Қытайдағы қандастардың заңды құқықтарын қорғаудың он негізгі жолы
1. Қытай елінің конституциясы мен заңдарына сүйену керек. Әрбір Қытай азаматы ұлтына, дініне қарамастан Қытай конституциясы мен заңдарында көрсетілген «жалпы қытай азаматтарына бірдей, тең» талаптар бойынша арызданып, бұзылған құқықтарын, шектелген еркіндіктерін қорғап, қалпына келтіруге құқығы бар. Егер Қытай өз еріктерімен қабылдаған өз елінің конституциясын, өз заңын өзінің атқарушы билігі ұстанбаса, онда ол елден, ол биліктен, ол ұлттан не күтесің? Жоқ, олар әлемдік қауымдастық алдында ондай қадамға ашық-әшкере түрде бара алмайды. Бірақ Қытай билігі ертең бізге «ешкім арызданған жоқ, естімедік, көрмедік, ондай болуы мүмкін емес» деп қысқа қайырып жауап беруі бек мүмкін. Сол үшін Қытайдағы құқығы бұзылған, сотталған, қамалған қандастарды Қытай орталық билігінің құзырлы органдарына арыз жазып, құқығын қорғауға үгіттеуіміз, көмектесуіміз керек. (төмендегі Қытай конституциясын оқыңыз)
ҚЫТАЙ ХАЛЫҚ РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ КОНСТИТУЦИЯСЫ
4-БАП:
Қытай Халық Республикасындағы барлық ұлттар тең. Мемлекет азшылық ұлттардың заңды құқықтары мен мүдделеріне кепілдік береді. ... Кез-келген этникалық топқа қатысты кемсітушілік пен зұлымдыққа тыйым салынады. ...
41-БАП
Қытай Халық Республикасының азаматтары кез-келген мемлекеттік органдар мен мемлекеттік қызметшілерге сын айтуға және ұсыныстар енгізуге құқығы бар. Кез келген мемлекеттік мекемелер мен мемлекеттік қызметкерлердің заңсыз, қызметін асыра пайдалану әрекеттері үшін құзырлы мемлекеттік органға шағым түсіруге, айып тағуға немесе әшкерлеуге құқығы бар. Бірақ жалған айтуға немесе шындықты бұрмалауға болмайды.
Әрбір жекелеген адамдардың өз елінің конституциясы мен заңдарында көрсетілген талаптарды бәрі бірдей сақтай бермейтіні сияқты барлық билік саласы, барлық мемлекеттік органдар, барлық мемлекеттік қызметкерлер де бәрі бірдей мемлекеттің конституциясы мен заңдардын сақтай бермейді. Сондықтан, билік тарапынан (мейлі мемлекеттік органдар болсын, мейлі жекелеген мемлекеттік басшылар, лауазым иелері болсын) қандайда бір заң бұзушылық, конституцияға қайшы келіп азшылық ұлттарға әділетсіздік, теңсіздік жасаса, қысым көрсетіп, зұлымдыққа барса, ондай әсіре ұлтшылдыққа бой алдырған жағымсыз, жанға бататын, зығыр қайнататын заңсыз әрекеттер, құбылыстар байқалған сәтте оларды пакт ретінде амалын тауып фотоға түсіріп, аудио, видеоларға жазып қытайдың мемлекеттік құзырлы органдарына, халықаралық құқық қорғау ұйымдарына, Қазақстан сыртқы істер минстрлігіне, БҰҰ ға арыздануға толық құқығыңыз бар. Оған көзіңізді жеткізе түсу үшін ҚХР конституциясының (жоғарыдағы) 41-бабын және мына төмендегі баптарды оқыңыз.
ҚЫТАЙ ХАЛЫҚ РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ КОНСТИТУЦИЯСЫ
5-БАП
Барлық заңдар, әкімшілік регламенттер және жергілікті заңдар мен нормативтік актілер Конституцияға қайшы келуге болмайды.
Барлық мемлекеттік органдар мен қарулы күштер, барлық саяси партиялар (коммунисттік партияны да өз ішіне алады), барлық әлеуметтік топтар, кәсіпорындар мен мекемелер Конституция мен заңды сақтауы керек. Барлық Конституцияға қайшы, заң бұзушылық әрекеттер орын алған жағдайда тергелуі қажет.
