Біз оларға әлі – «абориген» халықпыз
Жуырда белгілі саясаткер Дос Көшімнің «Орыс тілділердің қазақ тіліне көзқарасы» деген мақаласы («Төртінші билік», 30 қазан, 2017 жыл, №20) қолыма тиіп ой бөлісуді өзіме парыз санадым.
Осы күзде Мәскеуге кезекті рет жолым түсті. Мұны кәсіби тұрғыдан әдетке айналдырғаныма төрт-бес жылдың жүзі болды. Себебі Мәскеу архивтері мен кітапханаларында қазақ тарихына қатысты мол мұрағатты деректер сақталған. Сөз реті келгенде айта кетейік осы жағдайды қанша рет әр кездесулерде, баспасөз беттерінде мәселе қылып көтерсек те бұған жылы шырай танытып, түсіністікпен қараған жанды көре алмадық. Дегенмен де үстіміздегі жылы зор қарқынмен жүргізіліп жатқан Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» идеясы аясында ұмыт қалдырмай қолға алсақ та бір іс (зор іс деп айтсақ та болады) тыңдырған болар едік.
Негізгі мақсатым осы сапардан түйген ойымды ортаға салып пікір бөлісу. Астана бағытына жүретін көлігіміз (Астана-Мәскеу фирмалық пойызы) кешке жүретін болғандықтан уақытты құр жібермей келесі жылы футболдан әлем чемпионатының басты ойындары өтетін атақты «Лужники» стадионына бет алдым. Келсем халықтың көптігі сонша жақында ғана күрделі жөндеуден өткен жүз мың адамдық стадион лық толы, тек кезекпен кіріп-шығып жатыр. Сөйтсем, бұл Ресейде жыл сайын 4 қараша күні кең түрде аталынып өтетін ұлттық бұқаралық мереке екен. Негізгі астары 1612 жылғы Д.Пожарский мен К.Мининнің Мәскеуді поляк интервенттерінен қорғап қалуына байланысты бұл күнді ұлт азаттық күні ретінде белгілеген. Халықтың көңіл күйі өте көтерінкі. Мен кірген кезде стадион ортасына орнатылған сахнаға халыққа танымал өнер қайраткерлері (С.Лановой, Ф.Киркоров, С.Безруков және т.б.), Ресей батырлары («Герой Россий) кезегімен шығып құттықтап жатты.
Қарап отырмай этнографтық әдетіме салып қасымда отырғандарды әңгімеге тарта бастадым. Бәрінің де Путинге деген көзқарастары өте жоғары. Халық Путинді елді құтарушы ретінде қарап Ресейдің болашағын соның атымен байланыстырады. Көпшілігі келесі жылы болатын сайлауда қазіргі президентке лайық қарсылас болатын тұлғаның жоқ екендігін айта келіп, егер Путин биліктен бас тартса да халық оны сайлауға түсуін сұрайды, себебі дәл қазіргі әлемдік уақиғалардың шиеленіскен кезеңінде Путиндей лидер өте қажет деген пікірде екен (Тіпті менің Қазақстаннан келгенімді білген соң «сіздерге де дәл қазір Назарбаевтай тұлға керек, ол кетсе қиын болады» деген ойларын да жасырмады). Мұның бір дәлелі ретінде сол күні қолдан-қолға таратылған «Национальный курс За суверенитет» газетінен үзінділер келтірейін: «К сожалению, оказалось, что можно – 1991 году народ одурманенный перестройкой и гласностью, не встал на защиту своей страны. Трагический результат этого мы с вами очень хорошо знаем…. В 1999 нас не успели добить только потому, что произошло «русское чудо», и у нас появился Путин. 17 лет мастерски лавируя, он сделал многое из того, что в далёком 1999 нам казалось невозможным. Но все успехи и достижения нашего Президента – результат его ручного управления, которое он осуществляет вопреки системе и Конститутции». Бұл сөздерді талдап жатудың өзі де артық болар, менікі тек көрген-білгенімді көпшілікке жеткізу, оқырмандар қалай қабылдайды оны өздері шешер.
