Сенбі, 23 Қараша 2024
Ғылым-білім 15586 9 пікір 19 Наурыз, 2018 сағат 10:44

Жаратылыстану ғылымдары және Жаратушы

Жаратылыстану ғылымдарының дамуы барысында анықталған кейбір құбылыстарды маркстік лениндік диалектикалық материализм "ілімі" негізінде дәлелдеуге болмайтыны белгілі болып отыр. Оларды түсіну үшін құдайдың құдыреті деуден басқа амал жоқ жағдайлар кездеседі. Осындай құбылыстардың біразына барынша қарапайым тілмен шолу жасап, көпшілікке ұсынуды жөн көрдім.

Гиббстің микрокаондық ықтималдықтарды үлестіру заңы бойынша, өзіне-өзі берілген, сырттан ешқандай күш әсер етпейтін, тұйық жүйе ішкі әсерлесулер арқылы, ықтималдығы максимал болатын орнықты күйге келеді және бұл күйден өз бетінше шыға алмайды. Мысалы тұрғызылған үйдің күйі орнықсыз, сырттан ешқандай күш әсер етпесе де, мыңдаған жылдардан кейін ішкі күштердің әсерінен бұзылып жермен жексен болады, яғни орнықты күйге келеді. Керісінше, жиып қойған құрылыс материалдары сыртқы күш дауылдың әсерінен араласып, ұйымдасып өзінен-өзі үй тұра алмайды. Үй тұрғызу үшін жоғары дәрежеде ұйымдасқан  сыртқы күштің саналы түрде араласуы қажет. Сана иесінде, яғни адамда үйді тұрғызу жоспары туралы ақпарат болуы керек. Осы тұрғыдан алып, жер бетінде тіршіліктің пайда болу процесін қарастырайық. Тірі жанның құрамындағы барлық элементтерді бір жерге жинасақ, олардың бейберекет әсерлесулері арқылы ең қарапайым жасуша өз бетінше кездейсоқ пайда бола алмайды. Ондай процестің ықтималдығы нөлге тең. Жасуша пайда болу үшін сыртқы өте жоғары дәрежеде ұйымдасқан сана иесінен ақпарат берілу керек. Ол ақпаратта, жасуша ішінде қай элементтің қандай кезекпен орналасатыны көрсетілуі керек. Бұл жерде жоғары дәрежеде ұйымдасқан  сыртқы күшті Жаратушы деп түсіну керек.

Табиғат заңдары өте күрделі.  Оларды толық зерттеп, түсіндіру мүмкін емес. Мысалы Жер бетіндегі тіршіліктің пайда болуы мен даму заңдылықтарын толық білу мүмкін емес. Өлі табиғаттағы тұйық жүйедегі материяның өзін өзі ұйымдастыруы арқылы ең қарапайым жасушаның пайда болуы мүмкін емес. Олай болса, жер бетінде тіршіліктің пайда болуына біздің санамыз жетпейтін, Табиғаттың Жоғары күші - Құдайдың араласуымен болғанын казіргі кезде ғалымдар мойындап отыр. Қазақтар ерте заманнан бір ғана Жаратушыға сенген, бұл сөзді еуропрлықтар тілдері келмеген соң "Заратуштура" деп өзгертіп алған.

Адамдар табиғат құбылыстарын зерттеу арқылы оның құпиясын ашуға ұмтылады, сөйтіп құдайға жақындай түседі. Бірақ табиғаттың барлық құпиясын бір Жаратушы ғана біледі және басқарады, басқаша айтқанда "Құдайсыз қурай сынбайды". Сондықтан адамдар табиғат құпиясын соңына дейін білуі мүмкін емес, себебі адамдар Құдай емес. ХХ ғасырда А. Эйнштеймен қатар өмір сүрген Курт Гедель деген ғалым мынандай теорема ұсынған: "Белгілі аксиомалар жүйесіне сүйене отырып, шындығын дәлелдеуге болмайтын тұжырым жасауға болады" дейді. Бұл жерде аксиома деп, шындығы күмән туғызбайтын ақиқатты айтып отыр. Олай болса, таңдап алынған ақиқаттар жүйесі толық емес, сондықтан жаңа, жоғары деңгейдегі аксиомалар енгізу керек дейді. Өз кезегінде, жаңа аксиомалар жүйесі де толық емес болып шығады. Жаратылыстану ғылымы Ньютон мен Галилейден бастап, осы теорема бойынша дамып келеді. Гедель бойынша бұл дамудың шегіне жету мүмкін емес, яғни табиғат заңдарын толық түсіндіру мүмкін емес.

Галилейдің салыстырмалы принцпі мен Ньютон заңдарын постлат ретінде қабылдап классикалық механика заңдары тұжырымдалады, бірақ бұл постулаттар жүйесі жарық жылдамдығына жақын жылдамдықпен қозғалатын бөлшектердің қозғалысын түсіндіре алмайды. Олай болса, таңдап алынған аксиомалар жүйесі толық емес. Сондықтан оларды Эйнштейн постулаттарымен толықтыру арқылы классикалық механикаға қарағанда күрделі және толық болып табылатын релятивті механика жасалды.

