Сенбі, 23 Қараша 2024
Жөн-ақ 5618 11 пікір 21 Ақпан, 2018 сағат 20:23

Наурызды жаңа нақышта қалай атап өткен жөн? Министр не дейді?

 

Әдетте біз Шырша мерекесіне ай, ай жарым бұрын дайындықты бастап кетеміз. Түрлі қызмет орталықтары, салтанатты сарайлар жаңа жылдық реңкке өтіп, сауда орындарында Шырша мерекесіне орай жеңілдік акциялары жүріп жатады. Әсіресе, балалар шат-шадыман қуанышқа бөленіп Аяз Атадан ерекше сыйлық күтеді. Бір қызығы өзіміздің төл мерекеміз – Жыл басы Наурызды тап осындай көңіл күймен қарсы алу дәстүрі бізде әлі күнге қалыптастпай жатыр. Әне-міне, ақпанның ақ шапанын сілкіп тастап Жер – ананың құшағын жылытып Наурыз келе жатыр. Ал, біз үнсізбіз. Осы үнсіздікті бүгін «Егемен Қазақстан» газетінде Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы «бұзды». Министр «Егеменнің» тілшісіне арнайы сұхбат беріп, әз-Наурызды жаңа нақышта қалай атап өту қажет екендігін әңгімеледі. Министрдің ойынша, Наурыз мерекесі алдымен балаларға арналуы керек.

- Наурызда біз бар мейірім-шапағатымызды балғын балапандарымызға арнағанымыз дұрыс. Жаңа жылға сәби неге үйір? Рождество несімен мықты? Аяз ата да, Санта-Клаус та ең әуелі бала­ның тілін табады. Бір ғана шырша сол күннің шырайын келтіріп, Жаңа жылдың идеологиялық нысанына айналып кетті. Сол секілді Наурыздың қадір қасиетін жан-жақты қамти отырып, шын мәнінде мереке жасағымыз келсе, Наурыздың бірінші мағынасы да, сәні мен салтанаты да балдырғандар болуы тиіс, - дейді министр.

Наурыз мерекесінде көпшіліктің көңілін көтеріп, өнер көрсететін әнші-бишілер болмаса, біздің бәріміз ұлттық киім киюге еш мән бермейміз. Біз Наурыз меркесіне қатысуды емес, сырттай тамашалауды ғана білеміз. Осы жайтты ескерте келе министр: «Наурыз – барша қазақстандықтардың мерекесі. Сондықтан бұл ұлы мерекеге әр ұлттың өкілі өздеріне тән дәс­түрлі киімдерін кисе. Қазақтың дәстүрлі ұлттық киіміне күллі әлем тамсана, қызыға қарайды. Барлығымыз осы қасиетті күні, басқа да атаулы күндері ұлттық киім киіп шығайық!  Байқасаңыз, Тәуелсіздік таңы атқалы бері жоғарғы биліктен Наурыз мерекесінде Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев қана әдемі шапан киіп, Ұлыс күнінде қалай жүрудің керемет мәдениетті үлгісін көрсетуде. Қазақтың «таныған жерде бой сыйлы, танымаған жерде тон сыйлы» дейтін мәтелі бар. Халық арасында белгілі бір топтар үйде де, түзде де, күнделікті тұрмыста да ұдайы жақсы киініп жүрген. Ел ағалары жағалы киім, тымақ және бөрік киген. Меніңше, біз шал, ақсақал, қарасақал, қарт, қария секілді атауларды кез келген жерге жөн-жосықсыз қыстыра бермей, өз ардақтыларымызды сыйлап, ел ағасы десек орынды болмай ма?!» - деп ұсыныс жасады.

Министр Арыстанбек Мұхамедиұлының ойынша, Қызғалдақ – Наурыздың атрибуттық белгісі, эмблемасы ретінде бекітілуі қажет.

- Гүлдің адамға деген әсері өте мол. Себебі гүлден ерекше сұлулықпен бірге адам нәр алады. Гүл тұрған жерде биік сезім бар. Мереке күні аналарға, қыз-келіншектерге гүл сыйлау көңілдерге құштарлық сыйлайды. Бұған қоса мекемелер, көшелер, саябақтар қызғалдақтармен, басқа да гүлдермен көмкеріліп, абаттандырылса нұр үстіне нұр, - деді сұхбат барысында Мәдениет және спорт министрі.

31 желтоқсан түні ұйықтамай Жаңа жылды қарсы алатын ағайынға Арыстанбек Мұхмедиұлы наурыздың 21-інен 22-не қараған түні жаппай күнді қарсы алу дәстүрін түлеткеніміз абзал деген ой айтты. Өйткені, Күн мен түннің теңелуі – астрономиялық көктемнің тууы. Астрономдардың тілімен айтар болсақ, бұл кезде Күннің орталығы өз қозғалысы барысында Жер экваторын кесіп өтеді. Ғылымда көктем туатын мезгілді түрліше шамалау әдісі қалыптасқан. Күн қозғалысына негізделген есеп бойынша нағыз көктем осы – Күн мен Түннің (21-нен 22-не қараған түні) теңелу сәті.

Еліміздің батыс өңіріндегі жұрт «Амал келді – жыл келді!» деп, арқа-жарқа болып, Ұлыс күнін бір кісідей атап өтеді. Ал бұл ерекше күн Ұлт Көшбасшысы ел дамуының кепілі ретінде белгілеп берген бірлік, татулық, отбасын қастерлеу сияқты адамзаттық құндылықтарға құрылған.

- Наурыз мейрамына алдын ала үлкен дайындықтар жасалады. 14 наурыз күні таңғы сағат 6-дан бастап жұрттың бәрі үй-үйді жағалап көріседі. «Кім ерте тұрып, 40 үйге кіріп, көрісетін болса, соған Қыдыр ата несібесін береді» деген де сөз бар. Сол несібені алып қалу үшін кішкентай балдырғандар таң атпай ерте тұрып, үй-үйге жүгіріп, үлкен ата-әжелерге барып көрісетін. Үлкен адамдар «Бүгін көрісуге адамдар келеді» деп, үйінің айналасын, ішін тазалап, жаңа киімдер киіп, күтіп отырады. Сонымен бұл күн Көрісу күніне сұранып-ақ тұр, - дей келіп министр, - Бұл мақсатта наурыздың 21-і күні сипатын ашатындай әрі ұлттық таным мен дәстүр салтты жаңғыртатындай  Отбасы күні • Қайырымдылық жасау күні • Ақ дастарқан күні • Тал егу күні деп мазмұн бере отырып, рухани іс-шараларды неге қалыптастырмасқа? – деген ой айтады.

  • Abai.kz  

 

11 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5341