Сонымен кешке Астана бағытын бетке алып жолға щықтық. Жолда Рязан, Самара, Уфа, Челябинск т.б.қалаларды басып өттік. Сапарластарым әкесі тәжік, шешесі орыс жас шамасы қырықты орталап қалған Андрей деген жігіт. Отбасы Петропавл қаласында, өзі Мәскеуде құрылыста жұмыс істеп үйіне үш-төрт айда бір келіп-кетіп тұрады екен. Екіншісі, ол да аралас некеден туған жас шамасы елуге келіп қалған Женя деген жігіт әкесі өзбек, шешесі орыс. Ол Қазақстанға таяу бір шағын қалада тұратын болып шықты. Ол да Мәскеуге күйкі тірлік, жаңбағыс кәсіппен барып келе жатқанын сөз арасында тілге тиек етіп келе жатты. Байқаймын, екеуі де Қазақстанға қызыға да, қызғана да қарайтын сыяқты. Ресейде қазіргі уақытта күнкөріс кәсібімен жүрген алты миллиондай өзбек, милионнан аса тәжік барын солардан естідім (бұған өзімнің де көзім жеткен, Мәскеу көшелерімен жүріп байқасаңыз көше тазалап, жол жөндеу жұмыстарында, жүкші болып жүргендердің бәрі тәжіктер де, ал сауда жағындағылардың көпшілігі өзбектер мен қырғыздар, тап бір еңбек бөлінісі сияқты). Әсіресе, Андрейдің сөздері өте әсерлі. Онын айтуы бойынша әйелі мен балалары «папа біздерді осында алып келгенін үшін саған ризамыз, үлкен рахмет» деп үнемі еске алып жүреді. Қазақстанда жүргеніне қатты қуанып, өздерін өте бақытты сезінетін сияқты. Себебі, Тәжікстанда үреймен өткен күндерін әлі де ұмыта алмайды. «Біз үшін бомба жарылмай, біреуді біреу өлтіріп немесе тонап кетпесе, сол күнге ішіп жер тамағымыз болса содан өткен бақыт жоқ, бірен-саран туыстарым маған келіп қосылды, бірақ көпшілігі сонда қалып қойды», - деп күрсініп отырды.
Одан кейінгі екеуі де орыс әйелдері: бірі жасы жетпіске келсе де ширақ, себебі, үстіңгі полкаға өзі секіріп шығып, түсіп жүрді. Одан кейінгісі жасы елуден асқан Зоя деген әйел, бір орнында байыз тауып отыра алмай әркіммен бір сөйлесіп жүрді. Біз әдетте орыс адамдарының кез келген уақытта ақылдымсып, астамсып өктем сөйлеуін, қырсыға жауап беретін қисық мінезідері бар екенін біле тұра мән бермейміз, көре тұра көрмегенсіп, біле тұра білмегенсиміз. Тіпті көшеде қалт-құлт күнелтіп жүрген орыстын шал- кемпірлерінің бойында да әлі күнге дейін тығылып жатқан шовинистік пиғылдар анда-санда бас көтеріп «сөнбей» жатқаны жасырын емес. Осы жерде Дос Көшімнің «өкінішке орай, Қазақ елінен көшіп бара жатқандардың көпшілігі өздері су ішкен «құдыққа бір түкіріп» кеткісі келеді... деген сөзінін жаны бар екендігіне осы жолы анық көзім жетті. Өзін Лиза деп таныстырған бірінші әйел Ақмола облысының Макинка елді мекенінен аласапыран 90-жылдары Ресейге, Челябинск қаласына таяу бір қалашыққа екі қызымен бірге қоныс аударған екен. Көшу себебі Қазақстанның көші-қон саясатының «дұрыс еместігінен», ата-бабаларына құтты қоныс болған құт-мекендерінен оралмандардың ағылып келіп өздерінің «тілдік дискриминацияға» ұшырауынан деп Президентіміздің атына біраз ауыр сөздер айтты. Қазақстан сырттағы қандастарымыздың да ата мекені, бұдан басқа қайда барады дегенімізге айтқан уәжі олар сол тұрған елдерінде неге тұра бермейді дегенге саяды (ұққанымыз Махамбетше айтсақ бұларды «жылы ұясынан ұшырған оралмандардың тепкіні мен елбасынын екпіні» екен). Шамасы «ұлы халық» өкілі болып үйреніп қалғандар қазақтың «ер туған жеріне» деген ұғымын «тойған жерге» деп түсінетін сияқты. Мұнда келген соң қыздар ер жетіп, «жылы ұяларын» тапқан соң жалғыз қалып амалсыздан өзі сияқты бір кемпірмен бірге бір бөлме жалдап тұрып жатқан жайы бар. Алатын зейнетақысы аз болған соң (8мың рубль) қосымша вахталық әдіспен жұмыс істеп келе жатқан беті. Мен Ресейдегі зейнетақының орташа мөлшері 11-13 мың, ал жоғарғы мөлшері 15-17 мың көлемінде екендігін айтып, себебін сұрағанымда бұған да Қазақстандағы реформалар «кінәлі» болып шықты. Мен қазақ менталитеті бойынша балалары ата-аналарын тастап кетпейді дегеніме «олардың өз ошағы бар» деп құтылды, іші қайнап жатса да шағым айтқысы келмейді. Бірақ көз жанарында өткенге деген сағыныш, қайтара алмас өкініш жатқандай.
