Сенбі, 23 Маусым 2018
Алашорда 1405 4 пікір 9 Қаңтар, 2018 сағат 10:41

Орысты жиып ел қылған – варяг-қыпшақтар (жалғасы)...

(Жалғасы. Басы мына сілтемеде)

Енді, словендердің осы варягтарды билікке шақыруларының себебіне келелік. Жылнамадан біздер словендердің варягтарға келіп: «Придите к нам на княжение, владейте нами, земля у нас обильна, но наряда у нас нету» дегендерін оқимыз.  Орыс зерттеушілері бұл жердегі «наряд» деген сөзді «порядок», яғни, тәртіп деп түсіндіреді.  Біздіңше, наряд дегеніміз сән-салтанат болмақ.  Осылай болғанда, наряд деген сөз  церемониал, яғни, хан көтеру тәртібі дегенді білдіреді. Яғни, словендерде хан әулеті болмаған соң, ешқандай  да,  «наряд» та болмаған.  Ежелде, хан әулетінде тақ киесі болады деген ұғым болған. Тақтың киесі болса, онда, сол тақтағы патшаға бағынған халықтың да киесі болмақ.  Орхон жазуларында сир-қыпшақ Тоныкөк, түріктің бірінші қағанаты жөнінде айтқанда: «Олар өз арасынан қаған тапты» деп айтады.  Бұл жерде тақ киесі болмады деген ұғым жатыр, сондықтан бұл қағанат құлады дегендей.  Құтлұғты қаған қойып, оған сир-қыпшақтардың киелі хан әулетінің   Елтеріс атағын лақабы ретінде беріп,  елді өзі билеген Тоныкөк ары қарай: «...мен өзім білікті Тоныкөк иелік етпесем, мен жоқ болсам,  Қапаған-қаған түрік есір жерінде Бод та, халық та, адам да, ел иесі де жоқ болған болар еді» дейді.  Бұл жерде Бод деп тақ киесі айтылып тұр.  Яғни, Тоныкөк хан әулетіне жатпайтын тексізді қаған қойса да, қуыршақ қаған сайлап ел билеген өзінің  бойында тақ киесі болғанын айтып тұр. Тоныкөктің Ашидэ әулеті ежелгі Кай Оседеньнің  (ашидэ-оседень) әулеті екенін айтқан едік.  Осыны, Ашидэ жөніндегі: «Ертедегі бір қағанның әулеті» дегеннен ұғамыз. Тоныкөктің таңбасы үшбұрыш болған.   Ашидэ әулетінің төрт аша таңбасын біздер ежелгі Юечжи-Кушан (адай-қыпшақ) патшасының алтын теңгесінен көреміз. Міне, өздерінен хан сайласа тақ киесі болмай тозарын білген словендер Кай әулетінің өкілі деп Рюриктерді таққа шақырған болса керек.  Орыстар тақ киесі дегенді  «помазанный на царство» дейді.   Яғни, оларға патшалық құруға құдайдың батасын алған адам керек болды.  Олардың ұғымында ондай бата тек монархтар әулетінде ғана болған.  Орыс жылнамасы варягтарды «находник» дейді.  Яғни, «табылды» деген сөз.  Қазақ шежірелерінде жар түбінен табылғандар жөніндегі әңгіме жиі кездеседі.  Осы табылғандар міндетті түрде текті болып шығып жатады. Мәселен, «Манас» жырындағы Боқмұрынның табылған бала (находник) екені белгілі. Алай да, Көкетай хан өлерінде Боқмұрынның хан боларын айтып, мұрагер етеді. Егер де, Боқмұрын тексіз жетім болса, оны ешкім де хан сайламас  еді.  Анығында, Шыңғыс ханның бабасы Боданжар маңқаның әкесі де (баяут-мұғал) табылған бала еді.  Сондықтан да, одан туған балаларын  Алан ана Көкетай хан сияқты: «Олар ертең хан болады»  дейді.  Боданжардың «мыңғақ» деген қосымша аты Боқмұрынға мағыналас «маңқа» дегенді білдіреді.  Демек, біздердің бабаларымыз патша ұрқына тіл мен көз тимесін деп оларды осылай атаған. Қырғыздардың бізді «маңқа қазақ» дейтіндері – патша қазақ деп жалбаңдағандары болады. Орыстар да, біздерді қырғыз атағанда «киргиз-кайсак» деп патшалық тегімізді айтып, нақ қырғызды «дикокаменные киргизы» деп, олардың  патшалық сақтардың  ұрпақтарының қасында  жабайы халық екендерін айтқан.

