Аргентиналық "кокаин" Мәскеуге Патрушев ұшағымен жеткізілген
Ресей Берлинде тұратын бүркеншік есімі Мистер К. деген азаматқа іздеу жариялады. Оны Аргентинадан Ресейге дипломатиялық пошта арқылы 400 келі кокаин жеткізді деп айыптайды.
Халықаралық есірткі тасымалына ресейлік дипломаттардың қатысы бар қылмыстық іс жөнінде 22 ақпанда белгілі болды. Тергеу 2016 жылдың желтоқсанында басталған. Сол кезде Ресейдің Аргентинадағы елшісі Виктор Коронелли елшіліктегі мектеп аумағынан пошта арқылы келді деген белгі бар күдікті 12 сөмке жатыр деп полицияға хабарлаған.
Бұл іс жөнінде кейін Аргентинаның қауіпсіздік министрі Патрисия Буллрич баспасөз мәслихатында толығырақ айтқан. Коронелли аргентиналық агенттерге сөмкедегі затты тексеру үшін, мектептің артқы есігінің кілтін берген. Одан 389 келі кокаин табылған. Оның құны Ресейде 50 миллион еуро тұруы мүмкін.
Сөмкелердің ішіндегі есірткіні бір сағаттың ішінде ұнға айырбастап, оларға GPS-қабылдағыш орнатып, оның кімге тиесілі екенін анықтамақ болған. Кейін 2017 жылдың желтоқсан айында ұн салынған сөмкелер Ресейге дипломатиялық пошта арқылы жеткен.
Сол айда Ресейдің Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Николай Патрушев президент Маурисио Макридің инаугурациясына қатысу үшін, ресми Аргентинаға барған. Telegraph басылымының жазуынша, Патрушевта құпия миссия болған – ол "есірткі" бар сөмкелерді Ресейге жеткізу керек болған.Telegraph дереккөзінің кім екенін жазбайды. Бұл ақпаратты әзірге ресми растамады.
Осы іске байланысты алты адам ұсталған. Оның ішінде елшіліктің бұрынғы қызметкері, MORAL (Mecenas Ortodoxos Rusos En America Latin, Латын Америкасындағы орыс православиялық меценаттар) да бар.
Ресей сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Мария Захарова өткен жұма күні, 23 ақпанда кокаин немесе ұн дипломатиялық пошта арқылы жіберілмеді деп мәлімдеді. Ол кокаинді дипломатиялық төлқұжаты жоқ "техникалық құрамның қызметкері" жібермек болған дейді.
Abai.kz