Жұма, 27 Желтоқсан 2024
«Abai.kz» рейтингі 6994 0 пікір 27 Желтоқсан, 2017 сағат 11:29

Жылдың саяси келбеті

2017 жыл еліміз үшін жақсылығы мен қиыншылығы, қуанышы мен өкініші, жаңалығы, тосындығы қосқабат алмасқан шақ болды. Міне, үміт пен күдік арпалысқан осы бір уақыт межесінің тарих қойнауына енуіне де бірнеше күн қалды.

Бұл жыл Қазақстанның саяси, әлеуметтік, рухани өміріне де тың өзгерістер ала келгені белгілі.

Мемлекет басшысы «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы» стратегиясын жария еткеннен кейін елімізде саяси, экономикалық және рухани модернизация басталды.

Президент пен заң шығарушы, атқарушы билік арасындағы міндет бөлінісі, экономиканы әртараптандыру және қоғамдық сананы жаңғырту күн тәртібіне шықты.

Билік бұл бастамаға халықты, қоғамды барынша жұмылдыруға, тартуға тырысқанын, оның біршама нәтиже бергенін де көріп отырмыз.

Саяси элита өкілдері де мейлінше белсенді болуға тырысып бақты. Бұрын байқала бермейтін мұндай құбылысқа қоғамдағы, ақпарат кеңістігіндегі, әлеуметтік желідегі әрекет, ой, пікірлердің қозғау салғаны тағы анық.

Осыны ескеріп, «Abai.kz» өзінің саяси жыл қорытындысында 2017 жылғы ең ықпалды, танымал саясаткерлердің рейтингін түзуді жөн көрді. Рейтинг түзу кезінде біздің сайтта, сондай-ақ өзге де ақпарат құралдарында жиі аты аталған, жоғары лауазымдағы саясаткерлердің қызмет-әрекетіне жіті талдау жасалды. Сарапшылардың ой-пікірлеріне баса көңіл бөлінді.    

Сонымен, 2017 жылғы «Жылдың саяси келбеті» мынадай:

 1. Әділбек Жақсыбеков

Мемлекет басшысы Ә.Жақсыбековті 2016 жылдың жазында Президент Әкімшілігіне қайтара әкелді.

Бұл, біріншіден, Мемлекет басшысының Жақсыбековке деген үлкен сенімін аңғартады. Екіншіден, Үшінші жаңғыру кезеңінде Президент Әкімшілігі сияқты аса жауапты билік тармағына зор тәжірибесі мен ықпалы бар тұлғаның қажет болғанын көрсетеді.

Әділбек Жақсыбеков қазіргі уақытта «Модернизация 3.0» жобасын табысты іске асыруға жауапты әрі билік бөлінісінің тетігін қолына ұстап, саяси элитаның теңгерімін жүйелеп, сақтауға ықпал етіп отыр.

 2. Кәрім Мәсімов

Қазақстанның Үкіметін ең ұзақ уақыт басқарған К.Мәсімов қазір Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің тізгінін мықтап ұстап отыр.

2017 жыл саяси ғана емес, күштік, құқық қорғау құрылымдарының арасындағы міндет бөлінісімен, ішінара реформаларымен де есте қалады. Бұл өзгерістер кезінде  ұтысқа шыққан бір орган болса, ол – Кәрім Мәсімов басқаратын ҰҚК.

Бүгінгі күні Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің құзыреті күшейіп, оның төрағасының ықпалы барынша артты.

 3. Марат Тәжин

Соңғы жылдары «Авгийдің ат қорасына» айналған идеологиялық саланы жөнге келтіруді Елбасының Марат Тәжинге тапсыруы сарапшылар тарапынан да, қоғам тарапынан да қолдау тапқаны анық.

Оның үстіне, 2017 жылы мемлекеттік, қоғамдық маңызы тұрғысынан Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы күн тәртібінде бірінші орынға шықты. Бағдарламаны іске асыру үшін ақпараттық-идеологиялық ресурстар, сарапшылар мен зиялы қауым, орталық, жергілікті атқарушы билік толықтай жұмылдырылды. Жалпы идеологиялық саладағы жұмыс мемлекеттік, ұлттық сипат алды.

Осы бағыттағы мақсат-міндеттерді жүзеге асыру жұмысын М.Тәжин аса біліктілікпен жүргізіп отыр.

