Дәулетбек Байтұрсынұлы. Жекпе-жек
Бестөбе қаласының шығыс солтүстігіне орналасқан кәсіптік техникумның қайнап жатқан өмірі біреулерге қызық, біреулерге қорқынышты.
Әмет соңғы курстың студенті. Осы күнге дейін басынан не өтпеді дейсің!.. Білімі жетіп талантының арқасында оқуға түсіп гранттың иесі болып жүргенімен оның көрген құқайы аз емес... Студент үшін үздік оқу, дәрісті білу бәрін шеше бермейтініне оның көзі жетті. Туа бітті қасиет пе, бала кезден жұққан әдет пе, бойына сіңген мінезі шіркін-ай емес, еркінен тыс билеп кететін ішкі «бұйрығы» дегенін істетіп тынады. Қоғамның жалпыға ортақ тәртібін, мектептің ережесін, оқушылардың уставын өзгелерден жақсы білмесе, кем білмейді. Тіпті баптарымен баяндап беруге даяр, сөйте тұра жасаған жұмысы, жүрген жолы бір жерінен томпақ болып шыға келетіні несі екен!.. Темекі шегуге тиым салына тұра шегеді, арақ ішсе қатаң түрде жазаланатынын біле тұра ішеді. Өзге жердің студенттеріне қандай талап қойылатынын анық білмесе де, дәл осы оқу орны арақ ішуге мүлде рұқсат етпейді.
Арақ деген ішімдікті ең алғаш кімнің ашытқанын, кімнің ішіп бастап бергені белгісіз, әйтеуір адамзат қоғамын «сілкіндірген» қасірет екені анық. Басқаның хәлін айтпағанда өзін жақсы біледі. Осы бір мөлдір суға теріс қарамайды. Былай қарасаң ішудің ешбір сөлекеттігі жоқ секілді, тұтас қоғам болып қомағайлана қылқылдатып жұтып жатыр. Тіпті алыс ауданда тұратын әкесі де құшырлана сіміреді. Үйлеріне келген қонаққа арақ тасып алғаш рет бөтелкені ұстап көрген. Қонақ кеткен соң, елдің бәрі қызығып ішетін заттың дәмі қалай екен деп, құмыраны басына көтеріп жұғынын сарқып тіліне тамызып дәмін татқаны да есінде. Әкесінің бір әдеті бар еді, сіріңке шырпысын шырт еткізіп жандырып алады да, арағы сарқылған шөлмектің ішіне тастап жібереді. Бөтелке ішінде лезде көкжасыл жалын «ку» етіп лап ете түсетін.
Мектеп бітіретін жылы ересек тартып қалған бір топ достар тығылып сауықкеш өткізіп алғаш рет араққа сылқия тойған болатын. Ол кезде жастықтың қуаттылығы ма, денсаулықтың мықтылығы ма мас болуды білмейтін. Ішіп алса, бойы қызып, аяғы жерден жарты сүйем көтеріліп, көңіл түкпірінде тығылып жатқан сөздері сыртқа шыққысы келіп тіліне жүгіріп түртіне беретін. Әр адамның қызғаны мен мас болуы әртүрлі болатынын ол анық сезді. Жігіттердің көбі алабурыл тартқаннан бастап әйел затына, қыз-келіншектерге қырындай бастайды. Бұл болса, ұнатпаған жігіттерге тиіседі, мықтысынған дөкейлермен ұстасады, сөзге келіп керілдесіп қалу, керек болса жаға жыртысып шартпа-шұрт шеңбектеле қалу, құлашын еркін жазып жұдырық сілтеу оған ерсі емес.