37-БАП
Прокуратураның немесе соттың шешімі болмайынша кез-келген азаматты (қоғамдық қауіпсіздік органдары) ұстауға, қамауға алуға құқығы жоқ.
35-БАП
Қытай Халық Республикасының азаматтарында сөз бостандығы, басылымдарда жариялау, жиналу, бірлестіктер құру, шерушілер мен демонстрацияларға шығу еркіндігі бар.
2. Біріккен ұлттар ұйымы (БҰҰ) қабылдаған «Адам құқықтарының әлемдік декларациясын» негізге алу және сол біріккен ұлттар ұйымының өзіне де сенім арту, сүйену керек. (төмендегі БҰҰ дың әлемдік декларациясын оқыңыз)
АДАМ ҚҰҚЫҚТАРЫНЫҢ ӘЛЕМДІК ДЕКЛАРАЦИЯСЫ
7 бап
Заң алдында жұрттың бәрі тең және де заң арқылы алаланбай, бірдей тең қорғалуға құқылы.
...
8 бап
Әр адам, конституциямен немесе заңмен берілген негізгі құқықтары бұзылған жағдайда, құқығын құзыретті ұлттық сот арқылы тиімді түрде қалпына келтіруге құқылы.
9 бап
Ешкімде негізсіз тұтқындалуға, қамауда ұсталуға немесе қуғынға ұшыратылуға тиіс емес.
БҰҰ қабылдаған декларация құр жазып қойған, бастауыш оқыушыларының жаттауына арналған тақпақ емес шығар. Егер ондай емес болса ол қай мемлекет болса да нақтылы өмірде, бүгінгі қоғамда өз рөлін атқаруы керек. БҰҰ өзіне мүше елдерде декларацияның орындалу-орындалмауын бақылайтын, заңды құқықтары бұзылған этникалық топтардың арыз-шағымын қабылдайтын, өз тарабынан сараптап бағалайтын, шешімін айтатын және құқығы бұзылған этникалық топтардың заңды құқығын қалпына келтіруге қузаушылық жасайтын мүмкіндіктері болу керек. Егер ештеңе істей алмайтын болса, онда БҰҰ дың Қытайдағы туған-туысқандары сотталғаны, саяси үйренуге қамалғаны үшін, Қытайға барған туған-туысқандарының паспорттарын, ықтиярхатын қытайдың жергілікті билігі тартып алғаны үшін WatsApp та микро топ құрып сол топта бір-біріне мұңын айтып жылаған (қолдан келер қайыры жоқ ) оралмандардан не айырмашылығы бар? Егер БҰҰ-дың адам құқығының әлемдік декларациясы орындалмайтын болса, әр ел өздері ант беріп қабылдаған конституциясы, заңдары орындалмайтын болса, онда адамзат қоғамының джунглидегі жабайы жануарлар әлемінен айырмашылығы неде? Біз адамзат - жабайы жануарлардан биік тұратын, жоғары сатыдағы,сезімі мен ақыл-парасаты дамыған жан иесі ретінде осы басымдылығымызды қалай түсінуіміз керек? Қай елдің техникасы дамыған, армиясы мен қырып-жойғыш қару-жарақтары күшті ел болса, соның дегені болады деп пе? Жоқ, әлемдік декларацияға, әр елдің конституциясына сену керек пе? Егер күшті ел күшіне сүйеніп білгенін істейтін болса, БҰҰ әлемге жариялап декларациясының, т.б. құжаттарының еш рөлі жоқ болғаны ма? Онда әр ел өзінің конституциясын қайта жазсын. Әлемдегі барлық мемлекеттер «конституция, заң» деген ұғымның көзін құртсын. Ал егер әлемдік декларацияға, әр елдің өзі ант беріп қабылдаған конституциясына сүйенетін болса кез-келген мемлекет күшті әлсіздігіне қарамастан, дамыған, дамушы, дамымағандығына қарамастан оны орындауға тиіс. «Адам құқықтарының әлемдік декларациясы» бар ма орындау керек. Егер орындалмайтын декларация болса, оны қабылдап не керек еді. Адам бір жолда екі жолмен қатар жүре алмайды, сондықтан бір жолды ғана таңдап, сол жолда нық қадам басып алдыға қарай жүруге тура келеді. Сондықтан, біз БҰҰ-ға сенім артуымыз, көмек сұрауымыз керек. Ал кейбіреулер айтып жүрген БҰҰ-дың қолынан түк келмейді дегені еш негізі жоқ бос сөз. (төмендегі БҰҰ дың әлемдік декларациясын оқыңыз)
АДАМ ҚҰҚЫҚТАРЫНЫҢ ӘЛЕМДІК ДЕКЛАРАЦИЯСЫ
7 бап
Заң алдында жұрттың бәрі тең және де заң арқылы алаланбай, бірдей тең қорғалуға құқылы. Барлық адам осы Декларацияның ережелерін бұзатын кемсітуден және кемсітуге апарып соғатын арандатудың барлық түрінен тең қорғалуға құқылы.
