Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
Алашорда 10511 32 пікір 18 Желтоқсан, 2017 сағат 12:53

Көкжал Барақ көтерген тас

Найманның Ергенекті тармағындағы Көкжарлы руынан шыққан батыр, қолбасшы Көкжал Барақ Шүрекұлы жөнінде біршама ғылыми еңбектер, көркем шығармалар, поэма мен толғаулар жазылған еді. Батыр бабамыз жөніндегі аңыздар атадан балаға мирас болып сақталып, осы күнге дейін айтылып келеді. «Ескіні есіңе алсаң, есейгеннің белгісі» дегендей, Барақ бабамыздың қара шаңырағындағы ұрпағы болған соң, есімді білер білместей ата-әжелерімнің, үйге келген аталастарымның аузынан батыр туралы көптеген хикаяттарды естіп өскен едім.  Енді міне, есейген шағымызда сол әңгімелердің бірін есіме алып отырмын.

Әкеміз марқұм Шығыс Қазақстан облысындағы Ұлан ауданында совхоз директоры болып жүргенінде бір тастың қасында отырып: «Барақ атаңның тасы» деп айтқаны, сол тастың маңында жал-жаяны байыппен кесіп біздің аузымызға салып отырғаны ғана еміс-еміс есімде қалыпты. Бұл тас Сібе көлдерінің маңындағы қалмақтардың қамалының үстінде қалған. Ұлан ауданындағы Сібе көлінің маңындағы жергілікті халықтың үлкендері бұл тас жөнінде аңыздың неше түрлі нұсқаларын айтып жүреді. Тастың үлкендігі «Москвич» көлігіндей болған деген сияқты әңгімелерді көп естуші едік.  Ең бастысы, бұл тастың жоңғарлардың қамалы деген Аблайкиттің үстіндегі үлкен жартаста қалғаны анық. «Аблайкиттің үстінде» деген соң, кейбір зерттеушілер адасып, Өскемен қаласына жататын Аблакетка ауылының үстіндегі төбеден бір тасты таңдап алып, атап кеткендері де болған. Бұл төбе жоңғардың Абылай тайшысының атымен аталғанын білмеген келімсек әкімдер осы жерге ту тігіп, төбені «Абылай шыққан» деп адасып, жоңғардың атын шығарып кеткен еді. Ал енді, осы тудың астында тұрған тас, әрине, Барақ бабамыз көтерген тас емес. Бұл тасты адамды қойып кран да көтере алмас.  Бабамыздың көтерген тасы қазіргі «Точка» ауылының қарама-қарсысында тұрған Аблайкит қамалының үстіндегі жартаста қалғанын көптеген ескіні естігендер айтып жүреді. Қамалдың өр жағындағы жалпақ жартастың үстінде тұрған бұл тасты біреудің көтеріп қойғаны білініп тұр. Бұл жерге кран көлігі келе алмайды. Салмағы шамамен атан түйенің салмағындай болар бұл тас не аспаннан түсті, не біреулер оны осы жерге әдейі көтеріп әкеліп қойды.

Енді, осы Аблайкит қамалының тарихы мен бұл тастың анау жерге қалайша қойылғаны жөнінде  айталық. Ресми тарихта бұл қамалдың 1654-жылы салынып, 1671-жылы жоңғарлардың ру аралық қақтығыстарында Қалдан Сереннің қолымен талқандалып иен қалғаны айтылады. Әрине, орыс елшісі Федор Байковтың көзінше Абылай тайшының салған қамалы жөніндегі ақпараттар коммунистік дәуірде толық болмаған. Коммунистік идеология бұл қамалды қиратқандардың анығында қазақтар екенін халықтан жасырып келген. Сондықтан да, кейінгі ұрпақтарға бұл хабар аталарымыздың айтып келген «Сібе соғысы» төңірегіндегі әңгімелер арқылы жеткен. Және, де Сібе соғысының басты кейіпкері Көкжал Барақ болғаны талай жерде айтылады. Көкжал Барақ көтерген тас жөнінде де осы соғысқа қатысты айтылып жүр.  Ал енді, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметовтың тапсырмасымен бұл Аблайкит қамалына археологиялық жұмыстар жүргізілген соң, бұл жерде туристік бизнесті ұйымдастыруға бет алғандар коммунистерден қалған деректерді ғана алдыға тартып, бұл қамалды Қалдан Сереннің өртегенін  ғана айтып жүр. Әрине, бұлар да басқа жақтан келген соң, жергілікті халықтың тарихын мүлде білмейді, тіпті, байқауымызша, білгілері де келмейді. Әйтеуір, бұл әкім біткенге ойраттың Абылай тайшысының әруағы риза болып жатқаны анық. Орыс ұлтының өлкетанушылары да, кешегі колониалдық саясаттан болған лақабты ғана айтады.  Тапсырыспен жазған болса керек, өлкетанушы А.Щербик бұл қамалдың астында жоңғарлардан қалған алтын қазынаның жасырын жатуы мүмкін екенін айтады. Сол баяғы, қазба жұмыстарына бөлінген қаржы бекер емес дегендей.