Көптеген зерттеушілер орыстың тарихшысы Татищев көлденең тартып, Рюриктің тегін славянға жазғандағы «Иоаким жылнамасынының» жалған қағаз екенін айтады. Татищевтің өзі бұл қағазды «худое письмо», яғни, «арық қағаз» деп айтқан. Бұл жылнаманың пайда болу тарихы, ақиқаты  өте күмәнді болған соң, украин тарихшысы Алексей Толочко Татищевтің жазбаларына зерттеу жүргізіп «Иоаким жылнамасының» жалған қағаз екенін дәлелдеп берген. (И. Данилевский).  Біздер талай жерде дала ауыз тарихының дерек беруіндегі шежірелік тәсілді айтқан едік.  Яғни, шежірелерде символдық тұлғалардың бар екені жөнінде.  Мәселен, жоғарғы айтылған шежірелік Мүйізді, Өкіреш дегендеріміз тарихи тұлғалар емес,  қыпшақтар  пен наймандардың түбінің турандықтар екенін білдіріп тұрған шежіредегі символдық тұлғалар болады.  Бұндай символдық тұлғалар тәртібі әр елдің шежіресінде де, жылнамасында да кездеседі.  Осымен қатар шежіре мен орыс жылнамаларында жасырын мағыналар да кездеседі. Оның үстіне, орыс жылнамаларына қыпшақтардың зор әсері болғанда. Мысал үшін «Алпамыс» жырын алалық.  Зынданда, яғни, қазылған орда  жатқан Алпамысты ешкі айдаған Кейқуат (Кай Кувад патша) ешкілермен асырап бір күні шұңқырдан шығуына себепші болады.  Бұл жерде қазақты қой емес, ешкімен неге асыраған?  Оның мәнісі мынада.  Қазақта: «Ерте-ерте ертеде, ешкі жүні бөртеде» деген сөз бар. Бұл жерде Ферғана аңғарының жалғыз қақпасының алдындағы Мырзашөлде жайылып жүрген түбітті ешкі жөнінде айтылып тұр. Бөрте дегені Мырзашөлдің биік бұтадай бөрте-жусаны.  Жайылғанда түбіті бөрте-жусанға ілініп қалатын ешкіміз қазір ангор аталатын ежелгі қаңлылардың ешкісі болады. Шыққан жері Ферғана аңғары болғандықтан ангор аталған бұл ешкілер каи-каңлылармен бірге Кіші Азияға кетіп, қазір сол жақта (Түркияда) өсіріледі.  Анкараның ескі атауы Ангор – Ферғана аңғарын айтып тұр.   Алпамыстың тарихынан біздер басына қатер төнгенде ежелгі жауласқан отырықшы арийлер мен көшпенді арийлердің, яғни, турандардың   ақырында бірігіп біріне-бірі қолдау көрсеткендерін ұғамыз. Кейін, Алпамыс Кейқуатты Иран (ариан) тағына отырғызады.  Өштескен жау эпоста қалмақ болса, тарихта солардың аталары ғұн-қытай еді.  Естеми, Бумын, Мөде, Күлтегіннің түбінің қытай екенін ғаламтордағы «Шыңғыс ханды түрік қылған Рашид ад-дин» атты мақаламыздан да біле жатарсыздар.  Сонымен, Алпамыстың зынданы да, қамалған қазылған оры да,  «Қарақан тауда қамалым» дегендегі Вара-Кангха қамалы болады.  Негізінде, «Алпамыс» жырының мағынасы өте терең.  Осыны арғықазақ мифологиясы  ғылымының атасы Серікбол Қондыбай ғана түсіне алған. Яғни, Ұлтан құлдың тарихы, қаңлы-қыпшақтар Ергене қоңға кеткенде, әлемді тексіздердің билегенін айтып тұр. Осы сияқты, орыс жылнамаларында да жасырын мағыналар мен символдық тұлғалар тасталған. Орыстың ұлы ақыны Александр Пушкин де: «Ертегі жалған, алай да, онда меңзес бар» деген еді. Енді, қыпшақ теориясының тұрғысынан орыс жылнамаларындағы осы меңзестерді талдалық.

