Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2777 0 пікір 14 Қаңтар, 2011 сағат 04:53

Көлбай Адырбекұлы. 2011-нші жылдың Алашқа ардақты күндері

Табалдырықты аттаған Қоян жылы мәдени-рухани жаңалықтарға толы болмақ. Бұл жыл - көптеген айтулы тұлғалардың есiмi ұлықталатын ұлық жыл! 2011 жыл - қазақ халқының маңдайына бiткен бiртуар тұлғалардың мерейтойы! Талай ғасырдан берi ата-бабамыз армандап кеткен Тәуелсiздiктiң 20 жылдығы! "Түркiстан" газетi жыл бойында осы тарихи маңызы зор тақырыптарды қаламына арқау етпекшi. Ендеше, жылашардың алғашқы санын жылы үрдiстен бастауды құп көрдiк.

Тәуелсiздiк - 20

Тәуелсiздiкке жеткен тәубе күн

Табалдырықты аттаған Қоян жылы мәдени-рухани жаңалықтарға толы болмақ. Бұл жыл - көптеген айтулы тұлғалардың есiмi ұлықталатын ұлық жыл! 2011 жыл - қазақ халқының маңдайына бiткен бiртуар тұлғалардың мерейтойы! Талай ғасырдан берi ата-бабамыз армандап кеткен Тәуелсiздiктiң 20 жылдығы! "Түркiстан" газетi жыл бойында осы тарихи маңызы зор тақырыптарды қаламына арқау етпекшi. Ендеше, жылашардың алғашқы санын жылы үрдiстен бастауды құп көрдiк.

Тәуелсiздiк - 20

Тәуелсiздiкке жеткен тәубе күн

Қазақ елi егемендiгiн алып, еңсесiн тiктегенiне - 20 жыл! Әрине бiз бұл күнге оңайлықпен жеткен жоқпыз. Қазақтың кең байтақ жерiн, елiн қорғап, бүгiнге жеткiзген Жәнiбек пен Керейдей жалаңтөс батырларымыз, Абылайдай абыз хандарымыздың көзсiз ерлiгiмен, одан бергi қарусыз күреске шыққан желтоқсаншылардың қанымен келген Тәуелсiздiктi бүгiн өз деңгейiнде ұлықтап жүрмiз бе?
Неге екенi белгiсiз, жыл сайын Тәуелсiздiк мерекесi Жаңа жылдың тасасында қалып қояды. Елiмiздiң бас қаласы Астанадан басталған Жаңа жылға қызу дайындық Тәуелсiздiк алған айтулы күндi естен шығаруға шақ қалдырады. Алайда талай боздақ армандап кеткен егемендiктiң ақ таңын ұмытуға тиiс емеспiз!
Қазақ мемлекетiмен қатар тәуелсiздiк алған елдер бұл күндi қалай дәрiптейдi десеңiзшi. Еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейiн тайлы-тұяғы қалмай Тәуелсiздiктiң қымбат екенiн жүректерiмен сезiнiп, ұлық мейрамды ұлттық нақышта өткiзуге жан-дәрмен болып кiрiсiп жатқаны. Тiптi салт-дәстүрi мен әдет-ғұрпын, ұлттық бояуы тұнып тұрған мәдениетiн өз тiлiнде жеткiзiп жатқанда қайран қалмасқа лажың жоқ. Тәуелсiздiкке тәубе дейiк. Қазақ елi өзiнiң он тоғыз жылында экономикалық әлеуетiн жақсартты. Елiмiздiң бас қаласы - Астана түрлi халықаралық басқосулар мен жиындардың ордасына айналды. 2010 жыл Қазақ мемлекетi үшiн табысты жыл болды. ЕҚЫҰ-ға төрағалық еткен Қазақстан елiмiзге 56 мемлекеттiң басшыларын жинап, Астана Саммитiн абыроймен өткiздi. Бұл да болса, Қазақ елiнiң Тәуелсiздiгiнiң арқасында бағындырған жеңiстi жетiстiгi! Ендiгi мiндет - Тәуелсiздiктiң 20 жылдығына тұспа-тұс келген Азиада ойындарын ойдағыдай өткiзiп, спортшыларымыздың жеңiс тұғырынан көрiнуi!
Бүгiнгi таңда Тәуелсiздiктiң 20 жылдығына дайындық жұмыстары басталып кеттi. Президент әкiмшiлiгi басшысының орынбасары Мәулен Әшiмбаев: "2011 жылы Тәуелсiздiгiмiздi терең ұғынып, зерделейтiн лайықты еңбектер пайда болатынына үмiттiмiз", - деген-дi. Бiз де Тәуелсiздiктiң 20 жылдығы дүйiм қазақ жұрты ұлықтайтын тарихи күнге айналатынына сенiмiмiз зор! Тәуелсiздiк алған тәубе күн әрбiр қазақтың санасында жаңғырып, жүрегiнiң түкпiрiнде тербелуi керек!

