Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Ел іші... 4609 1 пікір 26 Ақпан, 2018 сағат 10:17

Архимед мырза проблеманы не білмейді, не білгісі келмейді!

Қазір барлық жерде облыс әкімдерінің халыққа есеп беру науқаны қызу басталып, енді аяқталуға да жақын қалды. «Науқан» деуіміз бекер емес. Шынында да осы бір есеп беру деген үлкен басқосу өңір басшыларының тек қана қомақты көрсеткіштер мен азды-көпті атқарылған істерін ұланғайыр етіп көрсететін кезекті іш пыстырар жиналысына айналып кетті.

Кезінде Елбасымыз осы халықпен кездесіп, есеп беру кезінде атқарылған ауқымды жұмыстармен қатар облыстарда әлі де болса шешімін таппай жатқан ірі мәселелер мен ұзаққа созылып кеткен проблемаларды терең сараптап, бұлардан шығу жолдарын талдап айтып берер деген мақсат болған десек, қателесе қоймаспыз.  Алайда ол үміт ақталмады. Әкімдердің барлығы дерлік оңай жолмен, өз облыстарының тек жақсы жақтарын тізіп шығумен шектелді. Өкінішке қарай, біздің облыстың әкімі Архимед Мұхамбетов те осы таптаурын болған ізден шыға алмады.

Біз, әрине, облысымыздағы эконономика, құрылыс,  жол салу мен денсаулық сақтау саласындағы атқарылған көлемді істерді жоққа шығарғалы отырған жоқпыз. Оны өзі де жіпке тізгендей етіп айтып та берді.

-Былтырғы жылы 485 километр жол жөнделді,-деді ол. -Бұған 28 миллиард 700 миллион теңге жұмсалды. Ал жалпы 1 700 000 шаршы метр тұрғын үй салынып, 2021 жылға таман 26 мың отбасы өз жағдайын жақсартатын болады.Халыққа медициналық қызмет көрсету де жақсарды. Оған былтыр 2,2 миллиард теңге жұмсалды.

Қысқасы, тұрмыс жақсарып, тіршілік түзеліп келеді. Облысымызда еш кемшілік жоқ, ал күрделі проблемаларды іздесең де таба алмайсың. Енді бөркімізді аспанға атып, «біздің әкім тамаша» деп әндетуден басқа ештеңе қалмағандай.

Ал шындығында облысмымызда түйіні тарқатыла қоймаған аса ірі кемшіліктер мен шешуі қиын проблемалар бастан асады. Мұндай жағдайды облыс әкімі не білмейді, не білгісі келмейді. Білмейді деуге аузымыз бармайды, ал білгісі келмейді деуге төмендегі кейбір мәселелер түрткі болып тұр. Айталық облысымыздағы аса ірі кәсіпорын болып саналатын, Қостанайдан тым жырақ орналасқан Жітіқара элеваторының жұмысының тоқтағанына біраз жыл болды. Қожайыны осындағы астықты ұрлап түрмеден бір ақ шықты да, элеватор құрдымға кетті десе де болады. Ал енді осы элеваторға астығын өткізетін үш бірдей ауданның диқандары өздерінің өнімдерін қайда қоярға жер таппай сенделіп жүр. Кейбіреулері өздері өсірген ырыздығын делдалдарға арзанға сатып жіберсе, екіншілері жер шалғай болса да сонау Ақтөбе облысына сапар шегуге дайын.

Міне, осылайша диқандар қауымы тығырыққа тіреліп, одан шығатын жолды таппай  сарпылуда. Мұндай мәселені шешуді әкім қашан да өз орынбасарларына, басқарма басшыларына немесе, аудан мен қала әкімдеріне итере салатын әдетімен, Жітіқара қаласының әкімін орынан тұрғызды. Әкім Абай Ыбыраев та мандытып жауап бермеді. Тек «элеваторды банкротқа жіберу керек. Ал жалпы әзірге игі өзгерістер байқалмайды» деп қысқа қайырды. Екінші сөзбен айтқанда, «бізден қайыр күтпеңдер, өз күндеріңді өздерің көріңдер» деген жаныашымастықты байқау қиын емес еді. Айтпақшы, осы Жітіқара қаласында баспана мәселесі аса күрделі күйінде қалып отыр, Мәселен, осында үй кезегінде 984 адам тұрса, қазіргі таңда тек 80 пәтерді салу жобалану үстінде. Демек, жітіқаралықтар тұрғын үйден күдерін үзе берсе де болады.