Оқуға шақыру алып артынып-тартынып техникумға жеткен кезде жанындағы жігіттермен оқуға түскендерін жуып жол жөнекей ашты судан ашырқана отырып тартып алған олар тауыса алмаған соңғы жартылықты жолға лақтырып кетуге қимай өздерімен бірге қақпадан ала кірген осы Әмет болатын. Болашақ мамандығын алатын білім жұртының есігінде именбестен ішіп алып аттаған ол, студенттерге бірінші күннен бастап арақ иісі мүңкіген қалпымен біртүрлі болып көрінді. Содан бері талай қызықтарды басынан өткізіп қанша рет жиналысқа түсіп, орын-көрпесін жинастырып қайтып кетуге шақ қалып жүрді. Осының бәріне басқаның емес өзінің айыпты екенін тіптен жақсы біледі. Ішпесе жан біткеннің асылы, үлкенге құрмет, қыздарға ілтипат көрсетуде одан ибалы, одан биязы жігіт таппайсың!.. Сонда да ішімдігін қиып тастағысы келмейді, бүгінгі жастардың жаппай жақсы көретін көңілашары болған соң, модыдан бас тартуға бара алмады. Ілдалдалап жүріп оқудан шығып қалмауының сыры екі жақтылы болуға тиіс. Бірі, сабақта мықты, естігенін жаттап жадына сақтап алады. Ел секілді ертелі-кеш кітап көтеріп оқымаса да, сұраған жерден жауабын айтып суырылып шыға беретіні ұстаздарды қанағаттандырғандықтан болар. Екіншісі, төбелестің туын тігіп, айқаса қалған, шайқаса қалған адамын жерге құлатпай тынбайды. Оның ондай жасаған ерліктері техникумның ішіне де, сыртына да белгілі. Сондықтанда оқу орны Әметті іштей қорғаштайды.
Осы техникумда әдебиетке құмар, жасынан балалар газеттеріне мақала, жыр-тақпақтар жазып жүретін Серік Қызыр деген бала болды. Ол айналасындағы болып жатқан оқиғаларды қаламына арқау етіп жаңалықтарды іліп алып шығарып жүретін. Бірде ойламаған іс болды. Әр жақтан келетін хаттарды өз иесіне жеткізбей аузын ашатын сүмелектер де кездесетін. Көбінде қыздарға келетін жігіттердің хаты мен жігіттерге келетін қыздардың хаты жыртылып-жырымдалып, барымталанып тұтқынға түсетін. Бұл жолы Серіктің әдірісіне үлкен журналдың редакциясынан хат келіп тұр. Бұл жағдай студенттерге өте қызығушылық танытады, оның үстіне хат тырсиып конвертке зорға сиып тұр. Бірі бастап, бірі қостап конвертті жыртып Серікке жеткізбей оқи бастайды.
Бірінші бет редакцияның қысқа ғана ескертуі екен, онда былай депті.
«Құрметті Серік Қызыр!
Сен жіберген «Әметтің күлкісі» деген әңгімені оқып шықтық. Әлі де пыспаған тұстары көп. Көркемдік деңгейі төмен болған соң журналымызға басуға жарамады. Үздіксіз ізденіп, тынбай машықтансаң жазушы болатыныңа үміт бар.
Құрметпен, жауапты редактор»
Редакцияның мынау ескертуін алудың өзі үлкен мәртебе емес пе!.. Мұнан да қызығы алда... "Әметтің күлкісі" қандай екен? Қайсы күлкісін жазып жүр?" деген құштарлық бәрін өзіне баурап сол жерде тұрып іштеріндегі бірі қайтарылған әңгімені жақсылап тұрып дауыстап оқи жөнеледі. Кәдімгі өздері білетін «ноушы» Әметті жазыпты. Әсіресе, оның ішіп алғандағы түр-түсі, сөзі, жүріс-тұрысы қаз-қалпында хатқа түсіріліп суреттеліпті. «...Әмет бүгінде қатты қызу келе жатыр. Артынан қарап тұрған кісіге оның теңселіп шалыс басқан екі аяғы кәдімгі математикадағы көбейту белгісіне ұқсайтын еді» деген тұсына келгенде студенттердің бәрі рахаттана күліп алды. Әңгіме аяқталды, оқығанда, тыңдағандарда мәз-мәйрам. Бұлардың арасында кейбіреулерінің мұрнына Әметтің тастай қатты жұдырығы да тиген. Кісімсіп қалған бір екеуінің жағасы жыртылып алқымындағы түймелері бырт-бырт етіп үзілген. Мына әңгіме олардың қыбын қандырды. Отқа май құйғандай бұл жаңалық лап етіп тұтас техникумға лезде тарады. «Әметтің күлкісі» деген әңгіме журналда жарияланғанда қаншалықты әсерінің болатынын кім білсін, бүгінгі дүмпуі орасан күшті болды. «Бомба» жарылғандай деуге тұратындай. Аудиторияда, жатақта Әметтің әңгімесін лапылдатып жатты. Кейіпкерге айналған Әмет те, оны жазған Серік те аңыздағы батырларға барабар болды да қалды.