Тарих факультетінде оқып жүргенімде Қазақстан жеріндегі Қимақ хандығы дәуірінің қорымдарына  архелогиялық экспедицияға барғанымызда, еліміздегі барлық тарихи нысандардың  Петр біріншінің  заманында тоналып кеткенін Ресей археологтарынан естіген едік. Ал енді, Аблайкит қамалы болса, осы заманға дейін сан рет тоналған. Қамалдан алынған экспонаттар қазіргі таңда Париж музейлерінде тұр. Бұл жерде қазір кірпіштер мен қыш тақтайшалардың сынықтарынан басқа еш нәрсе қалған жоқ. Бұл қамалдың қазба жұмыстары ғылымға да еш жаңалық әкелмейді.  Осылай болғанда, біздің аталарымыз киратып кеткен бұл атаңа нәлет жоңғардың бұтханасы мен қамалы мемлекет пен халыққа не үшін керек? Оны неге қайтадан қазып алып қалпына келтіріп жатыр? Біздің рухани жаңғырумыз үшін бұл қамалдың жалған тарихы кімге керек?  Міне, жергілікті халықты осындай сұрақтар мазалап жүр. Оның үстіне, бұл өлкенің туристік алаңға айналатынын білген жергілікті шолақ белсенділер болса керек, ғаламторда бұл  қамалды Сібе соғысында Аблай ханның тапсырмасымен терістаңбалы Жарылғап батырдың қиратқаны жөнінде  лақаб таратып жіберген екен. Анығында, Сібе соғысы өз жайына, қамалға шабуыл өз жайына болған. Осындай жағдайларға байланысты қамалдың тарихынан сыр шертуді жөн көрдік. Бұл қалмақтың қамалы, туған жерін жауларынан азат ету үшін қан төккен біздің аталарымыздың жорық жолдарының бір куәсі болады.