Варяг мәселесін зерттеуші И. Вышегородцев «Иоаким жылнамасындағы» Рюриктің славяндық шешесі деген Умиланың атын «умолять», яғни, жалбарыну дегеннен болған аңыздық есім екенін айтады.   Яғни, словендер варягтарға таққа отыруға жалбарынған дегенді  білдіріп  тұрғанын айтады.  Біздіңше, бұл Умила деген есім «умоление» емес, Умай ананы еске салып тұрғандай. Біздер бұрындарда басына үшбұрышты тәж киген Умай ананы атасы қытай ғұн-түріктің емес, қыпшақтың символы екенін айтқан едік.  Мәселен, шежірелік атасы қытай ғұн-түрік болған Білге қағанның бітіктасында шешесін айтқанда: «Умай текті анам» дейді. Яғни, бұл жерде ашина-қытай (а+сина) Білге қаған анасының қыпшақ екенін айтқаны еді. Және де, түрік деген этнонимнің бастапқы нұсқасы «туркут» - турдың көті», яғни, анадан турандық дегенді білдірсе керек деген де едік. Сондағы орыс жылнамасында түрік бітіктасындағы сияқты, Умила деген есімде «Умай текті анам»  деген меңзес бар.  Осыдан болар, варяг мәселесін жете зерттеген орыс тарихшысы Игорь Данилевский Рюрик әулетінің анадан «половцы», яғни, қыпшақ екенін айтады. Осымен қатар, Игорь Данилевский: «Рюрик кім болса, ол болсын, бірақ та, словен болмаған» дейді.  Норманға да тартпайды.  Ал енді, рюриковичтердің күмістерінен біздер қыпшақтың тұмар таңбасын екі жерден көреміз.   Осы әйел жатырының символы үшін Вара қамалын салған Иемнің аты Умай анаға айналып кеткен болса керек.  Адайдағы Жеменейдің бастапқы атауы Ием еней болған деп ойлаймыз.   Яғни, Ием еней дегеніміз үшбұрыш таңбаның бір атауы болса керек. Шежіре деректеріндегі Жеменейдің лақаб атының Бұзау болғаны да қасиетті сиыр ананың ұлы, маңдайында үшбұрышты таңбасы болған  қара бұқаны еске салып тұр.  Ферғана аңғарының әбден қалыптасқан пішінінің  үшбұрышты екенін картадан көруге болады. Мәселен, Енисей өзенінің атын Атамбаев қырғыздардың қойғанын айтады. Біздіңше, Енисейдің бастапқы қыпшақтық нұсқасы Ене сай болған.  Яғни, бұл өзенге де Ергене, Вара Кангха сайының бір атауы берілген. Қырғыздар болса, Ене сай дегеннің не екенін де білмейді. Ал енді, Вышегородцев айтқан «умолять» деген сөз Рюриктің ағайыны деген Синеустың атында жасырынған дейміз.  Яғни, Синеус деген есімнің қыпшақша айтылуы Санияз болғанда, біл есім бірнеше мәрте тағзым ету дегенді білдіреді.   Яғни, сан – неше мәрте, нияз – тағзым ету, челобитие.  Рюриктің екінші ағайыны Трувордың аты Тұрар есімін еске салып тұр. Яғни, бұл есімде «жалбарынсақ билікке келіп тұрар» деген ұғым жатқандай.  Ал енді, Рюриктің атасы деген князь Гостомыслдың есімі «гость мосол» дегенді еске салып тұр. Яғни, масыл қонақ деген ұғымда. Қонаққа шақырып мойнымызға отырғыздық дегендей. Мосол деп жамбас жілікті айтады. Ал енді, қыпшақтардың салтында жамбас жілік ең сыйлы қонақтың сыбағасы болады.  Тіпті, «жалған қағаздағы» Рюриктің әкесі деген Гоцлавтың аты да Вара-Кангханы айтып тұрғандай. Рюрик жөнінде фильм шығарған Михаил Задорнов кейбір деректерде Гоцлав дегеннің   Готислав  деп берілгенін айтады.  Жоғарыда айтқандай, готи, коти дегеніміз қамал болғанда, бұл есім Готислав – славная крепость Вара-Кангха деген мағына береді. Осымен қатар орыстың Ярослав деген есімі «славный яр» дегенді білдіреді.  Яр дегенннің жар, ор екені белгілі. Ал енді, Гостомысл, яғни,  Гостьмосол  дегені «жамбас қонақ» деген мағына беріп тұрғандай.  Рюриктің боярлары деген Аскольдіміз -  Асқар (тау), Диріміз - Дүр, яғни, Тур болмақ.

