Сенбі, 23 Қараша 2024
Елім-ай 5251 5 пікір 3 Сәуір, 2018 сағат 08:54

Құжатсыз қазақтар: олар санда да, санатта да жоқ

Иә, олар санда да, санатта да жоқ. Сан мен санатта қайдан болсын, өйткені: шетінен құжатсыз. Қазақ, бірақ, Қазақстанның азаматы емес. «Нұр Отан» партиясының пәрменімен өтіп келе жатқан «Көш көлікті болсын!» Республикалық акциясының үшінші отырысы, міне, осы мәселеге арналды. Айта кетейік, акция «Нұр Отанның» Астанадағы қабылдау бөлмесінен басталып, Алматы қаласында, сондай-ақ облыс орталықтары мен аудандарда тікелей байланыс желісі арқылы жалғасып жатты.

«Нұр Отанның» Алматыдағы филиалына біз бас сұққанда біраз адам 201-бөлмеде жиын отыр екен. Танысып, жөн сұрасып үлгерген жоқпыз, ашық эфирде акция басталды да кетті. Модератор, яғни, «Нұр Отан» партиясы Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесі меңгерушісінің орынбасары Арыстанғали Сансызбаев бүгінгі акцияның мақсатына аз кем тоқтала келіп, алғашқы сөзді Зүлфия Жарылқановаға берді. Зүлфия Алматы облысының аумағындағы елді мекендердің бірі Нұра ауылында тұрады екен. Олардың отбасындағы алты адамда азаматтық жоқ. Бұның себебін Зүлфия былай деп түсіндірді:

- 1990 жылы анамыз Қазақстанға көшіп келіп, қайтадан Өзбекстанға көшіп кетеді. Өзбекстан тарапы анама 5 жылдық қызыл паспорт берген еді, оны анамыз жоғалтып қояды. Содан ол кісі 2012 жылға дейін құжатсыз жүреді де, азаматтығы жоқ деген анықтама алып, Қазақстанға оралады. Бұл жерге келген соң бір айға тіркеуге тұрып, қайта тіркелмеген. Сол себепті ағам, мен және менің үш балам құжатсыз жүрміз. Еш жерде тіркеуде жоқпыз. Мен өзім 1995 жылы қыркүйек айының 29 күні дүниеге келгенмін.

Бұл сөзден ұққанымыз: Зүлфия анасының құжатқа салақытығы мен салғырттығынан, турасына көшсек, сауатсыздығынан зардап шегіп жүргенге ұқсайды. Сауатсыздық пен салақтықтың сыбағысы сол – қазір бір үйде алты бірдей адам, жоғарыда айтқанымыздай, санда да, санатта да жоқ.

 

Осы кезде акцияға Оңтүстік Қазақстан облысынан Гаухар Өтемұратова қосылды. Гаухар Әшірбайқызы 1969 жылы 9 қыркүйекте туыпты. Қазір ОҚО-ның Сарыағаш ауданында тұрады. Оның да азаматтығы жоқ. Ол 2010 жылы Өзбекстанда тұрған тұрғылықты мекенінен тіркеуден шыққан соң Сарыағашқа келіп тіркелген. Бірақ, Өзбекстанның төлқұжатын жоғалтып алған. Заң бойнша Гаухар ӨР-дің төлқұжатын Өзбекстанның Қазақстандағы елшілігіне не консулдығына апарып тапсыруы керек екен. Төлқұжатты жоғалтқан соң Гаухар Әшірбайқызы не анда жоқ, не мында жоқ, әрі-сәрі күйде қалған. Сол әуре сарсаңмен азаматтық ала алмай әлі жүр.

Акцияға Үкіметтік емес ұйымның өкілі, әрі Abai.kz ақпараттық порталының тілішісі ретінде қатысқан біз тікелей эфирде сөз сұрап ұмтылған Гүлжаханды әңгімеге тарттық (суретте). Гүлжахан да Өзбекстаннан көшіп келген бауырымыз екен. «Мен – қазақпын, адаймын», - дейді Гүлжахан. Гүлжахан осы күндері Алматының іргесіндегі Әли дейтін ауылда (Іле ауданы) екі баласымен тұратын көрінеді. Әлеуметтік ахуалы – жалғыз басты ана. Бірақ, Гүлжаханда әлеуметтік мәртебе түгілі, азаматтық  мәртебе атымен жоқ. Азаматтығы болмаған соң әлеуметтік мәртебесі қайдан болсын?..

