Алмат Исаділ. Ұлт әдебиетіне ғаламтор төрінен орын бар ма?
Жаһанданған әлемдегі технологиялар мен ақпараттар заманы көркем әдебиетке қатысты көзқарастарды өзгертті. Дәстүрлі дүниелер мен рухани құндылықтардың орнын заманауи жетістіктер алмастыра бастады. Қалай айтсақ та, мониторға үңілген қоғамның том-том кітаптарды парақтап отыруға аса құлқы жоқ. Осылайша интернет алға озып, электронды құралдар күнделікті өміріміздің бір бөлшегіне айналған тұста адамзат кітап атаулыдан айтарлықтай алшақтап қалған сыңайлы.
Жаһанданған әлемдегі технологиялар мен ақпараттар заманы көркем әдебиетке қатысты көзқарастарды өзгертті. Дәстүрлі дүниелер мен рухани құндылықтардың орнын заманауи жетістіктер алмастыра бастады. Қалай айтсақ та, мониторға үңілген қоғамның том-том кітаптарды парақтап отыруға аса құлқы жоқ. Осылайша интернет алға озып, электронды құралдар күнделікті өміріміздің бір бөлшегіне айналған тұста адамзат кітап атаулыдан айтарлықтай алшақтап қалған сыңайлы.
Осы күні көркем әдебиетке қызығушылық азайғанымен, арнайы тақырыптарға негізделген салалық әдебиетке сұраныс жоғарылап келеді. Бұл енді - өз алдына бөлек әңгіме. Мысалы, қазіргі оқырман уақытын кетіріп кітапханаларға бара бермейді. Кітап саудасы да соншалықты пайда келтіре қоймайды. Есесіне, әдебиеттің интернет кеңістігіндегі ауқымы кеңейіп барады. Әлбетте, қандай да бір озық технология кәдімгі кітаптың орнын алмастыра алмасы хақ. Адам баласы заман ағымына қарай бейімделіп өмір сүруге бейілді десек те, қара сөздің қасиетін қадірлей білетін қазақ қандай кезеңдерде болсын ертеңіне үңілу арқылы келешегіне көз тіге отырып, өзінің ұлттық әдебиетінен бір елі ажырамақ емес. Біздің алдымыздағы аға буын ұрпақ өмір сүрген Кеңес өкіметі тұсында кітапқа деген ерекше құрмет болған. Ол кездегі қазақ қоғамында жазушының беделі зор әрі оқырманы көп еді. «Кітап жинау дәстүрі» мен «Кітап оқу мәдениеті» де сол кездері жақсы қалыптасты. Әрине, біз бүгінгі ұрпақ кітаптан мүлде алыстап кетті дей алмаймыз. Бірақ қазір жазушының беделі төмендеп, көркем әдеби шығармаларды оқу үрдісі саябырсып қалғаны аян. Әйтсе де әдеби үдеріс ешуақытта тоқтамайды. Тек оның қалыптасып, даму формасы ғана өзгеріске ұшырап келеді.
Соңғы жылдары ғаламторда қазақ тіліндегі әдеби порталдар мен сайттардың саны артуда. Сапасы да «көш жүрген сайын» түзелер. Олардың тұтынушылары кейбір қоғамдық-саяси, ақпараттық сайттарға қарағанда анағұрлым көбірек. Демек, бұл қазіргі қазақ қоғамының, әсіресе жастардың ұлттық әдебиетке бет бұра бастағанының көрінісі емес пе?!
Интернетті тұтыну мүмкіндігі бар кез келген адам одан қалаған дүниесін тауып оқи алады. Соңғы жылдары қоғамымыздың әр саласында заманауи ақпаратты технологиялар берік орныға бастады. Бұл - әрине, жаңа дәуірдің жаңа талаптары. Сондықтан да әдебиетке деген қызығушылық, оны насихаттау, кітап оқу сияқты дүниелер кітап дүкендері мен кітапханалардан интернеттің виртуалды кеңістігіне ойыса бастады. Осылайша, қазақ әдебиетінің бірте-бірте интернетке ену үдерісі басталуда. Бірақ ХХІ ғасыр табалдырығын аттаған әлемдік қауымдастық жаңа технологияларды алаңсыз игеріп әкетсе, қазақ қоғамы бұл жолда кенжелеп отырғаны көңіл қынжылтады.