Бұл қамал жөнінде кітап жазғандардың бірі Барақ батырдың Бостан деген ұлынан  тараған ұрпағы, КГБ-ның барлау қызметінің ардагері, мамандығы тарихшы болған полковник Совет Жанбосынов ағамыз болатын.  Совет ағамыз марқұм, Барақ бабасының жорық жолдарын осы қалмақ қамалынан бастап қырғыздағы «Жайыл қырғынына» дейін баяндаған екен. Қазақтардың қамалға шабуылы 16 жасынан соғысқа кірген  бабамыздың 25-30 жастар шамасында болған деседі. Яғни, бұл маңға қазақтар Бұланты шайқасынан кейін келген. (1726 жж).  Олай деуіміз, осы Бұланты шайқасынан кейін жоңғарлар басып алған қазақ жерлерін азат ету кезеңі басталған еді. Туған жерін жоңғарлардан азат ету үшін алдымен Көкжал Барақ бастаған қол Көкжал Барақтың қарауыл төбесі аталған Айыртаудың бөктеріндегі Сатый батырдың бұлағының маңындағы сәуегей үңгірге келіп Қабанбайды тосады. Барақ батырдың қарындасы Қалампыр анамыз сәуегей үңгірге кіріп бал ашып, қазақтардың қамалға үстінен түсетіндерін айтады. Бірер күндерден кейін Ертісті бойлап Қабанбай батыр, Керей Жәнібек пен Сұлтан Барақтар келеді. Ол кезде сұлтан Барақ - төре тұқымы ретінде найманды қаратып отырған екен. Алай да, Барақ бабамыз бұл Сұлтан Барақты жақтырмай, найманның төресі Қабанбай деп сұлтанмен ұстасып қалады. Бұл жанжалға Қабанбай батырдың өзі араша түседі.  Осыдан кейін қазақтың қалың қолы қамалдың түбіне келеді. Қабанбай батыр елші ретінде қамалдың ішіне Көкжал Барақ пен Керей Жәнібек батырларды жібереді. Олар қамалға жаяу кіріп барып қамалдың сардарымен кездеседі. Қан төгілмес үшін қамалды өз беттерімен тастап, жоңғарлар жайымен кететін болса, кедергі болмайтынын айтады. Сол кезде қоршауда қалғандарын түсініп, уақытты созу үшін бе екен, әйтеуір, қамалдың сардары қулыққа көшіп, бұтхананың алдында жатқан дәу тасты көрсетіп бәс тігеді. Егер де, бұл тасты қалмақтың батыры көтеріп анау жартастың  үстіне  қойса, онда, қазақтар соқтықпай жайына кете бермек. Егер де, қалмақ көтере алмай, қазақтың батыры тасты апарса, онда, қалмақтар қамалды босатып бермек болады. Бірінші кезек қалмақтікі болып, ол батыр тастың астына кіріп көтеріп алып төрт-бес қадам жасап барып шөгіп қалады. Міне, осыдан кейін Көкжал Барақ бабамыз тасты көтеріп алып әлгі жартастың үстіне қояды да, бәсті жеңіп шығады. Осыдан кейін, жоңғарлар ертесінде қамалды босататын болып тарасады. Алай да, ертесінде жоңғарлардың ламасы қамалдың үстінен айқайлап: «Бұл қамал емес, бұтхана, сардардың қамалға қатысты келіссөз жүргізуге билігі жоқ, мен сендермен бәстескен жоқпын, сондықтан да, бұтхананы тастамаймын, қамалды босатпаймын!» дейді. Осыдан кейін ғана қазақтар қамалға шабуыл жасап, қарағайдан басқыштар жасап алып, Қалампыр анамыз айтқандай қамалдың үстінен түседі. Тауға қарай қашқан ламаны Көкжал Барақ ең биік жартастың үстінен ұстап алып басын кесіп алады. Жоңғар ламасының өлер алдындағы шыңғырғаны жан түршіктірген екен. Қазақтар бұтхананы өртесе де, «бүлінгеннен бүлдіргі алма» дегендей, будда дініндегі ойраттардың құдайшықтарын алмаған болса керек. Сондықтан да, кейінгі келген орыс саяхатшылары бұл иен қалған қамалдың ішінен  қола құдайшықтар мен құжаттарды тапқан еді. Егер де, бұл қамалды Қалдан Серен қиратып кетсе, онда, қоладан жасалған будда дінінің құдайшықтарын алып кетері сөзсіз.