Абылай хан - 300

Абылайдың ақ туы...

Қазақтың кең жазира даласын найзаның ұшымен, бiлектiң күшiмен және кемеңгер саясатымен қорғап қалған ержүрек хас батырлар қаншама! Солардың көшбасында үнемi Абылай хан есiмiнiң айрықша аталуы тектен-тек емес. Қазақ халқының сан ғасырлық тарихындағы айтулы тұлғаларды оймен шолып шығудың өзi қазiргi ұрпақтың көкiрегiне мақтаныш сезiмiн ұялатпай қоймайды. Ел тарихында аты алтын әрiппен жазылған сондай киелi есiмдердiң бiрi ғана емес, бiрегейi Абылай хан екенiн әрбiр қазақ баласы бiледi бүгiнде. Сонау ХVIII ғасырда басынан бағы ұшып, мемлекет ретiнде, тiптi этнос ретiнде жер бетiнде сақталып қалу-қалмауы тарих таразысына түскен "ұрпақ үшiн, ел үшiн, құтты мекен жер үшiн" қан төгiп, жан берiскен кезеңде қазақтың бағына суырылып шығып, қол бастаған Абылай сұлтанның зор азаматтық тұлғасы бiзге әрқашан қымбат.
Абылай хан қазақ халқының тарих сынынан аман өтуi үшiн ең алдымен елдiк тұтастық пен дербестiктiң қажет екенiн терең түсiндi. Ол бүкiл қажыр-қайраты мен ақыл-айласын тек қана осы мүддеге бағындыра бiлдi. Бұл мүдденi жүзеге асыру жолында ол ерлiк iсiмен де, шешендiк тапқырлығымен де, көреген ақылымен де, шебер ұйымдастырушылығымен де төңiрегiн таң қалдырды. Абылай хан қазақ халқының саяси әлеуметтiк өмiрiне қырық жылдан астам уақыт ықпал етiп, билiгiн жүргiздi. Бұл ретте, ең беделдi айғақ - Абылай ханның саяси, әскери, әлеуметтiк көреген де тегеурiндi қимылдары болса керек. Жоңғарлардан азат болған шығыстағы байтақ алапқа Алтай асырып қазақ ауылдарын қоныстандыруы, елдiң батыс шекарасының сыртындағы Пугачев дүбiрiн қолдап, үш мың жанкештi сарбаздарының орыс бекiнiстерiне шабуыл жасауы, оңтүстiкте қырғыздарға қарсы жорық ашып, Iленiң сол жағасы мен Шу бойындағы шұрайлы қоныстарды қазақтардың өзiне қайтарып беруi, ел рухын аспандатып, жеңiс туын желбiретуi, сөйтiп қазақ пен қырғыз арасына Нарынқолдан Қордайға дейiн шекара тартып беруi, бұл шекараның күнi бүгiнге дейiн сақталып отыруы, мiне, осынау ел тағдырының шешушi сәттерi Абылай ханның бүкiл халықтық ұлы хан болғанына бұлтартпас айғақ. Мұның сыртында Ресей патшалығымен және Қытай боғдыханымен жүргiзген икемдi саясатын айтпай кету мүмкiн емес. Абылай хан туралы әйгiлi тарихшы А.