Сенбі, 23 Қараша 2024
Не дейді?! 5354 45 пікір 3 Сәуір, 2018 сағат 19:45

ҰҚК-нің экс-басшысы Дүтбаев алаяқ Әбілязовке «қызмет» еткен

 

2001-2006 жылдары Ұлттық қауіпсіздік комитетін басқарған Нартай Дүтбаев КТК телеарнасы дайындаған "Звали его Мурка" фильмінің үшінші бөлімінде Мұхтар Әбілязовке қалай көмектескенін айтып берді. Фильмде көрсетілген Дүтбаев-Әбілязов арасындағы телефон әңгімесінің желісіне қарағанда, Дүтбаевтың ақша үшін Әбілязовке қызмет еткені анық. Онда Дүтбаевтың тапсырмасымен комитет қызметкерлері жинаған құпия мәліметті Әбілязов өзінің бизнестегі бәсекелесі ЕржанТәтішевті өлтіру үшін пайдаланғаны, 2004 жылы Тәтішевті тапсырыспен өлтірген Мұратхан Тоқмадидің жазадан құтылып кетуіне Дүтбаевтың тікелей араласқаны және тағы басқа тың мәліметтер айтылды.

"Әбілязов Мұхтар Қабылұлымен Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы болып тұрғанымда таныстым. Сол кезде Рахат Әлиевпен жағымсыз қарым-қатынасым болды, ал Әбілязов Қазақстанның демократиялық таңдауы (ҚДТ) қозғалысының лидері болды. Сол кезеңде осындай қозғалыс болған. Әлиевпен жағымсыз қарым-қатынасымды ескере отырып, Әбілязовті Рахатпен текетіресімде пайдалануды ұйғардым", - дейді Дүтбаев.

Сондай-ақ Дүтбаев  Мұхтар Әбілязов түрмеге қамалғанда (2002 -2003 ж.ж.) оны Мұхтар Жәкішевпен бірлесіп түрмеден шығарып алуға күш салады.

"2003 жылы Жәкішев Мұхтар Еркінұлы (қазақстандық бизнесмен әрі «Қазатомөнеркәсіп» экс-басшысы - ред.) хабарласты. Жәкішевпен достық қарым-қатынаста едік. Ол Әбілязовті босатып жіберуді дұрыс деп есептейтінін айтты. Ортақ күш жұмылдыра отырып, Әбілязовті босаттық", - дейді Нартай Дүтбаев.

Бұдан кейін сол кездегі ҰҚК басшысы Дүтбаев Әбілязовке "ТұранӘлемБанкті" Ержан Тәтішевтен тартып алуға көмектеседі.

"Олардың арасында (Әбілязов пен Тәтішевтің - ред.) жанжал шығып, дұшпанға айналды. Сонда Әбілязов Тәтішевке қатысты банк активтерін қайтаруға көмектесетін мәлімет жинауды өтінді. Мен келістім, сөйттім де ҰҚК ААҚ (ақпарат жинау қызмет і- ред) қызметкері Репниковты шақыртып, оған Тәтішевтің ұялы байланыстарына бақылау қоюды тапсырдым", - деді Дүтбаев.

ҰҚК бұрынғы қызметкері Олег Репников жинаған ақпаратты сыртына "төрағаның жеке өзіне" деген конвертке салып, бастығы  Бекболат Қанғожинге жібереді. Одан алған мәліметті  Дүтбаев телефонмен сөйлесу арқылы Әбілязовке беріп отырған.

"Бұл мәліметтің ішінде (Тәтішевті – ред.) сипаттайтын мәліметтер, қозғалу әдістері, бағыттары, байланыстары, араласатын ортасы, әдеттері болатын. Осындай мәлімет түсіп отыратын, осыны Әбілязовке телефон арқылы баяндайтынмын. Сол кезде Тәтішевтің Тоқмади деген біреумен жақын араласатыны жайлы мәлімет болды. Ол қылмыс әлемінің серкесі болған. Олардың бірге аңға шығатыны жайлы анықталды", - дейді Дүтбаев.

Оның айтуынша, Тәтішевтің қазасынан кейін "ТұранӘлемБанкті" (қазіргі БТА Банк) басқаруға және иелік етуге қатысты талас басталған. "Тәтішевтің әйелі Айтжанова күйеуінің банктегі үлесін алды және өзі банкті басқарғысы келді. Банкте қақтығыстар басталып, сонда Әбілязов банкті басқаруда қолдау көрсетуімді өтінді. Бұл істі 4-департаменттің сол кездегі басшысы Білісбеков Нұрғали Дәулетбекұлына тапсырдым", - деді Дүтбаев.

Осылайша, "ТұранӘлемБанкті" Мұхтар Әбілязовке толығымен алып берген Нартай Дүтбаев қашқын банкирге бұдан кейін де жасырын көмектесіп жүрген. Мұхтар Әбілязовтің БТА банк ақшасын жымқырып жатқанын білген құқық қорғау органдары оны тағы қамауға алмақшы болады. Бұл мәселеден хабардар болған Дүтбаев жағдайды Әбілязовке жеткізеді. Мұны естіген Әбілязов тез арада шетелге тайып тұрады.

Англияда тұрып жатып Лондон сотына тартылған Әбілязов ол елден де қашып кетіп Еуропада біраз жыл жасырын жүргені белгілі. Тыңшылар арқылы оның Италияда жасырынып жүргенін білген Қазақстан құқық қорғау органдары оны сол елдің полициясының көмегімен қамауға алмақшы болған. Фильмде айтылған жайттарға қарағанда, бұл құпия операция жөнінде тағы да Дүтбаев Әбілязовті сақтандырып үлгереді. Нәтижесінде ол қашып кетеді. Бұл операцияға Дүтбаевтың сыртқы барлау қызметінде жұмыс істеген туысының қатысы бар. "Әбілязовті құрықтау операциясына" басшлық жасаған ол Әбілязовтің өзін емес, Италияда тұрып жатқан оның әйелі мен қызын Қазақстанға алып келіп әдейі арандату жасайды. Бұл оқиға халықаралық дау туғызып, Қазақстанның имиджіне кері әсер еткені белгілі. Осындай арандатуды Дүтбаевтың көмегімен Әбілязовтің жасағаны көрініп тұр. Ол Қазақстанның беделін түсіру үшін әйелі мен қызын жылатып, құрбандыққа шалуға дейін барып отыр.

Фильмде Әбілязов пен Дүтбаевтің телефон арқылы сөйлесіп жүрген әгімелерінен бірнеше аудио назарға ұсынылады. Онда Дүтбаевтың Әбілязовке тәуелді, басыбайлы адам болғаны байқалады.

"Звали его Мурка" фильмінің үшінші бөлімін мына сілтеме арқылы көруге болады: https://www.ktk.kz/kz/projects/93019

«S»

45 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5343