Мұхтар Құл-Мұхаммед: Елбасы Жолдауындағы басым бағыттарды жүзеге асыруда Алматы облысының әлеуеті зор
Алматы облысы Қарасай ауданындағы «A Product» ЖШС 150-ден астам кондитерлік өнім түрлерін шығарады. Бұл туралы бүгін «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммедтің өңірге жасаған сапары барысында белгілі болды.
«Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдау ел дамуының бағыт-бағдарын айқындап берген маңызды құжат. Сондықтан да Мұхтар Құл-Мұхаммед Жолдауда айтылған негізгі міндеттерді жүзеге асыруда облыстың мүмкіндігіне ерекше назар аударды. Соның ішінде аграрлық саясатқа, еңбек өнімділігін түбегейлі арттыруға және өнделген өнімнің экспортын ұлғайтуға бағытталған Жолдаудағы үшінші міндетке айрықша мән берілді. Соған орай партия Төрағасының Бірінші орынбасары кондитерлік өнімдер шығаратын «Алматылық өнім» («A Product») кәсіпорнына барды.
Кәсіпорынның өндірістік қуаты жылына 13 мың тонна дайын өнім шығаруға есептелген. Ең басты ерекшелігі ретінде қажетті шикізаттардың жүз пайызға жуығы отандық өнімдер екенін айтуға болады. Соның ішінде ұн, май, қант сияқты кондитерлік өнімдерге қажетті негізгі шикізаттар жергілікті шаруалардың өнімдері. Бұл өз кезегінде өңірдегі ауыл шаруашылығының дамуына үлкен үлесін қосып отыр.
Тәттілер шығаратын кәсіпорынға арнайы ат басын бұрған Мұхтар Құл-Мұхаммед өндіріс орнының технологиялық үдерісімен және іске қосылуға дайын жаңа желінің жұмысымен танысты. Осы ретте партия Төрағасының Бірінші орынбасары өндіріске жаңа технологияны енгізу арқылы Елбасымыздың алдымызға қойған барлық міндетін сәтті жүзеге асыруға, соның ішінде өнделген ауылшаруашылық өнімдерінің экспортын 2,5 есеге арттыруға мол мүмкіндіктер туатынын атап өтті.
– Елбасымыз өзінің бүгінгі Жолдауында ел экономикасын дамытудың басым 10 бағытын көрсетіп берді. Соның үшінші бағыты ауыл шаруашылығы өнімдерін өндеуге арналған. Қазақстанның астықты ел екенін, жыл сайын миллиардтаған пұт астық өндіретінін, ұн шығаратынын барлығы біледі. Бірақ біз ендігі кезде дайын астықты ғана экспортап қоймай, оны осы заманғы технологияға сай өндеп, ұн өнімдерін шығаратын кәсіпорындарды көбірек ашуымыз керек. Дәл мына біз тұрған кәсіпорын бүгінде өз өнімдерін Қазақстанның барлық облыстарымен қатар Ресейдің 13 ірі қаласына, Германияға, бүкіл Орталық Азиядағы елдерге және Беларусьқа шығарып отыр. Міне, экспортқа арналған өнім шығаратын кәсіпорындар осындай болу керек деп есептеймін, – деді «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед.
Сонымен қатар, партия Төрағасының Бірінші орынбасары облыс әкімі Амандық Баталовпен бірге банкі, құты сияқты шыны бұйымдар шығаратын «Алматы-Стекло» ЖШС-да болды. Одан бөлек, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында салынып, 2017 жылдың қыркүйек айында пайдалануға берілген «Батыр бабалар» мемориалды кешені мен Шамалған ауылында жаңадан ашылған Елбасы, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің «Атамекен» тарихи-мәдени орталығында болды.
Сапар соңында Мұхтар Құл-Мұхаммед «Нұр Отан» партиясының облыстық, аудандық, қалалық филиалдары мен бастауыш партия ұйымдарына Елбасы Жолдауындағы барлық басым бағыттың жүзеге асырылуын қатаң бақылауға алуды және бұл маңызды құжаттың мәні мен мағынасын Алматы облысының әрбір тұрғынына түсіндіру жүмыстарын жүйелі түрде жүргізуді тапсырды.
Abai.kz