8 бап
Әр адам, конституциямен, немесе заңмен берілген негізгі құқықтары бұзылған жағдайда, құқығын құзыретті ұлттық сот арқылы тиімді түрде қалпына келтіруге құқылы.
3. Қазақ елі. Елбасы, сыртқы істер минстрлігі, дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы. Әрбір ұлт, әр бір ел екінші бір елдегі қандастарының сол елдің конституциясы кепілдік берген заңды құқын қорғауға өтініш (БҰҰ дың берген түсініктемесі бойынша ол екінші бір елдің ішкі ісіне араласқан болып табылмайды) бере алмаса, қандастарының сол елдегі конституция, заң аясында алаңсыз (үрей-қорқынышсыз), еркін, өз ұлттық мәдениетін дамытып, тілі мен дәстүрлі дінін сақтап қалыпты өмір сүруіне деген тілектестігін айта алмаса ол елмен қайсы достықты, ынтымақтастықты айтып жүрміз. Айта кету керек Цзян Цзэминнің тұсына дейін ондай біраз мүмкіндіктер болғанын да жоққа шығара алмаймыз. (төмендегі БҰҰ дың әлемдік декларациясын мен Қытай конституциясын оқыңыз)
АДАМ ҚҰҚЫҚТАРЫНЫҢ ӘЛЕМДІК ДЕКЛАРАЦИЯСЫ
13 бап
Әр адам кез келген елден, соның ішінде өзінің туған елінен, басқа елге қоныс аударуға және өз еліне қайтып оралуға құқылы.
15 бап
Ешкімді де азаматтығынан немесе азаматтығын өзгерту құқығынан еріксіз айыруға болмайды.
ҚЫТАЙ ХАЛЫҚ РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ АЗАМАТТЫҚ ЗАҢЫ
10-бап
(Қытайда тұрып сол елдің азаматтығынан бас тартуға болады) Қытай азаматтары төменде көрсетілген шарттарды қанағаттандырған жағдайда өтініш жазып ҚХР азаматтығынан бас тартуға болады. 1) Шетелдік азаматтардың жақын туыс-туғаны болып табылатын Қытай азаматтары. Яғни, шетелде (мысалы, Қазақстанда) туыс-туғаны бар Қытайдағы қазақтар өтініш жазып Қытай азаматтығынан шығып кетуіне болады. 2) азаматтығы Қытайдікі болғанмен өзі шетелде тұрса. 3) басқа да ақылға қонымды себептері болса.
