Жер мәселесі: әлемжелідегі әңгіме өтірік боп шықты
Өткен аптадан бері әлеуметтік желілерде Қазақстанның Ауылшаруашылығы министрлігі қазақ жерін шетелдіктерге 25 жылға жалға береді екен деген әңгіме тарады. Әлгі әңгімені әлемжеліден оқыған жұрт қайта дүрліге жаздады.
Президент пәрмен беріп, жер сатуға үзілді-кесілді мораторий жариялағанымен, қитұрқылығы көп Жер заңын Мәжіліс мақұлдап, Сенат оқып, тексеріп жатыр екен десті әлемжелідегі белсенділер. Олардың айтуынша, Жер реформасы туралы жаңа заң Президент жариялаған мораторийдің күшін жояды-мыс. Бұл қаншалықты шындық?
Кеше Ұлттық арнаның «Бас тақырып» бағдарламасында қонақ болған қоғам қайраткері, Жер туралы жаңа заң жобасын қарап жатқан Мәжілістегі жұмысшы топтың мүшесі, дәл осы жаңа заң жобасын жазып шыққан топтың өкілі Мұхтар Тайжан әлеуметтік желілердегі әңгіменің шындықпен жанаспайтындығын жария етті.
«Ол - 100 пайыз арандатушылық. Өтірік. Бұл хаттың авторы да, ешқандай негізі де жоқ. Осы ақпанның 14-не дейін жаңа заң қабылданады. Ол заң халыққа керісінше пайдалы, керек заң. Және біздің заңның мораторий заңына еш қатысы жоқ»,-дейді Мұхтар Тайжан.
Сонымен бірінші мәселе, жұмысшы топ әзірлеген заң енді қабылданады. Және онда «жер шетелдіктерге сатылады немесе жалға беріледі» деген сөз жоқ.
«Біздің заңымыз Жер комиссиясының шешімдері бойынша дайындалған. Ол мысалы, жайылым жер, 10 сотық жер туралы. Латифундистерге қарсы нормалар бар бұл заңда. Жер беретін кезде конкурс ашық болуы керектігі қарастырылған. Шетелдіктерге жер жалға берілмеуі керек деп айтып отырмыз ғой. Заңды тұға болсын, басқа болсын, 1 пайыз болсын жер жалға берілмейді. Бұл біздің заңымызда бар. Алдында компанияның 50 пайыз үлесі шетелдік болса, жер берілетін. Енді, тіпті ,шетелдік тұлғаның 1 пайыз үлесі болса да жер берілмейді»,- деді «Бас тақырыптың» қонағы. Үзілді-кесілді. Енді шетелдік жеке тұлға да, шетелдік үлесі бар қазақстандық компания да жерді жалға ала алмайды.
2016 жылы Жер дауы кезінде бейбіт митингке шыққан қазақ – жердің шетелдіктерге жалға берілуіне және сатылуына қарсы болған еді. Әлемжеліде бұл мәселе асқан қитұрқылықпен сылап-сипап,жерт туралы бұқара халықтың талабымен қиыспайтын заңды өткізіп жібермек деген әңгіме айтылған.
Ал енді пәленбай мың гектарлап жерді иеленіп алған латифундистердің жолына кім тосқауыл болмақ?
«Кез келген жеке немесе заңды тұлғаның иелігіне берілетін жер көлеміне нақты шектеу болады. Бұл - латифундистердің жолын кесуге бағытталған нақты қадам. Енді әлгі латифундистер жайылым жерлерді мемлекетке қайта беруі керек болады. Әр ауылдың маңында жайылым жерлер болуы керек. Ол да Жер комиссиясында көтерілген болатын»,-дейді Мұхтар Болатханұлы бұл жайында.
Президент жариялаған мораторий 2022 жылдың басына дейін күшінде сақталады. Ал Жер комиссиясы мен жұмысшы топ әзірлеген жаңа заң қашан күшіне енеді? Биыл ма, әлде сол 2022-де ме? Бұл сұрақтың да жауабы айтылыпты.
«Жоқ, биыл. Құдай қаласа, Мәжіліс екінші оқылымда заңның жобасын мақұлдайды. Сосын Сенат қарап, Президент қол қояды. Болды, сонымен. Ал 2022 жылда не болатынына мен кепілдік бере алмаймын. Менің өз пікірім бұл. Қазақ ешқашан өз жерін шетелдіктерге сатқызбайды да, жалға да бергізбейді»,-деді Мұхтар Болатханұлы.
Заң қабылданады. Ал жер берумен айналысатын жергілікті басқару органдары, әсіресе, әкім-қаралар бұра тартып, аға-көкелікке, құда-жегжаттыққа салынбасына кім кепіл? Жаңа заңды бұзғандарға қандай шара қолданылады?
«Бұрын әкімдерде тек әкімшілік жауапкершіліктер болған. Ал енді қылмыстық жауапкершілік болады. Егер заңды бұзып, шетелдіктерге жер беретін болса, қылмыстық жаупкершілікке тартылады. Бұрынғы заңда мұндай норма болған жоқ. Өкінішке орай, түсіндіру жұмыстары кемшін. Мен Парламент тарапынан салиқалы түсіндіру жұмыстарын көрген жоқпын. Бұл заң халыққа өте керек заң. Сондықтан, екі апта бұрын мен премьер-министр Сағынтаевқа арнайы хат жолдадым. Иә, заң қабылданады. Ал әрі қарай осы заңды жүзеге асыру үшін арнайы комиссия құрылуы керек. Арнайы штаб болуы керек»,-деп түйіндейді Мұхтар Тайжан.
Бұл арада ҚР Ауылшаруашылық вице-министрі Ерлан Нысанбаев мырза да Жер мәселесіне қатысты әлемжеліде таралған әртүрлі қауесетке байланысты нақты жауап берді.
«Өздеріңізге белгілі, 2016 жылдың мамыр айында Елбасының Жарлығымен Жер кодексінің жекелеген нормаларына 2021 жылдың 31 желтоқсанына дейін мораторий енгізілді. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді қазақстандықтарға жеке меншікке, шетелдіктерге беруге мүлдем тыйым салынды. Бұл ретте Парламент депутаттарының орталық уәкілетті органдары, қоғам қайраткерлері мен азаматтық қоғам белсенділерінің қатысуымен арнайы жер реформасы бойынша комиссия құрылып, тиісті жұмыстар атқарылды», - дейді вице-министр.
Түйін. Сөйтіп, әлемжелідегі әңгіме әзірше өтірік болып шықты. Сөздің қысқасы - осы.
Нұрзат Тоғжан
Abai.kz