Міне, бұндай  жорамалдарсыз-ақ,  таңбалар мен шежіренің негізінде Рюриктің  қыпшақ болғанын  дәлелдеп бердік дейміз.  Рюриктің түбін орыстың Ломоносов сияқты ғұламалары түсіне алмағанды надан орыс қайдан түсінсін?  Орыстардың түсірген «Русский каганат» атты фильмінде Рюриктің заманынан қалған  қыш кірпішке басылған  үшбұрыш тұмар таңбаны біздер анық көреміз. Алай да, орыс тарихшысы бұл таңбаға «жаңа қақпаға қарап тұрған қой сияқты» қарап қалды да, ләм-лим деп ештеңе айта алмады.   Варягтардың қыпшақтар екендері жөнінде арабтардың, парсылардың, қытайдың, ежелгі орыстардың  деректерінің негізінде монографиялық еңбек жазуға болар еді.  Мәселен, Бируни араб елінің географы Аль-Машанның Кангдизді (Кангханы) нольдік меридиан ретінде алғанын айтады. Демек, ертеде бұл Вара-Кангха қамалының географиялық орны да белгілі болған.  «Сказание о Мамаевом побойще» атты деректен орыс зерттеушілері варяг дегендердің қыпшақтар екендерін баяғыда ұғып қойған сыңайлы. Алай да, олардың шовинистік сасық көкіректері осыны мойындатқызбай отыр.  Орыста патша атағын ең алғаш алған Қаһарлы Иван тақтағы рюриковичтердің соңғысы еді. Осыдан кейін орыстың тағына қайын жұрттан, нағашы жұрттан өңшең көлденең келген тексіздер отырып, Романовтар әулетін құрып, ақырында халықтың қаһарына ұшырап қырылып қалды.  Оларда тақ киесі болмады.

