Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Біздің шенеунік 9767 4 пікір 6 Ақпан, 2018 сағат 09:33

Мұғалім статусы заңмен қорғалуы керек, Сағадиев мырза!

Аса мəртебелі Білім жəне ғылым министрі Е.К.Сағадиев мырза!

Сізге жəне Сіз басқарып отырған министрлікке деген қара халықтың қазандай өкпесін жеткізем бе деген оймен қолыма қалам алып отырмын. Мен Атырау облысы Қызылқоға ауданы Қарабау орта мектебінде 37 жыл орыс тілі жəне əдебиеті пəнінің мұғалімі болып еңбек еткен, мектеп басшылығының əр түрлі сатыларынан өткен, қазір зейнет демалысындағы адаммын. Соңғы кезеңде (Сіз басшылыққа келгеннен кейін) жалпы білім беру саласында жасалып жатқан сансыз эксперименттер (тəжірибе деп айтуға келмеді) оқушылардың да, мұғалімдердің де, ата -аналардың да орынды наразылығын туғызып отыр.

Біріншіден, Сіздің министрлік ұсынып отырған жаңа бағдарлама оқушылардың жас ерекшеліктеріне сай негізделмеген. Оған мысал, Сіз қазақ мектебіне арналған 1 сыныптың оқулықтарын қолыңызға алып, ішін ашып, оқып көрдіңіз бе? Не байқадыңыз? Біріншіден, оқулықтар өте үлкен, көлемді жасалған, яғни салмақты. Оқулықтардың бəрі де бірдей көлемде, яғни мектепке арқалайтын үлкен сөмке де балаға шамадан тыс ауыр. Хош, енді осы оқулықтардың ішіне үңілелік.

Қ.Қ.Байтенова, А.А.Жакеева, Е.Н.Попова, Ш.К.Сауқатова, Ж.М.Сейтахметова, Л.Л.Уфимцевалардың авторлығымен шығарылған "Дүниетану" оқулығына үңілелік. Мектепке барғанына бар жоғы 15 күн болған балаға үйге беріп тұрған тапсырмасын қараңыз: "Мен кіммін?" деген тақырыпта əңгіме жазып келу. Мектепте бас-аяғы 15 күн оқыған қай бала бұл тапсырманы орындай алады, аса бір вундеркинд болмаса, министр мырза?

Тағы осы оқулықтың ішінде қарап отырсам, 1 сыныпта оқитын немереме ғұндар тайпасы туралы түсінік беріліп, сол мəтін бойынша сұрақтар қойылыпты. Ғұндар туралы материал қай сыныпта оқылатынын тарихшылар білетін болар, Сіз бен бізге айту қиын. Ау,ағайын, ол оқушымыз кеше ғана, екі ай бұрын балабақшадан шыққан сəби ғой əлі, ол туралы авторлар ұмытқан ба? Мүмкін бұл сұрақты ата-аналарына қою керек болар?

Г.Ш.Жақыпова, Н.В.Орехова, Н.В.Лебедева, С.И.Уақбаева, А.С.Мұқашева авторлары болып келетін "Математика" оқулығындағы есептерді шығару меңгеруі орта деңгейдегі оқушылар үшін өте қиын. Тіпті сол оқулықтағы "Сəуле нұрымен есепті шығару" деген тақырып мені тығырыққа тіреп тастады.

Менің айтайын дегенім, оқулықтар мемлекттік стандартқа сай келіп тұр ма? Олар апробациядан өткен бе? Сіз "иə" дейсіз, жауабыңыз дайын. Өткен болар, Алматының 4-5 мектебінде, онда да элиталық мектептерде. Солай ғой, ал қарапайым жалпы білім беретін мектептердегі балалардың, оларды оқытатын ұстаздардың мүмкіншілігі ескерілмеген. Оқулықтарды жазатын оқымыстылар мектепте жұмыс жасап көрмегендер, тіпті мұрындарына мектептің иісі бармайтындар. Оларға оқулық құрастырып өткізіп, ақшасын қалтаға басса болды, ал оқулықтың сапасымен шаруалары жоқ. Оқулықты Ыбырай Алтынсарин, Ахмет Байтұрсынов, М.Ломоносов, Л.Толстой сияқты таза мұғалімдер жазуы керек. Сонда ғана оқулықтың мазмұны оқушыға мейлінше жақын болады. Есіңізге түсіріңізші министр мырза, Халима Бекмұхамедова, Рафика Нұртазина сияқты ұлы ұстаздардың жазған оқулықтарынан қандай қиындық көрдіңіз?

