Алаштың ардақтысы – Сәкен!
Ел егемендігі үшін күрескен алаштың ардақтысы – Сәкен Сейфуллиннің өмірі мен шығармашылығына зер салсақ, оның сан қилы, қатпарлы тағдырына куә боламыз. Әрине тұтас ұлттың тағдыры сын сағатта тұрған кезеңде өмір сүріп, шығармашылықпен айналысу, жүректің батылдығын қажет етсе керек. Қай қырынан алып қарасақ та, алпауыт империяның ықпалы болмауы мүмкін емес еді. Ол заңдылық...
Жалпы сол кезеңде өмір сүрген қайраткер тұлғалардың атына сөз айтпас бұрын, әбден таразылап алған жөн сияқты. Себебі бұл өте нәзік дүние. Елге ықпалды тұлғалардың саяси тұрғыдан да ауызына сөз салып, «айтпағанын айтты, істемегенін істеді» дегізген сәттер де болғанына күмәнім жоқ.
Қазақтың біртуары – Сәкен Сейфуллин тірісінде-ақ халық арасында «Сәкен сері» атанды. Оған дәлел Сырбай ақынның мына бір өлеңі:
«Өлімге жан екенсің қия алмайтын,
Өлеңнің құшағына сыя алмайтын.
Қазақты көргің келсе, міне, осы деп
Көрсетсе жер жүзіне ұялмайтын».
Алла бойына сезім мен сұлулықты қосып берген ақын шығармашылығы да, тұнып тұрған махаббат пен көркемдік. Ақынның сұлу жанынан өріліп ғажайып туындылар өмірге келді. Азаматтық соғыстың да ащы дәмін татып, бала оқытуды да меңгерген ірі ұстаз, өмірінің соңғы кезіне дейін құдіретті ақындық өнердің жүректе жатқан шырағын сөндірген жоқ.
Сәкен өмірде де, әдебиетте де белсенді күрескер. Оның «Көкшетау», «Қызыл ат» дастандарында заманалық мәселелер көрсетілген. «Қызыл атта» 30-жылдардың бас кезінде Қазақстанның ауыл шаруашылығында орын алған асыра сілтеу оқиғалары сыналады. «Ақсақ киік», «Аққудың айырылуы», шығармаларында туған даланың табиғатын, адамның ішкі сезім күйлерін суреттейді.
Оның есімі халық арасында ревалюция жылдары және одан кейінгі кезеңде кеңінен тарады. Ол қазақ ақындарының ішінде бірінші боп ревалюцияны жырлап, Совет өкіметі үшін күреске белсене қатысты. Қызылдардың жыршысы болып жүріп-ақ, Қазақ үкіметін басқарған тұста «қырғыз» атауын «қазақ» деп түзеуді именбей көтеріп, «Қазақты қазақ дейік» деп мақала жазып, атымызды қайтарып бергенінің өзі – ұлы іс. Міне, осының өзінен-ақ оның орталық биліктен жасқанбай ұлты үшін басын бәйгеге тіккенін көреміз.
Сәкен – қазақ кеңес әдебиетінің қарыштап дамуында үлкен рөл атқарған жаңашыл ақын. Өзінің бар өнерін халық мақсатына, туған елінің жарқын болашағына арнап, жаңа заманның дауылпазы болып, теңдікті аңсады. Бай мен кедей арасындағы тартысты, әділетсіздікті жырлады.
Сәкен лирикасының өзіндік сыр-сипаты алуан түрлі. Туған жерге сүйіспеншілік, табиғат көріністері мен құбылыстары, махаббат сырлары, сағыныш сазы, мезгіл суреттері, аң-құсты аялау, ана-бала сүйіспеншілігі – ақын лирикасының басты тақырыптары. Ол, әсіресе табиғатты жан-жүрегімен нәзік сезініп, сүйсіне жырлады.
Сәкеннің әсем әндері де өзінше бір әлем. Кейінгі зерттеулер бойынша 15-әннің авторы екені мәлім болды. Бұл туралы өнертанушы ғалым Серік Кәрібайұлының «Сәкеннің музыкалық мұрасы» деген атпен ғылыми-зерттеу жинағы жарық көрді.
Абайдан кейін қазақ поэзиясына жаңалық әкелген, айшықты тұлғаны:
«Атыңнан айналайын қайран Сәкен,
Ұмытпан демім барда тұлғаңды әсем.
Ту ұстап, тұлпар мініп, қол бастаған,
«Тар жолда тайғақ кешіп болдың көсем» - Сәбит Мұқанұлы жырға қосты.
1937-1938 жылдарда қара дауылдай соғып тұрған сталиндік репрессия қазақ халқының ең білімді, ең саналы зиялыларын баудай түсірді: дәл осы кезде де өз басына қауіп-қатер төніп тұрғанына қарамастан, азаматтық келбетін жоғалтпай, адал бағытынан таймағандардың бірі – Сәкен. Орынсыз айып тағылып, өлім жазасына кесіліп, жалған жаланың құрбаны болып кете барды.
Бойына бар өнерді тоғыстырған Сәкеннің өмірі бүгінге үлгі, оның сұлу болмысындай асқақ та, нәзік жырлары ұрпақтан-ұрпаққа аманат болып қала бермек.
Арман Манарбекұлы, С.Сейфуллин мұражайының Ғылыми-ағарту бөлімінің қызметкері