Талғат ӘБДІБАЕВ, компьютерлік бағдарламалар маманы:
- Қазіргі заманда интернетті пайдалану ақпарат алмасуды едәуір жеңілдетіп әрі жылдамдатып, көптеген мәселелердің шешілуіне ықпал етіп отырғаны даусыз. Десек те, қазақ қоғамы интернеттің игілігін толыққанды көре алмай отыр. Елімізде жаңа технологиялар әлі еніп үлгермеген бірқатар шалғай жерлер баршылық. Дегенмен соңғы кезде Қазақстандағы интернет пайдаланушылар саны артып келе жатқандығы байқалады. Бірақ интернеттің пайдасын көретіндердің ішінде орыстілділердің үлес салмағы басым. Ал қазақтілді интернет кеңістігінде көптеген мәселелер қамтылмай жатыр. Әсіресе, әдебиет пен жалпы руханиятқа қатысты сайттар өте аз. Әдетте көптеген адамдар компьютермен жұмыс істеу қиын деп ойлайды. Қажет болатын болса, компьютерлік сауаттылықты игеру аса қиын шаруа емес. Интернетті пайдалану ақша тұрады, арнайы сайт ашу үшін де біршама қаржы құю қажет. Бірақ жеке сайтың болмаса да қазір көптеген әлеуметтік желілер арқылы бір тиын ақша төлемей-ақ өзіңнің блогыңды ашып, жүргізіп отыруға болады. Бұл жерде нақты оқырманмен тікелей байланыс орнатуға мүмкіндік бар. Мысалы, қазір бір жазушының кітабы асып кетсе 2-3 мың данамен ғана тарайды. Оны шығаруға да қыруар ақша керек. Осы орайда блог ашудың тиімділігі үлкен. Бұл, әсіресе, шығармашылық адамы үшін өте қолайлы. Талғамды дүниелері бар қаламгердің сол арқылы миллиондаған оқырмандардың жүрегін жаулап алуына мүмкіндігі бар.
Отандық интернеттің қалыптасу барысына қатысты аз-кем талдау жасап жүрген санаулы мамандардың пікіріне сүйенсек, қазақ тіліндегі әдеби сайттардың даму үрдісінің төмендігіне себеп болып отырған бірнеше факторлар бар:
қаржылық қиындықтар;
қазақ тіліндегі әдеби сайттар санының аздығы;
бәсекелестіктің жоқтығы;
қазақтілді интернет қолданушылардың аздығы;
еліміздегі көптеген аймақтардың интернетке қолжетімсіздігі;
интернет сауаттылықтың төмендігі;
әдебиетсүйер қауым мен аға буын қаламгерлердің компьютер, интернетке белсенділігінің аздығы;
интернет жайлы теріс түсінік, авторлық құқық сақталмайды деген сияқты пікірлер;
қазақ тіліндегі компьютерлік бағдарламалардың жоқтығы және қазақ алфавитінің компьютерден дұрыс оқылмауы.
Дегенмен осындай түрлі кедергілерге қарамастан, еліміздің интернет кеңістігінде ұлт әдебиетін ұлықтап, қазақ көркемсөзін насихаттап жүрген бірнеше сайттарды атауға болады. Солардың ішіндегі тұтынушылар арасында кең тарағандары:
abay.nabrk.kz - Абай шығармашылығына арналған;
mukagali.kz - («Мұқағали» журналы) Мұқағали шығармашылығына арналған;
kalamger-uko.kz -Оңтүстік Қазақстан жазушыларына арналған;
elrayi.kz - Қазақстан авторларына арналған;
www.azheka.kz - ертегілерге арналған сайттарды атауға болады.
Ал ең көп қаралатындар сапында:
massagan.com;
«Әдеби әлем»;
Arzu.kz әдеби порталдары бар.
Бұлар - қазақ интернет әлемінде жаңа дәуірге бейімделе бастаған жалпы сайттар. Бұлармен қатар бізде өздері блог жүргізіп, сайт ашқан жекелеген ақын-жазушылардың саны саусақпен санарлық қана. Алдағы уақытта бұл үрдіс кеңінен қанат жаяды деп үміттенеміз. Әзірге:
kekilbaev.kz - жазушы Әбіш Кекілбаевтың
www.kakishev.kz - әдебиетші-ғалым Тұрсынбек Кәкішевтің;
tabyldy.kz - ақын Әдібай Табылдының;
baigut.kz.iatp.net - жазушы, публицист Мархабат Байғұттың;
akberen.com - ақын Ақберен Елгезектің өздері жүргізіп отыратын жеке сайттары бар.
P.S.
Қазақ қоғамы өзінің ұлттық әдебиетін жаңаша дамытуға ықыласты болуы керек. Әдеби мұрамызды әлемге танытудың оңтайлы жолы интернет екені сөзсіз. Қараңызшы, компьютеріңізді қосып, ғаламтордың тетіктерін баса қалсаңыз, шетелдің кез келген қаламгері жайлы толық мәлімет пен оның барлық шығармасын бірден тауып ала аласыз. Ал қазақ әдебиеті мен руханиятына келгенде интернеттегі мәліметтер базасы тым жұтаң. Қалай десек те, біз қазіргі заманауи технологиялардың жетістіктері мен мүмкіндіктерін рухани тынысымызды кеңейтуге пайдалана алмай отырмыз. Басқалар ғаламтордың төрінен өз орындарын сайлап алып жатқанда, қазақтың бейқам отыруы жараспас.
«Алаш айнасы» газеті