Бұл қамалды Қалдан Сереннің де шапқаны тарихи шындық, алай да, будда дініндегі лама дәрежесінде болған Қалдан Серен қазіргі тарихшылар айтқандай бұтхананы өртемеген. Ол бар болғаны «Алтай князі» атанған Абылай тайшыны қамалдан қуып жіберген. Бұтхананы қазақтар «кәпірдің ордасы» деп осы шабуылдан кейін өртеген. Ал енді, Қалдан Сереннің бұл қамалға шабуылынан кейін бұл маңда найманның Көкжарлы руы қоныс тепкен. Шежіре деректері Көкжарлыдағы Жәрке батырдың 1720-жылы тасы қаланған Өскемен қамалына шабуыл жасағанын айтады. Және де, Көкжал Барақ бабамыздың 1701 жылы осы Сібе көлдерінің батыс жағындағы Шар өзенінің бойында дүниеге келгені де, бұл өңірдің Көкжарлы руына қарап тұрғанын білдіреді. «Ақтабан шұбырындыға» дейінгі қазақ-қалмақ қақтығыстары кезінде, шамамен 1710-1711 жылдары Тарбағатай жақтан келген қалмақтар Көкжал Барақтың әкесі Шүректің ауылына кенеттен шабуыл жасап болашақ батырдың әке-шешесін өлтіріп кетеді. Демек, кейбір зерттеушілер айтқандай, Көкжарлы руы жоңғар шапқыншылығына дейін Сыр бойында отырған жоқ. Ал енді, жоғарғы Жарылғап батырдың руы терістаңбалы болса, 1754-1755-жылдарға дейін Сырдария, Амудария, Жирентөбе маңында қоныстанып отырған болған. Терістаңбалының шағын бөліктері осы күндерде де сол маңды мекен етеді. Терістаңбалымен егіз қозылардай бірге жүрген  Шүршеит руының да біраз ағайындары сол жақта қалған. Шежіре деректері Балталының терсітаңбалыдағы Ақтана мен Ақтоғыстың үлкен ағасы екенін бекер айтпаған. Бұл шежіре дерегі де терістаңбалының Сыр бойымен байланысын айтып тұр. Алтын Орда заманынан кейін наймандардың қонысы Ұлытаудан Есілге дейін еді. Шежіре деректері Жарылғап батырдың атасы Күшіктің Шығай ханның Түркістандағы сарайында болғанын, оның ұлы Қожагелдінің Тәуке ханның тұсында бас батыр болып хан қасында жүргенін, әкелі-балалы екеуінің де, Түркістанда жерленгендерін айтады.  Бұл деректер де, ол заманда терістаңбалы руының  Сыр бойында жүргенін айтып тұр. Сондықтан да, Абылай ханның Сібеге терістаңбалы Жарылғап батырды жіберді, Жарылғап батыр жоңғар қамалын алды  дегендері сын көтермейді.  Абылай хан шамамен 1733-жылдары Орта жүзге хан болған. Бұл кезде Қабанбайлардан кейін Аблайкит қамалы қаңырап иен қалған. Және де, Жарлығап батырдың ұрпақтарының тапсырысымен жыр жазған тарихшы Советхан Қалиғожин, батырдың жорық жолын жырлағанда Аблайкит қамалын атаса да, шабуылдың ешбір оқиғасын келтіре алмаған.  Ал енді, Жарлығап батырдың ұрпағы Алдияр Әубәкіров болса, «Жарылғап батыр» жырында Аблайкит қамалының үстінен сарыжомарттық Танаш батырдың түскенін айтады. Бұл сөздің жаны бар, өйткені, Танаш батыр өмір бойы Көкжал Бараққа еріп жүрген және де Көкжал Барақ сарыжомарт, көкжарлы, бура руларының біріккен қосынына қолбасшы болған. Көкжал Барақтың кегін қырғыздан алғандардың бірі де, осы Танаш батыр еді. Танаш батырды жекпе-жекте өзі өлтірген қырғыздың батырының қарындасы қапыда садақпен атып өлтірген екен.  Ел ауызынан жиналған деректердің негізінде Ертіс маңындағы соғысты айтқанда Бәдел Тұрсынбайұлы ағамыз «Барақ батыр, Абылай» атты дастанында: «Ер Танаш, ер Жәнібек, Батыр Барақ, Ақырып арыстандай жауға шапты» деп жырлайды. Ер Жәнібек дегені Барақпен бірге қамалға кірген керей Жәнібек Бердәулетұлы. Шежіре деректері Жәнібектің әкесі Бердәулеттің Қабанбайдың жездесі болғанын айтады. Көкжал Барақ болса, байжігіт-саты Дәулетбай батырмен бірге  Қабанбайдың түменінде мыңбасы болып жорық жолдарын бастаған. Бұл үш батырдың қалмақ қамалына бірге келуі осыдан болған. Барақ бабамыздан: «Қырық жыл Қабанбайдың қасында жүрдім» деген сөз қалған.