И.Левшин: "Ол ақыл парасаты жағынан болсын, қол астындағы халқының күшi мен санының басымдылығы жағынан болсын, сол кездегi қазақ даласын билеген замандастарының бәрiнен де басым едi" деп жазады еңбектерiнде. Қазақ ұлтын ортақ мақсатқа тоғыстырып, айрандай ұйытып отырған ақылгөй басшы Абылай ханның нағыз бет-бейнесi осы.
Қазақтың ұлы ханы Абылайдың өмiрi мен қызметiне байланысты жәдiгерлер аз емес. Тiптi елiмiз тәуелсiздiк алғаннан кейiнгi кезеңде жазылған еңбектердiң өзi бiрталай. Оларда Абылай ханның жастық шағы, жау түсiрiп, батыр болғаны, ел билеп, салиқалы-салмақты iшкi-сыртқы саясат жүргiзгенi көптеген еңбекке, түрлi спектакльдер мен фильмдерге арқау болды. Бұл тұрғыда Елбасы Н.Назарбаев "есте жоқ ескi замандардан елес iздеп, қайдағы жоқты қаузағаннан гөрi, Абылай тақырыбы ол туралы аңызды өршiту үшiн емес, тәуелсiздiк үшiн күрескен тарихи тұлғаның өмiрiнен тағылым өрбiту үшiн қажет" екендiгiн атап көрсеткенi бүгiнгiдей жадымызда.
2011 жыл, яғни, биыл осынау ұлан-байтақ жердi сақтап қалған, қазақ деген халықтың бойында ерлiк, елдiк, намыс сияқты асыл қасиеттердiң дәнiн сеуiп, ұлттың ұлылық сезiмiн бойымызға ұялатқан Абылай ханның туғанына - 300 жыл! Қазақ халқының бүтiндiгi, елi мен жерiнiң тұтастығын сақтауға күшiн сарп еткен батырдың ерлiгi мен өрлiгi кез келген адамға рух берерi сөзсiз. Ендеше газетiмiз жыл бойында қазақ тарихының жасалуына өзiндiк үлес қосқан Абылай ханның сара жолын тақырыптың арқауына айналдырмақшы. Сол арқылы қазақ ұлтының намысын қайрап, жастардың елге, жерге, Отанға деген көзқарасын дiттеп, тәуелсiз мемлекетiмiздiң хан, батырларының есiмiн әрдайым дәрiптей беруiн құп көремiз.

