Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Қорған 5838 5 пікір 2 Ақпан, 2018 сағат 09:26

Сүңгуір қайықта қызмет еткен қазақ

Қазақ - жауынгер халық. Аттың жалын тартып мініп, үкілі найзасымен туған елін ғана қорғап қоймай, тыныш жатқан жеріне басқыншылық жасағысы келген талай жауының мысын басқанын да білеміз. Кешегі Алтынорда дәуірінде батыстың біраз мемлекеттері қазақ хандарының ықпалында болып, көшпенді жұрттың ерлігі мен батырлығына куә болды. Ата-жұртын қорғаудағы рухы биік елдің бірі ретінде талайларды тамсандырғанын жоққа шығара алмасақ керек.

Ата-бабаларымыздан үзбей жалғасып келе жатқан жауынгерлік рух бертінде де асқақтап көрінгенін айғақтайтын мысалдар да баршылық. Тарихтың тереңіне кетпей-ақ кешегі Ұлы Отан соғысы жылдарында қаншама қазақ ұлтының өкілдері өздерінің жанқиярлық ерлігімен әлемді аузына қаратты.

Демек, қазақ көшпенді өмірдің дәмін татса да, жауынгерлік өнерге келгенде көп елдерден озық тұратынын көреміз. Бүгінгі әңгіме арнасы да кешегі кеңес заманында көшпенлі елдің баласы көп бара бермейтін әскери мамандықты игерген адам жайлы өрбиді. Ол өзіміздің Көкше елінен шыққан атом сүңгуір қайығының 3-інші дәрежелі капитаны Рафик Боташұлы Шақуанов дер едік.

Ол жас күнінен теңіз флотында қызмет етуді армандады. Қарапайым теңізші болып емес, адмирал шеніне жеткен тұңғыш қазақ болғысы келді. Әттең, бұл арманына жете алмады. Қазақ болғаны үшін де әскери академияға түсіп тұрып, белгісіз себеппен оқуға жіберілмеді.

Өзінің әскери достары: «Сен көшпенді елдің ұлы болмағаныңда, академияға түсіп, биік лауазымдарға жетер едің. Себебі, сенің білімің мен іскерлігің көбімізден көш ілгері» деп әділ бағаларын бергенін артына естіп, білді.

Осылай ол қатты қамықты, өкінішке берілді. Бәлкім, жүрегі де жылаған шығар, кім білсін. Осы оқиғадан кейін кішкентай сәби күнінде теңізші боламын деген үмітіне соңғы нүкте қойылғанын сезген де болар. Кеңестің сыңаржақ саясаты мен ұлыорыстық шовинизм талай ұсақ ұлттардың тамырын қиды ғой.

Рафик Шақуановтың бар-жоғы қырық жасында атом сүңгуір қайығының химиялық қызметіне басшылық етуі кездейсоқтық емес. Адам осындай үлкен мақсатқа жан-тәнімен қол созса, оған жете алатынын қазақтың осы бір талантты ұлы білмеді дейсіз бе?!

«Қазақтан шыққан тұңғыш адмирал» сөзінің астарында қаншама сыр жатыр. Талай қазақтың қара домалақ баласы бұл белесті бағындырамын деп талпынбады деп айта аламыз ба?! Әрине, жоқ.

Екінші Екатерина патшайым: «Егер қазақтар өздерінің түп тарихын білсе, әлемді жаулап алар еді» деген жоқ па еді. Бұл дала қазағын басып ұстау саясаты патша заманында ғана емес, кешегі кеңес кезінде айрықша сұрқиялықпен  өріс алды. Адмирал болғысы келген Рафик Шақуановты әскери академиядан аластату себебі де осындай құйтырқылықтың  қылаң бергенін айтар едік.

