"Тобол" үшін қор болған қайран байлық?
Еліміздегі футбол клубтарының жайы баспасөз бетінде жиі қозғалатындығын айтсақ, аса қателесе қоймаспыз. Онда да мұндағылардың шебер ойындарының таң қалып, ауыз ашқандықтан емес. Мұндай қуанышқа жақын арада жете қоймаспыз. Жалпы біздің жігіттердің еуропалық немесе америкалық аяқдобшылармен бүгін-ертең түгілі, нешеме жылдардан кейін де тайталаса, тең ойнауы таңғажайып ертегі тектес дүние шығар.
Жалпы, кезінде біздің клубтардың еуропалық футбол лигасына мүше болуының өзі өрескел қателік демеске лажымыз жоқ. Кезінде мұны футбол спортының талай-талай майталман мамандары айтты да. Алайда оны еститін құлақ бола қойған жоқ. Біз қанша дегенмен азиялықтармыз. Оның үстіне футбол бізде анау Франция немесе Аргентина секілді елдердегідей дәстүрлі спорт түрі емес. Демек, жақын арада оларды қуып жете алмасымыз анық. Білетіндер «Ау, алдымен біз Азия футбол лигасына кіріп, әбден шыңдылап алайық. Сонда шеберлігімізді танытып, көзге түселік. Мықтап танылғаннан кейін ғана Еуропаға ұмтылайық» дегенін де ешкім құлағына ілмеді. Міне, енді «еуропалық боламыз» деп дүйім жұртқа мазақ болып, күлкіге қалып жүргеніміз. Ұтылмаған командамамыз жоқ. Ойындарын көріп отырып, жерге қараймыз, Ал отыр ғой мына қырғыз, өзбек, түркімен бауырларымыз «біз айрықша халықпыз, біз қайдағы артта қалған азялықтар емеспіз, біз көкірегіне нан піскен еуропалықтармыз. Көздеріңді ашып қараңдар» деп босқа дандайсымай-ақ.
Бұл әңгіменің бір жағы бар. Ал оның екінші жағы осы барлық облыста тек қана сол өңірдің атын шығару үшін құрылғандай әсер қалдыратын қаптаған футбол клубтарының қаржыландыру жағдайы. Олардың бір емес, бірнеше миллиард теңге құрайтындығын ешкім де жоққа шығара алмас,. Алайда нақты бір клубтың, сол облыстың бюджетінен нақты қанша миллиард алатындығын ешкім де білмейді. Ол әскери құпиядан да жаман қорғалады. Мәселен, бізде «Тобол» футбол клубы бар. Мұның да бюджеттен қанша алатындығын мүлдем хабарсызбыз. Журналистер сол футбол клубының басшыларынан да, тіпті облыс әкімінен сұраса да, жауаптан тайсақтап кетеді. Сондағы тауып айтқандары: «Оны неменеге сұрайсыңдар? Бізден де көп алатындар бар емес пе?» деп құтылады. Баяғыда біреу «Мен не деймін, домбырам не дейді?» деген екен. Бұл да соның кері.
Айптақшы, облыстың футболшыларына жылына халықтың ақшасының қаншасы жұмасалатындығы жайлы осында әкім болған Шөкеев те, Кулагин де, Сәдуақасов та тіс жармады. Қазіргі Мұқанбетов те бұл сауалды ұната қоймады. Ол да клубтың қаржысын құпия ұстауға дегенде мықты табандылық танытты. Сірә, бұл бір кездері өзі басқарған Ақтөбеде қанына сіңіп қалған әдет болар. «Осы қомақты ақшаны халыққа жария қылайық, қанша дегенмен бұл солардың қаржысы ғой» деп дауыс көтерген депутатты да көре алмай отырмыз. Сірә, бұл олардың облыс әкімдерін ұятқа қалдырмайық дейтін асқан сыпайылығы шығар. Мәдениетті болғанға не жетсін, шіркін. Ал біздің «Тоболдың» қолы ашық, ұсақтығы жоқ, мырзалық танытқанда алдына жан салмайды. Мәселен, футбол маусымы аяқталған сәттегі қуанышын бөлісемін деп берген түскі асы жарты миллион теңгеден асып жығылды. Осыншама орасан қаржы бір сәттік тамақтарына да жұқ болмады. Мұның қалай деген спорт басқармасы да жоқ, клубтың жан дегендегі жалғыз иесі облыс әкімі де жақ ашқан емес. Енді «Алматыда жоқ, жоқ, Астанада жоқ, жоқ, Қостанайда жоқ, жоқ» деп әндету ғана қалды.
Алайда сол мәдениеттілігімізді түсінбейтін, сөйлеп қалған аузына ие бола алмайтындар да бар. Мәселен, түбі африкалық болса да Лондонда туып-өскен, ал қазір Қарағандының «Шахтерінде» ойнайтын Кореде Айегбуси деген қара бала «Мен кезінде АҚШ-та, Германияда, Финляндияда, Швейцарияда, тіпті Иранда да ойнадым. Қазір Қазақстанға келдім. Мұнда маған әлгі аталған елдерден әлдеқайда көп ақша төлейді» деп қарап отыр аңқауым. Енді бұған не дейсің. Егер Астана мен Алматы секілді бай манаптардың клубында емес, қатардағы облыстардың бірінде ойнайтын футболшы Еуропа мен Америкадағы аяқдопшылардан анағұрлым көп алса, тіпті айтатын сөз таба алмайды екенсің. Бұл дегенің халықтың ақшасын далаға шашумен бірдей дүние емес пе. Оны айтасыз, әлгі қара бала «Мен біраз қор жинап алған соң, осы Қазақстанда бизнес ашамын» деп айды аспанға бір-ақ шығарды. Ендеше көп ұзамай анау Машкеевич пен Шодиевтардың қатарына тағы бір бай-манап қосылды дей беріңіз. Олар да кезінде әкесінен қалған дүниемен байымаған шығар.
Бір қызығы, шетелден келген легионерлер елінде үйреніп қалған әдетімен «барды бар, жоқты жоқ» дей салады. Бірде біздің «Тоболдың» ойыншысы чехиялық Этон Вух «Мұндағылар бізді ұнатпайды, көбіне қырын қарайды. Біздің көп ақша алатынымызды біледі. Ал өздері кедей тұрады. Сондықтан шығар», - деп салғаны бар.
Кейде шетелден шақырған легионерлердің арқасында осылайша дымды білмесек те, ымды білетіндей жағдайға жетіп қаламыз. Бұған да шүкір.
Жайберген Болатов, Қостанай
Abai.kz