- Гүлжахан-оу, - деймін мен, - Өзбекстаннан келген бетте неге азаматтық алуға арыз бермедің?

- Бердік қой, - дейді ол мұңайып, - бірақ, арызымызды еш жер қабылдамай қойды. Бәрі бедірейіп отырып ақша сұрайды. Біздерде қайдан ақша болады-ей,а? Жоқ ақша, жанымызды әрең бағып күнелтіп жүрміз.

- Қазіргі қарекеттерің не сонда?

- Кәрістердің «поляларында» ертеден қара кешке дейін тоңқаңдап жұмыс істейміз. Сонда күнделікті беретіндері – 500, кейде 1000 теңге. Оның өзін көші-қон полициясының адамдары келіп сыпырып алып кетеді. Бермесек бізді апарып қамайды. – Осыны айтып Гүлжахан маған күдіктене қарады:

-Сіз мені тергеп отырғанға ұқсайсыз. Мені қамап тастамайсыз ба?

- Жоқ мен қамаймын. Мен сенің, сендердің басыңдағы мына бір жайсыз ахуалдың шешімі табылса екен деп жүрген адаммын. Журналистпін.

- Аға, сонда журналист бәрін шеше ме? Сіз мысалы, любой мәселені шешесіз бе?

- Бағанадан өзің көріп отырсың, акцияға өте жауапты орындардан лауазымды адамдар қатысуда. Біз солармен бірігіп біраз мәселенің түйінін тарқата аламыз. Ал енді айтшы, балаларың мектепте оқи ма?

- Оқиды. Бірақ, ИНН деген пәле керек екен ғой мектепке, сол ИНН болмағандықтан балам, әйтеуір, мектепке қара тану үшін ғана барып келіп жүр. Үлкен қызым жергілікті жігітпен бас құраған-ды. Сәбилі болып еді, перзентханадан 200 мың теңгенің үстінде ақша беріп әрең шығарып алдық.

- Неге ақша бердіңдер?

- Өйткені оның да азаматтығы жоқ. Азаматтықтың жоқтығы қиын екен: біз Қазақстандағы барлық әлеуметтік жеңілдіктерден қағылған қауымбыз. Бізге жәрдемақы берілмейді, аурухана тегін емдемейді, ешқандай мекеме зейнетақы тағайындамайды. Құжатсыздықтан құқайды көріп-ақ жүрміз. – Көңіл жабырқатар жайттарды айтып ақтарылған Гүлжахан маған сұрақ қойды:

- Қазақстанға қазақ керек пе осы? Гүлжахан әңгімесін аяқтап үлгерген жоқ: «Менің өзім қазақ, жеті атам, жетпіс пұштым түгел қазақ, бойым да, сойым да қазақ», - деп көпшілік ортасын киіп жарған кейуананың сөзіне көңіліміз ауа берді. Бұл – Калиман әже екен. Ауғаннан Атажұртына жеткен бейбақ. Кеудесінде Қазақстанның «Батыр ана» дейтін медалі жарқырайды. Жасы жетпістің екеуінде екен. Әйтсе де, тың, ширақ. Еті тірі, өжет адам екендігі бірден байқалады. Ол кісі күйеубаласына азаматтық әперудің қамымен келіпті акцияға. Күйеубаланың түбі Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданынан болып шықты. Бірақ, күйеу Ауған жерінде дүниеге келген. Қазақша тіл білмейді. Енесі күйеу жігітті: «Айналайын бір жақсы бала, тыншып аққан судан да тыныш. Шатаққа ұрынбайды» деп алқап отырды. Әрине, Ауғанстаннан келген күйеудің «тыншып аққан судан да тыныш» болғаны бір ғанибет қой! Калиман әже Қазақстанға оралған қызы мен күйеуінің ғана емес, алыста қалған бауырларының да қамын жеп қайғырады. «Үйбай-ау, ол жерде сағат сайын помба жарылып жатады ғой. Сол помбаның ортасында от кешіп жүр қазақтар», - деп шырылайды кейуана. Бақсақ, әжеміздің әрекеті мейілінше орынды екен әрі заңға да сыйымды. «Қазақстан Республикасы азаматтарының шетелдерде тұратын этникалық қазақтардың арасынан туыстарын Қазақстан Республикасына отбасына біріктіру мақсатында қоныстандыру үшін шақыруларын қарау және куәландыру қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің м.а. 2016 жылғы 13 қаңтардағы № 13 бұйрығы бар. Бұл бұйрық Әділет министрлігінде тіркелген заңды құжат. Әлгі бұйрық бойынша, Калиман әже жергілікті әкімішілікке өтініш жазып, тиісті құжаттарын көрсетсе болды, Ауғанда от пен судың арасындағы арпалыстан көз ашпаған бауырларын елге алдыра алады.