Дина Нұрпейiсова - 150

Күмбiрлеген күйi - әр қазақтың құлағында

Қазақ халқының маңдайына бiткен күйшi қыздарының бiрi Дина Нұрпейiсоваға биыл - 150 жыл. Бұл жыл қасиеттi қара домбыраның шанағында ойнаған атақты күйшiнiң рухы бiр жасап қалатын дәстүр сабақтастығы жылы. Сонау кеңестiк кезеңде қазақтың күйшiлiк өнерiн насихаттай жүрiп, сахара даламызды домбыраның тәттi үнiне бөлеген күйшi-композитордың мол мұрасын келешек ұрпақтың танып-бiлмеуi бiзге сын.
Күйшi Дина бала кезiнен-ақ бойында қазақы тектiлiктiң тұнып тұрғанын көрсете бiлдi. Ол Дәулеткерей, Мүсiрәлi, Әлiкей, Түркеш, Есжан, Баламайсаң сынды күйшiлердiң күйiн нәшiне келтiре орындап, айналасына "домбырашы қыз" ретiнде танылған. Тiптi 8 жасар қаршадай қыздың даңқын естiп, атақты дәулескер күйшi Құрманғазының өзi әдейi iздеп келiп, батасын берген деседi. Сол кезден бастап Динаның ұстазына айналған Құрманғазы күйшiлiк өнердiң терең сырларына үйретiп, додалы күй айтыстарына қатыстырады. Дина ұстазының күйлерiн шебер орындап қана қоймай, оның өнердегi күйшiлiк-орындаушылық әдiс-тәсiлiн, ерекшелiгiн жалғастырушы ретiнде әйгiлi. Әсiресе оның домбырасынан туған "Бұлбұл", "Байжұма", "Көгентүп", "1916 жыл", "Әсем қоңыр", "Ана аманаты", т.б. шығармалары өзiнiң ұлттық музыкалық бояуымен, терең психологиялық мазмұнымен құнды. Әрбiр күйi өзiнше бiр тарихқа құрылған. Ұлы Отан соғысының сұрапыл жылдарында баласын майданға аттандырған аналардың мұңына үн қосып, "Ана аманаты" күйiн шығарса, аты өшкiр соғыстың бiткендiгi жөнiндегi қуанышты хабарды "Жеңiс" күйiмен жеткiздi. Динаның күйшiлiк-орындаушылық шығармашылығының нағыз кемелденiп, шабыттанған шағы - кеңестiк дәуiр десек, ол 75 жасында, 1937 жылы халық өнерпаздарының Мәскеуде өткен байқауына қатысып, қазақтың атын әйгiлi еттi. Ал 1944 жылы, яғни, 83 жасында Орта Азияның бес республикасынан өнерпаздар қатысқан Ташкенттегi он күндiкте Дина тағы да жүлделi орынды жеңiп алады.
Дина Нұрпейiсованың көмегiмен Құрманғазы атындағы Қазақ халық аспаптар оркестрi көптеген ғажайып күйлердi меңгердi. Ол оркестрдiң орындаушылық мәдениетiн домбырада ойнаудың алуан түрлi ерекше әдiс-тәсiлдерiмен байытты. Сол арқылы оркестрде Құрманғазының және басқа да көптеген ұлттық музыка өкiлдерiнiң күйлерi орындалып, қуатты симфониялық ансамбльдiң үнiне айналғанына жұрт куә.
Қазақ ұлтының тұнып тұрған мәдениетiн күмбiрлеген күйi арқылы жеткiзген Дина Нұрпейiсова өмiрден өткенше қолынан қара домбырасын бiр сәтке тастамаған жан. Қазақтың дәстүрлiк өнерi үшiн тер төккен күйшi апамыз кейiнгi ұрпаққа мол мұрасы - күйлерiн қалдырды. Бiз де белгiлi күйшi Дина Нұрпейiсованың 150 жылдық мерейтойын өз деңгейiнде атап өту осы күннен басталса деймiз. Бұл мерейтойдың иесiн исi қазақ мемлекеттiк деңгейде ұлықтаса, күй құдiретiнiң мәңгi өлмейтiндiгiне тағы да көз жеткiзген болар едiк.