Міне, бұл оған қатты соққы болып тиді. Бар үкілеген үміті бірақ сәтте үзілді. Осы оқиғадан кейін әскерден кетуге шешім қабылдады. Туған қазақ жұртына қызмет етуге бекінді. Бірақ, осынша жанын күйзелткен алалаушылық жүрегіне де ақау салған еді. Өз мұңын кімге айтып, кімнен жұбаныш сұрай алсын. Маңайы досқа толы болғанмен, шынайы қызметке келгенде іштен шалатын ондай жандарды кімнің қатарына қоса алсын. Жалғыздық та оның ішінде қара қазан қайнатқан шерін ернеуінен асса да, сыртқа шығарта алмады.

Біз Рафик Шақуановтың туған қарындасы Валия Боташқызына жолығып, оның өмір жолы жайлы ой тарқатқан едік. Сонда туған бауыры жайлы қарындасы әңгімені әріден қозғаған еді.

- Желтоқсан айында біз үшін ерекше еске алатын бір күн бар. Ол - туған бауырымыз Рафик Шақуановтың дүниеге келген күні. Өткен жылы ол алпыс жастың асқарына шығар еді. Дүниеден өткеніне де бірнеше жылдың жүзі болды, - деп бастады әңгімесін ол. -Біздің отбасындағы ең үлкеніміз болатын. Әкеміз Боташ Шақуанов осы өңірдегі тау-кен өнеркәсібінің жоғары білімді маманы ретінде барлық бастаулардың алғы көшінде тұрған еді.

Ақсу алтын кенішінде қатардағы жұмысшыдан іргелі кеніш кәсіпорнының басшысына дейін көтерілді. Ағам Рафик өте тәрбиелі, өз ісіне ұқыпты және білімді де үздік оқыған жан еді.Әсіресе, математика, физика және химия пәндерінен қабілеті өте жоғары болды. Спорт та да биік жетістіктерге жетті.

Үйде үлкен кітапхана болды, сондағы шетел жазушыларының еңбектерін оқып шықты десем еш қателеспеймін. 1964 жылы әкеміз жұмыс бабында Молдавияға қоныс аударды. Рафик ол жақта да үздік білімімен, спорттағы жетістіктерімен ерекше көзге түсті.

Арада бірнеше жыл өткесін туған жерге қайтып оралдық. Ағам Көкшетау қаласындағы №2 орта мектепте оқыды. 1970 жылы аталған білім ордасын аяқтап, жоғары оқу орына жолдама алды...

Валия Боташқызы ағасының бала күнінде теңіз флоты жайлы кино көріп, өзінің теңізші және қазақтан шыққан тұңғыш адмирал болатынын армандағанын да тілге тиек етті. Орта мектепті бітірісімен еш ойланбастан  жергілікті әскери комиссариат жолдамасымен Баку қаласындағы Каспий жоғары әскери-теңіз училищесіне оқуға қабылданады.

Бес жыл білім алып, жас офицер атанып,  Тынық мұхит флотына қызметке жіберіледі. Өзінің бала күнгі арманының орындалар сәтін тосты. Бірақ, бұған кездейсоқ адам жете алмайтынын да түсінді. Барын да, жанын да салды. Көп оқыды, теңіз флотының сан қырлы сипаттарына үңілді.

Осы жылдары ол Владивосток, Камчаткадағы Петропавловск, Находка, Амурдағы Комсомольск, Севастополь, Североморск, Ленинград және тағы басқа теңіз флоттары орналасқан қалаларда әскери қызмет атқарды.

Валия Боташқызы ағасы ең алғашқы әскери марапатты училищеде оқып жүргенде сол кездегі КСРО Қорғаныс министрінен Қызыл Алаңдағы әскери парадқа қатысқаны үшін алғыс хат алған екен.

Әрине, теңіз флотындағы қызметі жайлы дерек өте аз. Бұл әскери құпиялықтың да салдары дер едік. Мұндай жоғары шенді офицерлер өзінің әскери қызметі жайлы ешкімге сыр ашпауға ант қабылдайтыны тағы бар.

