"Тоболдың түскі асы - 581 мың 022 теңге...
Біздің Қостанайда «Тобол» деген футбол клубы бар. Дұрысы, «Тобыл» ғой, әрине, алайда осындағы орысы бар, орыстанып кеткендері бар «Тобыл» деп айтсақ аузымыз қисайып кеткендей болады» деген қырсықтықпен оны біржолата «Тобол» болсын деп тастай бекітіп қойды. Қостанайдың орыстанып кеткен билігінің бұған қарсы дау айтуға дәрмені де, батылы да жетпеді. Сөйтіп қазақ тілінің айтылуы мен жазылу заңдылығын белден бір басып, мәз болып отырған жайымыз бар,
Жарайды, осы «Тоболдың» аяқ доп спортында ерекше шеберлік танытып, үнемі жеңісті қолдан бермей, чемпиондықпен таласып жүрсе, сәл де болса ренішіміз басылар ма еді, Ол қайта бізге ерегіскендей бірде жеңсе, бірде жеңіліп, «шықпа жаным, шықпаның» күйімен қоңыр тіршілік етіп жатқан жайы бар. Соған қарамастан өздері туралы пікірі керемет, кеудесін нан піскен түрі байқалады, Қаржылық жағынан шалқып өмір сүріп жатқанда кімнен қысыла қойсын. Бұл команда жыл сайын облыс бюджетінен миллиардтаған теңгені қалтаға басып жүрсе, оның үстіне оларға қатаң талап қойыла бермесе, бұлар тайраңдамағанда кім тайраңдайды? Құрылтайшысы болып саналатын облыс әкімі Архимед Мұқанбетовтың мұндай ұсақ-түйек шаруаларға қолы да тие бермейтін болар. Қанша дегенмен осы өңірдің білдей бір қожасы емес пе. Осындай еркіндік пен бетіне кетушілікті әбден сезіп, дандайысығаны соншалықты осы еліміздің Тәуелсіздігі мерекесінің қарсаңында «Тобол» клубы маусым аяқталды деген сылтаумен адам айтқысыз түстік ас берді. Олай дейтініміз әлгі түстік ас дегеніміздің құны анау-мынау емес, жарты миллионнан астам теңгеге, нақтырық айтқанда 581 мың 022 теңгеге түскен. Міне, осылайша олар айды аспанға бір-ақ шығарған. Оның үстіне бұл «шағын той» мемлекеттік сатып алу туралы заңды белшесінен баса отырып, келісім-шартты той өткен соң екі күннен кейін ғана жасалған. Аталмыш клубтың жанкүйерлері ғана емес, облыстың бүкіл жұртшылығы осыншама аста-төк астың аспанған бағасының тым ысырапшыллық екендігін айтып шулап жатқанда, клуб басшылары «мұны біз өз қаржымыздың есебінен жасадық» деп жайбарақаттық танытатындығын қайтерсің? Әдетте қандай да шығын клуб келісім-шартының белгілі бір бабына жатқызылып, жұмсалатындығы белгілі. Ал бұл мырзалық шарттағы «өкілдік шығындары» деген бапқа жатқызылыпты. Бұл да заңды жалпағынан басу. Өйткені мұндай «өкілдік шығындар» (представительские расходы) ас ішіп, аяқ босатып, той тойлауға емес, клубқа пайдасын тиетін істерге ғана жұмсалуға тиіс. Оның үстіне клубты мемлекет қаржыландыратын болғандықтан қандай да.шығын оған өкілдік жасайтын органмен келісе отырып атқарылуы қажет. Бұл жерде оның құрылтайшысы болып саналатын облыс әкімінің рұқсаты керек. Түскі асқа ақшаны есепсіз жұмсаған аса мырза, Атымтай жомарттай клуб есебінде Гиннестің рекордттар кітабына енгізуге жарап қалатын бұл тойға әкім рұқсат берді ме, бермеді ме , оны білмейміз. Алайда бұл рекордттар кітабына енер болса еліміздің аты әлемге жайылып, шалқып өмір сүретін мемлекет ретінде жақсы танылып қалар ма едік, бәлкім.
Жалпы осы ортаңқол клубтың тым есіріп кетіп, ақшаны оңды-солды шашуына не себеп болып отыр деген сұрақтың ойға ораулы заңды, Біздіңше, оның себебі оған нақты бақылаудың мүлдем жоқтығынан. Клубтың жылдық бюджеті әскери құпия есебінде мүлдем айтылмайды, Журналистер қанша талаптанғанмен одан еш нәтиже шықпады. Берілетін жауап «біздің бюджет өзге клубтардың бюджетінен онша көп емес» деген бала айтар шалдыр-шатпағы. Осы жерде Мәжіліс депутаты Мәулен Әшімбаевтың жақында өткен «Ашық арна» қоғамдық талқылау кезінде бюджеттен қаржыландырылатын қандай да мекеме, ұйым немесе кәсіпорын болсын ол ақшаның қайда жұмсалатындығын ашық көрсетіліп отыруға тиісті деген сөзі еске түседі. Әй, білмеймін облыс әкімінің билігі жүрмей отырған «Тоболды» Мәжіліс депутатының ұсынысы тоқтата қояр ма екен?
Айтпақшы, бір жағынан өтірікші болмайық, екінші жағынан оқырмандардың да тәбеттері ашыла жүрсін деген игі тілекпен осы мақалаға сол тойдың дастарқан мәзірін ұсынып отырмыз. Мүмкін бұл өзгелдерге де үлгі болар.
Открываем техническую спецификацию и натыкаемся на… меню. При первом взгляде на него в памяти всплывает сцена застолья из фильма «Иван Васильевич меняет профессию». Правда, «икры заморской баклажанной» здесь не было, зато были 5 порций бешбармака по 4,5 кг каждая (115 000 тенге), семга (110 000 тенге), салаты и прочая гастрономическая мелочь на крупные суммы. Только обслуживание потянуло на 62 250 тенге.
Осы мәзірдегі біздің аузымыздың суын ағызған бағасы 115 мың теңге тұратын әрқайсысы 4,5 килограмм тартатын бес порция ет пен құны 110 мың теңге тұратын қызыл балықтан жасалған салаттар. Клуб сонымен қатар тек қызмет көрсетушілерге ғана 62 мың 250 теңге төлеген. Тойласаң, осылай тойла!
Айтпақшы қазақ атамыз «Біреу тоңып секіреді, біреу тойып секіреді» деген жақсы бір нақыл бар. Шіркін-ай, дейсің осындайда халықтың ақшасынан жиналатын бюджетің мол ақшасынан жақсылап тұрып тойып секіргенге, сосын ықылық атып жақсы кекіргенге, не жетсін!
Жайберген БОЛАТОВ
Қостанай
Abai.kz