Кейбір орыс зерттеушілері Ресей президенті Владимир  Путинді, Рюриктің нәсілі  князь Михайл Тверскойдың ұрпағы екенін айтады. Оның атасы Спиридон - Михаил Тверскойдың ұрпағы адмирал Путятиннің ұлы дейді.  Және де, князь Михаил Тверскойдың сақталып қалған портретіндегі бет-әлпеті мен Владимир Путиннің бет-әлпетінде таңғажайып ұқсастық бар екенін айтады.  Осымен қатар, Путиннің көзінің түсі славяндық көкшіл емес, қыпшақтық жасыл сұр түсті келген.  Путятин деген аты-жөннің Путинге айналып кетуі ғажап емес. Мәселен, қазақта Аблез деген есім Абулгазиз дегеннің қысқартылған нұсқасы болады. Осы сияқты, Спиридон Путятиннің аты-жөні қысқартылған нұсқаны алып Путинге айналып кетуі әбден мүмкін.  Ал енді, оның  Владимир деген есімі қыпшақтың Ұлатемір дегенінен қалған.   Яғни, қатты шыныққан құрыш болат темір деген сөз. Қазақ шежіресінде Ұлатемір наймандардың бір атасы болады. Владимир Путиннің бойында үлкенді аса құрметтейтін, сыйлайтын, қыпшақтарға тән қасиет бар екені белгілі. Ол кісінің бұл қасиетін біздер елбасымызбен кездескен кезінде анық байқаймыз. Әрқашан елбасымыздың сөзіне құлақ асып тұрады. Ал енді, кешегі Атамбаевтың атасы деген Манас жөнінде Шоқан, оның ата-анасын сыйламағанын айтқан. Тіпті, Манастың есіріп, әкесінің малын айдап әкеткенін де айтқан еді. Қырғыздың түбі -  аруағы бөлек деп аталарымыз айтқан сарматтың Азық тайпасы болады. Қыпшақтарға жатпайды.  Ертеде оларды (азықтарды) аз, ас, асий деп қытай деректері таңбалаған.  Манас дегеніміз ман+аз деген екі сөзден құралып, азық адамы деген мағына береді. Азық (язиг) атауы қырғызда, қазақтардағы қыпшақ атауы сияқты сақталып қалған. «Алтыншы әжем қалмақтың қызы еді, мүмкін соған ұқсауым» деп Сәбит Мұқанов айтқандай, біздің бабаларымыз атасы қытай ғұн-түріктермен мидай араласып, солардың қыздарын алып нағашыдан жартылай монголоидтық бет-әлпетті қабылдаса, кезінде европеоидті бет-әлпетті болған сарматтардың бір бөлігі де, ғұн-түріктер сияқты атадан қытай болып сүйек-шатысқа  түскен. Сондықтан да, қытайдың шежірелік дәстүрінде қырғыздар қытай генералы Лы Линнің ұрпақтары ретінде көрсетілген. Қырғыздың бет-әлпетінің монголоидтығы қазақтардікінен басым болғаны осыдан дейміз. Қайткенде де, ғұн-түріктер мен қырғыздар қытайлармен тікелей сүйек-шатыста болып маңғол тектес болған.  Мәселен, Күлтегіннің сақталып қалған мүсінін қараңыз, барып тұрған синид-монголоид, қытай да, қытай. Ал енді, қыпшақ-қазақтардың атасының қытай болғанын ешбір шежіре дерктері айтпайды. Қазақтардың өздерінің шежірелік дәстүрінде қайбір ата болсын, оның шешесінің қырғыз, қалмақ, қарақалпақ, қоңырат, орыс, сары үйсін, түркімен қыздары болғаны ғана айтылады.

