топқа қосымша қаражат төленбеген.
Латын әліпбиіне көшу – қазақтың төл дыбыстарын ашуға септігін тигізеді. Бұл да Ш.Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығының директоры Ербол Тілешов мырзаның айтқаны. Ербол мырзаның айтуынша, келер жылдан бастап елімізде осы сала бойынша қызмет алатын мамандар дайындалады.
Естеріңізге сала кетейік, бірер күн бұрын Мемлекет басшысына әліпбидің жаңа нұсқасы таныстырылған болатын. Әліпбидің жобасына қатысты 20 мыңнан астам адам түрлі пікір білдірген. Олардың көпшілігі әліпбиге байланысты, сонымен қатар, жекелеген дыбыстар мен енгізілу ерекшелігіне байланысты болды.
«Біз Елбасына диграфпен кіргенбіз. Ол кісі, ол жерде өзінің ұсынысын айтты және ол ұсыныс өте дұрыс болды. Бізде ондай ұсыныс болған, бірақ біз ортақ мәмілеге келе алмағанбыз. Сол ортақ шешімді Елбасы тауып берді», - деді Ербол Тілешов.
Abai.kz