Біздіңше, Қалдан Сереннің шабуылынан кейін бұл қамал жоңғар шапқыншылығына, яғни, 1723-жылға дейін иен тұрған. Петр біріншінің заманындағы И.Д. Бухгольцтың (1715-1716 жж), және де Өскемен қамалының іргетасын қалатқан И.М.Лихаревтің (1720) экспедициялары осы иен қалған қамалдан құжаттарды алып патшаларына жөнелткен екен. «Ақтабан шұбырынды» басталғанда Көкжарлы руы да осы маңнан үдере көшіп Жезқазған  өңіріндегі  қазіргі Барақкөлдің маңына келеді. Міне, осы кезде жоңғарлар қамалға қайта келген болса керек. Кейбір зерттеушілердің Сібе соғысындағы қазақтардың қамалға  шабуылын 1752-55 жылдарға апарып жүргендері жалған әңгіме. Қабанбай батыр мен Көкжал Барақ 1726 жылғы Бұланты шайқасынан кейін, 1730 жылы Тарбағатай жеріндегі Шорға соғысына қатысқан. Міне, осы екі арада, яғни, 1726-30 жылдарда Қабанбай батыр мен Көкжал Барақ қиратып  кеткен бұл бұтхананы орыс геодезисі Василий Шишков 1735-жылы көріп иен тұрғанын анықтаған еді. Осымен қатар орыс саяхатшылары – Страленберг 1730 жылы, Миллер 1750 жылы, Гмелин 1751 жылы бұл қамалдың қирап жатқанын жазып кеткен. Сібе соғысы болса, 1752 жылы болған. Бәлкім, Жарылғап батыр бұл соғысқа қатысқан да шығар, алай да, оның қамалды алды дегендері ойдан шығарылған әңгіме. Ол кезеңде Көкжал Барақ пен Қабанбайлар қиратып кеткен қалмақ қамалы жоңғарларға бекініс бола алмаған. Яғни, қазақтар 1726-30 жылдары жоңғарларды қырып, қамалды қиратып тастағаннан кейін жоңғарлар бұл қамалға қайта келмеген. Ал енді, жоңғар хандығы жойылғаннан кейін, 1770-жылдарғы Палластың деректерінде бұл қамалда орыстардың атты әскер эскадроны тұрған екен. Осыдан біз, бұл қамалды алғашында жоңғардың, кейін орыстардың отаршылдық саясатының белгісі деп санаймыз. Бұл қамал салынып жатқанда орыстың патшасы Алексей Михайловичтің елшісі Байков Абылай тайшыға өз патшасынан көптеген сыйлықтар мен Ермактың сауытын әкеліп берген екен. Орыстардың жоңғарлармен ауыз жаласулары осыдан басталған еді. Енді, «Ақтабан шұбырынды» алапатының алғы шарттары жөнінде бірер сөз.

Испаниядағы Мадрид университетінің профессоры Самат Өтениязов тарихи деректердің негізінде орыс патшасы Петр біріншінің арам пиғылының кесірінен «Ақтабан шұбырындының» басталғанын айтады. Яғни, бұл патша қазақтар мәселесін түбегейлі шешіп тастау үшін жоңғарларды оқ қарумен қаруландырып, зеңбіректерді де беріп, алдымен Жайық бойындағы орыс-казактары мен Еділ қалмақтарын қазақтарға айдап салады. Сондықтан да Әбілқайыр хан Кіші жүзді көтеріп,  шапқыншылардың тас-талқандарын шығарып тойтарыс береді. (1723 ж.). Орыс тарихшысы И.В. Ерофеева осы соғыста қалмақтардың Лекбей тайшысының ұлысынан 2 мың түтінін қазақтар  тұтқынға алып, малдарын айдап кеткендерін айтады. Әбілқайыр хан Жайық қалашығын қоршауға алып, әскерін Еділ мен Жайықтың арасында орналастырған екен. «Калмыцкий хан Аюке и казачьи отряды не знали, как спастись от Абулхаира» деп жазады Самат Өтениязов. Міне, осы кезеңде қытай жақтан жоңғарлар қазақ жеріне шабуыл жасап зор алапат әкеледі. Орыстар мен Еділ қалмақтарының, және де, жоңғарлардың арасында келісім болғаны сөзсіз. Осы жөнінде «Ақыр Жәнібек» атты кітабында тарих ғылымдарының докторы, маңғол елінің азаматы Сұлтан Тәукейұлы да жазады. Шоқан да: «Жоңғарлар, Еділ бойындағы қалмақтар тұс-тұстан қазақ ұлыстарын қырғынға ұшыратты...» деп жазады. Міне, сондықтан да, Кіші жүз де, Әбілқайыр да, Орта жүз бен Ұлы жүзге көмекке келе алмай, өздерінің  ар жағындағы жауларына алаңдап қалады.  Ал енді, коммунистік дәуірдегі идеологтар болса, осы жағдайларды халықтан жасырып, «ол кезеңде қазақта бірлік болмаған» деп, жаланың бәрін қазақтың бай-шонжарлары, билері мен хандарына жабады. Бір сыдырғы шежіреші, ақын-жазушы, филология ғылымдарының кандидаты, жүзге жуық ғылыми, этнографиялық еңбектердің авторы Иманғазы Нұрахметұлы да, Даниал Ахметовқа жөнелткен хатында: «Алай да, Кеңестер одағы кезінде жазылған әдеби романдарда Қазақтың үш жүзі біріне бірі жау болған деп дәріптелді. Хандар, жауыз, байлар қатыгез болып суреттелді. Оған жазушылар айыпты емес, заман соны талап етті, жазбасқа амал қалған жоқ» дейді.