Бұл сөз Әметтің құлағына жеткенде кеш батып жұрттың бәрі жатақханада жайбарақат жатқан кезі, оның аяқтары «көбейту белгісіндей» болып келе жатқанда сағын сындырғысы келген біреу бетіне шыжғырып басып, болған қызықты жеткізеді. Онсыз да алдындағыны жапырып, қарсы кездескенге ақырып келе жатқан Әмет бірден Серіктің жатағына тартты. Сол екпінімен бөлмесінің есігін бір теуіп ашқан ол Серіктің алдына келіп тоқтады.
- Менің күлкімді жазған сенбісің? - дейді, сұрланып.
- Иә, мен! - дейді, ол да бұлтаратын жер таппай.
- Мен әдебиетті жақсы көремін, оқығандарым сенікінен көп болмаса, аз емес!.. Егер әңгімең жарық көргенде өзім келіп құттықтап, жуып берер едім, нашар әңгіме жазып жарияланбай қайтып келгені үшін, сені жазалайын деп келдім. «Қайта шапқан жау жаман, қайта келген қыз жаман»! Менің күлкімді дұрыс жаза алмағаның үшін, мә, саған! - деп, оң қолымен Серіктің құлақ түбінен періп қалды. Не дәу, түйедей жігіттердің өзі бір жұдырықтан аспай кескен теректей құлап түсетін Әметтің алдында шағын денелі Серік сәй болып па, келесі қырынан ома-шома балып жанына құлады. Алды-артына қарамаған «кейіпкер» бөлмеден шығып кете берді. Сол сәттен басталып «Қай Серік?» деген де, «Кейіпкерінен таяқ жеген Серік» болып аталып кетті.
Техникум аудан орталығына тиіп тұрғандықтан студенттердің күллі тіршілігі, алатын керек-жарағы, көретін киносы қалашықпен тікелей байланысты болатын. «Көшкен елдің бұқасын ауыл-үйдің тайыншасы қорқытады» деп, жергілікті жастар осы оқу орнының студенттеріне бүйідей тиетін. Жеке жарым көшеге шыққандар мен сыбай-салтаң ұшырасып қалғандарды ұстап алып ақшасын тартып алу, бейкүнә сойылға жығу екі күннің бірінде болып отырады. Әсіресе қыздарды торуылдап қыр көрсету, жолын бөгеп мазасын алу мұндағы студент жігіттердің намысына әбден тиіп қайшылық күн өткен сайын өршіп келе жатқанды. Жеке дара ешкім ешкімнен қорықпас та еді, ең жаманы осы Бестөбеге аты шыққан Бақытжан деген атаман жігіт содырлар мен сойқандардың басында тұрғандықтан ешкімнің батылы барып олармен төбелесе алмайтын. Бақытжан бастаған басбұзарлардың асқынғаны сондай көшеден ұстап алып сабау аз болғандай техникумның ауласына кіріп бөлмелерді қыдырып арақ алғызып ішу, отырыс жасату олардың әдетіне айнала бастайды. Бір жолы, көшеде бір студенттің басы жарылып жатқан жерінен курстастары тауып алып емханаға жатқызды. Енді бірде, бөлмеге баса көктеп келіп ақша сұрағанына тауып бере алмаған студентті «тұтқындап» алдына салып айдап кетіп, арақ зауытының түбінде есінен тандырып ұрып, тастап кетеді.
Студенттік қызықты күндеріне көлденеңінен келіп киліккен мынандай қаскүнемдікке мазасы кеткен студенттер іштей бірігуге өтеді. Оларда құры қол болмайық деп күректің сабы, сыпыртқының сабы секілді жұмыр ағаштарды қысқартып кесіп, өзгеде шоқпар, таяқтарын даярлап бастарына жастап жататын болды. Бұл кенеттен болатын түнгі шабуылдан қорғанудың амалы болатын. Жағдай барған сайын ушығып студенттер техникум қақпасынан шығудан калды.
