Бекболат Тілеухан. Жалған ілім жарға жықпай ма?
Оқулықтағы олқылықтар
Бірнеше жылдың алдында Ресейде әжептәуір шу шықты. Петерборлық оқушы қыз Мария Шрайбер Ресейдің Білім министрлігін сотқа берді. Оқушының пікірінше: орта мектептің «Биология» оқулығындағы Дарвиннің «адамның тегі маймылдан шықты» дейтін эволюциялық теориясы жалған. Бұл ілім ақыл-есі сау адамның дамып-жетілуіне кесірін тигізеді. Ешқандай дәлел жоқ... Сол себепті дарвинизм теориясы - РФ «Білім туралы» заңының 2, 14, 50- баптарында, «Ақпарат, ақпараттандыру және ақпаратты қорғау туралы» заңның 3-бабында, «Ождан бостандығы және қоғамдық бірлестіктер» туралы заңның 3-бабында көрсетілген құқығымызды бұзып тұр. Нақтырақ айтқанда, жоғарыдағы заңнамаларда көрсетілген азаматтардың еркін ақпарат алу мүмкіндігіне орасан зор нұқсан келтіруде және мұндай атеистік пікір біздің наным-сенімімізді қорлауда...
Қарапайым оқушы қыз осылай деп, жалған ілімнің жағасынан алды. Бұл мәселеге әлі нүкте қойылған жоқ. Қоғамдық пікір тайқазандай қайнап жатыр...
Оқулықтағы олқылықтар
Бірнеше жылдың алдында Ресейде әжептәуір шу шықты. Петерборлық оқушы қыз Мария Шрайбер Ресейдің Білім министрлігін сотқа берді. Оқушының пікірінше: орта мектептің «Биология» оқулығындағы Дарвиннің «адамның тегі маймылдан шықты» дейтін эволюциялық теориясы жалған. Бұл ілім ақыл-есі сау адамның дамып-жетілуіне кесірін тигізеді. Ешқандай дәлел жоқ... Сол себепті дарвинизм теориясы - РФ «Білім туралы» заңының 2, 14, 50- баптарында, «Ақпарат, ақпараттандыру және ақпаратты қорғау туралы» заңның 3-бабында, «Ождан бостандығы және қоғамдық бірлестіктер» туралы заңның 3-бабында көрсетілген құқығымызды бұзып тұр. Нақтырақ айтқанда, жоғарыдағы заңнамаларда көрсетілген азаматтардың еркін ақпарат алу мүмкіндігіне орасан зор нұқсан келтіруде және мұндай атеистік пікір біздің наным-сенімімізді қорлауда...
Қарапайым оқушы қыз осылай деп, жалған ілімнің жағасынан алды. Бұл мәселеге әлі нүкте қойылған жоқ. Қоғамдық пікір тайқазандай қайнап жатыр...
Ал, бізде қалай? "Баяғы жартас, бір жартас..." Жалпы орта білім беретін барлық мектептерде «Дарвин ілімі» оқытылады. Қараңыз: ҚР Білім және ғылым министрлігі ұсын-ған жалпы білім беретін мектептің 9-сыныбына арналған «Биология» (авторлары - М.Қ.Гильманов, Л.Ү.Әбшенова, А.Р.Соловьева, Алматы, «Атамұра» 2005 жыл) пән оқулығында: «Чарльз Дарвиннің «табиғи сұрыптау» теориясы бойынша адамның арғы атасы - маймыл. Бүгінгі біздер эволюциялық сұрыпталу барысында осындай күйге жетіппіз. Нақтырақ айтқанда, тіршілік үшін күресте кім күшті сол тірі қалып отырған» дейді (115- бет). Тағы сол сияқты ҚР Білім және ғылым министрлігі бекіткен, жалпы білім беретін мектептің 8-сыныбына арналған «Биология» оқулығының 5-бетінде: «Адам - тірі жүйелер эволюциясы дамуының ең жоғарғы сатысы. Ағылшын ғалымы Ч.Дарвин 1871 жылы шыққан «Адамның тегі және жыныстық сұрыпталу» атты еңбегінде: «Адам жануарлар әлемінің эволюциялық дамуы нәтижесінде пайда болды» деп жазады... Дарвиннің анықтамасы адамның пайда болуы мен адам тәрізді маймылдар тегінің біртұтастығын көрсетіп, эволюциялық даму бағытына сілтеме жасады» деген сөйлем бар.