4. Тапталған өз құқықтарын қорғай алу үшін Қытайдағы қандастардың өзара бірлігі, құқықтық сауатының жоғарлығы, батылдығы өте қажет. Бірлік ішкі жан дүниедегі өзара тілектестік, тілеулестікпен шектелмеуі керек. Әрбір адамның құқығы мен мүдесі қорғалу үшін айналасындағы туыс-туған, дос-жаран, көрші-қолаң қандастарының көмегі ауадай қажет болады. Бірліктің негізгі бір мәні екінің бірінің басына төніп тұрған қиыншылық пен әділетсіздік алдында бірігу болса керек. Сондықтан, Қытайдағы әрбір қазақ өзінің, туысқанының, досының, жерлесінің басына түскен істі, саяси жазалар мен айыптауларды, тағылған кінәларды жасырып қалмай, амалын тауып туысқандарына дос-жарандарына, қандастарына және Қазақ елінің азаматтары мен ақпарат құралдарына айта білуі, жеткізе білуі керек. Сонда ғана айналасындағылар, туысқандарың, дос-жарандарың, қандастарың оған сұрау салып көмегін тигізе алады. «Жыламай балаға емшек бермейді» дегендей өтірік намыстанып, не орынсыз жоқ нәрседен қорқып, жергілікті шолаң-шошыраң учаскелік полициялардың айтқанына көніп жұмған аузын ашпаса кімнен көмек болушы еді. Ондай жағдайда ол адамдар тірісінде де, өлгеннен немесе өлтірілгеннен кейін де еш сұраусыз кетері, ешкімнің есінде де болмайтыны анық. (төмендегі БҰҰ дың әлемдік декларациясын мен Қытай конституциясын оқыңыз)
АДАМ ҚҰҚЫҚТАРЫНЫҢ ӘЛЕМДІК ДЕКЛАРАЦИЯСЫ
8 бап
Әр адам, конституциямен, немесе заңмен берілген негізгі құқықтары бұзылған жағдайда, құқығын құзыретті ұлттық сот арқылы тиімді түрде қалпына келтіруге құқылы.
9 бап
Ешкім де негізсіз тұтқындалуға, қамауда ұсталуға немесе қуғынға ұшыратылуға тиіс емес.
ҚЫТАЙ ХАЛЫҚ РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ КОНСТИТУЦИЯСЫ
36-БАП
Қытай Халық Республикасының азаматтарында дінге сену бостандығы бар.
Бірде-бір мемлекеттік орган, қоғамдық ұйым немесе жеке тұлға азаматтарды дінге сенуге немесе дінге сенбеуге мәжбүрлеуге болмайды. Дінге сенуші және дінге сенбеуші азаматтарды кемсітуге жол берілмейді.
Мемлекет қалыпты діни әрекеттерді қорғайды.
5. Ұлты Қазақ, жаны Қазақ ел ішіндегі азаматтардың белсенділігі. Қытайда жазықсыз, соттың шешімісіз ұсталып, сотталып, саяси үйренуге, түрмеге тоғытылып жатқан Қазақтар Қазақстандағы оралмандардың біреуінің туысқаны, құдасы; біреуінің досы, кластасы, ауылдасы болып келгендіктен, оған бей-жай қарай алмайтыны, тыныш ұйықтай алмайтыны анық. Соңғы кезде әр күніміз, әр сағатымыз Қытайдағы туысқандардың, қандастардың мүшкіл жағдайын ойлаумен өтіп жатыр. Сондықтан, Қытайдан келген "оралмандардың" ол жақтағы (арғы беттегі) туысқан қандастарының бұзылған құқықтарын қорғауға мәлімет (нақты дәлел фактілер) жинауы және істі (делоны), жиналған дәлел-фактілерді құқық қорғаушы құзырлы орындарға (Қытайдағы, Қазақстандағы және халықаралық құқық қорғау ұйымдарына) жеткізуге қозғаушылық рөл атқаруға мәжбүр. Бұдан кейінде мәліметтер жинау жалғасты жүргізіле береді. Керек болса Қытайдағы 3 миллион Қазақтан 3 қазақ қалғанша жинай беру керек. Факт-дәлелің болмаса, шындықтың өзі жалғанға айналады. Соңында өзің «арандатушы» болып шыға келесің. Ол қалпақты Қытайдан бұрын өзіміз-ақ кигізе салуымыз да мүмкін. Айта кету керек Қыдырәлі Оразұлы, Жарқын Жеті, Қайрат Байтоллаұлы, аты аталмаған т.б. бастаған «АТАЖҰРТ» ұлтжанды белсенді жастар тобы осыған дейін біраз мәліметтер жинап ҚХР орталық билігіне және ҚР сыртқы істер министрлігіне жолдағаны бәрімізге белгілі. Әлі де жалғасуда. Қытайдағы қандастарының заңды азаматтық құқығын қорғауға ат салысатын белсенді азаматтар қарасы көбейсе екен деп үміттенемін.
