Депутаттан жауап келді. Біздің ұсыныстар қайта қаралатын болды
Кеше ақын, қоғам қайраткері, "Abai.kz" ақпараттық порталының Астанадағы авторы Ауыт Мұқибек ҚР Мәжіліс депутаты Кәрібай Мұсырман мырзаға үшбу хат жолдап, қандастардың оралман мәртебесін алуына қатысты бірқатар мәселелерді қозғаған болатын.
Мәжіліс депутаты Кәрібай Иманжанұлы Мұсырман мырза «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне халықтың жұмыспен қамтылуы және көш-қон мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасын талқылауға арналған Мәжілістегі Жұмыс тобын басқарады.
Кәрібай Иманжанұлына қандастардың қынжылысы жазылған хат "Abai.kz" ақпараттық порталында кеше жария болды. Ал сол күні ,19-желтоқсан күні кешкі уақытта депутат мырза ресми жауап жазыпты.
Жауабында біздің ұсыныстарымыз қайта қаралатынын айтыпты. Бәрекелді! Біз де Кәрібай Иманжанұлының жауабын назарларыңызға ұсынғанды жөн көрдік.
Қадірлі Ауыт Мұқибек!
Елбасы биыл маусым айында Астанада болған Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының бесінші құрылтайында Сыртқы істер министрлігіне атажұртқа көшкісі келетін қандастарымыздың құжаттарын олардың тұрып жатқан елдерінде қамдап, Қазақстанға келгенде ешқандай қиыншылық тудырмау туралы тапсырма бергені өзіңізге мәлім. Біз осы мәселені қаралып отырған заң жобасы арқылы заңдастырып алсақ, елге оралам деген ағайынға азаматтық алуда еш қиындық болмайды деп ойлаймын.
Ал Сіз айтқан ұсыныстарды тиісті министрліктерден нақты деректер алдырып, Өзіңіздің қатысуыңызбен тағы бір қарайтын боламыз. Өйткені, Сіздің осыған дейін берген ұсыныстарыңызда да қанша адамның қандай себеппен бір жыл ішінде азаматтық алуға құжат тапсыра алмай жүргендігі көрсетілмеген.Ал екі министрлік өкілдерінің пікірінше, Қазақстан азаматтығын оңайлатылған тәртіппен алғысы келгендер былтырдан бері екі-үш айда құжат жинап тапсырып, алып жатқан көрінеді. Жалпы, бұл мәселені Өзіңіздің қатысуыңызбен жан-жақты зерттеуіміз керек.
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты,
Жұмыс тобының жетекшісі
Кəрібай Мұсырман
"Абай.кз" ақпараттық порталына жазған пікірі
Abai.kz