Қазақстанда тас жолда тұрып қалған 55 өзбекстандық құтқарылды
Павлодар полициясы облыс орталығынан ондаған шақырым қашықтықта жолда тұрып қалған автобустағы жолаушыларға көмектесті деп хабарлайды жергілікті БАҚ.
Автобус ішінде 55 Өзбекстан азаматы болған. Олардың бәрі Ресейге жолға шыққан. Облыстық ішкі істер департаментінің хабарлауынша, жол-патрульді полиция қызметкерлері жолда тұрып қалған автобусты Достық ауылының маңынан тапқан.
Полиция қызметкерлері жолаушыларды ауылдағы мектепке жеткізіп, оларды жылытып, ыстық тамақ берген. Өзбекстан азаматтары басқа автобуспен Ресейге қарай қайта жолға шыққан. Оларды Ресей шекарасына дейін жеткізіп салған. Әрі қарай мигранттар ресейлік автобусқа отырған.
Жыл басынан бері Павлодар облысында осымен үшінші рет Ресейге бара жатқан автобус бұзылып, жолаушылар жедел құтқарылған.
Abai.kz