Бейсенбі, 28 Қараша 2024
4361 2 пікір 27 Ақпан, 2018 сағат 10:16

Жетісу өңірінде қалдықтарды басқарудың аймақтық жүйесі жасалып жатыр

Қоқысты тек қоқыс деп қана көретін ескі көзқарастан арылатын уақыт әлдеқашан жеткен. Бірқатар Еуропа елдерінде, Жапонияда, жалпы алыс-жақын шетелдерде қоқыс өңдеу тек қалдықтан құтылудың ғана емес, өте пайдалы кәсіптің көзіне айналып үлгерген.

Жалпы кез келген тірі организм өзінің өмір сүруі барысында белгілі бір мөлшерде қалдық шығарады. Соның ішінде адамзаттың қолданысынан тасталатын қалдықтың ауқымы айтпаса да түсінікті. 2 миллионнан астам халқы бар Алматы облысының өзінде жыл сайын 1 млн. тоннадан астам қатты тұрмыстық қалдықтар қордаланып, олар 354 қалдық жинау мен көму орындарында тасылады екен. Бұған облыстың Алматыдай үлкен мегаполиспен іргелес қоныстануының да ықпалы бар. Алып қаладан облыс аумағына жылына шамамен 640 мың тоннадай қалдық шығарылады. Осы мәселе Жетісу өңірінде түбегейлі жобаларды қолға алу қажеттігін туғызып отыр.

Облыс әкімі Амандық Баталовтың әрбір аудан, қала басшыларынан үнемі осы мәселеге ден қоюды талап етуі бекер емес. Себебі замануи технология енгізуді қажет ететін екі сала болса, соның бірі осы қалдық өңдеу саласы дер едік.

Бұл орайда талпыныс жасап, нақты шаралар қабылдап жатқан аудандар да бар. Мәселен, Талдықорғанда қоқыс сұрыптау кешені және қайталама шикізатты өңдеу цехы іске қосылса, Жаркент қаласында қоқыстарды пиролиздік майға, мазутқа, газға және түйіршік көмірге  айналдырып өңдейтін кешен іске қосылған. Ал Қарасай ауданында ескірген автомобиль доңғалақтарын кәдеге жарату және қайта өңдеу шағын зауыты жұмыс істейді. Жалпы облыста екінші кезектегі материалдық ресурстарды өңдеумен айналысатын 10 кәсіпорын жұмыс жасайды.

Бірақ қоқысты өңдеу процесіне жеткізгенше де бірқатар жұмыстарды ұйымдастыру керек. Анықтап айтсақ, тасталған қалдықтарды сұрыптау, оны тиеп, тиісті орынға тасымалдау ісі де жүйеленуі тиіс. Қоқыс шикізат ретінде содан кейін ғана өңделеді.

Өткен жылы «Астана Экспо - 2017» Халықаралық мамандандырылған көрмесінің аясында облыс бұл салада тәжірибесі мол компаниялармен меморандумға отырып, бірлескен жобаларды қолға алуға қадам жасаған болатын. Соның негізінде өңірде қалдықтарды басқарудың аймақтық жүйесінің техникалық-экономикалық негіздемесі əзірленді. Онда мемлекеттік-жекеменшік серіктестік механизмін қолдану арқылы 14 аймақтық кешендердің бірыңғай операторын құру қарастырылады. Атап айтқанда, соның аясында 16 қоқыс сұрыптау кешені, 13 қоқыс тиеу станциясы, 16 полигон, 3 қоқыс өңдеу зауытының құрылысы жүзеге асырылуы тиіс. Осының нəтижесінде 500 жұмыс орны құрылып, 2025 жылға қарай тұрғындар тұрмыстық қатты қалдықтар шығаруды ұйымдастырумен 100 % қамтылады деп жоспарланып отыр. Оған қоса бұл қалдық жоюды арттырып, полигондар санын азайтуға ықпал етпек.

Бұл бағыттағы жұмыс қазірден-ақ басталып кеткен. Қалдықтарды басқарудың өңірлік жүйесін жүзеге асыру үшін жергілікті бюджеттен 300 млн.теңге қаржы қарастырылып, енді 14 аумақтық кешен салынуы тиіс.

Биылғы жылы Талдықорған қаласында тұрмыстық қатты қалдықтарды сұрыптап тастау бойынша құны 459 млн. теңге болатын қанатқақты жоба басталды. Мәселен, тұрғындардың құрғақ және дымқыл қоқыстарды сұрыптап тастауы үшін «Қаратал » шағын ауданындағы бірнеше алаңдарда қоқыс жәшіктерінің замауни түрлері қойылған. Оның біріне пластик, шыны, металл, қағаз, полиэтилен, ағаш сияқты құрғақ қоқыс жиналса, екіншісіне дымқыл, яғни органикалық және тағам қалдықтары салынады. Мамыр айында қалада осындай алаңның саны 150-ге жетпек. Талдықорғанның бұл тәжірибесі келесі жылы облыстың барлық аудандарына таратылып, осы жылы Іле ауданы Өтеген батыр ауылында қоқыс өңдеу жүйесінің бірінші желісі іске қосылады деп жоспарланып отыр.

Жаңалығы бар жобаның қаншалықты тиімді жүзеге асатыны тұрғындарға да байланысты. Себебі жаңа контейнерлерді орнатумен іс бітпейді. Ең алдымен құрғақ және дымқыл қалдықтарды сұрыптап тастау қажеттігін тұрғындарға түсіндіру керек. Сырт елдерде бұл іске тұрғындарды үйретудің зор тәжірибесі қалыптасқан. Белсенді түрде әлеуметтік жарнамалар беру, бейберекет тасталған қоқыстың адамзатқа зияны туралы жиі ақпараттандыру, сұрыптап тастауда белсенділік танытқан тұрғындарды ынталандыру сияқты көптеген шараларды атауға болады. Кейде тіпті белгіленбеген орынға тастағаны немесе сұрыптап тастамағаны үшін әкімшілік шара қолдануға да тура келуі мүмкін. Осындай түрлі ықпалды шараларды қолға алсақ, біздің тұрғындар үшін де қоқысты сұрыптап тастау еш қиындық туғызбайтын күнделікті әдетке айналар еді.

Сағыныш Намазшамова

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1562
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3367
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 6403