Желтоқсан - 25

Бодандыққа қарсы бұлқыныс

Атақты жазушы Джон Ридтiң "Дүниенi дүр сiлкiндiрген он күн" атты кiтабы бар. Бала кезiмiзде соны қызығып оқыған едiк. Ал 1986 жылғы Алматыдағы жастардың желтоқсан көтерiлiсi екi күн болды. Сол екi күн әлемдi дүр сiлкiндiрдi. Алаңға шыққан жастардың ерлiгi, көтерiлiс кезiнде қаза болғандар, қуғын-сүргiнге ұшырағандардың түрмедегi бастан кешкен азабы, денсаулықтарынан айырылып, мүгедек болып қалғандар, бедеулiк қасiретiн шеккен қыздар, жылдар өте келе жазалаушы солдаттардан қатты соққы алғандардың өмiрден өткендерi, жалпы олардың қилы-қилы тағдырлары баспасөзде қанша жазылды десек те әлi жазылмай жатқандары қаншама. Олар түгел жазылуы керек. Бүгiнгi және келер ұрпақ олардың ұлт болашағы үшiн жанкештi патриоттық ерлiгiн бiлуi тиiс.
1985 жылы СССР-де қайта құру саясаты қоғамда өмiрге ендi. Жариялылық өрiс алды. Орталықтың солақай саясатына наразылықтар айтыла бастады. Мұның арты әйтеуiр бiр наразылық қозғалысына алып баратынын бiлген СССР Мемлекеттiк қауiпсiздiк қомитетiнiң қызметкерлерi алдын ала "Метель" атты әскери күш қолдану тәсiлдерiн ойластырып, кез келген сәтте қолдануға дайын отырды. Шын мәнiнде олардың мұндай қарсылықты Балтық жағалауы елдерiнен, Кавказ республикаларының бiрiнен күткенi рас едi. Ал ұлттардың достық лабораториясы атанған Қазақстанда жастар бас көтередi деп ойларына да кiрiп шыққан жоқ. Республиканың жоғары басшылығына Колбиннiң тағайындалуы, елде онсыз да ушығып тұрған шовинистiк саясаттың отына май құйғанмен бiрдей болды. Қазақ тiлiнiң қолданыстан мүлдем қалуы, көптеген қалаларда және iрi елдi мекендерде ұлттық мектептердiң болмауы, қалаларға жергiлiктi ұлт өкiлдерiн тiркеудiң азабы, оларды өндiрiс орындарына жұмысқа алмауы, қазақтардың қолынан тек мал бағу ғана келедi деген көзқарас, қала бердi жоғары оқу орындарына қабылдаудағы ойдан шығарылған проценттiк тәсiл жастардың бiрден ашу-ызасын туғызды. Жергiлiктi ұлттың Мәскеуден көрген бұдан басқа да қысымшылығы аз болған жоқ.
Содан қазақ жастарының көтерiлiсi 1986 жылы 17-18 желтоқсан күндерi Қазақстанның астанасы Алматыда бұрқ ете қалды. Арнайы дайындықтан өткен, мұздай қаруланған жендеттер алғашқыда алаңға "Әр ұлттың өз көсемi болу керек!" деген талаппен бейбiт шеруге шыққан жастарды аяусыз жазалады. Алайда қазақ жастарының бұл көтерiлiсi мызғымастай болған Советтер Одағының қабырғасын қақыратты. Советтiк жасанды саясаттың бет-пердесiн ашып, шын мәнiндегi сиқын әлемге танытты. Басқа республикалардың санасын оятып, тәуелсiздiк үшiн күрестерiне жол ашты. Советтер елiндегi бар наразылық Алматыдағы қазақ жастарының сол желтоқсан көтерiлiсiнен басталды. Бұл көтерiлiстiң спутник арқылы алынған көрiнiстерi дүниежүзiнiң телеарналарынан көрсетiлдi. Тiптен, дәл сол күндерi Финляндияда iс-сапармен жүрген СССР Министрлер Советiнiң төрағасы Рыжковқа телеарнаның спутник каналы арқылы: "Мiне, сiздiң елде болып жатқан жағдай" деп көрсеткенi бар. Бұл көтерiлiс тарихқа осылай ендi. Биыл оған жиырма бес жыл толады. "Алайда оның саяси бағасы әлi берiлген жоқ" дейдi желтоқсандықтар. Кезi келгенде ол да берiлiр әлi.
Өткен жылы "17 желтоқсан - Демократиялық жаңару күнi" желтоқсандықтар Алматыдағы Тәуелсiздiк алаңына әдеттегiдей жиналып, өз пiкiрлерiн ортаға салды. Биылғы 25 жылдықты өз мәнiнде атап өту үшiн жыл басынан бастап дайындықтар жүргiзуге уағдаласты. Мерзiмдiк баспасөздерде материалдар жариялап, бүгiнгi жаңа ұрпаққа патриотизмнiң үлгiсi ретiнде насихаттауды жөн көрдi.