Енді, Ергене қоң, Вара-Кангха жөнінде бірер сөз. Рашид ад-дин маңғолдардың бір тайпасы қатты қырғынға ұшыраған соң, осылардан Қиян мен Нүкүздің Ергене қоңға кетіп қалып жасырынғанын айтады.  Яғни, Қиян мен Нүкүзді маңғол деп айтып тұр.  Ал енді, Ергене қоң оқиғасының түркілік нұсқасында маңғолдар аталмайды. Ергене қоңға Қайан мен Ел ханның жиені Тоғыз кетеді (тох+уз, тохар). Рашид ад-диннің маңғолдарды айтқанының мәнісі мынада. Шыңғыс хан Көк Маңғол Ұлысын құрғаннан кейін, барлық қият-қыпшақ, соның ішінде найман, керей, жалайыр, оңғыт-уақ т.б, және де манчжур, ойрат тайпаларының маңғол атануы міндет болғанын айтпаса да, түсінікті.  Міне, қазіргі Маңғол үстіртінде қалған ойраттардың, таңғұттардың, тибеттіктердің, кейбір орман халықтарының  маңғол атануы осыдан болған. Яғни, Шыңғыс ханнан жүз жыл кейінгі Газан ханның тұсында әрине барлық көшпенді халық маңғол атанып жүрді. Сондықтан да: «сенім білдіретін адамдардың айтуынша» деп Ергене қоң жөнінде сөз бастаған Рашид ад-дин, сол сенім білдірген сарай адамдарының ауызынан маңғолдарды жазып кетті. Ал енді, Шыңғыс ханның шыққан тегі мағолдар хан тұқымы Қайаннан емес, Рашиден айтқан Нүкүз бен түркілер айтқан Тоғыздың (жиен) ұрпақтары болады. Яғни, хан әулетіне жиен. «Құпия шежіреде» айтылған баяуттардың да Ергене қоңнан шыққандары анық.  «Оғызнамэде» Рашид ад-дин мағол дегенді «мовал» дейді. Яғни,  бұл сөзді естілуі бойынша жазған. Әбілғазы болса, «мунол» сөзінің айтылуы қиын болған соң бұл атаудың «мугул» деп айтылып кеткенін жазған.  Және де, «мун» сөзінің қайғы екенін айтады (мұң). Бұл сөздің айтылуының қиын болғаны, бастапқы нұсқасында біздің «ң» әрпіміз болған соң дейміз. Сондықтан да, Рашид ад-дин «мовал» деп, Рубрук «моал» деп бұл сөздің бастапқы «мұңал» нұсқасының естілуін жазбаларында барынша келтірген. Егер де сіз мовал деп те, моал деп те айтсаңыз «мұңал» сөзі естілетіні хақ. Осымен қатар Рашид ад-дин «мовал» атауының мағынасын: «Әрқашан да мұңды (мұңлы) болыңдар» деп түсіндірген. Мұңал дегеніміз осы болады. Яғни, мұңлы болғандар, мұңды алғандар. Ал енді, Әбілғазының айтқанындай, мунолдың мугул болып кеткенін біздер шежіре деректерінен де көреміз. Онда Мұңал руының аты Мұғал деп жазылып жүреді. Қадырғали Жалайыр да, Әбілғазы баһадүр хан да мунол дегеннің мугулға айаналып кеткенін тәжік (парсы) тілінен болғанын айтады. Олардың тілінде «ң» әрпі жоқ. Сондықтан да, кезінде Шағатай ұылысының шығысында құрылған мемлекет солардың тілінше Моғолстан (мұғалстан) аталған.  Ежелде мұғал атанып жүрген мұңалдар осы Шағатай ұылысының жерінде көшіп-қонып жүрген. Мәселен, Асқақ Темірдің  шежіресінде Созақтан Мағол, одан Асқақ Темір деп айтылған.  Бұл жердегі Созақ дегені су сақ (адай), мағол дегені мұңал болады.  Сонда, «Құпия шежіредегі» «баяут-маалих» дегеніміз баяут-мұңаллық, яғни, қазіргі таңда Кіші жүз құрамында Шыңғыс ханның таңбасымен жүрген Байұлы Мұңал болмақ.  Маңғол елінен оралған ғалым, тарих ғылымдарының докторы Зардықан Қинаятұлы марқұм, Шыңғыс ханның бабасы Боданжардың осы баяут-маалихтің жігітінен екенін айтып кеткен еді. Ал енді, Боданжардың «нұрдан жаралды» дегендері, ғалым айтқандай, бар болғаны идеология ғана. Рашид ад-диннің мовал-мағол-мұңал атауының мағынасының «әрқашан да мұңлы болыңдар» (мұң алыңдар) дегенді білдіретінін «Құпия шежіре» де растап тұр.  Рашид ад-дин «Оғызнамэде» мовал сөзінің мағынасын түсіндіргенде, олардың ағайыны деген Оғыз ханның: «Әрқашан да мұңлы болып, иттің терісін жамылып, құстың етін ғана жеп, ешқашанда Түркістанда (туранда. Қ.З.) көрінбеңдер!» деген сөздерін келтіреді. Оғыз хан атаған мовал сөзінің  мағынасы осы дейді. Ал енді, «Құпия шежіреде»  Шыңғыс ханның бабасы Боданжардың ағайындарымен сыйыспай дүзге кетіп (қуылып), тек қана құстың етімен қоректеніп жүргені айтылады. Маңғыстауда жүрген кездерімде құстың қайтқан, келген кезінде олардың  аспандағы тобырынан күннің көзі көрінбей кететінін байқаған едім. Яғни, Адайлардың қазіргі қонысы  қысы-жазы құстың ең көп жүретін жері болады. Және де, мифология Асқақ Темірдің аққуға күйкентай салғанын естіген қыпшақ Асан қайғы Бәйдібекпен бірге келіп: «Аққу – қанатты құстың төресі, бейбітшілік бейнесі» деп, аққуға күйкентайды  салмауын ескерткен деп айтады.  Қаршығасын салып қаз-үйректің  мамығын қарша боратқан Боданжардың енді бір ұрпағы Асқақ Темір, әрине, аққудың етін жеу үшін оған күйкентайын салған еді. Шыңғыс ханның ата-тегі жөнінде толығырақ ғаламтордағы «Шыңғыс хан - Адай руының ұрпағы» атты мақаламыздан біле жатарсыздар.