Әмет әдебиет десе ішкен асын жерге қоятын кітап құмарлардың бірі болатын. Сол тұстағы жаңадан шыққан романдардың түгін қалдырмай оқығандықтан үтір-нүктесіне дейін қайталап айту оған түк емес. «Мәдениет төңкерісі» кезінде ұлттық дүниелермен жыр-дастандар «төрт көне» деп айыпталып өртелгендіктен ондай құнды дүние қолға түспей жүргенде, қытайдың ерте заманда жазылған тарихи романдары аудырылып шыға бастады. Солардың ішінде сегіз кітаптан тұратын «Су бойында» романы мен төрт томнан тұратын «Үш патшалық тарихы» романы иіріміне тартудайын тартты. Әрбірі 120 тарауға созылатын кітапта не жоқ дейсің, іздегенің табылады. Сол сан мың оқиғаның арасынан сүйсініп шұқшиятыны батырлардың жекпе-жегі. Кез-келген соғыс жекпе-жектен басталады. Екі жақ батырларын алдыға шығарып күш сынасып байқасады. Қол қарымы, қару-жарақтың өткірлігі, әдіс-тәсілдің көптігі, ептілік сарапқа салынады. Ондай жекпе-жек ат үстінде және жерде жаяу әскердің арасында да жалғасады. Додаға кіру, жапатармағай соғыс тәуекелдің ісі, сұмдық қанқасап дерсің... Ал, жеңсең де жеңілсең де жекпе-жек еркектердің шайқасы.
Қытайдың тарихи кітаптарымен шөлін басып жүрген Әметтің қолына соңғы кезде қазақ жазушыларының бірлі-жарым тарихи романдары түсе бастады. Саяси жылымық әлде уақыттың ағымы әдебиет әлемінде көктемнің қарлығаштарындай қазақ батырлары туралы аңыз-дастан, хиссалар қолдан-қолға өтіп оқылып жатты. Сондай шығармалардың әлде нешеуін бірінен кейін бірін оқыған Әмет рахатқа батты. Мейлі қытай болсын, мейлі қазақ болсын тарихқа үңілсек, батырлардың өмірі бірдей болған екен ғой!.. Соғыс тәсілдері де, шайқас мәнері де ұқсас. Қандай топ болса да батырларын бетке ұстар етіп алға шығарады, батыр қосынның бағын жандыруы да мүмкін, сағын сындырып берекесін қашыруы да мүмкін. Күш екінің біріне біте бермейді, тайсалмайтын түкті жүрек те барлық адам біткеннің кеудесінде жоқ. Тұрқы бірдей болса да, қарымы бөлек, қаһары басқа. Адам біткеннің бәрінде ес болғанымен, барлығында дес болмайды екен. Мынау оқыған кітаптардан ұққаны солай. Мінеки, батыр баба Райымбек те дәл солай екен. Он жеті жасында қалмақтың батыры Ағанасты ат үстінен сайып түсіріп тұтас қолдың намысын қорғап, айбатын асырыпты. Қай ел болса да, қай заман болса да жұрт алдында жалау болып желбірейтін батырлар болған, олар тұтас халықтың тағдырын шешіп отырған екен-ау!.. Әмет шырын қиялдардың тұңғиығына батып кітаптан бас алмай отыр еді. Кенеттен есік «сарт» етіп ашылып, қатарлас оқитын студент алқын-жұлқын кіріп келді.
- Әмет, өзіңде білесің, күніміз күн болмай барады... Сен бізге қыр көрсеткенше, мықты болсаң, «жаудан» қорға! Шеткі жатаққа жігіттерімен басып кірген Бақытжан шетінен ұрып жатыр. Мен қашып шығып саған келдім. Ер болсаң, сыналар кезің осы! - деді, бір жағы ашынып, бір жағы Әметтің намысын қайрап.
Жаңа ғана шырын қиял, тәтті армандардың ләззатына батып отырған Әметтің бойы тітіркеніп кетті. Осы бір бұзықтар оқушылардың шырқын алып бітті. Бойы шымырлап ашуы сыртқа тепті!.. Мына сөздерден соң қарап отыруға болмайтынын білген ол жеңіл ғана киіне салып келген жігіттің соңынан ерді.