Қасым Аманжолов - 100

Қысқа ғұмырын өлеңмен өрген

Биыл, сондай-ақ, қазақтың көрнектi ақыны Қасым Аманжоловтың 100 жылдығы! Ол қысқа ғана ғұмырында көркемдiк-эстетикалық деңгейi жоғары, қазақ әдебиетi тарихында айтулы орынға ие шығармаларды дүниеге әкелiп үлгерген от ауызды, орақ тiлдi ақын. Қасым ауыр заман, құбылмалы саясат, соғыс, тұрмыс шаршатқан жұртты жұбатқан, сергiткен ақын. Ол Ұлы Отан соғысына қатысып, жауға қарсы қолындағы қаруымен де, қаламымен де белсене күрестi. Соғысқа аттанар алдында ақын "Мазасыз музыка", "Қоштасу", "Бейсекештiң бес ұлы" сияқты патриоттық өлеңдерiн жазса, соғыс майданында жүрiп лирикалық өлеңге қалам тербеген. "Үстiмде сұр шинелiм", "Мартбек", "Жеңiс дауысы", "Орал", "Ертiс", "Сибирь", "Сарыарқа" сияқты өлеңдерi туған жердiң сыр-сипатын, сұлулық бейнесiн, соғыс өмiрiн суреттейдi. Ал "Елге хат", "Достар қайда жүрсiңдер?", "Ағайға" деген өлеңдерi туған елдi, дос-жарандарын, ағайын-туыстарын сағынған солдаттың сезiм дүниесiнен сыр шертедi. Майданда от кешкен, тұрмыс-тауқыметiн тартып, дерттi болған ақын еш мойымайды, күйзелмейдi. Отаншыл Қасым:
Уа, дариға алтын бесiк туған жер,
Қадiрiңдi келсем бiлмей, кеше гөр,
Жата алмас ем топырағыңда тебiренбей,
Ақын болмай, тасың болсам мен егер, - деп жырлайды.
Осы тұста Қасымның өлмес туындысы - "Ақын өлiмi туралы аңыз" атты поэмасы ерiксiз еске түседi. Бұл поэма Қасымның атын аспандатып, ақындық даңқын шырқау шыңға шығарған шығарма едi.
Қазiр де Қасым сөзi тозған жоқ, Қасым өлеңi ескiрген жоқ. Қасым уақытпен үндесе алмай жатқан жоқ. Тек бүгiнгi мәдениет тұтқасын ұстағандардың ұлттың өткенi мен бүгiнiн ұштастыра алмауынан ақынның шығармалары қазiргi жастардың қолына тимеуде, тәлiм-тәрбие iстерiне орайлы пайдаланылмауда. "Бiреудiң аспандағы асылымын, Бiреудiң жұртта қалған жасығымын" деген ақын сөзi шындыққа жанасып отыр. Өкiнiштiсi сол, Қасымдай арқалы ақындарымыздың қадiрленуi кемшiн, қастерленуi жетiспей жатады.
Өмiрден ерте кеткенiмен, Қасымның мәңгi жасайтын асыл жырлары қалды. "Ғалымның өзi өлсе де, хаты өлмейдi" демекшi, сол жырлары ақын атын өлтiрмейдi. Бұл күнде халықтың сүйiктi ақыны Қ.Аманжоловтың жарқын бейнесi ел жүрегiнде мәңгi сақталған. Оның шығармалары орыс және басқа да халықтардың тiлдерiне аударылып жатыр. Қарағандыда Қ.Аманжолов құрметiне көше берiлсе, Қарқаралы ауданындағы бұрынғы Фрунзе совхозы бүгiнде Қасым Аманжолов есiмiмен аталады. Бұған да шүкiр. Алайда, Қасымның жалынды өлеңдерiн жастардың арасында насихаттау жағында салғырттық көп. Кешегi жас, бүгiнгi алпысты алқымдаған азаматтар Қасымның өлеңдерiн жатқа айтушы едi. Оның әсiресе:
Берсең бер, бермесең қой баспанаңды,
Сонда да тастамаймын Астанамды,
Өлеңнiң отын жағып асырармын
Өзiмдi, әйелiмдi, жас баламды, - дегендей өткiр шумақтарын екiнiң бiрi қисыны келген жерде айтып қалатын. Қазiргi кезде Қасымның өлеңдерiмен сусындап, өсiп келе жатқан өскелең ұрпақ кем де кем. Бәлкiм, бұл игi дәстүрдi Қасым ақынның 100 жылдығында қайта жандандыру керек шығар.