Елге демалысқа келгенде де, күлдіретін қызықты оқиғалармен ғана шектеледі екен. Тек, артынан Тынық мұхиттағы әскери кемелердің ірі құрамалары шоғырланған және сол әскери құрамалар командирі мінген теңіз флотының туы бар кемеде қызмет еткенін айтқан.

1979 жылы ол атом сүңгуір қайығымен әскери бұйрықты орындауға қатысты. Сол жылы Қытай мен Вьетнам арасында әскери шиеленіс белең алып, бұған Кеңес одағы да қатысады. Вьетнам мемлекетіне қолдау білдіреді. Сөйтіп, әскери шиеленіс болған аймаққа  біздің атом сүңгуір қайықтарымыз бен кемелеріміз бірнеше айлық жолмен сапарға шыққан еді.

-Ағам осы әскери сапардан үйге оралғанда әбден жүдеген, екі жағы суалып, көзі үңірейіп, адам танымастай болған еді. Сонда ол: «Мына жағдайды көз алдыңа елестетіп көрші, бірнеше ай терезесі жоқ жабық вагонда сапар шеккен оқиғаны. Ең ауыры, досым, сүңгуір қайықтың командирі А.И.Колодин осы қиындыққа шыдай алмай, денсаулығы сыр беріп, қаза тапқаны маған қатты батты» дегені есімде қалыпты.

Сексенінші жылдардың басында Рафик Шақуанов туған жеріне көтеріңкі көңіл-күймен кезекті демалысына келеді. Осы демалыстан кейін бірден Ленинградтағы жоғары әскери-теңіз академиясына білім алуға баратынын қуана жеткізеді. Бала күнгі: «Қазақтан шыққан тұңғыш адмирал боламын!» деген арманының орындалатынын сәті алыс еместігін де тілге тиек етеді.

Амал не, ол бұл арманына жете алмады. Академиядағылар әртүрлі сылтаумен қазақ офицерін оқуға қабылдаудан бас тартты. Бір жақын досы оның ұлттық саясаттың құрбаны болғанын жасырын жеткізді.

Рафик Шақуанов терең ойға шомды. Академияны бітірмесе, осы алған шенінен ары қарай өсу жолы тұйыққа тіреледі деген сөз. Бірақ, оның өмірбаянында әр деңгейдегі командирлері жақсы мінездеме беріп қоймай, әскери адамға тән кәсіби шеберлік, өз қол астындағыларға талап қоюшылық, ержүректік пен бірбеткейлік қырларын жан-жақты жазған екен.

Осылай ол туған еліне оралуға шешті. Тоқсаныншы жылдардың басында Қостанай облысындағы әскери-теңіз флотының қандай бір нысандарына қызмет етуге ауысты. Қайта құру және елдегі өзгерістер оның отставкаға шығуына әкелді. Бұл Көкшетау қаласына Экология министрлігі қоныс теуіп жатқан кез еді. Осында ол радиациялық қауіпсіздік және атмосфералық ауаның тазалығы бөлімінің бастығы міндетін атқарды. Әлсін-әлсін құлаған «Протон» ракетасының зардаптарын тергеуге белсене атсалысты.

Қашан минситрлік елордаға көшкенде ол толықтай зейнеткерлікке шықты. Елу жасында өзі бала күнінде армандаған асыл арманына жетемін деп жарты жолда үмітін үзді. Жүрек талмасын алып, ақыры бақи өмірге көшіп жүре берді.

Шіркін, кеңестік сұрқия саясат болмағанда, ол шынымен адмирал болар ма еді. Бірақ, тағдырға қарсы ештеңе істей алмайсың. Алланың жазуы осылай болған шығар. Біз де қазақтың осы бір асыл азаматына жатқан жерің жұмақта болсын деп дұға тілейміз. Енді ол дүниенің қызығын көрсін!

Бақыт Смағұл, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

Abai.kz

 

 

5 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2060