Сонымен, кезінде (1771 ж) Еділ қалмақтары қазақ жері арқылы қытай еліне өтіп кетпекші болғанда қазақтардың оларды аямай қырғандарының себебі түсінікті болды. Орыс шовинистері болса, осы қырғын үшін қазақтарға «тонаушы» деген жала жапқан. Осымен қатар кейбір қазақ зертеушілері де, соның ішінде Мұхтар Мағауин де бар, бұл орыстан қашқан Еділ қалмақтарын «жазықсыздарға» жатқызған. Кезінде, Абылай хан «Шаңды жорықта» қазақтарға тұтқынға түскен қалмақтарды босатуды сұраған қытай императорының хатына берген жауабында: «Және де бұрынғы кезде қалмақтар қазақтарға көп жаулық көрсетіп, қазақтарды қырған, талап тонаған. Сондықтан, қазақтар бұл қалмақтарды оңайлықпен бермейді» деген еді. (Омбы мұрағаты. 1-қ, 1-тізбе, 184-іс, 235-пар). Осыдан да, біздер сол заманда қазақтың алдында жазықсыз қалмақ атаулының  болмағанын түсінеміз. Сондықтан да, шежіре деректері қазақтардың қалмақтарды Балхаш көлі маңында қоршауға алғанда, оларды  түп-тамырымен қырып тастамақшы болғандарын айтады. Осы кезде қалмақтардың бір бөлігі  бай қазыналарын жер қойнауына беріп, қазақтар алаңсыз отырғанда қоршауды бұзып қашып құтылады. «Шаңды жорықты» зерттеушілер Көкжал Барақтың бұл қалмақтарды Шар өзенінің маңында күтіп алып қырғанын айтады. «Қазақ батырлары» атты топтамада батырдың қалмаққа деген қатыгездігінің осы шайқаста  айқын білінгенін жазады. «Қалмақты қойша қырған қолдан қамап, Келіпті Көкжарлыдан Көкжал Барақ» деген сөздер, бабамыздың бұл ойрат-қалмақтарды осы Аблайкит қамалына  қамап алып «қойша қырған» кезіндегі де қатыгездігін айтқандары болса керек.