Мұқағали Мақатаев - 80

Поэзиямен егiз ақын

Мұқағали Мақатаев! Қазақ поэзиясының пiр тұтар азаматы. Оның жүрек нұрынан туған ойлы, сырлы өлеңдерi кез келген жанның санасына жарық сәуле түсiредi. Оның өлеңдерi қаншалықты биiк болса, адамзаттың оған деген махаббаты да сондай! Көңiлiң жабырқаған сәттерде Мұқағалиды оқысаң, кiрбiң шалған көңiлiң шайдай ашылып сала бередi.
Биыл қазақ поэзиясының ақиық ақыны Мұқағали Мақатаев көзi тiрi болса, 80 жасқа толар едi. "Бүгiн менiң туған күнiм, ой, пәлi-ай!" деп жырлаған ақынның туған күнi ескерусiз қалған емес. Жыл сайын ақпанның 9-ында Мұқағалидың жырларымен сусындап өскендер ақынның ескерткiшi жанында өлең оқып, жырдан шашу шашады. Себебi Мұқағалидың поэзиясы адамның жансарайын жаңғыртып, ой-санасын сәулелендiрiп, болмыс-бiтiмiн жаңаша жасандыра, жарқырата түсетiн нақты рухани күшке айналып отыр. Ол қай өлеңiнде, қай дастанында болсын, ел алдында еркiн сөйлеп, емiрене еркелеп, тосылмай толғап, жан сырын жайып салатын жомарт ақын.
Қазақ халқы өзiнiң бар арман-мақсатын, мұң-қайғысын, үмiт-тiлегiн Мұқағали мұрасы арқылы жалғанның жарығына жария еттi. Оның өлеңдерiндегi образ - кiлт сөздiң қайталанып келуi музыкалық өрнектiң де мiндетiн атқарғанын, кейiннен ақын жырларына жазылған әуен-саздарынан байқалады.
Мұқағали - бүкiл халықтың сүйiспеншiлiгiне бөленген сүйiктi ақын. Ақын жүрегiн жарып шыққан ойлы жырлар кiм-кiмнiң де көңiл пернесiн дөп басып, жанына майдай жағып, сыр бөлiсуге шақырып тұруы қандай ғажап десеңшi! Мұқағали поэзиясының қайнар көзi, шабыт тұғыры - туған елi, өскен жерi, Отан тағдыры, замана тынысы, замандастарының арман-аңсары. Осының бәрiн Мұқағали нағыз талантқа тән қайталанбас шеберлiкпен, поэтикалық мiнсiз үйлесiммен, сыршыл да шыншыл сезiммен, поэзияға ғана тән бейнелi образдармен бедерлеп, мәңгi өлмес өнер деңгейiнде туындатып отырды. Мұқағали поэзиясы тек өнер үшiн жасалған құбылыс емес. Оның адам жанына нұр сыйлаған қанатты поэзиясы қазақ халқының кiсiлiгiн биiктетiп, парасатын кемелдендiре түседi. Көзiнiң тiрiсiнде он бiр жинағы жарыққа шығып, халыққа кеңiнен мәлiм болса да, билiк тарапынан лайықты бағасын ала алмаған ақынның өзi дүниеден өткеннен кейiн он жетi жинағы жарыққа шыққан екен.
Туған халқының арман-мақсатын терең түсiнген, толғай жазған, жанының жыршысы болған ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың екiншi өмiрi - мәңгiлiк ғұмыры ендi басталып отыр. Қазақта Абай дара болса, Мұқағали да жалғыз! Өлмес өнерi - өлеңiмен жалпақ елiнiң жүрегiне жол тауып, бүкiл халықтың сүйiспеншiлiгiне бөленген ұлы перзентiнiң ұрпаққа ұран болған жырларын елi де ешқашан есiнен шығармасы анық. Бiртуар дара дарын Мұқағали Мақатаевтың қаламынан туған қанатты жырлар халқымен бiрге мәңгi жасай бермек.

Дайындағандар Көлбай АДЫРБЕКҰЛЫ, Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

«Түркістан» газеті

 

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1474
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3249
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5446