Кейінгі зерттеулерден біздер Ергене қоңға кеткендердің орыс жылнамаларындағы половцы мен печенегтер екендерін ұқтық. Яғни, Қайан, Қиян дегеніміз половцылар, Нүкүз, Тоғыз дегеніміз печенегтер. Печенег дегендеріміз шежіредегі Созақ, яғни, су сақтары болады.  (А. Абдрахманов. «Қазақстан этнотопонимикасы». Ғылым-1979 ж). Аңызда Қияндардың Ергене қоңды архардың ізімен жүріп тапқандары айтылады. Бұл жердегі архар, күннің символы болады. Яғни, олар Саян-Алтайдан шығып күннің артынан, шығыстан батысқа қарай жүрген. Ферғана аңғары болса, қытай деректерінде «Батыс өңірі» деп белгіленген. Осымен қатар қытай тілінен орыс тіліне аударғандар Ферғана алқабын Давань дейді. Қытай иероглифтерін жете таныған қазақстандық ғалым Ю.Зуев Давань дегенді Дайюань деп түзетеді. Бұл жерде «дай» және «уаң» деген сөздер бар.   Яғни, Дай (адай) патшалығы дегенді білдірмек.

Енді, Кайут, Қият әулетінің ежелгі халықтар арасындағы маңызы жөнінде айта кетелік. Қытай Ли Синь-чуаның «Цза-ци» дерегінде Шыңғыс хан құрған маңғол империясынан басқа да, ертеде маңғол мемлекетінің  болғаны айтылады. Онда: «Тағы да бір маңғол мемлекеті болған. Шао-син билікте болған кезде (1132-1162) олар дүрбелеңді бастады. Олардың басшысы өзін бірінші ақсүйек император, әулет атасы деп заңсыз жариялады. Цзиндық Лянның кезінде олар шекарада елге тыным бермеді» деп айтылады.  Бұл жердегі Лян 1122-ші жылы билікке келген. Осыдан біздер Шыңғыс ханның арғы атасы Кабыл қағанның заманын анықтаймыз. Яғни, қытайлар «заңсыз император» деп Кай әулетінен шықпаған, қияттарға кірме қият-бөржігіндік  Қабыл қағанды айтқан. Қабыл қағанның қытайлармен қас болғаны белгілі. Оның қаған деген атағынан біз оның мемлекет құрмақшы болғанын түсінеміз. Алай да, ол өлерінде тағын өз балаларына емес, басқа атаның баласы Әмбегейге тастап кетеді. Оның мәнісі мынада. Әмбегейдің таушыут руының этимологиясы қытай тілінен «қанынан ханзада», «тақ мұрагерлері» дегенді білдіреді. Сонда, таушыуттар хан әулетіне жатпайтын баяут-мұңалдан болса қалайша қанынан ханзадалар болмақ? Міне, осы жөнінде біз «Маңғолдардың құпия шежіресі» мен Рашид ад-диннің жазғандарынан  жасырын мағыналарды көреміз. Сергей Кляшторный қытай деректерінің негізінде солтүстікте сир-қыпшақтардың шара және каи деген тайпаларының болғандарын айтады. «Құпия шежіредегі» тайшыуттардың атасы деген Шарақай линкум шежіредегі Кай әулетін білдіретін символдық тұлға болмақ.  