Дарвин ілімін уағыздаушы бұл оқулықтар шын мәнінде Ресейдегі білім беру бағыты бойынша әзірленген оқулықтардың қазақша нұсқаланған түрі. Орыс оқулығындағы жалған ілімді сылып алып тастауға бізде қауқар жоқ. Айналып келгенде бұл сол құлдық сананың кесірі.
Жалған ілімнің пайда болуы
Еуропада ХVІ ғасырдың екінші жартысында шексіз билікке ие болған монархиялық жүйеге қарсы топтар пайда болды. Оларға билікпен тұтасып әмір жүргізіп отырған дін иелерінің: «бәрі бір Құдайдың әмірімен болады, патша сол тәңірдің сүйген құлы, оған қарсылық таныту күнә» дейтін ұстанымына қарсы теория ойлап табу қажет болды. Шын мәнінде бұл ақиқи дін атаулыға қарсы ұйымдастырылған шайтани әдістің аса қуатты тәсілі еді. Осы орайда, геолог Джеймс Хаттон (1726-1797) дейтін ғалымсымақ: «Жерді Құдай жаратпаған, ол өздігінен топырақ қыртысы жылдан жылға қалыңдау арқылы пайда болған» дейтін алғашқы пікірді ұсынды. Қолдаушылар да табылды. Жаратылыстану саласының маманы Хален Куртис жаңа теорияны «униформизм» деп атады. Одан кейін аталмыш идеяны ағылшын ғалымы Чарльз Лайель іліп әкетті. Бұл оқымысты өзінің «Геология негіздері» атты үш томдық еңбегінде: «Жер өзінен өзі пайда болған» дей отырып, оны дәлелдеуге тырысты. Бұлардың ізін жалғастырушы тағы бір бейбақ ағылшын Чарльз Дарвин «Түрлердің пайда болуы» атты кітап жазып, адам баласы Аллаһтың жаратқан мақұлығы емес, табиғи сұрыптаудың нәтижесінде пайда болған маймылдың ұрпағы, деп көрсетті.
Осылай адамзат тарихында жаңа теория пайда болды. Бұны дінге қарсы шайтани топтар алақайлап қабыл алды. Әсіресе, дін атаулыны мансұқтаған Кеңес Одағы Дарвин теориясын дүниетанудың өзегіне айналдырды. Жалған ілім жайлаған социалистік системаның адамдары орманда жортып жүрген маймыл атаулыны «ұлы бабамыз» деп таныды. Қысқасы, біз ұзақ жылғы сұрыпталудың арқасында адам болыппыз-мыс. Егерде, еңбек етпегенде маймыл қалпымызда қалып қойып, масқара болады екенбіз. «Адамды адам еткен еңбек...» (Ф.Энгельс).
Дарвинизмнің зарары
Әлеуметтік дарвинизм дами келе қоғамдағы тәкаппарлық пен нәсілдік бүлінушіліктің өрістеуіне жол ашты. Социолог Спенсор мырза, адамды аялап, қамқорлық жасау теріс, кім мықты сол ғана тірі қалу керек, деп айды аспанға бір шығарса, ағылшын психологы Фрэнсис Гэлтон (1822-1911) жоғарыдағы эволюциялық ілімді негіздей отырып, «Евгеника» (грек сөзі - «асыл тұқым» дегенді білдіреді) атты жаңа теория ойлап тапты. Оның пайымынша, табиғи сұрыптау арқылы адамның өте қуатты тұқымын жасап шығаруға болады. Дәл осы идеяны іске асыруға ХХ ғасырдың басында Жапон милитаристері мен неміс фашистері құлшына іске кірісті. Герман армиясының идеологы Фрэдрих вон Бернхарди 1911 жылы жарық көрген «Германия және алдағы соғыс» атты еңбегінде Дарвиннің эволюциялық даму теориясын басшылыққа ала отырып, соғыс адамзат үшін биологиялық қажеттілік дегенді кесіп айтты. Кітап Германияның ресми көзқарасына айналды. Еліріп алған немістер үш жылдан кейін 1914 жылы Бірінші дүниежүзілік соғысты бастады да жіберді. Қаншама адам қырылды, қаншама дүние бүлінді.