Келесі сапарласымыз Зояның Қазақстаннан кеткеніне 19 жыл болыпты. Соншама жылдан кейін Теміртау қаласында қалған 80-ге келген шешесі мен сіңілісін іздеп келе жатқан түрі. Оның ұғымында Ресейде бәрі жақсы, ал Қазақстан сол тоқсаныншы жылдардағы деңгейде. Қазақстанның өркениетті даму жолына түскен іргелі ел болғандығын қаншалықты айтсақ та түсінгісі келмейді. Қазақша айтқанда «нағыз бетпақ», адуынды, долы әйел. Оның ұғымынша қазақтар нағыз ұлтшыл халық (шамасы Желтоқсан көтерілісін меңзеген болар). Біз де қалыспай жетпіс жылда жетпіс сөз үйренбеген, қазақтың байырғы әдет-ғұрпына жиіркене қараған орыстардың бойында интеллигенттік, зиялылықтың, ешқандай да жергілілікті халыққа деген құрмет пен сыйластықтың тиянақтай да болса жұқанасы болмағандығын еске салдық. Шешесі мен сіңілісін неге тастап кеткенін сұрағанымызда «олар кеткісі келмеді» деп жауап берді, бірақ шешесі тұрған үйге ортақ мұрагер екендігін жасырмады. Бірақ вагонда отырған Ресейліктер шекараға жетпей түсіп қалып Петропавл қаласынан вагонымыз дабырлай сөйлеп, аңдыздай кірген қазақтарға лық толғанда жаңағы «патриоттық» екпіннен түк те қалмады. Әркімге бір жаутаңдап, көзінің астымен ұрлана қарап отырған «жүнін жұлған тауықтай» түрін көргенде бір жағынан күлкім келіп, бір жағынан аяп та кеттім.
Бұл сапардан не қорытынды жасауға болады: Қазақ тегін айтпайды, «қасқырды қанша асырасаң да далаға қарап ұлиды» (Бірақ бір қызығы мен болған Мәскеудегі мұрағаттар мен кітапханада кездескен зиялы қауым өкілдерінің пікірі мүлде басқа. Олар Қазақстан туралы қызыға тыңдайды). Ежелден келе жатқан ата дәстүрімізге мойынсұнбай «көне дәуірдін қалдығы» ретінде меңменси қарауын әлі де қоятын емес. Олар үшін біз әлі феодалдық дәуірдегі «абориген» халықпыз ба? Екіншіден, Ресейде қазақтар немесе Қазақстандықтар туралы нақты объективті мәліметтер жоқ. Қазақстанда 80-90 пайыз телевидение және баспасөз құралдары осы күнге дейін «ұлы орыс» тілінде ақпарат таратса, ал Ресейде қалай? Халық Ассамблеясы тек бізде ғана бар ма, мақсаты не? Егер Қазақстаннан қоныс аударған әрбір ұлт өкілдері жағдайларын түзеп алған соң жергілікті қазақтарды маңсұқ етіп, «су ішкен құдықтарына түкіріп» кетіп жатса да олардың таңдаулы өкілдері Парламентіміздің төрінде отыр. Ал, Ресейдегі қандастарымыз қоныстанған жерлердегі мәдени орталықтар не істеп жүр? Тек қана кезеңдік, маусымдық шараларда ғана ұлттық киім киіп сахнадан көрініп қалатын олардың тірлігі сахнадағы сайқымазаққа ұқсайды немесе солардың деңгейінде ғана. Ойланайық ағайын.
Дәурен Ескекбаев, тарих ғылымдарының кандидаты, этнограф
Abai.kz