Шарақай дегеніміз әлгі шара мен каи, яғни, сары каилар, линкум дегеніміз қытай тілінен «ұлы әмір» дегенді білдіреді. Ал енді, Рашид ад-дин болса, «Жылнамалар жинағын» Газан ханның қадағалауымен жазған соң, тайшыуттарды Алан ананың кіші ұлдарының ұрпақтары деген жасырын мағына тастайды. Яғни, бұл жерде «Алан ананың кіші ұлдары» деп Кай әулетінің ұрпағы Дубун-Баян мен жары Алан ананың кіші ұлы Бөгентай айтылып тұр.  Міне, сондықтан да, «Құпия шежіреде» бұл ұрпақ тайшыут, яғни, қанынан ханзада, тақ мұрагері, ұлы әмір  атанған.  Ал енді, Алан ана мен Дубун-Баянның үлкен ұлы Белгімтайдан қытай деректерінде жазылған Белгунут обағы тарайды. Бұл Белгунуттар қазір Найман аталып жүр. Сондықтан да, Найман шежіресінде Найман шалдың ұлы, лақаб аты Өкіреш деген Белгібайдың символдық тұлғасы пайда болған. Әрине, «Құпия шежірені» Шыңғыс хан әулетінің идеологтары өздеріне, яғни, мұңалдарға тартып бұрмалап жіберген. Сондықтан да, тайшыуттардың бөржігіндерге кірме екендерін айтпаған. Және де, таушыуттардың Шыңғыс ханмен не үшін жауласқанын нақты айтпаса да, «Құпия шежіреден» біздер бұлардың арасында таққа талас болғанын аңғарамыз.  Онда: «Әмбегейдің көзі кеткен  соң, сендер бізді басынбақшы болдыңдар» деп Шыңғыс ханның шешесіне айтылған сөздер бар.  Ендігі, хан әулетіне жатпайтын бөржігіндерде тақ киесі бар деп халықты  сендіру үшін бұрмалаушылар шежіреде Шыңғыс ханның тоғызыншы бабасы Боданжарды (Бөтен сары) Көк Тәңірінің нұрынан жаратып қойған. «Алтын дәптерде» айтылған, Алан анаға айдың сәулесімен киіз үйдің шаңырағынан түсіп, күннің нұрымен қайтып кететін сары итті біздер Тамғалыдағы тастардан көреміз. Онда, Тәңірдің денесі - сары тазы ит кейпінде, басы - жеті қабат ғарыш аспан түрінде салынған.  Демек,  «Алтын дәптердегі»  сары ит дегені Көк Тәңірінің символы болады.  Ал енді, Шыңғыс ханның арғы атасының Қабыл деген есімі - арийлік Кави атауының мағынасын береді. Яғни, Көк Тәңірінің дауысын санасына қабылдау деген ұғымда. Демек, қазақтағы Қаби, Қабыл деген есімдер Кави сөзінің қыпшақтарша айтылған  фонетикалық нұсқалары болады. Қазіргі ойрат-маңғолдар бұл Қабыл дегеннің не екенін де білмейді. Осы сияқты, Шыңғыс ханды ойрат-маңғолға санап жүрген орыс ғалымдары да, надандықтарынан Рарог, Рюрик деген есімнің не екенін білмейді. Қабыл мен Рарогтың мағынасын зороастра дінінен көптеген әдет-ғұрып, аңыз-әпсана, салт-дәстүрді алып қалған біздер, яғни, әлемдік тәртіп орнатқан ежелгі қыпшақтардың төте ұрпақтары ғана түсіне аламыз.

(соңы)

Қайрат Зарыпхан, шежіретанушы

Abai.kz

 

 

4 пікір