Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
Ақмылтық 7622 4 пікір 28 Ақпан, 2018 сағат 14:15

Қоғам қазақ тіліне көшті. Сен қашан қазақыланасың, Үкімет?!.

Кешелі-бергі қоғамның қызу талқысында жүрген өзекті мәселе – Президенттің Мемлекеттік тілге мәртебе беру жайлы айтқан сөзі болды. Президент Назарбаев Үкіметке де, Парламентке де қазақ тілінде сөйлеуді міндеттеп берді. Осымен талқы тоқтауы керек те, нақты іске, тапсырманы орындауға көшуіміз керек еді.

Қара танып, хат жаза алатын кез келген қазақ Президенттің не айтқанын, не айтқысы келгенін түсінді. Президент соқырға таяқ ұстатқандай, ап-анық айтты. Былай деді:

2018 жыл. 26-ақпан. Ақорда. «Үкімет пен Парламент өзінің жұмысын ТЕК мемлекеттік тілде жүргізуі қажет. Басқа азаматтарды ешқандай, ештемеден ренжітіп, кем қылмау үшін оларға  аудару барлығында бар қазір». Бұл – Президенттің өз сөзі. Үтір-нүктесіне дейін өзгерткен жоқпыз.

Президент қазақ тілінде сөйлеңдер дегенді кеше ғана айтқан жоқ. Білмесеңіздер, естіп көрмесеңіздер, мархабат. Біз Президенттің бұған дейін де телеэкраннан елдің тілі, елдіктің тілі жайлы айтқан сөздерінің бірсыпырасын теріп шықтық. Міне, қараңыз:

2010 жыл. Астана. «Біздің 9 миллион қазақтың 4 миллионы қазақша жөндеп сөйлей алмайды. Одан да көп болмаса. Соларды сөйлетейік. Отырған жерде өзімізбен өзіміз қазақша сөйлесейік, тағыда айтайын. Біз өзіміз қазақша сөйлей берсек, тыңдап отырған Федор да үйренеді бірдеңені. Біз сөйлемесек, оған қазақша сөйлетпесек, ол қалай сөйлейді?! Бұл жерде тұжырымдап айтатын бір мәселе бар, терең мәселе, көкейдегі мәселе. Бізге ең бірінші керегі тыныштық, сонан соң қазақтың баянды болашағы. Соның арқасында тіл де болады, бәрі де болады. Үй өзімдікі деуге болмайды, үй сыртында кісі бар деген». Бұл – Президенттің журналистермен кездесуде сөйлеген сөзі. Жазба, бейне мұрағатта қатталып тұр.

2011 жыл. 1-наурыз. Астана. «2020-шы жылға қарай қазақстандықтардың кем дегенде 95% мемлекеттік тілді білуі тиіс». Журналистермен кездесіп, емен-жарқын сұхбат жасаған Президент 2020 жылға қарай Қазақстан халқының (оның ұлты яки тіліне қарай ерекшелеп қарастырған жоқ) 95 пайызы қазақ тілінде сөйлеуі тиіс екенін айтты. Бұл 95 пайыздың ішіне Қазақстан Републикасының азаматы саналатын кез келген адам кіретіні түсінікті шығар. Оның әлеуметтік статусына қарай ерекшелеп, бөлген ешкім жоқ.

2012 жыл. 14-желтоқсан. «Қазақ тілі жаппай қолданыс тіліне айналып, шын мәніндегі мемлекеттік тіл мәртебесіне көтерілгенде, елімізді Қазақ Мемлекеті деп атайтын боламыз. Тағы да қайталап айтайын: қазақпен қазақ қазақша сөйлессін. Қазақша сөйлеңдер! Қазақстанның болашағы  қазақ тілінде екендігі ақиқат». Астанада Тәуелсіздіктің 21 жылдығына арналған салтанатты жиында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның болашағы тек қазақ тілінде екендігін тағы бір мәрте атап өтті.

2013 жыл. Астана. «Көптілділік пост-кеңестік елдер ішінде тек Қазақстанда ғана қалды. Осыны ескеріңдер, Украина да, Кавказ елдерінде де, тіпті біздің Орталық Азия елдерінде де өздерінің Мемлекеттік тілдерінде сөйлейді. Біз де солай боулымыз керек».