Арада 25 жыл өткен соң Екінші дүниежүзілік соғыстың басталар қарсаңында тағы да осы әлеуметтік дарвинизм саяси сахнаға шықты. Германия фашизмнің жақтаушысына айналды. Адольф Гитлер «Менің күресім» атты кітабында Дарвин іліміне арқа сүйеу керек дегенді ашық мәлімдеді. Онымен қоймай жоғарыдағы «Евгеника» теориясын басшылыққа алып, немістер «таза арий қанды тұқым» деген нәсілдік үстемдікті әспеттеп, басқалар бізге құл болуға лайық-мыс дейтін шайтани тәкаппарлыққа ұрынды. Мұндай пікірден Италия басшысы Бенито Муссолини де қалыс қалған жоқ. Барлық баяндамаларында Дарвин идеясын ұрандаумен болды. Ақыры не болды? Қырғын соғыс басталып, 50 миллион адамның басын жалмап кетті. Міне, дарвинизмнің адам баласына тигізген «пайдасы».
Өтіріктің құйрығы бір - ақ тұтам
Адам баласы соқыр саясаттың құрбаны болуы мүмкін, бірақ жалған дүние түбі әшкереленбей қалмайды. Сол сияқты эволюциялық ілімнің осал тұсы: маймыл адам болғанға дейінгі аралық тұқымның қаңқасы немесе нендей бір дерегінің болмауы еді. Дарвин болса: «Қазір бұл аралық тұқымның қаңқалары табылмағанымен келешекте міндетті түрде табылуы тиіс» деген үмітпен көз жұмды. Ізбасарлары эволюциялық ілімді дәлелдейтін дерек іздеп шарқ ұрды. Сөйтіп жүргенде қопарылған топырақ арасынан белгісіз бір тіс табылды. Табиғаттанушылар оған «Небраск адамы» дейтін ат қойып, міне бұл аралық тұқымның белгісі деп жар салды. Ақырында бұл мыңдаған жыл бұрын өмір сүрген байқұс шошқаның тісі болып шықты. (Доктор Дж. С.Маклин, «Очевидность сотворения мира», 199-бет).
Одан кейін атақты сүйектанушы ғалым Ч.Даусон 1912 жылы саксония территориясы «Пилтдаун» өлкесінен «бас сүйек пен жақ сүйек тауып алдым» деп күллі дүниеге дүбір салды. Әлгі қаңқаға 500 мың жылдық жас беріліп, «Пилтдаун адамы» дейтін ат қойылды. Қу сүйек 40 жылға жуық Еуропаның барлық университеттерін аралап, 500-ге жуық ғылыми еңбек жазылды. Содан 1949 жыл туғанда Кеннет Окли дейтін оқымысты қу сүйектің жасын анықтайтын «Flor test» атты тест ойлап тауып, Британ мұражайында тұрған әлгі бас сүйекті зерттеп кеп жіберсе, 500 жыл бұрын өмір сүрген адамның қаңқасына, 60 жыл бұрын өмір сүрген орангутан маймылдың жақ сүйегін шебер қиюластырып, жасанды тіс салғаны анықталып шыға келмесі бар ма?! Ақыры, «алаяқ» сүйек айдалаға лақтырылып тасталды.