Әметпен бір топта оқитын тағы Байнарал, Оралбай деген мықты жігіттер бар, одан қалса қатар топта Камылжан деген соғысқа сойқан бала бар. Бірге-бір шыға қалса ешкімнен осал түспейді. Бірақ, қалай екені шешуші кезде студенттер осы Әметке иек артады. Міне бүгінде басқа емес соған келіп тұр. Себеп айтып шегінетін жер емес... Не болса да көріп алуды көздеп кетіп барады.
Әмет бөлмеге жақындаған сайын айғай шу, тарсыл-гүрсілді анық ести бастады. Бөлменің есігі шалқасынан ашық жатыр. Екпіндеген күйі кіріп барды.
- Бақытжан, мынау иттеріңді тоқтат! Біз сенің құлың емеспіз, жігіт болсаң шық былай! - деді, өктем дауыспен.
Бәрі есікке жалт қарап еді, мұрны қоңқиған, көзі шатынаған ақсары жігіт ақырып тұр екен. Қапелімде өзіне қарсы сөз айтатын адам табылмай тұрғанда «Бақытжан, шық былай!» деген сөз оны да орнынан тік тұрғызды.
- Сен кімсің?
- Мен - аға-шөнең Әметпін! Саған қояр шартым бар!
- Қандай шартың бар?
- Егер сен қазақ болсаң, білуге тиіссің!.. Мына тобырыңды тоқтат! Белдеріңдегі пышақтарыңды таста! Дәл сен, менімен жекпе-жекке, кең жерге сыртқа шық!
Бақытжан бұл келген жігіттің Әмет екенін түсінді. Қаймықпай қарсы келіп, маңдайынан қасқалатып қамшымен тартқандай сөзін естіп азда болса айылын жиды. Ол да:
- Шықсаң шық! - деді, шартқа бағынып.
Жатақхананың алдындағы ашық алаңға лезде жүз шақты студент жиналды. Айнала қораланып орта ашылып, екі жігіт білектерін сыбанып тастап айқасқа шықты. Не керек, шамасы бір сүт пісірімге жуық аяусыз төбелес жүрді. Бас-жарылып көз шықпағанмен шодырайған шеке, дүрдиген ерін, жырылған езу екеуінің де тәніне таңбаланды. Бір кезде Бақытжан қолын шошайтын,
- Әмет, тоқта!.. Бүгінге осы жетеді, төбелестің көкесі алда болады! - деді, тосын үн қатып. Әмет те қасарысқан жоқ, соғыс итжығыспен аяқталды. Екі жақ та шашылған заттары мен жыртылған киімдерін алып арттарына шегінді. Бірақ, дәл осы күннен басталып техникумның жағдайы сәл де болса өзгере бастады. Әмет анық жеңбесе де, Бақытжанға қарсы сөйлейтін бір пенденің бар екені анық болып студенттер «Үһ!» деп тыныс алғандай күй кешті. Көшеге шығып зат алатын, киноға барып келетін, туыс-туған, таныс-білістеріне қыдыратындар пайда болды.
Түстен кейінгі сабақтың үсті болатын, физика мұғалім Ілиясхан ағай сабақ өтіп тұрған, есік «тарс!» етіп ашылып Бақытжан бастаған бес жігіт аудиторияға кіріп келді.
- Ағай, Әметпен төбелесуге келдік. Футпол алаңына шығамыз, бүгін кімнің жеңетіні белгілі болады. Сабағыңызды тоқтатыңыз! - деді, титтей шімірікпей. Алдынғы жағдайларды толық біле бермейтін ұстаз сәл таңғалыспен тосылып барып:
- Әмет, не істейміз?
- Төбелесемін! - деді, саңқ етіп, Әмет алдымен сыртқа беттеді.
- Әмет, өткенде төбелес аяқталмай қалған болатын. «Қазақ болсаң, жекпе-жекке шығайық» деген өзіңсің, ендеше, жекпе-жек! Кім жеңсе сол Бестөбенің атаманы!
Әмет сөз айтқан жоқ. Бестөбенің атамандығына таласып жүрген ол емес болатын, жан қысылғанда көптің намысын таптатпау үшін білек түрді, бүгінде іркіліп тұрған жоқ.
