Бейсенбі, 3 Қазан 2024
Аймақ 6905 2 пікір 13 Желтоқсан, 2017 сағат 10:43

Ауыл тұрғындарының өтініші Көшербаевқа жетпей жатыр

Құрметті редакция! Бұл хатты Қызылорда облысындағы бірнеше БАҚ редакциясына жіберген болатынбыз. Бірақ, қабылдамады. Онысы түсінікті де болар. Сондықтан, республикалық баспасөзге жіберіп отырмын.

Ел басына күн туған заманда Отанын қорғауда батырлықтың үлгісін көрсеткен аталарымыздың ерліктері ешқашан ұмытылмайды. Қазақ халқы әрқашан баба ерлігін ұрпақтан ұрпаққа өсиет етіп қалдырған халық. Әр қазақтың бойында Отанға деген сүйіспеншіліктің оты ұшқын атып тұратындығы сонан шығар деп жатамыз. Ал, көп жағдайда, батыр бабаларымыздың  ерлігін ескермек түгілі, ерлігін көре тұра бағаламайтын әрекеттерге куә болып жүрміз. Осы сөзіме дәлел ретінде, Сіздердің басылымдарыңыз арқылы  қалың оқырманның және облыс әкімі Қ.Көшербаевтың назарын төмендегі жағдаятқа аударсам деймін.

Менің немере ағам Айтпай Әубәкіров 1917 жылдың аяғында дүниеге келген. 1936 жылы жоғарғы оқу орнын бітіріп өзінің дүниеге келген жері Сырдария ауданы Қарауыл-төбе ауылындағы бастауыш мектебінде мектеп директорының орынбасары, жаңадан ұйымдастырылған «Қазрис» атындағы колхозына 7 жылдық мектептің директоры болып еңбек жолын бастаған. Сол мектепте, 1942 жылдың басында өзі сұранып соғысқа аттанғанша ұстаздық етеді. 1943 жылдың аяғында Белорусь маңында бір аяғынан жараланып, екінші топтағы мүгедектігіне байланысты елге оралған. Соғысқа дейінгі қызметін жалғастырып, мектеп директоры болып 15 жыл ұстаздық етіп, 1960 жылдары денсаулығына байланысты зейнетке шығып, 1988 жылы дүние салды. Сол асыл ағамыз Отан қорғауда да бейбіт өмірде де ерен еңбектің үлгісін көрсете білген Батыр азамат болғанына ауылдастары мен туған туыстары куә. Оған дәлел соғыста марапатталған екі орден, 4 медальі. Аға лейтенант шені мен комбат орынбасары лауазымы мен бейбіт өмірдегі екі медальі.

Құжаттармен бірге, «Ердің ерлігі ұмытылмайды» деген қағиданы еске ала отырып, бұрынғы «Қазрис», қазіргі «Досан» ауылындағы 2013 жылы салынған жаңа мектепке Айтпай Әубәкіровтің есімін беруді сұрап, кезінде ағамыздан дәріс алған ауыл тұрғындары облыс аумағында әр деңгейде қызмет жасап, зейнетке шыққан оқушылары қосылып, қалалық ономастикалық комиссияға өтініш түсірген болатынбыз. Сол уақытта шыққан нысандарға есім беруді уақытша шектеу туралы қаулыға сәйкес біраз уақыт үзілістен кейін, Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында соғысқа қатысқандарға шектеу алынып тасталысымен мектепке Әубәкіровтің есімін беру сұрағы қайта көтеріліп, қалалық ономастика бөлімінен қолдау болғанымен облыстық ономастикалық комиссиядан өтпей қалды. Осылайша, бүтін бір ауылдың өтініші қанағаттандырылмады.

Облыстық ономастикадан ҚР Тіл туралы Заңының 25 бабының 5 тармағының ономастика критерийіне сәйкес келмегендіктен қолдау таппады деген жалаң, түсініксіз жауап алдық. Жалпы, шектеуден бөлек, соғыс ардагерлеріне арнап шектеу алынғанына байланысты 25/5 тармағын желеу етіп, Заңның бұрмаланғандығын дәлелдеу үшін «Нұр Отан» партиясының араласуымен облыстық ономастика мен ішкі облыстық саясат басқармасының басшылары Р.Рүстемов, А.Жарылқағанов мырзалармен кездесу өткізілді. Сол кездесудегі 25 баптың 5 тармағындағы критерийлердің 90 пайызы Айтбай Әубәкіровтің есімін мектепке беруге ешқандай кедергі келтірмейтінін дәлелдеп шықтым. Менің 25\5 тармағында көрсетілген нұсқалардың мектепке Айтбай Әубәкіровтің есімін мектепке беруге толық сәйкес келетінін толық дәлелдегендіктен жоғарыда аталған лауазымды мырзалар біз бұл іске қайта оралып, тіпті, болмаса Досан ауылынан Айтбай Әубәкіровтің атынан көше беруді қарастырып, жақын арада өзіміз хабарласамыз деп телефон нөмірлерін алып қалған болатын. Жаздың күні ол кісілерден хабар болмаған соң, өзім хабарласып едім. Біз «ЭКСПО-2017» көрмесінде жүрміз, 2-3 күнде елге оралысымен өзіміз хабарласамыз деген жауабын алғаныммен ешқандай байланыс болған жоқ.

