Сенат депутаттары бір күндік жалақыларын Шығыс Қазақстанға аударады
Парламент Сенатының депутаттары бір күндік жалақыларын су тасқынынан зардап шегіп жатқан Шығыс Қазақстан облысына аударатын болды. Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен 29 наурызда өткен жоғарғы Палата отырысында айтылды.
Сенатор Дүйсенғазы Мусин Шығыс Қазақстан облысында тұрғындар су тасқынан зардап шегіп жатқанына әріптестерінің назарын аудара келіп, аймақ халқы бір кісідей жұмылып тілсіз жауға қарсы белсене күресіп жатқанын атап өтті. Атап айтқанда, өңірде тоң қабаты (2 метрге дейін) терең қатуына және өзендерде су деңгейінің шамадан тыс көтерілуіне байланысты 5 қала (Аягөз, Өскемен, Риддер, Шемонаиха, Семей) және 12 аудан (Аягөз, Глубоковский, Ұлан, Күршім, Үржар, Зайсан, Зырян, Тарбағатай, Шемонаиха, Катон-Қарағай, Көкпекті, Бесқарағай) су тасқынына ұшырады. Осыған байланысты бірқатар аудандарда төтенше жағдай жарияланды.
Жергілікті атқарушы орган табиғи апатқа байланысты тиісті шаралар қабылдауда. Алайда, техника және адам күші барынша жұмсалғанына қарамастан орын алып отырған жағдай қосымша қаржылай қолдауды қажет етеді.
Қиын уақытта қолымыз жетпесе де көңіліміз бен жүрегіміз осы өңір халқымен бірге деген ниетпен Сенат депутаттары су тұтқынында қалған және табиғи апат салдарынан үлкен қиындықтарға кез болған Шығыс Қазақстан облысындағы отандастарды қаржылай қолдап, бір күндік еңбекақыларын аударатын болды.
Abai.kz