Ал енді, қазіргі таңда осы қалмақтың қамалын қайта қалпына келтіріп жатқанымыз бекер емес. Кезінде, қазақ хандығын құрысқан найман Қаптағай батырға арнап жазған шығармасында Ғабит Мүсрепов: «Әр ел өз ерлігін көтере айтқанда жеңген жауының осал еместігін қоса айтады» деген еді.  ХҮІІ ғасырдағы жоңғар хандығы күшейіп, қазақ жерін түпкілікті  жаулап алу саясатын ұстанған соң барып осы қамалды Алтайдың аясына тұрғызған еді. Осы жерден елімізді билеп-төстеп отырмақшы болған ойрат Аблай тайшының «Алтай князі» деген атағы да, бекер болмаған. Яғни, жоңғарлар Ресей империясынан да бұрын қазақ жерлерінде (Сібе, Қалба, Семей) қамалдарын тұрғызған. Бұлардың артында алпауыт елдердің  патшаларының саясаты де жатты.  Белгілі ғалым С.Кляшторный мен С. Мұқановтың жазған «Қазақстан. Летопись трехтысячилетий» атты монографиясынан біздер сонау түрік қағанаттары замандарынан қытай елінің қазақ-қыпшақтарға басқа елдерді айдап салып отырғандарын анық түсінеміз. ХҮІІІ ғасырдың бас  кезінде де осылай болды. Міне, осы кезеңде аталмыш қазақ батырлары тарихи сахнаға шығып жоңғарды да, олардың салған қамалдарын да тас-талқан қылды. Қазіргі Шамалған жерінде де, шапырашты Наурызбай бұзған ойрат Жамал ханның қамалы тұрған еді. Міне, осындай  қалмақ қамалының енді көрмеге айналуы, осы біздің батыр бабаларымыздың жеңген жауының осал болмағанын келер ұрпақтарға жеткізу мақсатында болмақ. Сондықтан да, облыс әкімі Даниал Кенжетайұлының бұл бастамысын орынды деп түсінеміз. Алай да, бұл қамал ертең саяхат-серуен нысанына айналғанда, қамалды қиратқан батыр бабаларымыз жөнінде міндетті түрде ақиқаты айтылуы керек. Ал енді, бұл қамалды Қалдан Серен қиратқан дегендері коммунистерден қалған идеологиялық лақап болмақ.

Жоғарғы Жарлығап батырға келетін болсақ, оның батыр болғанына еш күмәніміз жоқ. Алай да, Жарылғап батыр қазақ даласында орысқа бағыну саясатын нақты ұстанған батырлардың бірі  болған соң, оның аты қамалды қиратушы ретінде Кеңес дәуірінде әдейі айтылып кеткен болса керек. Зерттеушілер айтқандай, Ресей империясының бодандарына күн көрсетпеген Көкжал Барақ батырдың аты Кеңес дәуірінде ашық аталмаған еді.  Қырық жыл Қабанбай батырға еріп жүрген бабамыз орыс билігін Қабанбаймен бірге мойындамаған. Кейінгі зерттеушілердің Қабанбай батырдың орысқа берген сертіне берік болғанын айтқандары жалған. Кезінде Нұралы хан Неплюевке жазған хатында: «Қазақ еліндегі қашқындарды және орыс тұтқындарын босатып алу үшін Орта жүздегі Қаракесек руының өкілі Қазыбек бидің балаларын, туыстарын; Қаракерей Найман руының батыры Қабанбайдың балаларын, не болмаса жақындарын ұстап алу қажет» деп жазады. Осы сөздерден-ақ біздер Қабанбайдың Ресей империясын мойындамағанын түснеміз. «Алаш» тарихи-зерттеу орталығының тарихшылары Көкжал Барақ батырдың Қабанбайдан қол алып бір бөлігі орысқа, бір бөлігі қытайға бағынған ұрынқайларды талқандағаны үшін Ресей мен Қытай империясының нысанасына ілінгенін айтады. Мәселен, Қытай императоры 1760 жылғы 4 сәуірде өзінің әмірлеріне мынадай жарлық береді: «Абылай ханға барып, Барақ батырды ұстап беру керектігін бетке басып айт. Абылай ұстап бермейтін болса, қазақтардың ішінен Барақтың мекенін анықтап біліп, хабарын бер. Жаңадан барған солон мыңдығын үстінен түсірер болсақ, Барақ батырдың қолға түсері хақ».

Міне, осы деректен біздер, «Алаш» тарихи-зерттеу орталығының ғалымдары айтқандай, Барақ бабамызбен Қытай императорының өзінің санасқанын ұғамыз. Абылай хан болса, Қытай императорына жауап ретінде Барақ батырға кешірім беруді сұраған екен.

Қайрат Зарыпхан, шежіретанушы

Abai.kz

 

 

 

32 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2048