 4. Қасым-Жомарт Тоқаев

Биылғы жылы Сенат та, Сенат спикері де айтарлықтай белсенділік танытты. Сенат депутаттарының қоғамдық, әлеуметтік өткір мәселелерге араласа бастауын сарапшылар Қасым-Жомарт Тоқаевтың тұлғасымен тікелей байланыстырады.

Сенат спикері елдегі ғана емес, халықаралық деңгейдегі айтулы оқиғалардан да тыс қалған жоқ. Ашық пікірлерін, салиқалы ойларын қоғамға үзбей жеткізіп отырды.

Оның, әсіресе, әлеуметтік желілерде Сириядағы, Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы ахуал туралы, ішкі мәселелер туралы жазбалары үлкен қолдауға ие болды.

 5. Нұрлан Нығматулин

Мәжіліс төрағасы Н.Нығматуллин биылғы жылы Мәжіліс қызметін халыққа барынша ашық көрсетуге тырысты. Мәжіліс отырыстарынан тікелей эфирлер берілді.

Ол Үкімет сағаттарындағы  министрлер мен лауазымды тұлғаларға қарата айтылған сындарымен сарапшылардың есінде қалыпты.

Саяси жаңғырудың аясында Парламенттің, соның ішінде Мәжіліс құзыретінің күшеюі де Нығматуллинің ықпалын арттыра түсуі мүмкін.

 6. Бақытжан Сағынтаев

2016 жылдан бері Үкіметті басқарып келе жатқан Б.Сағынтаевтың қызметі үнемі қоғамның назарында, атқарушы биліктің іс-әрекеті жұрттың талқысында болды.

Бақытжан Сағынтаевтың оперативті жұмыс жасау машығын, кәсіби біліктілігін Үкіметтің пленарлық отырыстарынан байқауға болады. Лауазымының ерекшелігіне қарай Үкімет басшысы талай мәрте сынның астында да қалды.

Алайда, менеджер ретінде ол нәтижелі жұмыс жасады дейді сарапшылар.

 7. Тимур Құлыбаев

Тимур Құлыбаевты жұрт Қазақстандағы ауқатты әрі ықпалды адам ретінде біледі.

Алайда, үнемі тасада жүруді қалайтын бизнесмен осы жылы мемлекеттік деңгейдегі шаралардан, үкіметтік жиындардан жиі төбе көрсетті. Кәсіпкерлердің құқын қорғау, бизнес жүргізуді заң аясында жеңілдету мәселесінде Үкіметпен де теке-тіресіп қалып жүрді.

Биылғы жылы Т.Құлыбаев өзінің саяси болмысын да біршама аңғартқандай.

 8. Ахметжан Есімов

 

А.Есімов «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің өтуіне байланысты елдің көз алдында болды.

Көрме табысты өткізілгеннен кейін сарапшылар Есімовтің қайда баратынына нақты болжам жасай алмаған еді. Ал, Ахметжан Есімов күні кеше «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының төрағасы болып тағайындалды.

«Самұрық-Қазына» қорының ел экономикасының локомотиві екенін, негізгі өнеркәсіпті құраушы компаниялардың барлығы осы қордың құрамына кіретінін ескерсек, оның позициясы бұдан әрі де нығая түсетінін байқаймыз.

 9. Жақып Асанов

Құқық қорғау органдарының жабықтығына, тіпті салқындығына еті үйреніп кеткен жұртшылық биылғы жылғы Бас прокуратурадағы өзгерістерді жылы қабылдаған тәрізді.

Қазір қызметі ауысқанымен Жақып Асанов Бас прокуратурада атқарған қызметі арқылы біршама танымалдыққа, беделге ие болды.

Прокуратура жұмысының ашықтығын қамтамасыз ету, өз ішін біліксіз кадрлардан тазалау және парақорлықпен күресу әрекеті бұрынғы бас прокурордың басты еңбегі саналады.

 10. Дәурен Абаев

Д.Абаев Үкімет құрамындағы жас саясаткерлердің тобына жатады. Соған қарамастан Ақпарат және коммуникациялар министрі осы салада бірқатар өзгерістер енгізуге талпынып жатыр. Ең бастысы, ол журналистермен, жұртшылықпен барынша ашық, жүйелі қарым-қатынас жасау жағында екенін ісімен көрсетіп жүр. Сарапшылар Дәурен Абаевтың қызметін оң бағалауда.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2052