Адамды жаратқан - Аллаһ
Дарвин іліміне түбегейлі қарсы шыққандар да болды. Соның бірі - Петр Кропоткин 1902 жылы жарық көрген «Эволюцияның факторы және өзара көмек» дейтін еңбегінде: тірі табиғат тек ғана қырқысып, сұрыпталу арқылы өмір сүрмейді, өзара көмек-ынтымақпен тіршілігін жалғайды дегенді алға тартты. Тау тұлғалы жыртқыш балықтың аузы-басын тазалап, тісіне қыстырылған етті теріп жеп, күн көретін майда шабақтардың тірлігін тілге тиек етті.
Батыстың белгілі ғалымы Макс Планк дүниенің пайда болу заңдылығын көп жыл зерттеп, былай деп қорытынды жасайды: «дүние (материя) белгілі бір күш-құдіреттің арқасында пайда болған, материяның ішінде аса кішкентай күн жүйесі тәрізді құрлымдар бар. Атом және электрон деп аталатын бұл жүйелер материяны ыдырап кетуден сақтайды. Осыған қарағанда ғаламды жаратқан бір құдірет бар, ол - Аллаһ», дейді.
Дарвин теориясының қазір құны жойылған. 2004 жылы сәуір айында Италия білім министрі Летиция Моратти орта мектепте бұл ілімді оқытуды тоқтату жайында комиссия құрып, оны Нобель сыйлығының иегері Ритой Леви- Монтальчини басқарды. Тағы да осы жылы Сербия министрі Лиляна Чолич аталмыш теорияны оқудан алып тастады. 2005 жылы Дарвин ілімін оқытқаны үшін Түркияның Мерсин қаласында бес мұғалімнің үстінен іс қозғалды. Американдық Мичиган университетінің зерттеуіне қарағанда, АҚШ тұрғындарының алтыдан бірі ғана жалған ілімге иланады. Ал, Жапония, Исландия, Дания, Швеция, Франция тұрғындарының 80 пайызы қарсы (www. rian.ru).
Демек, Дарвин ілімі саясиланған жалған құрал. Дінді мансұқтау үшін пайда болған шайтани жол. Кімде-кім шариғат үкімін бұзғысы келсе (шайтан көкейіне салса) Дарвин теориясына бой ұсынады. Оның сұрыптау жайлы ілімін қолдайды. Шын мәнінде сұрыптаушы бір Аллаһ. Құран Кәрімнің «Қасас» сүресінің 68-ші аяты: «Раббың қалағанын жаратады да, сұрыптайды...» деп басталады.
Ал, «Мүминұн» сүресінің 12-14 аятында: «Адамды Біз топырақтың ең асылынан жараттық. Одан соң оны ұрықтың тамшысына айналдырып, өте сенімді орынға (жатырға) орналастырдық. Одан әлгі ұрықты ұйыған қанға айналдырдық. Ұйыған қанды бір жапырақ етке айналдырдық. Бір жапырақ етке сүйек бітірдік. Оған ет қондырдық, оған жан кіргізіп, басқадай жаратылысқа айналдырдық. Аса шебер Жаратқан Ие барынша ұлы» дейді. Аят үкімі осылай... Осыдан кейін есі дұрыс адам «маймылдан адам жаралған» дегенге сене ме, есі дұрыс қоғам өзінің ұрпағына «сенің атаң маймыл» деп оқыта ма? Жоғарыдағы 8-9 сынып оқулықтарындағы Дарвин ілімін насихаттағанымыз үшін Аллаһтың алдында кім жауап береді?!. Қасиетті Құранда: «Олар, Аллаһтан өзге, оған ешбір дәлел түсірілмеген және ол жөнінде өздеріне ешбір мәлімет берілмеген нәрселерге табынады. Ол залымдар үшін жәрдемші болмайды» дейді («Хаж» сүресі, 71-аят). Мұндағы аят үкіміне қарасақ, дәлелсіз дарвинизмді оқыған қауымға Жаратушының жәрдемі болмайды екен. Аллаһ сақтасын!!!
Бекболат ТІЛЕУХАН, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты
«Намыс.кз» сайтынан