Екеуі ешбір қару-жарақсыз жалаңаш білек, жеңіл киіммен кемінде жарты сағат жан аямай алысты. Аяқтың ыңғайы келсе тепті, қолдың мөрті келсе ұрды, бас жұмсаудың орайы табылғанда сүзді. Белдесіп қалып арпақ-тұрпақ алыса түскен тұстары да жиі ұшырасты, ондайда бірін-бірі серпе лақтырып тез босанып кетіп жатты. Шамасы бұл екеуіне күрескеннен гөрі еркін төбелескен ұнайтындай. Тебіссе де, құлаштап қойғыласса да елікше ырғып, бұқаша мүйіздесті. Бұл кезде өзге студенттерде тез құлақтанып әлде неше жүз бала алаңды басып қалып еді. Қораланған студенттер ортаны кең мол қалдырып төбелеске кедергі келтірмеуге тырысты. Бақытжанның еріп келген жігіттері де араға кіріскен жоқ. Адам деген темірден жаралмаған соң, екеуі де титықтап әбден қалжырады. Гүрс-гүрс тиіп жатқан соққы, жалаңаш етке шарт-шұрт ұрылып жатқан мұш есепсіз жалғасуда. Мынау ит таласқандай болған төбелесті көрудің өзі аянышты болатын, ажыратайын десе, шарт қиын. Көп болып тоқтатуға да болар еді, алайда мәселе шешілмесе екі жаққа да тиімсіз...
Бір кезде қалайдан қалай екені белгісіз Бақытжанның кезекті соққысынан соң аяғы құмға тайғанаған Әмет шалқалай құлады. Басы доп алаңының шетіндегі шұңқырлау жерге түсіп аяғы жоғарыда қалып ыңғайсыз жағдай болды. Студенттер шу ете қалды, егер осыдан Әмет жеңілсе, көрген күндері күн болмайды, тірліктері қор болғалы тұр. Олар ышқына бар дауысымен «Әмет! Әмет!» деп айғайға басты. Бақытжанда қарап қалған жоқ, орайлы сәтті пайдаланып қалғысы келіп құлап жатқан Әметтің үстіне міне түсу үшін бар пәрменімен алға ұмтылып, басып қалуды ойлап шалт қимылдады. «Қап, құрыған жерің осы болды-ау!..Әмет! Әмет!» деген дүбір тағы жаңғырды. Осы кезде оқыс қимыл болып Әмет серіппедей жиырылды, екі тізесін ішіне тарта бүгіп, екі аяқты жұптады. Өзін бүркітше бүре түсу үшін, басып қалайын деп таяп қалған Бақытжанның жүрек тұсы осы-ау деп, шалқалап жатқан қалпымен, шапшандықпен қос аяқтап тұрып қатты тепті. «Әй, өлген жерің осы болар» деп саусақтарымен Әметтің кеңірдегін езіп буындырармын деп ойлап үлгерген Бақытжанның жүрек тұсына оқ тигендей «солқ!» ете қалғанын біледі. Онан арғысын сезбей серейіп барып арт жағына жалп етіп құлады. Аяқтың соққысы талмау жері жүректің тұсына келіп тиді. Әмет жандәрмен орнынан қарғып тұрды. Ендігі кезек Әметке келді, Бақытжан есін жиып, өзіне келгенше оның кеудесіне міне түсіп құлақ шекеге көсіп-көсіп жіберді. Оны аз дегендей қос қолының саусақтары Бақытжанның кеңірдегіне бүркіттің тұяғындай қадалды. Кездейсоқ текпі, ауыр соққыдан не болғанын білмей қалған Бақытжанның қимылы азайып қырылдаған дауысы естілді. Осы кезде төбелесті көздерімен көріп тұрған студенттер мен ұстаздар «Өлді! Өлді!» деп араша сұрағандай шуылдап кетті. Енді араға Ілиясхан мұғалім бастаған үлкендер жетіп келіп, Әметтің саусақтарын бір-бірлеп шығарып шетке алып шықты. Анау атаманға еріп келген жігіттер де ұмтылып барып Бақытжанды жатқан жерінен тік көтеріп алып кетті.
Abai.kz