6. Қазақстан және шетелдік ақпарат құралдары. Қазақстандық және шетелдік саясаткерлер, заңгерлер мен қоғам қайраткерлерінің көмегіне сүйену. Қоғамда бәрі ойдағыдай болса, бәрі конституцияда, заңда және БҰҰ декларациясында айтылғандай болса БАҚ-тың жазары қалмастай болар еді, қаншама журналисттер жұмыссыз қалар еді. Мейлі қай елдің қоғамы болсын журналисттердің бір міндеті ондағы заңсыздықтарды, әділетсіздіктерді, жауыздықтарды жария ету, халықты, әлем жұртшылығын одан хабардар ету, орын алып жатқан заңсыздықтарға, әділетсіздікттерге нараздылығын тудыру, тиісті шаралар қолдануға түрткі болу. Сондықтан, мұндай іске тек Қазақ тілді ақпарат құралдары ғана емес заңсыздыққа, әділетсіздікке қарсы тұратын, адамзатқа тән асыл қасиеттерді жақтайтын барлық БАҚ атсалысуы керек.
7. Қазақстан және шетелде тұратын қазақтардың әлемдік маштабтағы бірлігі. Бір-бірімен тығыз қарым-қатынаста болуы. Елбасымыз да айтып жүретіндей «бәріміз – біріміз үшін, біріміз – бәріміз үшін» деп жұмыс істеуді заманның өзі талап етіп отырған сияқты. Бүгінгі әр мемлекет өз ұлтының бүгіні мен болашағын ойлаған заманда – бірлік, ұйымшылдық қаласақ та, қаламасақ та баруға тиісті қадам деп ойлаймын. Жоғары да айтып өткендей бірлік өзара сыйластық, тілеулестік ретінде ішкі жан дүниемізде көрінбей, қамалып тұрмауы тиіс. Бірлігімізді ақыл-парасатымыз, құнды пікірлеріміз, жақсы ұсыныстарымыз, қолдан келген көмегіміз, нақты іс-әрекетіміз арқылы өзге ел, өзге халыққа көрсете алуымыз керек. Олар (өзге ел, өзге халық) бізді қай елде, қай жерде жүрсе де кемсіте алмайтындай, басына алмайтындай, азаматтық құқығымызды таптай алмайтындай, сыйлайтындай деңгейге көтеруіміз керек. Қазақта «албасты кірпікке қарай басады» деп бекер айтылмаған. Білімділік, ақыл-парасатпен қоса бірлік пен батылдық та ұлтты мықты көрсететін күш.
8. Қор құру. Шетелдегі қандастардың сол елдің конституциясында көрсетілген заңды құқықтарын қорғау ел ішіндегі азаматтардың құқығын қорғаудан гөрі анағұрлым күрделі, ағағұрлым жапалы келеді. Онысымен қоймай мұндай істі жекелеген немесе топтасқан түрдегі ұлтжанды азаматтар ақысыз істейтіндіктен, кейде өз қалталарынан ақша шығаруға мәжбүр болуда. Ал кейбір оралман отбасының отағасы Қытайда түрмеде немесе саяси үйрену атты түзету лагерінде болғандықтан Қазақстанда асыраушысыз әйелі мен жас балалары қалды, Әйелін Қытай жібермей айырылып жас балаларын қарап әкесі үйге қамалды. Әке-шешелері қытайда түрмеде немесе саяси үйрену лагерінде болғандықтан кейбіреулерінің тек балалары ғана Қазақстанда тірі жетім болып отыр.. Екі жаққа бөлінген кейбір отбасында жейтін наны, отқа жағатын көмірі қалмай қалған жандар да кездесуде. Қытайдағы Қазақтардың қысым көруіне байланысты осындай неше ондаған, жүздеген түрлі қиыншылықтардың белең алуы қор құруға мәжбүр етуде. Қор құру керек.