Жә, бұл элеватордың жыры осымен бітті делік. Ал өңір басшысының «Біз былтырғы жылды жол жылы деп жариялып, бәрін қатырдық» дегені де тым әсірелеу болып шықты. Есеп беру кезінде аудан аралығындағы жолдардың өте нашар екендігі жайлы сауалдар қардай жауды. Мәселен, облыс орталығынан қиянда жатқа Наурзым ауданындағы  Буревестник елді мекеніне жол қашан салынады? Немесе Меңдіқара ауданы арқылы өтетін Қостанай-Ұзынкөл маршруты бойынша Боровской елді мекенге жетуге сәл қалған 74 шақырым трассаның жыры қашанға дейін созылады? Болмаса, Таран ауданындағы Нововильиновка аулына дейінгі жолды қайта-қайта жөндеудің жыры қашан бітеді? Ал Қарасу ауданындағы жолдардың жағдайын айта-айта жағымыз талды. Бұған әкім «бәрін де қатырамыз» деп жауап берді. Ау, ендеше осы мәселелерді баяндамаға енгізіп, шешудің жолдарын айтып беріп, халықтың бостан-босқа ашуын туғызбауға болмайтын ба еді? Әлде әкіміміз ондай-ондай ұсақ мәселелер жайлы сөз қозғала қоймас деген ойда болды ма екен?

Проблемлар мұнымен де біткен жоқ. Жалпы ауылдық жерлерді су және газбен қашан қамтамасыз етілетіндігі  төңірегінде сауалдар көбірек қозғалды. Өкінішке қарай, әкім оған да көңіл толарлықтай жауап бере қоймады. Әкім болса  бұл салаға аса мол қаржы керек екендігі, сондықтан қазіргі таңда қай ауданға су мен газдың қашан келетіндігін ешкім де тап басып айта алмайтындығын алға тартып, бұл мәселені де жылы жауып қойды. Ал аудан мен қала әкімдерінің ең кемі 20 миллион теңгеден кем түспейтін қымбат шетелдік көлік алуына облыстық бюджеттен ақша оп-оңай табылады да, халыққа газ мен су керек болғанда «ондай қаражатты қайдан аламыз» деп алақан жайып шыға келеді. Сонда билікке халықтың жағдайынан гөрі әкімдердің жайлы да жақсы көлігі қажеттірек болғаны ма? Мұнан соң әкіміміз халықтың жайын алдымен ойлайды деуге ауыз бара қояр ма екен?

Кейінгі кездері облысымызда жол жүру ақысынының  талай жұртты алаңдатып жүргендігі белгілі. Өйткені ол жылда мың құбылады. Алдыңғы жылы қаламызда автобустағы жол ақысы 60 теңге еді. Былтыр ол бірден 80 теңгеге дейін көтерілді. Қазір оны бірден 129 теңгеге дейін көтеру талабы қойылып отыр. Мұны қала әкімі Базыл Жақыповтың өзі де мойындады. Осы мәселені Қостанай жүк тасымалшылдары қауымдастығының төрағасы Алексей Бойченко төтесінен қойған еді.

Ал оған Архимед Бегежанұлының жауабы мүлдем қызық болып шықты.

-Әрине, бағаны көтеру халыққа ауыр соғатыны белгілі. Бұл мәселеге мұқият қараған жөн. Алайда біздің өңірде жол жүру ақысы тым төмен болса, оны да халыққа түсіндіру керек,-деп ешбір қисынға келмейтін ғана емес, тіпті өтірікке жақын жауап естіді.