2014 жыл. 17-қаңтар. «Қазақ тілі мәселесіне келетін болсақ, бүгінде біздің тіліміз ғылым мен білімнің, интернеттің тіліне айналды. Енді ешкім өзгерте алмайтын бір ақиқат бар! Ана тіліміз Мәңгілік Елімізбен бірге Мәңгілік Тіл болды. Бұл мәселені даудың тақырыбы емес, ұлттың ұйытқысы ете білгеніміз жөн. Біздің тіліміз мемлекеттің барлық жүйесінде қолданылуы үшін, барлық жерде керек болуы үшін біз өзімізді өзіміз қамшылауымыз керек және осыған өзіміз атсалысуымыз қажет». Президенттің 14-жылғы Қазақстан Халқына Жолдауында тайға таңба басқандай жазылған.

2015 жыл. 29-қыркүйек. Біріккен Ұлттар Ұйымы. Президент Назарбаев Бас Ассамблеяның жиынында бастан аяқ қазақ тілінде баяндама жасады. Осыдан кейін, БАҚ өкілдерімен кездескен Президент былай деген еді: «Бұл да жақсылықтың нышаны. Біздің тіліміз Дүниежүзіне естілсін, құлақтарына жетсін, солай-солай біз жылжи беретін боламыз деп санаймын. Әдейі мен солай жасадым. Меніңше дұрыс болды. Бәрібір барлық тілге аударылады. Мен айтқаннан кейін, менен кейінгі біздің басшылар солай сөйлейді деп сенемін».

2018 жыл. 18-қаңтар. Сағат 11:00. БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі. Біріккен Ұлттар Ұйымы деп аталатын Халықаралық мәртебесі аса зор ұйымда Елбасы кезекті рет ана тілінде, яғни қазақ тілінде сөйледі.

Сөйтіп, БҰҰ-ның алты тілі болып табылатын тілдердің қатарында қазақ тілі тағы да салтанат құрды.

Ол аз десеңіз, Президенттің әр жылдарда айтқан сөздерінің бірсыпырасы міне тағы:

«Қазақстанның болашағы — Қазақ тілінде»

«Кеше болмағанның бүгін болуы мүмкін, бүгін болмағанның ертең болуы мүмкін, бірақ ана тіліне мән бермеушіліктің, оны құрметтемеудің орны толмас олқылықтарға соқтыратыны сөзсіз»

«Ұлт пен тіл мәселесіне келгенде, ең бастысы, ұлттық оқшауланудан, томаға-тұйықтықтан қашу керек»

«Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін»

«Отаршыл заманды еске салып, халықтың намысына тиетін атауларды да, тілдің төл заңдылықтарын, табиғи үйлесімін бұзып тұрған атауларды да өзгерту керек».

Түйін.  Біз Президенттің сөйлеген сөздерінің ішінде тек 5 жылда айтылғандарды ғана жаздық. Әйткенмен де, бұл да қоңсы жұрттың тіліне "жүкті" Үкіметтің бетін бері бұра алмай келеді. Неткен, аянышты еді...

Айтпақшы, биыл тоқсан аяқталмай, қорытынды шықпағандықтан, былтырғы жылғы статистиканы ұсынамыз. Пәлендей өзгеріп кеткен дүние жоқ. Себебі, ресми статистика, бұл.

Қазақстандағы қазақылықтың, қазақтың әм қазақ тілді азаматтардың саны 82%-ға жеткен. Сонау Тәуелсіздік алған 1991 жылы қазақ топырағындағы қазақ тілділердің саны 37% болса, 2015 жылы Қазақстанның мемлекеттік тілін меңгергендер 76,3%-ға жеткен. Ал өткен жылы бұл көрсеткіш 82,3%-ды құрапты. Есесіне, орыстілді азаматтардың саны 0,6%-ға азайған.

2020 жылы Қазақстанда қазақ тілі толық үстемдік құруы тиіс. Өйткені Президент тапсырмасына сәйкес, елімізде 2020 жылға дейін қазақ тілін еркін меңгергендер саны 95%-ға жетеді. Бұл дегеніңіз Тәуелсіздіктің 29-жылында қазақ тілі доминант тіл дәрежесіне жетеді деген сөз.

Біздіңше қазақ тіліне қырын қарайтындар - маригиналданған бизнес-элита мен саяси элита.  Өйткені олар үшін қазақ тілінің доминант тіл болғаны қауіпті.

Жоғарыдағы статистикадан көрдік: халық қазақыланды. Білім саласы қазақ тіліне үстемдік берді. Ақпарат қазақша сөйледі. Президент те жыл сайын қазақша сөйлеңдер деп пәрмен беріп келеді. Сөйлемей отырған, сөйлегісі келмей отырған биліктегі шенеуніктер армиясы ғана. Жалпы қоғам өз еркімен қазақ тіліне көшіп қойды. Сен қашан қазақыланасың, Үкімет?!

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

4 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2036