Жұма, 27 Желтоқсан 2024
5011 4 пікір 15 Ақпан, 2018 сағат 13:41

Басты қаупіміз- қытайлық «жиендер» мен «ауғандық құдалар»

Ядролық қауіпсіздік үшін жаһандық бірлік қажеттілігі туралы үнемі айтылуда. Елбасы жуырда БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде де бұл мәселеге баса мән берді. Кеңеске төрағалық ету, антиядролық қозғалыс, адам құқығы, мигранттар мәселесі, өзге де өзекті тақырыптар турасында ғалым, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Ғазизат Имақовамен сұхбаттасудың реті келген еді.

Жуырда өткен Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Ақ үй басшысы Дональд Трамптың кездесуі АҚШ пен Орталық Азия елдері арасындағы ынтымақтастыққа жаңа дем берді. Тараптар ортақ мәселелерді « С5+1» аймақтық алаңында бірлесіп шешуге уағдаласты. Әңгімемізді сол кездесуден бастасақ...

- Иә, АҚШ-қа Орта Азияда дәрежесі жоғары тірек мемлекет қажет екені туралы бұл елдің көптеген стратегиялық ашық құжаттарында жазылған. Осы тіректі Қазақстаннан алғысы келетіні туралы да сарапшылар жан-жақты жазды. Бұл бірінші себеп болса, екінші себеп ЭКСПО өткізуіміз, басқа халықаралық шараларға атсалысу белсендігіміз өте жоғары. Үшіншіден және ең бастысы, Н.Назарбаевтың жеке президенттік реформалары мен Қазақстанның антиядролық бастамасы әлемде қызу талқыланды. Ал, Қазақстан басқа елдермен қатынаста ешқашан саяси мүддені бірінші қоймайтыны, прагматикалық тұрғыдан экономикалық мүдде басымдықта болатыны туралы тұжырымды ұстанып келеді. Мұндай жағдайда, шекаралас ҚХР, РФ қарайламай, өз мүддесімен, әлемді конструктивтік өзгертуге бағыттайтын тың идеяларымен келген мемлекет, бұл, әрине, державалық мәртебенің жауапкершілігін мойындайтын елге ұнайды.

- Қазақстан билігі тәуелсіздігін жариялағалы бері  үлкен жетістіктерге қол жеткізді. Алайда, адам құқығы мәселесіне келгенде халықаралық құқық қорғау ұйымдары ресми Астананы елде өзге пікірдегілерді қудалап, құқықтар мен бостандықтарды шектейтінін айтып, сынға алады.      

Өте өзекті сұрақ. Қазіргі кезде ғаламадану шарттарының ақпараттану бағытының барынша кең таралуымен әр мемелекеттің ішкі саясатына әлемдік дәрежедегі баға беру орталықтары өз қызметтерін жандандырып, салыстырмалы зерттеу нәтижелерін таратудан абырой жинап отыр. Бірақ біздің есте ұстайтын мәселе, рейтинг орталықтары тарататын салыстырмалы саяси баға сол мемлекетің абсолютті көрсеткіші емес.

Жоғарыда сұрақты қоюыма негіз болып отырған жағдайды толықтыра кетсем. Мысалы, Конституциямызда адам құқықтары айқын көрсетілген. Азаматтардың жиын өткізуіне, шеруге қатысуына өзге де бостандықтарына кепілдік берілген. Соған қарамастан осы құқығын иеленгендерді «әлеуметтік араздықты қоздырды» деп соттап жатқаны қалай? 

Қазіргі кезде билікке ашық қарсы шығып, Мәжілісте жер заңнамасын бақылап жүрген М.Тайжан, апта сайын өз пікірін ашық білдіріп, билікті шексіз сынайтын Д. Ашимбаев, үнемі ашық білдіретін өзіндік пікірі биліктің пікірімен келіспейтін С.Айдос бостандықта, оларды ешкім қудалап жатқан жоқ. Себебі олар бекітілген заңнамалық нормадан асып, құқық бұзушылыққа бармайды, әлемдегі алдыңғы қатарлы дамыған демократиялық елдерде де заңсыз митинг, көтеріліс, т.с.с. шақыратын «оппозиция» өкілдері міндетті түрде заң алдында жауап береді. Біздің мониторингіміз түрмеге қамады деп есептейтін «саяси тұтқындардың» шарасыздық пен заңға жүгінудің ара жігін есептей алмай қалғанын көрсетеді. Халықтың басым бөлігінде өз мүддесін заң жүзінде сот арқылы шешуге құлық жоқ. Оған себеп сот жүйесінің бюрократиялық басымдықтары да болуы мүмкін. Қазір сот жүйесінде реформалар жасалып жатыр, сол реформаларды ұғынып, аяғына дейін өз мүддесі үшін қадағалап, өз ісін еш бүліксіз шешуге үйренуге міндеттіміз.