Әкімдік шенеуніктерінің сөз бұйдаға салуына қарап, бұл істің оң шешілуіне мүдделі еместігіне көзім жетті. Бұлар неліктен Айтбай Әубәкіровтің  есімін беруге кедергі келтіріп, құлықсыздық танытып жүр деген заңды сұрақ тууы мүмкін. Оның себебі, адами фактор. Оған дәлел, мектепке есім беру мәселесін ауыл тұрғындары көтерісімен бізбен қатарласа бірнеше шағын топ өз туыстарының есімін беруді сұрап, 3-4 есімдерді ұсынып еді. Ауыл тұрғындары олардың өтінішін қабылдамай қойды. Себебі, ол кісілердің ауыл тұрғындары болса да, бұл ауылға мектепке, мысқылдай да қатысы болған емес. Осындай келеңсіз жағдайларды ескеріп, осы іске оң баға берудің орнына осы жұмысты күрделендіріп жіберген облыстық ономастика төрағасы Р. Рүстемов пен ішкі саясат басқармасының басшысы А. Жарылқановқа оң бағыт беріп, мәселенің дұрыс шешілуіне ықпал етер деген үмітпен Айтбай Әубәкіровтің барлық құжаттарын көшірмесімен қосып, облыс әкімі Қ.Көшербаевтың атына жолдаған болатынмын. Әкімдіктен алған жауабыма қарап, менің өтінішім әкімнің қолына тигеніне күмәндандым.  Себебі, Қызылорда халқына өңірге деген ерен еңбегінің арқасында облыс жұртшылығының сүйіспеншілігіне бөленіп жүрген әкім өтініштегі келеңсіздіктерді оқыса, Айтбай Әубәкіровтей аталарымыздың ерен ерліктеріне бей жай қарап, сырғыма жауап беретініне күмәнданамын. Айтпақшы, әлгі «кедергі келтіруші» облыстық ономастика комиссиясының  төрағасы Р. Рүстемовтің қатесін көрсетіп, облыс әкімі Көшербаевтың атына жазған өтінішіме Е. Рүстемов деген «шенеуніктің» жауап бергеніне қарап, өтінішімнің облыс әкімінің қолына тимегеніне күмәнім әрі қарай нығая түсті. Сонда, облыстық ономастика комиссиясының төрағасы Р.Рүстемов пен облыс әкімінің атынан жауап берген мырзаның фамилиялас болуы да кездейсоқтық па? Әлде, «ағайынды» шенеунік пе?

Қазақ болып туған ұлт жанды азамат ретінде мені толғандыратын жағдай, кейбіреулердің жалған атақ үшін байлығын лауазымын пайдаланып, кезінде жемқор, парақор атанып, халық қазынасын талан таражға салған ата-әкелеріне көше, ауыл-нысандарға есімін бергізуге барлық мүмкіншілігін пайдаланса, соның заңдылығын қадағалайтын құзырлы органдардың қолдауымен есімдері беріліп, тіпті қылмыс жасап түрмеде отырып келгендер Қызылорда қаласының құрметті азаматы деген атағымен «қызыл кітапқа» енгендердің біразымен таныс, қызметтес те  болғанмын. Отанын қорғап, ерлік жасап, бейбіт өмірде шәкірттеріне білім бұлағын сіңірген Айтбай Әубәкіровтің ауыл мектебіне есімін беру ісінің неліктен сонша күрделеніп кеткеніне таңым бар. Өздерінің жаман, пасық қарекеттерін өткізу үшін жақсылықтың тамырына балта шапқанды қашан қояр екенбіз? Қызылорда облысы әкімдігінің шенеуніктерінен жауап күтемін!

Оңдасын Ысқақов

Abai.kz

 

2 пікір