Ал жалпы 80 теңге еліміздегі ең төменгі жол ақысы емес, екіншіден, егер әлгі 129 теңге биыл бекітіліп кетсе, көрсеткішіміз бүкіл елдің алдына шығып күлкімізді тия алмай қалармыз әлі.

Облымыздағы халықты қатты мазалап жүрген тағы бір жай - қаламыз бен аудандарымызға көрік беріп, жасыл желекке бөліп тұрған ағаш атаулының жау тигендей жаппай оталуы болды. Оған бір ғана мысал, былтыр осындағы «Март» сауда орталығынның артқы жағында көрсе көз тоятындай, өте әдемі шыршалары жайқалып тұрған саябақ бір күнде түбірімен қырқылып, оның орнын жылдам тамақтанатын «Макдональдс» атты дәмхана бой көтерді. Оның салатанатты ашылуына әкімнің өзі қатысып, мақтауға сөз таппады. Ал қалаға көрік берумен қатар, ауасын да тазалап, тынысты кеңейткен сол шыршалардың тағдырын ойлап бас қатырған жан болмады.

Міне осы жайды Ольга Велер деген жас келіншек  алға жайып салды.

-Мен ағаштарды қырқуға қарсы болған қостанайлықтарды қолдау үшін арнайы Таран ауданынан кедім,-деді ол. -Қазір біздің қалаларымыз бен аудандарымыз кезінде жайқалған ағаштардың түбірі ғана қалған, жадау елді мекендерге айналды. Тіпті соғыс кезінде де мұндай жағдай болмааған шығар.

Әкімнің оған қайтарар жауабы болмады. Әлде мәселені мүлдем түсінбеді ме, қалыптасқан ескі әдетімен оны Таран ауданының әкіміне итере салды. Бұл әңгіме тек ауданы жайлы емес қой, ол бүкіл облысқа қатысты келеңсіз жайт болатын. Өкінішке қарай, бұл мәселе де шешімін таппады.

Мінекей, облысымыздың әкімінің ел-жұрттың көптен күткен, жыл бойы қордаланып қалған кемшіліктер мен проблемаларға нақты жауап алармыз деген есеп беру кездесуі осылай аяқталды. Күткен үміт ақталмады. Мүмкін, келесі жылғы кездесу жемісті болар. Шыдамды халықпыз ғой, амандық болса оны да көрерміз.

Осы мақаланың жазу барысында «Время» газетінен жанымыздағы көршіміз Солтүстік Қазақстан облысының әкімі болып былтырғы жылдың наурыз айында ғана тағайындалған, Қостанайдың өз түлегі Құмар Ақсақаловтың жұртшылықпен есеп беру кездесуінің қалай өткендігін оқып, аса риза болдым.Ол баяндамасын тым қысқа ғана қайырып, негізінен қойылған сұрақтар мен көтерілген проблемаларды мұқият тыңдап, толымды да нақты жауап беріп отырған көрінеді. Кемшіліктер мен олқылықтарды да оралып өтпеген. Ал «сіз келгелі облысымыз дағдарыстан шығып, ерекше өркендеп келе жатыр» деп өтірік көлгірсіп, көзге түскісі келгендерді бірден тиып тастап отырыпты. Сонымен бірге, кездесуде көтерілген мәселелердің  барлығы да дер кезінде шешілмегендігі үшін  аудан мен қала әкімдеріне, басқарма басшыларына да қатаң ескерту жасаған. Соңында сөзін қорытындылай келіп: «Осында сөз тимеген адамдардың әрқайсысымен кездесуге дайынмын. Егер ешкім де шет қалмай, облыс өміріне белсене қатысса, қандай да жоспар тіпті асыра орындалады»,-деген тұжырым жасаған.

Бұған біздің қосып аларымыз жоқ. Қорытындысын көзі қарақты оқырмандардың өздері жасай жатар.

Жайберген Болатов

Қостанай

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2061