- Өзекті мәселелердің бірі ретінде босқындар жайына тоқталсақ. Сарапшылар 2100 жылға қарай Еуропаға ағылатын мигранттар саны бірнеше есе артып, әр жыл сайын бір миллион адамға жетіп отыратынын айтады. Жалпы босқын мәселесінің ұшығуына не себеп?

- Мұнда да негізгі себеп, әлемдегі шиеленістердің адам эгоцентризмінің асқындауымен байланысты соғысқа әкеліп соғуында. Біздің ғасырымыз адам эгоистік көзқарастарын тұрақтылық пен бейбітшіліктен жоғары қоятын саяси мәдениеті төмендеу уақыт болып тұр. Екіншіден адам өзіне жағымды елді іздейді. Елімізге келіп жатқан шетелдік мамандар мен жұмысшылар елдегі тыныштық пен жетілген еңбек қатынастарын айтып тұрақтап қалғысы келеді.

- Босқындарға қатысты сыртқы саясаттың механизимдері, бұл процесті реттеу жолдары, ережелері, позициялары, тб. түсінікті. Алайда, оның Қазақстанның ішкі саясатына қандай әсері болуы мүмкін?

- Қазақстанның жері кең, халқы аз. Басты қаупіміз еліміздегі басты тұрғындар қытайлық «жиендеріміз» бен «ауғандық құдалар» болып кетуінде. Ал, ішкі саясатты инвестициялық тартымдықты қамтамасыз ету үшін халықаралық көші-қон саясатымен сәйкестендіруге міндеттіміз. Бұл - басқа да халықаралық, Қазақстан мүше болып табылатын ұйымдардың талабы. Сондықтан бізде ешқандай таңдау жоқ, мұны азамататық қоғам мен оппозициялық белсенділер қалыптастыратын ішкі ұстанымдар реттеуі тиіс.

- Батыс зерттеушілері Қазақстан еңбек мигранттары көп он елге кіретінін жазады. Еңбек мигранттары туралы ел ішіндегі пікірлер де сан алуан. Біреулер оларды қабылдау керек, олар экономикамыздың өсуіне өз үлестерін қосады десе, енді біреулер өз жұмыссыздарымызды қарық қылмай жатып, шетел азаматтарын не қажеті бар деседі. Әрине, жұмыс берушілер үшін арзан жұмыс күші. Алайда, мәселенің басқа қырлары да бар ғой...

- Мәселенің басты шешімі «өзіңе өзің берік бол, қонысыңды ұры тұтпа» деген» қазақтың мақалымен қорытылады. Себебі Қазақстан өз бетінше айдалада отырған жоқ, ол алдыңғы қатарлы мемлекеттер қатарында болуға амбициялы мемлекет. Бұл жолда тынымсыз шаралар ұйымдастырылып, іске асырылуда. Қазақстан әлеуметтік саясатты халықтың бақылауына ынталы: халықтың тұрмысын көтеруде, жастардың шетелде оқуына, шетелдік медицинаға жүгінуге мүмкіндік жасауға және өзіне ұнайтын елге шығын тәжірибе жинақтап қайтуға,т.с.с. мүмкіндіктер ел азаматтарына біржақты берілмейді. Мұндай қажеттіліктер екі жақты немесе көпжақты келісімдерде көрсетіледі. Қазір біздің инвесторларымыз аса маңызды ауқымды орындауға өз жұмысшыларымен келуді әдетке айналдырды. Себебі, олар өз тілінде немесе ағылшын тілінде сөйлейді: өндірісте (құрылыста)  оларға өздерін тез түсінетін және мүлтіксіз орындайтын мамандар қажет. Ал, еңбек шиеленісі туралы бағытта көріп жатқанымыз - этносаралық сипатқа айналған тартыстар. Мұны шешетін әр аймақтың еңбек туралы басқармасы. Бұл басқарма тексеріп, қарап, қанша шетелдік маман дұрыс, орнықты, қаншасын жұмыс беруші артық кіргізді. Тіпті қажет шетелдік маманды өзі шақырып, болашақта өз мамандарын оқытып, үйретіп алуға міндетті.

Жалғасы бар

 

Abai.kz

 

4 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2052