Акцияға Ақмола облысынан да бір ағайынымыз қатысып, сөз сөйледі. Ол кісі Қытайдан келіпті. Өкініштісі, Қытайдан оралған отағасы нақты мәселеден ауытқып, мақал-мәтел айтып отырып алды. Оның басындағы мәселе де сол азаматтық екенін ептеп ұқтық. Қазақстанға келген, тұрақты тіркеуде бар, бірақ, ҚХР-дың азаматтығынан зейнетақы үшін шықпай жүрген. Енді ҚХР-дағы ахуал күрделеніп тұр. «Арғы бетке» өтсе, Қытай сақшылары ұстап алып: «Осы уақытқа дейін қайда жүрдің?» - деп қамап тастауы әбден мүмкін. Отағасы осыны ойлап уайымдайды.

Бұл жайт Қазақстан мен Қытай арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас жөнімен, Сыртқы істер министрлігінің деңгейінде шешіледі деп тоқтам жасаған жауапты азаматтар «Көш көлікті болсын!» акциясының кезекті үшінші отырысын (30 наурыз) қортындылады. Акцияға ҚР Сыртқы істер министрлігі, Консулдық қызмет департаментінің басқарма бастығы Айдашев Айтжан Ыдырысұлы, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің төрағасы Сарбасов Ахмади Әділұлы, ҚР Ішкі істер министрлігі Көші-қон қызметі комитетінің азаматтық және иммиграция басқармасының бастығы Сейтжанов Сабыржан Жарылқағанұлы, ҚР Денсаулық министрлігі, Медициналық көмекті ұйымдастыру департаменті  директорының орынбасары Жанғарашева

Гүлнар Хасенқызы, Әділет министрлігі Тіркеу қызметі және заң қызметін ұйымдастыру департаменті Азаматтық хал актілерін тіркеу және апостиль қоюға әдістемелік қамтамасыз ету және бақылау басқармасының басшысы Хамзина Жанар Ғалымжанқызы қатысып, сауалдарға жауап берді. Үкіметтік емес ұйымдардан        аталған акцияға Оралмандардың «Асар» республикалық бірлестігінің төрағасы Бодаухан Қайрат, «Тарихи-Атажұрт» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Пернебаев Ғалым Жұмабайұлы ат салысты. Көш-қон төңіргендігі мәселелерді жақсы білетін бұл азаматтар лауазым иелеріне іс-тәжірибе тұрғысынан келелі кеңес берді.

Түйін: Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарынан бастап Атажұртына оралса да, әлі күнге дейін Қазақстан азаматтығын ала алмай жүрген ағайындарымыздың саны аз емес. Сол үшін, жиналыс соңында акцияға қатысқан бес министрлік пен мемлекттік емес ұйым жетекшілері бұл мәселе толық шешімін тапқанға дейін әрекет ету үшін бірлескен комиссия құру  жөнінде уағдаласты.

Д. Қасенұлы

Abai.kz

 

5 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5377