Элементар бөлшектер мен олардан құрылған жүйелер классикалық механиканың белгілі заңдарына бағынбайды. Мысалы электрон массасы бар материалдық бөлшек екендігі ақиқат. Солай бола тұрып, оның кеңістіктегі орны мен электронның қандай күйде екенін дәл көрсетуге болмайды. Элементар бөлшектің күйін анықтау үшін, жаңа постулаттар жүйесіне сүйенетін - кванттық механика жасалды. Элементар бөлшектердің күйін олардың толқындық қасиеттері анықтайды. Кез келген бөлшекпен қандай да бір толқындық процесс байланысты болады. Бірақ бұл толқын біз өмір сүріп отырған  реал кеңістіктегі материалдық ортаның тербелісі емес. Мысалы, дыбыс толқындары - ауадағы моллекулалардың тербелісімен байланысты реал материалдық толқын, яғни, үш өлшемді кеңістіктегі ақиқат толқындар. Сол сияқты жарық толқындары да материалдық болып табылатын электромагниттік өрістердің тербелісімен байланысты ақиқат толқындар. Ал кванттық бөлшектермен байланысты толқындар біз өмір сүріп отырған үш өлшемді кеңістікте жоқ - виртуал (жорамал) толқындар. Осы жоқ толқындар кванттық бөлшектерді толық басқарады, олардың қалай қозғалып, қандай күйде болатынын толық анықтайды. Сондықтан, кванттық жүйенің күйін анықтау үшін оның толқындық функциясын білу керек.

Қазақта "Аруақ, "аруаққа сыйыну" деген ұғымдар бар. Қазақы түсінік бойынша, адам өлген соң оның рухы материалдық денеден бөлініп, бізге білінбейтін, "астральді кеңістікте өмір сүреді деп есептейді. Басқаша айтқанда, біз үшін жоқ кеңістікте өмір сүреді дейді, бірақ кей жағдайларға біздерге әсер етеді, яғни біздің іс әрекеттерімізді басқарады деп сенеді.

Осы тұрғыда алғанда элементар бөлшектермен байланысты толқындық процестер сол бөлшектердің аруақтарына ұқсайды. Олай болса, кванттық механика заңдарын материализм ғылымы арқылы зерттеу нәтиже бермейді. Кванттық механизмнің негізін салушы ғалымдардың бірі - Нильс Бор идеалист болған және құдайға сенген. Ал материалистік көзқараста болған А. Эйнштейн кванттық механиканың кейбір тұжырымдарымен келіспеген, бірақ өмірінің соңына дейін материалистік тұрғыдағы кванттық механиканы ұсына алмады. Идеалистік бағытта дамыған кванттық механикаға Эйнштейннің қарсылығы "Егер құдай бар болса, ол асық ойнамайды" деумен шектелген. Қазіргі заманның ұлы ғалымдарының бірі, жақында ғана 14 наурызда қайтыс болған Стивен Хокинг, Эйнештейнге жауап ретінде "Құдай асық ойнамақ тұрмақ, сол асықты бізден жасырып алысқа лақтырып жіберген" деген ойын айтқан екен. Бұл жерде Хокинг адам санасының Құдаймен теңесе алмайтынын меңзеп отыр.

Кванттық бөлшектердің қасиеттерін тәжірибелер арқылы зерттеу - тұрақты жылдамдықпен қозғалатын бөлшектерге жазық монохоматты де-Бройль толқыны сәйкес келетінін анықтады. Х өсінің бойымен қозғалатын, импульсі =const дәл анықталған бөлшекке, толқын ұзындығы   жазық монороматты толқын сәйкес келеді. Бұл жердегі h -  Планк тұрақтысы, с - вакуумдегі жарық жылдамдығы. Ондай толқындық функция Х өсінің бойында минус шексіздіктен, плюс шексіздікке дейін созылып жатады. Толқындық функция нөлден өзгеше болатын нүктелерде бөлшектің болу ықтималдығы да нөлден өзгеше болады. Олай болса, импульсі дәл анықталған бір бөлшек, өте қысқа уақыт аралығында, Х өсінің барлық нүктелерінде бір мезгілде бола алады деген сөз. Бұдан бөлшектің импльсі мен координатын бір мезгілде дәл анықтауға болмайды деген қорытынды жасалады. Мұны Гейзенбергтің "анықталмағандық принципі" деп атайды.

Осындай анықталмағандық қатынасы уақыт пен бөлшектің энегиясы арасыда да болады. Яғни өте аз уақыт аралығында бөлшектің энергиясы өте үлкен мәнге ие бола алады, яғни қысқа уақыт аралығында кванттық бөлшектер үшін энергияның сақталу заңы орындалмайды.

