Кириллицаның кемшілігі көп. Латын ше?
Жаңа латын авторлары кирилицаның кемшіліктері жайлы айтты,-деп хабарлайды "Abai.kz" ақпараттық порталы.
"Өткен ғасырдан бергі қазақ жұрты қолданып келген, күні бүгінгі қолданыстағы 42 әріптен тұратын әліпби – жасанды әліпби",- дейді Шаяхметов атындағы тілдерді дамыту жөніндегі республикалық үйлестіру-әдістелемлік орталығының директоры Ербол Тілешов.
Қазіргі қолданыстағы әліпбиде 42 әріп бар екені белгілі. Олардың дені орыс әліпбиінде қолданылады.
"Бүгінгі біздің қолданып жүрген әліпбиде 42 әріп бар. Біз белгілерді немесе әріптерді емес, дыбыстарды санауымыз керек. Қазақша дыбыстар бар ма? 42 әріп – ол жасанды әліпби. Қазақ тілінде ондай дыбыстар жоқ. Мәселен, ағылшын тілінің әліпбиінде 26 әріп, 44 дыбыс бар. Олар 44 дыбысты 26 белгінің көмегімен қолданады. Ал бізде керісінше, 28 дыбыс, 42 әріп бар. Бұл дұрыс емес", – деді Ербол Тілешов Орталық коммуникациялар қызметінің баспасөз мәслихатында.
Тілешовтың айтуынша, Я және Ю сынды әріптер қазақ тілінде де, орыс тілінде де жоқ.
"Орыс тілінде Я – йа, Ю – йу дегенді білдіреді. Ондай әріптердің қандай қажеттілігі бар? Қазақ тілінде, сондай-ақ жіңішкелік белгісі мен айыру белгісін де ұстаудың қажеттілігі жоқ. Бізде сингорманизм жіңішкелік белгісімен емес, буынмен анықталады", - деп түсіндірді Тілешов.
Бұдан бөлек, Тілешов ағылшын тілімен салыстырғандарға да жауап берді.
"Латын әліпбиі – ағылшын әліпбиі емес. Ағылшын тілі латын әліпбиі негізінде жасалған, қазақ тілі де солай болмақ. Тілді әліпбимен шатастырудың қажеті жоқ. Француз тілі де латын әліпбиінің негіщінде жасалған. Соны ескерейік", - деді Шаяхметов атындағы тілдерді дамыту жөніндегі республикалық үйлестіру-әдістелемлік орталығының директоры.
Abai.kz