9. Пресс конференция өткізу. Әр реткі пресс конференция өткізу біраз қаражат жұмсауды қажет етеді. Оған бюджеттен қаражат қарастырылмағандықтан ұлтжанды, белсенді, қалталы азаматтар ақша жинап төлеуге немесе арнаулы құрылған қордың ақшасынан пайдалануға тура келеді. Басқа мүмкіншілік жоқ сияқты.
10. WhatsApp, facebook т.б. әлеуметтік желілерде топтар құру арқылы халық арасынан Қытайда құқығы тапталған қандастар жайлы мәліметтер жинау, талқылау, реттеп бір ізділікке түсіру жұмыстары қажет деп ойлаймын. Қазақстан егемендік алған 1991 жылдан бері 200 мыңнан астам қытайдағы қандастар тарихи отанына оралды деген мәліметтерді естіп жүрміз. Әрбір 5 адамды бір отбасы деп есептесек 40 мың отбасы оралды деген сөз. Егер бір WhatsApp тобына 250 адам ғана топтың мүшесі болып тіркеле алады десек, 40 мың отбасы үшін 160 WhatsApp тобын (бір отбасынан бір адам топқа мүше болып тіркелсе) құруға тура келеді. Ал қазір қытайда құқығы тапталып, зәбір көріп жатқан қандастар үшін құрылған топ менің білуімде 10 неше топтан аспайды. Бұл өте аз көрсеткіш. Топта ол жақта құқығы тапталған, саяси үйренуге қамалған, сотталған, паспорты тартып алынған қандастардың мәліметін жинау, санау, аты-жөнін, мекен-жайын анықтау, ие болған мәліметтерді жазба, аудио, видео форматында сақтау әрі сол әрбір мәлімет бойынша құзырлы орындарға арыз түсіру ісін жүйелі түрде қолға алу керек. Себебі, қазір арғы бетте қанша қазақ сотталды, кімдер сотталды, не үшін сотталды, олардың қандай айыбы бар екені, түрмедегілер күні қалай өтуде, түрлі азаптаулар көріп жатқан жоқ па, мұның барлығы белгісіз, жұмбақ болып қалуда. Бір сөзбен айтқанда олар сұраусыз бір қауым жұртқа айналды. Біз қазақ бұзылған құқығымызды қорғау үшін, теңсіздікпен, әділетсіздікпен, зұлымдықпен қажымай-талмай күресетінімізді, өліспей беріспейтінімізді Қытайға да, әлем елдеріне де көрсетуіміз керек. (төмендегі БҰҰ дың әлемдік декларациясын мен Қытай конституциясын оқыңыз)
ҚЫТАЙ ХАЛЫҚ РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ КОНСТИТУЦИЯСЫ
35-БАП
Қытай Халық Республикасының азаматтарында сөз бостандығы, басылымдарда жариялау, жиналу, бірлестіктер құру, шерушілер мен демонстрацияларға шығу еркіндігі бар.
Барлық этникалық топтар өздерінің тілі мен жазуын қолдануға және дамытуға еркіндігі бар, барлық ұлттың өздерінің әдет-ғұрыптарын сақтауға немесе реформалауға мүмкіндіктері бар.
АДАМ ҚҰҚЫҚТАРЫНЫҢ ӘЛЕМДІК ДЕКЛАРАЦИЯСЫ
19 бап
Әр адам наным-сенім бостандығына және өз көзқарасын еркін білдіруіне құқығы бар; бұл құқық өз наным-сенімін кедергісіз ұстану еркіндігін және мемлекеттік шекаралар тәртібіне тәуелді болып қалмай, ақпараттар мен идеяларды еркін іздеп, кез-келген құралдар арқылы тарату бостандығын да қамтиды.
20 бап
Әр адамның бейбіт жиналыстар және ассоциацияаларды құру бостандығына құқығы бар.
..., ...
28 бап
Әр адам осы декларацияда баянды етілген құқықтар мен бостандықтарды толық жүзеге асыра алатын әлеуметтік және халықаралық тәртіпке құқылы.
Кенжебек Құдысұлы
Abai.kz