Екіншіден, Сіз жəне Сіз басқарып отырған министрлік өте асығыс, ойланбай жасалған қадамға барып отырсыздар. Жаңаша оқыту жүйесіне көшіп, барлық мектептерге электронды оқытуға көшуді міндеттедіңіз. Интернет жүйесімен қамтылмаған қанша ауыл мектептері бар екенін айта аласыз ба? Əрине, айтасыз. Бірақ ол мəлімет жалған. Іс жүзінде интернет жүйесі көп ауылда бар, бірақ сапасы сын көтермейді, иə болмаса нүктелері аз. Сол интернетке қосылған ауыл мектептерінің көбінде вай-фай тек қана директордың кабинетінде бар.

Басқа кабинеттерден интернет іздемей -ақ қойыңыз. Ал сіздер олардан электрондық оқытуды сұрайсыздар. Бір бес жылдан кейін сұрасаңыз бір жөн

Үшіншіден, тағы бір асығыс қабылданған шешім - үштілділік турасында. Бұл жөнінде талай айтылып та, жазылып та жатыр, бірақ сіздің жақтан ешқандай жауап жоқ, болмайды да. Өйткені бұл қадам ешқандай ойланбай, ұлт болашағы туралы еш бас қатырмастан жасалған қадам. "Қазақстан тарихы", "Қазақ əдебиеті" пəндері ағылшын тілінде оқытылатын болса - қазақ тілінің өлгені", - деп бұл мəселені ғалым Асқар Жұмаділдаев өте дəл айтты. Ол кісіден артық айту мүмкін емес. Үштілділік - заман талабы. Оқытылсын, ешкім қарсы емес. Бірақ жалпы білім беру мектептерде емес, арнайы мектептерде немесе арнайы сыныптарда оқытылуы керек. Нағыз болмаса, əр мектептен бір сынып ашуға болады. Жаңашылдық дегеннің өзі солайша сатылай жүзеге аспайтын ба еді? Ал барлық мектепте сабақтар ағылшын тілінде жүреді дегенге сену қиын, əсіресе ауыл мектептерінде, бұл əзірше утопия. Бұл ұстаздар қауымына күштеп таңылып отырған нəрсе, былайша айтқанда зорлық. Ол əзірше жүзеге асатын нəрсе емес.

Төртіншіден, ҰБТ дейтін нəрсенің АҚШ-та сөйлеу мүмкіндігі шектеулі оқушылардың білімін тексеру үшін қолданылған тест əдісі екендігін көзі ашық оқырман оқып-біліп отыр. Ал оны қолданудың бізге не қажеті бар? Əлде тест дайындайтындар көп ақшадан қағылады деп, аяп отырсыз ба? Одан да ҰБТ өткізуге кетіп жатқан миллиондарды ойлағаныңыз дұрыс емес пе? Желге ұшып жатқан қайран қаражат!

Бесіншіден, мұғалімдердің еңбекақысын көтеріп жатырмыз деп бөркіңізді аспанға лақтырасыз. Қайдам, санаты жоқ жас мұғалім 50-60 теңге "өскен" табыспен күн көре ала ма? Оның үстіне жылына екі рет баспасөзге жазылу, қағаз-тоғаз, жазу-сызу құралдары, сабаққа қажетті техникалық (диск,флешка т.с.с.) жəне дидактикалық материалдардың бəрі осы қаражаттың ішінде. Ол тамақ ішпей ме, театрға бармай ма, киім алмай ма?

Алтыншыдан, əлеуметтік желілерде мұғалімді қорлау фактлері жиі көрініс тауып жүр. Сіз қайда қарап отырсыз, министр мырза? Неге өз қызметкеріңізді қорлатып қоясыз? Үкімет пен парламенттің алдына "Мұғалім статусы" туралы Заң қабылдау жөнінде неге ұсыныс тастамайсыз?
Мұғалімге одақ кезінде берілген жеңілдіктер алынып тасталды. Соларды қайта қарау керек. Мұғалім қалтасы жұқа, жұпыны киінген адам ретінде қабылданады, қазіргі заманда. Ал оның қалтасын істеген жұмысына қарай қалыңдатып, еңсесін тік ұстап, ешкімге тəуелді болмай, ешкімге жалтақтамай жүруі үшін мұғалім статусы заңмен қорғалуы керек. Мұғалім - мектептің жүрегі екендігі рас болса, ол жүрекке мектептің ішінде ешкімнің тиісуге хұқы болмауы керек.

Құрметпен, Мақсот Саркенжиев, жоғары санатты орыс тілі жəне əдебиеті пəнінің мұғалімі," ҚР Білім беру ісінің үздігі, "Ерен еңбегі үшін" медалінің иегері

Abai.kz

4 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2052