Импульстері тұрқты монохроматты электрондар ағынын тар саңылау арқылы өткізсек, онымен байланысты монохрматты толқын саңылаудан өткенде интерференцияға ұшырап, жарық сәулесі сияқты,саңылау артындағы экранда Ньютон сақиналарына жіктеледі. Электрондардың экрандағы толқын интенстивтігі жағары сақиналарға түсу ықтимылдығы жоғары болады, ал интенсивтілігі төмен сақиналарға мүлде түспейді. Саңылау арқылы өткен электронның өзі емес, оның толқыны, яғни аруағы. Саңылау алдында электрон біздің кеңістіктен жойылып, саңылау артында қайтадан реал бөлшекке айналады. Біз үшін жоқ кеңістіктегі "аруақ" толқын электронды "жетектейді" және толық басқарады. Егер электрондар ағынын жақын орналасқан екі саңылаудан өткізсек, оның толқыны екі саңылаудан бірдей өтіп, экран артында күрделі интерференция бейнесін береді. Бұл жағдайда электронның қай саңылау арқылы өтті деген сұраудың мағынасы  болмайды. Дұрысы, бір электрон бір мезділде екі саңылаудан бірдей өтті деу керек. Бұл жасалған тәжірибелер микро бөлшектердің біздің түсінігіміздегі айқын материалдық бөлшектер емес екендігін көрсетеді.

Өзара әсерлесетін (соқтығысатын) екі электрон туралы ойша экспериментті талдайық. k1 кванттық күйдегі, толқындық функциясы   № 1 электрон қозғалмай тұр дейік. Оған k2 кванттық күйдегі, толқындық функциясы   № 2 электрон жақындап келе жатсын. Алдымен оларды "жетелеп" келе жатқан толқындары беттеседі, яғни бір нүктеде екі толқындық функия да бір мезгілде нөлден өзгеше болады. Осы сәттен бостап электрондардың дербестігі жойылады және оларды нөмірлеуге болмайды. Екі электроннан тұратын кванттық жүйенің күйі алғащқы екі функцияның суперпозициясынан тұратын  анықтауыш түрінде беріледі, яғни қай электронның қандай кванттық күйде екенін ажыратуға болмайды. Басқаша айтқанда, екі электронның екеуі де бір мезгілде екі кванттық күйде болады деген дұрыс. Мұндай функцияны - антисимметриялы толқындық функция дейді. Антисимметриялы фукция арқылы сипатталатын бөлшектерді - фермиондар деп атайды. Екі фермион бір мезгілде бір кванттық күйде бола алмайды. Мұны Паули принципі деп атайды. Егер екі электрон бір кванттық күйде болса, анықтауыштың екі жақты жолы бірдей болар еді. Ал ондай анықтауыш нөлге тең болады. Сондықтан мұндай күйдің болуы мүкін емес. Бір атом ішіндегі электрондардың күйлері - n ,l, m, sz  төрт кванттық сандар арқылы анықталады. Сондықтан бір атомдағы электрондардың ең болмағанда бір кванттық сан бойынша айырмашылығы болу керек. Осы принцип бойынша табиғаттағы барлық химиялық элементтер анықталады.

Екі электронның толқындық функциялары беттескен кезден бастап екі электрон арасында ақпарат алмастыру процесі жүре бастайды. Соқтығысудан соң екеуі екі жаққа ұшып кетсе де бір-бірі туралы ақпараттар олардың "жадында" сақталып қалады. Мұндай кванттық күйді өзара "байланысқан" күй деп атайды. Егер олардың біреуінің күйі өзгерсе, одан алыстағы екіншісінің күйі сол сәтте өзгереді. Екі бөлшектің шексіз жылдамдықпен өзара ақпарат алмасуын Эйнштейн демон (жын) деп атаған. Қазіргі кезде бір-бірінен ондаған километр қашықтағы кванттық бөлшектердің "байланысқан" күйде болатыны тәжрибелерде анықталған. Осыған ұқсас құбылыс ретінде, жақын адамдардың бірінде қауіпты жағдай болған кезде, одан алыстағы екіншісінің "жүрегімен сезуін" айтуға болады. Яғни олардың арасында ақпарат алмасу, ілезде шексіз жылдамдықпен жүреді.

Жоғарыда келтіріген құбылыстардың бірде бірін материалистік тұрғыда түсіндіруге болмайды. Олай болса, әлемдегі барлық құбылысты бақылап, басқарып отырған, біздің санамыз жетпейтін Жаратушы бар екенін мойындау керек.

Эйнштейннің жалпы салыстырмалық теориясы бойынша, кеңістік пен уақыт континумы материямен тығыз байланысты. Материя бар жерде  өз төңірегінде  материя орналасатын "қусыс" жасап алады, және кеңістікпен бірге уақыт ұғымы пайда болады. Материя жоқ жерде кеңістік-уақыт ұғымы жоқ. Космология ғылымы бойынша, осыдан 14 миллиард жыл бұрын әлемде кеңістік те, уақыт та материя да болмаған. Бір сәтте, Құдайдың кұдыретімен бір нүктеде "Үлкен қопарылыс" болып, Әлемдегі барлық материя қопарылып шыққан, онымен бірге пайда болған кеңістік-уақыт бүгінге дейін созылып, кеңейіп барады дейді.

Тұрдалы Күреңкеев

Abai.kz

 

9 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3243
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5396